ТАСБАУЫР ПАРЛАМЕНТ ТАСМАҢДАЙ ТІЛІМІЗДІ ТАҒЫ ДА ТАПТАДЫ...
2014 ж. 07 қазан
1748
0
Сенат төрағалығы қазақ тіліне қарсы шығатын лауазым ба?
Мәжіліс депутаты Амангелді Айталының Парламенттегі мемлекеттік тілге байланысты ұсынысы өтпей қалғанына байланысты қоғамда үлкен шу туғаны белгілі. Әрине, оған басты себепкер болған «Мемлекеттік тілге қарсы шыққан Парламент таралуы тиіс» деген мақала жазып, дауыс берудің стенограммасын жариялап жіберген «Жас қазақ үні» газеті мен оны ел газеті «Егемен Қазақстанда» қолдаған әйгілі тұлғамыз Шерхан Мұртазаның «Өз еліндегі өгей тіл» атты мақаласы еді. Бұл қозғалысқа белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеевтің «Ауыл» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Ғали Қалиев қазақ тіліне қарсы шыққаны үшін оған «Егемен Қазақстан» газетінде өзінің партия қатарынан шығуы туралы жазған ашулы хаты да қосымша серпін беріп, ақыр аяғы Қазақстан Жазушылар одағында еліміздің бір топ зиялы қауымының Ашық хаты қабылдануына себеп болды. Бұл хат барлық республикалық газеттерде жарияланып, жергілікті газеттерде жалғасын тапты.
Наурыздың 15-күні «Сайлау туралы» Заң жобасына байланысты тіл туралы мәселені А.Айталы тағы көтеріп, Парламенттегі "ауа-райының" қолайсыздығына байланысты кейін бас тартты. Бірақ, ұлт мүддесіне келгенде енді бұл мәселені «Отан» партиясының мүшесі, белгілі депутат, қоғам қайраткері Жекен Қалиұлы өзінің әріптестері А.Айталы, Ж.Жексенбинов, О.Рахманбердиев, О.Сәпиевтермен бірге қайта көтеріп, үлкен жігерлілік танытты. Бірақ, «Қарғайын десем жалғызым, қарғамайын десем - жалмауызым» дегендей, біздің тасбауыр Парламент тасмаңдай тілімізді тағы да таптады. Өткенде «Қазіргі заманғы саясат институты» /Бас директоры Ерлан Карин/ ұйымдастырған «Қазақ тілі және қоғамдық саясат» атты дөңгелек үстелде кейбір басылым өкілдері "Парламенттегі дауыс берудің стенограммасын жариялау неге керек?» деген ойлар мен тіл мәселесінің маңызынан гөрі тақырыбынан кінә іздеушілік секілді сыңар езу пікірлер естіліп қалғаны бар еді. Бірақ, сол депутаттардың нағыз бет-бейнесін әшкерелеген мақаланың арқасында осы жолы мемлекеттік тіл мүддесін қорғаған депутаттар саны анағұрлым артты. Бұл,әрине, «Жас қазақ үні» газетіндегі жанайқай мен «Егемен Қазақстан» газетіндегі үлкен қолдаудың және қазақ зиялыларының Ашық хатының арқасы десек, қателеспейміз.
Мемлекеттегі екінші тұлға мемлекеттік тілге қарсы
Әбіқаев алғашқы қадамын ана тілін аяқ асты етуден бастады
Бір қызығы дейміз бе, «шыжығы» десек дұрыс болар, мемлекеттік тілге су жаңа Сенат төрағасы Нұртай Әбіқаев та қарсы шықты. Мемлекеттік хатшылыққа шығарып салған бұрынғы спикер Орекең де өзі жақсы білетін ана тіліне қарсы шығып еді. Енді міне Нұрекең... Соған қарап Сенат төрағалығы қазақ тіліне һәм мемлекеттік тілге қарсы шығып отыратын лауазым ба деген ойға келесің. Дегенмен,сұр кардинал атағы бар Нұртай Әбіқаев саясаттағы алғашқы қадамын ана тіліне қарсы шығудан бастауына қарап бұл кісінің өзіндік ой-пікірі олқылау ма деген ойға келіп қалып отырғанымызды да жасырмаймыз.
Алдыңнан жарылқасын «Ауыл» партиясы
Қалиев пен Қалиұлының айырмашылығы неде?
Жалпы Үкімет пен Парламенттегі мемлекттік тілдің аянышты жағдайы елім деген ерлерді ойландырмаса, ертеңіміз өкінішті болары анық. Ауыл тілі болып қана отырған мемлекеттік тілге «Ауыл» партиясының төрағасы Ғани Қалиевтің қасарыса қарсы болуын қалай түсінеміз? Бұндай жағдай тек байғұс қазақ мемлекетінде ғана болары анық. Егер Өзбекстанда болса, "біздің Ғанилардың" орны қайда болатыны айтпаса да түсінікті...
Ал, үлкен саясаткер, философия ғылымының докторы, профессор Амангелді Айталы мен кезінде сыртқы саясатта да басшылық жасаған Жекен Қалиұлы, біртуар тұлғалар Шерхан Мұртаза мен Әбіш Кекілбайлардың зор жігермен мемлекеттік тілді қолдап, яғни мемлекет мүддесін қорғап отырғаны қазақ тіліне қарсы шыққан әріптестерін неге ойландырмайды? Қосмамбетовтер мен Қалиевтер ана тілдеріне қос қолдап қарсы болатындай бастарына не күн туды?!
Екінші рет 10-наурыздағы дауыс берудегі Ғани Қалиевтің сөзін,орыс тіліндегі газеттерге берген сұхбаттарына қарап ол кісіні 37-ші жылы өмір сүретін кісі екен деп ойлап қаласың. Бүгін Жаңа ғасыр емес,өткен ғасырдың отызыншы жылдары болса Ғани Қалиев қазақ тілін қорғағаны үшін айтулы тұлғалар Айталы мен Шерхан Мұртазаға қосып, бас қазақ басылымы мен «Жас қазақ» басылымының басына бұлт төндіріп, репрессияға ұшыратып жіберетіні күмәнсіз секілді.
Тінікеевтің тірлігі тілге қарсы шығу ма?
Мемлекттік тіл – біздің рухани өміріміз. Ол толыққанды өмір сүріп отырмағаны аян. Мемлекеттік тілді аянышты халдегі ауру, ресми тілді реңі келіскен сауға теңесек, дәрі-дәрмек, яғни Мемлекеттік қолдау мен қаржы, қайсысына берілуі керек екені айдан анық емес пе? Ал,осыны түсінбей, Елбасының: «Бәрі бәрден болмайды» дегенін жаттап алып, «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін». «Ымды білмеген дымды білмейді» дегендерін естігісі келмейтін Қалиевтер мен Тінікеевтердің тірлігін не деуге болады? Ана тілді, мемлекеттік тілді, яғни ұлттық мүддені шахтадағы көмір қазуымен теңестірген Тінікеевтің өресі қандай дәрежеде? Ал, Уалихан Қайсаровқа рахмет, тегеурінді ақын Темірхан Медетбектің «Егемендегі» өзі туралы мақтауын кейін оқып қалған болуы керек, нәтижесінде мемлекеттік тілді жақтап шықты. Жас қазақ сенаторына «Жас қазақтың» іші жылып қалғаны сондықтан... Ал, Жекен Қалиұлы бастаған істі соңына жеткізбей қоймайтын қайсар тұлға екені белгілі. Сондықтан енді ол кісі осыдан 15 жыл бұрынғы «Тіл туралы» заңды тәуелсіз еліміз тұрғысынан қайта қарап, өзгерістер енгізу үшін қайрат көрсетіп жатыр. Елім деген ерлерді құдай қолдасын дейік.
Ресейде туған Ромин Мәдиновке разы болып, Шымкенттен шыққан Қосмәмбетов пен Бөлтаев үшін ұяласың...
Мәжіліс депутаты Жекен Қалиұлы депутаттар ұсынған мемлекеттік тіл мәселесіне байланысты толықтыруға дауыс беру кезінде Мәжілісте алға жылжу байқалды. Қарсы болғандар мен жақтағандар теңесті – 29:29. Ал, Сенаттағы дауыс саны – 16:13.
Дауыс бермегендер – Өмірзақ Байгелді, Ғалым Байназаров және Амалбек Тшанов. Ал, қалыс қалғандар – Ю.Кубайчук, М.Трошихин, А.Гусинский, С.Есімхан, С.Бисетаев және Е.Рамазанов.
Бұл жолы мемлекеттік тілді жақтағандар ішінен бұның алдындағы дауыс беруде қарсы шыққан Мәжіліс төрағасы Жармахан Тұяқбай бастаған М.Сағдиев, Р.Ахметов, Р.Мәдинов, Х.Шалабаев, Е.Рахметов, Б.Тұтқышев, А.Қожағалиев, У.Қайсаров секілді депутаттарды көріп разы болдық. Ал, өткен дауыс беруде қатыспай немесе қалыс қалып, абыройлары сақталып қалған «Патриоттардың» тағы бір көсемі Ғани Қасымов пен Демократиялық таңдау қозғалысының мүшесі Зәуреш Батталовалар бұл жолы мемлекеттік тілге қарсы шығып, ашық бет- бейнелерінің қандай екенін көрсетті. Ресейде туған Аграрлық партияның төрағасы Ромин Мәдинов ана тілін үйреніп, мемлекеттік тілді жақтап жатқанда қаймағы бұзылмаған қалың қазақтың ортасынан – Оңтүстік Қазақстан облысынан шыққан депутаттар Төлепбек Қосмәмбетов пен Қуаныш Бөлтаевтың қазақ тіліне қарсы шығулары қай сасқаны?... Бұл қандай әсіресақшылдық һәм әсіресаясатшылдық! «Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Қайролла Ережепов туралы әңгіме болғанда Маңғыстаудан сайлаушылар бірінен соң бірі хабарласып: «Ол кісінің қазақ тіліне қарсы шығуы мүмкін емес. Егер шынымен солай болса, маңғыстаулықтар оны кешірмейді» деген қатал үкім айтып еді. Ал, Қайролла Ережеповтың қалай дауыс бергені өткен нөмірде айтылды. Сол секілді өткенде дауыс бермей қалған кезде абыройы сақталған Т.Қосмәмбетов бұл жолы өзінің мемлекеттік тілді һәм ана тілін қалай аяққа таптайтынын дәлелдеді. Жер сату кезінде де қос қолын көтеріп жақтаған Қосмәмбетов енді тілді де сатып жіберіп жайбарақат отыр. Баяғы 1999 жылғы бәріміз қатысқан сайлау кезінде қазақтың көрнекті жазушысы Дулат Исабековты /басқа 10 кандидатты атамай-ақ қойғанда/ «жеңіп» депутат болған Төлепбек көкеміздің бұл тірлігі тас төбеден таспен ұрғандай әсер етті. Егер сол кезде бүгінгі «Ауыл» партиясының Алматы қалалық комитетінің басшысы Дулат Исабеков депутат болып кетсе, өзі нан тауып отырған қазақ тіліне өлсе де қарсы шықпас еді. Бұл жолда өзінің бастығы Ғани Қалиевті де тыңдамас еді деп ойлаймыз. Өткенде мемлекеттік тілді жақтаған сенатор Қуаныш Бөлтаевты бұл жолы қандай құдай ұрғанын кім білсін. Қосмәмбетов пен Бөлтаевты, шымкенттіктер тегі кешірмесі анық. Сонда бұл екеуі өздерін жерлестері, өткенде қарсы болса да, бұл жолы тілді жақтаған Мәжіліс төрағасы Жармахан Тұяқбайдан, тіл үшін ұсыныс енгізген сенатор Орынбай Рахманбердиевтен артық көрегенбіз деп ойлай ма екен. Әлде «осылай ұлттық мүддеге қарсы шыға берсек, күзде тағы да сайланып кетерміз» деген есекдәме ме?
Қазыбек ИСА
“Жас Қазақ үні”, 13(179) 02.04-08.04.2004ж.