ТҮБІМІЗГЕ ЖЕМҚОРЛЫҚ ЖЕТІП ЖҮРМЕСІН...
2023 ж. 06 ақпан
986
0
Сыбайлас жемқорлық қоғамдық өмірдегі ең қауіпті факторлардың бірі екені түсінікті.
Бұл – мемлекеттің жалпы ұлттық қауіпсіздігінің жағдайына ғана емес, сонымен бірге оның барлық құрамдас бөліктеріне де орасан зиянын тигізеді. Мемлекеттік сатып алу, мемлекет қаржысын талан-тараж етіп, ысырап қылу, жер телімін заңсыз беру, дүние-мүлкін, ақша капиталын салық декларациясынан, яғни мемлекеттен жасырып қалу сияқты мемлекет қалтасына қауіп төндіретін жат қылықтар әлі де баршылық.
Қазіргі таңда қоғамымызға қауіп төндіріп, орасан кесел келтіретін осынау келеңсіз әлеуметтік құбылысқа қарсы шаралар қатаң қолға алынып жатыр. Жемқорлықпен қарсы күрес Қазақстандағы мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі ретінде анықталған.
Сыбайлас жемқорлық көріністерін жат құбылыс ретінде сезіну және қабылдамау – әрбір қазақстандықтың азаматтық ұстанымына айналса ғана, жемқорлыққа қарсы шаралар нәтижелі болары сөзсіз. Біздің мемлекетіміз, басқа да көптеген мемлекеттер сияқты, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оны болдырмау мақсатында белсене жұмыс жүргізуде.
Қазіргі уақытта сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі негізгі принциптерді айқындап, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың түрлерi, сондай-ақ міндеттемелік шарттары белгіленген. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» туралы заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлық көрiнiстерiнен туындайтын қауiп-қатерден Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, мемлекеттік функцияларды орындайтын мемлекеттік органдар, лауазымды тұлғалар және оларға теңестірілген тұлғалардың тиімді қызметін қамтамасыз етуге бағытталған.
Осыған орай, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс- қимыл туралы» Заңының қабылдануына байланысты алдын алу және қылмыстық-құқықтық құралдардың ақылға қонымды теңгерімі бар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларының жүйесі құрылды.
Жүргізілетін іс-шараларды тиімді ету мақсатында Алматы қаласы бойынша Қазынашылық департаментінде сыбайлас жемқорлық көріністерін шектеуге бағытталған іс-шаралар жоспары әзірленді. Жоспарланған іс-шараларды іске асыру сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу арқылы жүзеге асырылып отыр. Аталған Жоспарды іске асыру барысында Департамент бойынша ағымдағы жылы біраз жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда Жоспарға сәйкес биылғы жылы жергілікті ақпарат құралдарында төрт мақала жарияланды. Тікелей эфирде жүргізілетін сұхбат аясында Департамент басшысының орынбасары Б.Байдүйсенов әдеп жөніндегі уәкілдің қызметі туралы ақпарат берді.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жасалатын ішкі талдауың бір бағыты – мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің тәуекелі. Бұл тәуекелді азайтудың негізгі құралы көрсетілетін қызметтерді цифрландыру, немесе толық электронды форматқа өту. Бұл тарапта Департаменттің жұмысы «Қазынашылық – клиент» ақпараттық жүйесі арқылы іске асырылады. Аталған жүйе бюджеттің атқарылу процессіне қатысатын тараптардың бір-бірімен физикалық қарым- қатынасын шектейді, сол арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады.
Қазынашылық органдарында сыбайлас жемқорлық және басқа да құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмыстарды күшейту мақсатында Департаменттің барлық құрылымдық және аумақтық бөлімшелерінде жетекшілік ететін орынбасарлардың қатысуымен экономикалық және техникалық оқулар, нормативтік құқықтық актілерді зерделеу жөніндегі түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп отырады, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мақалалар талқыланады. Барлық қызметкерлер Қазынашылық комитетінің түсіндірме хаттары мен қазынашылық қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілерге қол қойып танысады.
Жас мамандарға нормативтік-құқықтық актілерді таныстыру жұмыстары жүргізіліп, олар нормативтік-құқықтық актілерді жұмыста қолдану және жұмыстың тәжірибе-әдістемелік дағдыларын қалыптастыру үшін бөлім басшыларына бекітіледі. Ғимаратта келушілерге қол жетімді орында Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілердің этикалық кодексінің (Мемлекеттік қызметшінің қызмет этикасының ережесі) мәтіні мен «1494» бірыңғай байланыс орталығының телефоны, сонымен қатар Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің сайтының электрондық мекенжайы көрсетілген.
Сыбайлас жемқорлық – заманмен бірге өсіп-өркендеп, небір тегеурінді қарсылықтарға төтеп беріп, қайда мол қаражат, пайда болса, сол жерге тамыр жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті кеселдің бірі. Басқа елдер сияқты, біздің жас мемлекетімізді де айналып өткен жоқ. Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстар және осы тұрғыдағы құқық бұзушылықтарға бой алдыруының себебі көп. Оған ең алдымен қызметшілердің білім деңгейінің, әдептілік ұстанымының төмен болуы әсер ететін болса керек. Кей мемлекеттік қызметшілердің құқық бұзушылыққа немқұрайлылық танытуы, кәсіби әдептілігінің жетіспеуі де, жеке басының қамын ойлауы да парақорлықтың дендеуіне септігін тигізуде.
Сондай-ақ, кейбір мемлекеттік орган басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң талаптарын атқаруда ынта танытпай, жұмыс жүргізбеуі де жемқорлықтың тамырын тереңдете түседі. Айналасындағы салауатты, таза және сау ортаны шарпып, тыныс-тіршілігін тарылтатын, заңсыз әрекеттермен қоғамдық ортаның және мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, дара кәсіпкерлердің, азаматтардың қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті дертті болдырмаудың тетігі халықтың өзінде.
Бұл дерттің алдын алып, қоғамға таралу жолдарын кесіп, оның ұлғаюына жол бермеу керек. Ол үшін аталған дертке бәріміз ат салысып, қарсы күресуіміз қажет. Сонда ғана ел мүддесі үшін зор үлес қосатынымыз және халық сенімінен шығатынымыз анық.
Мемлекет басшысы өз сөзінде «Жемқорлыққа қарсы күрес жан-жақты, үздіксіз, ашық әрі әділетті түрде жүргізілуі тиіс. Біз сонда ғана алға қойған биік мақсаттарға қол жеткізе аламыз» деді.
Сондықтан қоғамды жегідей жеп жатқан қауіпті індетпен баршамыз бір кісідей атсалысып, күресуіміз қажет.
Е.С.Қыдыралиев,
Түрксіб аудандық Қазынашылық
басқармасының басшысы
Алматы.