Ата Заңның басты қағидасы қатаң сақталды ма?
2023 ж. 06 қазан
1185
5
«Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары!» Бұл – егеменді ел атанып, тәуелсіздігімізді жариялаған алғашқы кезеңнен бастап қабылданған Конституциямыздың ең басты қағидасы. Ата Заңымыздың бірінші бөліміндегі бірінші бапта, бірінші тармағында тайға таңба басқандай анық жазылған. Басқасын былай қойғанда, Ата Заңның осы басты қағидасы қатаң сақталды ма? Олай деп айта алмаймыз...
Демократиялық, әлеуметтік мемлекет атанған соң оның әрбір тұрғыны, әрбір азаматы құқықтық және әлеуметтік жағынан толықтай қорғалуы керек. Оның тұрғындары лауазымы мен өзге де әлеуметтік тұрғыдан алғандағы айырмашылығына қарамастан заң алдында бірдей, қоғамда құқықтық мәртебесі тең болуы қажет. Бұл туралы да басты ережемізде ашық айтылған. Өкінішке орай, іс жүзінде бүкіл халық қабылдаған қоғамның ең басты заңымыз жиі бұзылып, жұртшылықтың наразылығын тудырып келгені де белгілі.
Ата заңымыздың осы тұсын оқығанда бізден әділ мемлекет, бізден бақытты адамдар жер бетінде жоқ екендей сезінесіз. Конституциямыздағы 3-баптың 1-2 тармағындағы «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық. Халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді» деген жолдарға қарап, демократия деген жарықтық біздің елге біржолата көшіп келіп, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған қоғам орнатып, ашықтық пен әділдік үстемдік құрғандай әсер аласыз.
Ал, шын мәнінде қалай болды? Заңда жазылғандай, халық үлкен сенім артып, өз билігін жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдарға тапсырды. Ол анық. Ал билік халықтың бұл сенімін мүлдем басқаша түсініп, тек қана өз пайдаларын ойлап кеткенін көрдік. Билік басына шығып алғандар отыз жыл бойы ойына келгендерін істеді. Ең сорақысы, ұлттық мүддені ұмытып, ата-бабаларымыздан ұрпақтарына мұра болып қалған қасиетті қазақ жерін талан-таражға салып, оны жекешелендіріп сату туралы заңды енгізуге тікелей ықпал етті. Оған қарсы шығады деп сенім артқан депутаттар үнсіз қалды. Билік басындағылардың сүйреп әкеліп отырғызған депутаттарынан қайыр болмады. «Ата-бабамыздан мұра болып жеткен қасиетті қазақ жерін жұлмалауға, сатуға болмайды!» деген бір депутат табылмады. Қолында аз да болса билігі барлар мен латифундистер қазақ жерін қалауынша «жекешелендіріп», жіліктеп бөліп алды. Соның салдарынан атам заманнан ауыл шаруашылығымен айналысып келген қарапайым халық күнкөрісіне тірек болып отырған қолдағы бар санаулы малын жаятын жер таппай қыспаққа түсті. Оның ақыры бұқараның наразылығын тудырып, еліміз бойынша ереуілдердің өршуіне әкеліп соқтырды. Халық талап еткен жер мәселесін түпкілікті шешудің орнына Үкімет бұқараны тыныштандыру үшін мароторий жариялап, уақыт оздырып, осы күнге дейін алдауратып сағызша созып келеді. Ол аздай жердің астындағы, үстіндегі бар байлықты өздерінің пайдасына иемденіп, билік басындағылар мен оның отбасы мүшелері, туысқандары шексіз байыды. Шетелден қымбат сарайлар, яхталар, ұшақтар сатып алып жырғап өмір сүруде. Бұл халықтан ұрланған ақша өзге мемлекеттерге жұмыс істеп жатыр деген сөз.
Ата-әкелеріміздің еңбегімен келген жүздеген алып кәсіпорындар ізсіз жоғалып, жекелеген жемқорлардың жемсауында кетті. Ежелден аграрлы ел болып келген Қазақстандағы мыңдаған ауылдар тарқап, шаруашылықтары шашылып қалды. Миллиондаған малы сойылып сатылды, мыңдаған техникалары темір-терсекке өткізілді. Сонау атышулы «жекешелендіру» науқанынан басталған үкіметтік «нарықтық шаралардан» бір тиын да үлес алмаған қарапайым халықты жекеменшік банктері арқылы жоғары үстемемен несие таратып қарызға батырып, кедейлер санын өсірді. Қысқасын айтқанда, жер мен судың, бүкіл мемлекеттің заң бойынша негізгі иесі болып саналатын халықтың өз билігін сеніп тапсыруының соңғы нәтижесі осындай болды.
«Жері кеңбайтақ, есепсіз байлықтың үстінде отырған қазақ жұрты неге осындай кедейлік күйге түсті?» деген сұрақ қазір әрбір адамды мазалайтыны анық. Оның басты себептерінің бірі – билік басындағылардың тойымсыздығы, демократиялық ұстанымдарға жат жемқорлық жүйені қалыптастыруы екенін енді көріп, енді ғана айтып жатырмыз. Оған кезінде қарсы шыққандар аяусыз жазаланды. Өзіне шексіз билікті заңдастырып алған бірінші президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болды. Яғни, Ата заңда айтылған демократияның орнына автократиялық билік орнатты. Қасына жағымпаздар мен жемқорларды жинап, билік басындағылар байлыққа бөккен бөлек әлемде, ал қарапайым халық айдалада қалды.
Бала кезімізден аталарымыздың «Жаратқан ием, елімізді аман, жерімізді бүтін ете көр! Патшамызға ынсап бере көр!» деген бата-тілегін естіп өстік. Сол қариялардың құлағына бұл тілекті ата-бабалары құйып кеткені де даусыз. «Патшамызға ынсап бере көр!» дегендері бір түрлі естілетін.Өйткені ол кезде патша да, президент те жоқ болатын. Қариялардың елдің басшысын меңзегенін, атам қа¬зақтың «Ынсапсызда ұят болмайды» деп бекер айтпағанын кейін түсіндік.
Ал билік басына шыққандардың аталардан қалған осы бір асыл сөзді елемегенін, мемлекет мүддесі, ұлт ұстанымы деген ұғымды мүлдем ұмытқаны анық. «Қазақстан Республикасының Президенті: «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін», - деп халыққа ант берген сәттен бастап қызметіне кіріседі» деген Ата Заңдағы 42- баптың бірінші тармағы қайда қалды? Әлде қазақтың «Ант ұрсын!» деген ауыр қарғысына ұшырағаны ма?.. Халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі болуға тиісті міндет заң бойынша президентке жүктелген. Оның қалай атқарылғанына ел куә.
Елімізде жалпыхалықтық референдумнан соң Қазақстанды отыз жыл бойы басқарған, Елбасы деген ерекше атауды иемденген Нұрсұлтан Назарбаевтың өзін есепке алмағанда оның отбасын да қорғайтын қолдан жасалған заң күшін жойды. Ол да оңай болған жоқ. Бұл заңды бір күнде қабылдап жібергенмен оның күшін жою үшін көп күш жұмсалды, ұзақ жылдар қажет болды. Біздегі тәртіп бойынша Ата заңға енгізілген осы заңнан халықтың табанды талабы бойынша Конституциялық сотпен кеңесіп әзер дегенде құтылдық. Конституциялық сот ондаған жыл өткенде бұл заңды жарамсыз деп тапты. Сонда кезінде Елбасы туралы заңды қабылдағанда Конституциялық сот қайда болған? Шындап келгенде осы Конституциялық сот бізге керек пе? Заң біреу, ол бәрімізге ортақ. Оны қадағалап дұрыс іске асыруға тиісті сот, прокуратура, полиция, жоғарғы сот секілді құзырлы орындар толып жатыр емес пе? Тек өз қызметтерін ашық, әділ атқарса болды. Ата заңның талаптары қалтқысыз орындалуын қадағалайды деген Конституциялық сот Ата заңның өрескел бұзылып жатқанына сырттан қарап, бұқара айқайлап талап еткенше жайбарақат отыруы үшін жасақталған ба?
Конституциялық соттың бұл Елбасы туралы ұйғарымы осы мәселені толық шешті деп айта алмаймыз. Ол үшін Ата заңның 46-бабына назар аударыңыз. Осы баптың 1-3 тармақтарында «1. Қазақстан Республикасының Президентіне, оның абыройы мен қадір-қасиетіне ешкімнің тиісуіне болмайды. 2. Республика Президенті мен оның отбасын қамтамасыз ету, оларға қызмет көрсету және қорғау мемлекет есебінен жүзеге асырылады. 3. Осы баптың ережелері Республиканың экс-президенттеріне қолданылады» делінген. Қазір халық әлі де қолданыстағы заңның әсіресе осы бір үшінші тармағын түсіне алар емес. «Не үшін экс-президентке осынша жеңілдіктер жасалуы керек? Ел басқаруға оларды біреу қыстап, «президент болсаң да боласың, болмасаң да боласың» деп еркісіз таққа отырғызып па? Неге оны мемлекет өлгенше асырап, қорғау керек?» деген сұрақ көпшілікті мазалауда. Бұған байланысты түрлі пікірлер айтылып та жатыр. Мысалы бір білгіштер батыс елдерінде сондай заң бар, сондықтан бізде солай болу керек деп өзеуреуде. Батысқа қарап шоқыну бізде әбден қалыптасқан әдет. Бұл шындап келгенде кезінде жеке басқа табынушылықтан туындаған заң тармақтары. Мысалы Иранның экс-президенті Махмуд Ахмадинежад қой бағып жүргені туралы бүкіл әлем жұртшылығы хабардар. Президенттік лауазымда жүрген кезінде жалақы алудан бас тартқан. Ол барлық байлық өзін қорғаған Иран ұлтына тиесілі деп санаған. Президенттіктен кеткен соң оған ешкім қастандық жасамаған, өйткені адал қызмет етті. Ал, бізде бәрі керісінше. Қызметін пайдаланып есепсіз байығаны аздай өле-өлгенше халық есебінен өмір сүргісі келеді. Президент елді елу жыл басқарса да ешқандай жеңілдік берілмеу керектігі туралы заң қажет бізге. Енді біреулер экс-президент мемлекеттің бүкіл құпиясын біледі, сондықтан оны қорғау қажет, күзету керек деп уәж айтады. Ау, сонда мемлекеттік құпияны шашқан адам заң алдында жауап беретінін, отанын сатқан қылмыскер ретінде ауыр қылмыстық жазаға тартылуға тиісті деген заңымыз не үшін жазылды? Әлде ол заң экс-президентке жүрмейді ме, ол бір ерекше жаралған адам ба? Ата заң бойынша Қазақстанның әрбір азаматы тең құқылы емес пе? Неге біз бір заңда бір-біріне қарама-қайшы ережелер қабылдаймыз? Бұлай кете берсек ертеңгі күні үкімет басшысына, министрлерге, әкімдерге тура қарап сөз айтуға болмайтын, президенттің алдында тізе бүгіп, бас иіп тұратын заң қабылдап жіберуіміз әбден мүмкін ғой.
Ата заңымызға анықтап қарасақ ел президентіне қатысты бірнеше баптар бар. Мысалы, үшінші бөлім, 47-баптың екінші тармағында: « Республиканың Президенті өзінің міндеттерін атқару кезіндегі іс-әрекеті үшін тек қана мемлекетке опасыздық жасаған жағдайда жауап береді және бұл үшін Парламент оны қызметінен кетіруі мүмкін. Айып тағу және оны тексеру туралы шешім Мәжіліс депутаттарының кемінде үштен бірінің бастамасы бойынша депутаттардың жалпы санының көпшілігімен қабылдануы мүмкін. Тағылған айыпты тексеруді Сенат ұйымдастырады және оның нәтижелері Сенат депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен Парламент Палаталары бірлескен отырысының қарауына беріледі. Бұл мәселе бойынша түпкілікті шешім айып тағудың негізділігі туралы Жоғарғы Сот қорытындысы және белгіленген конституциялық рәсімдердің сақталғаны туралы Конституциялық Соттың қорытындысы болған жағдайда әр Палата депутаттары жалпы санының кемінде төрттен үшінің көпшілік даусымен Парламент Палаталарының бірлескен отырысында қабылданады. Айып тағылған кезден бастап екі ай ішінде түпкілікті шешім қабылдамау Республика Президентіне қарсы тағылған айыптың күші жойылған деп тануға әкеп соғады. Республиканың Президентіне мемлекетке опасыздық жасады деп тағылған айыптың қабылданбауы оның қай кезеңінде де осы мәселенің қаралуына себепші болған Мәжіліс депутаттарының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға әкеп соғады» делінген.
Осы баптағы президент мемлекетке опасыздық жасағанда ғана жауапкершілікке тартылады дегенді қалай түсінуге болады? Ол тура мағынасындағы жарылыс жасап, адамдарды атып өлтіретін лаңкестік қылмыс қана емес шығар. Мысалы, қатардағы адамды балағаттап, жағынан бір тартып, арт жағынан тепсе де президентке ешқандай шара қолданылмайды ма? Қыздарын, күйеу балаларын, туыстарын, өзіне қараған жемқор таныстарын есепсіз байытып, ұрланған халықтың ақшасын шетелге шығаруға жол берген опасыздыққа жатпай ма? Әлде осы үшін де тағы да арнайы заң қабылдап, биліктің айтқанынан шыға алмайтын Конституциялық сотқа жүгінуіміз қажет пе?
Ел басқару оңай қызмет емес екені түсінікті. Ұлт тағдыры, оның болашағы көп жағдайда мемлекетті басқарған адамға байланысты. «Басшысын таппаған ел азады, жолдасын таппаған ер азады» демекші, аса жауапты қызметке келген соң халық алдында берген антына адал болып, ел сенімін ақтай білгенге жетсін! Бұл айтып отырғанымыз бұрынғы және қазіргі мемлекет басшыларына ғана қатысты пікір емес. Әлі талай президенттер келеді, ол қанша жерден ақылды болса да халықтан асып кете алмайды. «Заңдарымызды президенттің ыңғайына қарай икемдеп, қолдан құдай жасаудық қажеті қанша?» деген көпшіліктің ойын жеткізіп отырмыз. Алдағы уақытта осы мәселеге баса назар аудару қажет екенін еске саламыз.
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz