Дыдыр Двумаров: Тіліміз басқа болғанымен – тілегіміз бір
2024 ж. 21 ақпан
992
0
Бабалардан қалған өсиетте «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген сөздің дәлелін өмір өзі көрсетіп келеді. Осы жылдар аралығында Қордай ауданында тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін көптеген істер жүзеге асырылды. Бірнеше ұлт өкілдерінен құралған аудан тұрғындарына мемлекеттік тілді үйретуге, халықаралық бірлікті нығайтуға бағытталған және әлеуметтік жағдайды жақсартуға негізделген ауқымды жұмыстар жасалды.
Бұл туралы "Қазақ үні" тілшісіне Масаншы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Дыдыр Двумаров әңгімелеп берді.
Оның сөзінше, табысты тірлік татулықтан бастау алады. Аудан халқының бірлігін бекемдей түсу үшін Қаракемер, Масанчи, Сортөбе, Ауқатты, Қарасу, Қарасай ауылдық округтерінің ардагерлерінен бірлескен Қоғамдық келісім кеңесі құрылды. 18 адамнан Кеңес құрамына ауылдағы беделді ауыл ақсақалдары мен жергілікті кәсіпкерлер енгізілді.
Облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен Қордай ауданына «Бірлік түбі – береке» атты мәдени керуен келіп, ауылдарда арнайы іс-шаралар ұйымдастырды. Ұлтымыз бөлек болғанымен Отанымыз Қазақстанның мемлекеттік тілін бәріміз білуге тиістіміз. Бұл жағынан да үлкен қолдау көрсетілуде. Мәселен, Масаншы, Сортобе, Аухатты, Қаракемер, Қарасу округтерінде орналасқан мектептердің базасында 2020 жылдың 24 ақпанынан бастап Тіл орталығының ұйымдастыруымен қазақ тілін жеделдетіп оқытатын курстар ашылды. Онда өзге ұлт өкілдерін құрайтын педагогтар мен мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің тәрбиешілері қатысып, білікті мұғалімдерден мемлекеттік тілді үйренді.
- Мемлекеттік тілді үйретумен қатар, адами қасиеттерді кеңінен насихаттауда жұмыс жүргізетін «Имамдар үйі» орталығы да ашылған болатын. Сортөбе ауылынан ашылған «Имамдар үйінде» облыс имамдары бас қосып, қоғамдағы түрлі тақырыптарды талқылайды. Өмірдің құндылығын ұғындырып, кемелдікке шақыратын келелі іс-шаралар ұйымдастырып отырады. Ауданда жалпы 64 мешіт, 64 имам бар. Өзге этнос өкілдері тығыз шоғырланған ауылдық округтердегі мешіт қызметкерлеріне арналған курстар ұйымдастырылуда. Мешіттерде уағыз-насихат жұмыстарының мемлекеттік тілде өткізілуі қолға алынып, жұма сайынғы уағыздар қазақ тілінде жүргізіледі, дейді Д. Двумаров.
Ауданда халық бірлігін одан әрі нығайтуға, қоғам назарын ауданымыздың тұрақты дамуына бағыттау мақсатында айтарлықтай жұмыстар жүргізіліп отыр. Оны өзіміз күнделікті көріп те отырмыз. Біріншіден жастарды, түрлі этнос шоғырланған аумақтарда ауыл жұртына беделді, сөзі өтімді этнос өкілдерін қатыстырып, қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мақсатындағы іс шаралар ұйымдастырылып тұрады. Сонымен қатар, жастар арасында ерте діни некеге тұруға жол бермеу бойынша да түрлі жұмыстар жүргізіліп, бақылау күшейтілді. Аудандағы этностарды қазақстандық интеграцияға бейімдеу саясаты қарқын алып келеді.
Ардагерлер кеңесі төрағасының мәліметінше, ауылдық округтерде қоғамдық-саяси жағдайға ықпал ете алатын белсенді, беделді азаматтардан топтар құрылды. Елді мекенде қандай да бір оқиға орын алған жағдайда, беделді жастардан құрылған топ профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Ауданда жастар арасында және түрлі ұлт өкілдер көп шоғырланған ауылдарда ұлтаралық қарым-қатынасты нығайту мақсатында аудандық ардагерлер кеңесі, қоғамдық келісім кеңесі, қоғамдық кеңес ауылдық округ әкімдерімен бірлесіп тұрақты түрде іс-шаралар өткізеді. Мәселен, «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің тарапынан 2022 жылы жастар арасында ұлттар бірлігін сақтау мақсатында этномәдени бірлестік жетекшілерінің қатысуымен 15-тен астам кездесу, 12 дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Сонымен қатар, 10-ға жуық спорттық іс-шаралар өткізілді. Жалынды жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырумен қылмыстың алдын ала аламыз. Осы тұрғыда ауданда жастардың игілігіне 8 аула клубы жұмыс істейтінін атап айтқым келеді. Олар Қордай, Кенен, Бетқайнар, Масаншы, Сұлутөр, Қарасай, Степной, Қайнар ауылдық округтерінде орналасқан. Аула клубтарының жетекшілері «Жастар ресурстық орталығы» КММ мамандарынан тағайындалған.
Этносаралық қатынас, ұлттар бірлігін сақтау, насихаттау мақсатында аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, аудандық мәдениет үйі, аудандық орталық кітапхана мен тілдерді оқыту орталығы тарапынан да өзге ұлт өкілдерінің қатысуымен кездесулер, байқаулар, дөңгелек үстелдер мен семинарлар, кітап көрмелері, аймақтық коучинг ұйымдастырылады. Сонымен қатар, мемлекеттік тілді оқыту курстары тұрақты өткізіліп отырады.
Аудан тұрғындары да бір-біріне деген жанашырлық, бауырмалдық ниетте қайырымдылық іс-шараларына да атсалысады. Атап айтқанда, «Жамбыл облыстық «Вынхуа» дүнгендер этномәдени орталықтары» қоғамдық бірлестігінің меценаты Л. Буларов, бірлестік төрайымы А. Идыбо және бірлестік кәсіпкерлері 2022 жылы Қаңтар оқиғасына байланысты «Күшіміз бірлікте», «Жақсылық айы», «Құдайы тамақ», «Жылу», «Мейірімділік керуені», Алғыс айту күніне «Берекеміз – бірлікте», «Жан жылуы» акцияларын, Наурыз мерекесіне орай облыстық ассамблеяның «Мейірімді жүрек», Құрбан айт мерекесіне орай «Ізгілік айы» іс-шараларын ұйымдастырды. Сонымен қатар, «Мектепке жол» акциясына да үлес қосты. Қостанай облысындағы қайғылы оқиғаға көмек жіберіп, Республика күніне орай «Жанашыр жүрек» қайырымдылық акциялары аясында жалпы 19 млн. 700 мың теңгеге қайырымдылық көмек жасады. Аталған акциялар бойынша «Отечество» славян этномәдени орталығының төрайымы Л. Харченко және бірлестік өкілдері де көмек көрсетті. «Мектепке жол» акциясы аясында Республикалық «Архыз» қарашай-балқар этонмәдени бірлестігінің Жамбыл филиалының өкілі Т. Апаева Қордай ауданындағы көпбалалы отбасының екі баласына мектеп құралдарын сатып алып берді. Қордай аудандық «Ахыска» түрік этномәдени орталығының төрайымы Камиля Дургалова 1 млн. 500 мың теңгеге, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығының төрағасы Э. Хазбулатов 700 мың теңгеге аз қамтылған отбасыларға, ардагерлерге азық-түлік себетін таратты.
Ал, халықтың тұрмыстық жағдайына келер болсақ, алдымен газ, ауыз су, жол мәселелері ойға оралады. Бүгінгі таңда аудандағы 41 елді мекеннің 34-і газбен қамтылған. Қалған 7 елді мекенді 2025 жылға дейін толық көгілдір отынмен қамту жоспарланып отыр.
«Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасымен ауданның Кенен ауылында 2021 жылы жеті көше ағымдағы жөндеуден өтті. Осы бастамамен 2022 жылы қалған көшелер де жөнделді. Ауданның орталығында, өзге де ауылдарында бұл мәселелер өз кезегімен оң шешімін тауып жатыр.
Халықтың тағы бір қажеті – табыс көзі болар кәсіп. Бұл жағынан да мемлекет тарапынан қолдау көріп отырмыз десем, артық емес. Атап айтсам, тың бизнестік идеясы бар азаматтарға жобасын жүзеге асыру үшін мемлекет тарапынан арнайы гранттар берілді. Мұндай мемлекеттік грантқа біздің ауданнан 253 азамат ие болды. Оларға барлығы 309 975,0 мың теңге қаражат бөлінген. Ол азаматтардың 56-сы – көпбалалы отбасылар болса, 182-сі – 29 жасқа дейінгі жастар, 10-ы мүмкіндігі шектеулі азамат, 3-еуі мүгедек бала асыраушы, 2-еуі – қамқоршысынан айырылған қордайлық тұрғын. Жалпы грант алғандардың ішінде 69 азамат технологиялық жабдықтарын және құралдарын алуды мақсат етсе, 184 азамат мал шаруашылығын дамытуға ниеттенгендер.
Ауданымыздың негізгі кәсіп көзі – ауыл шаруашылығы. Көбіміз ауыл шаруалары болғандықтан, бүгінгідей қыс мезгілінде мал қыстатудың жайы аса маңызды. Сондықтан, бұл жайында айтпай кеткенім жарамас. Ауданда мал қыстату бойынша жедел штаб құрылған. Топ мүшелері екіге бөлініп, табиғат тосын мінезі танытып, ауа райы күрт бұзылған кезде мал қыстақтарын аралап тұрады. Штаб мүшелері малшылардың қажеттілігіне қарай көмек көрсетуге міндеттелген. Жалпы аудан бойынша 510 қыстау орындары мен малшылардың үйі бар. Оның ішінде 14 мал қорасы шалғайдағы мал қыстату орындарында орналасқан. Мысалы, «Аңырақай» – Отар ауылдық округінде, «Иірсу» – Кенен, «Ұзынсу» – Үлкен Сұлутөр, «Қопа» – Сұлутөр, «Соғанды» – Бетқайнар, «Қызылсай» – Ауқатты және «Керу» – Қаракемер ауылдық округтерінде. Бұлар елді мекендерден ең алыс орын тепкен қыстаулар. Ал мал қыстайтын қораларға баратын жолдарын, қоралардың айналасын қалың қар түскенде мал иелерімен шаруа қожалық басшылары өздерінің қолда бар техникаларымен тазалайды. Мал қыстату барысында пайдаланатын техникадан 652 трактор тіркемелерімен және 198 автокөлік мал иелері мен шаруа қожалықтарында тіркелген. Барлық мал қоралары жаз-күз айларында шаруа қожалықтардың және мал иелерінің өз қаражаттарымен жөндеуден өткен, қыс айларына барлық қажетімен қамтылған. Биылғы жыл мал азығын дайындауға өте қолайлы болды. Соның арқасында шаруалар өздеріне қажетті жем-шөбін жеткілікті көлемде дайындап үлгерген. Мәселен, аудан бойынша мал азығын дайындау үшін жалпы 50 145 гектар алқап ораққа түскен, оның ішінде көпжылдық шөп 22 600 гектар, 17 800 гектар бір жылдық шөп, 9 225 гектар табиғи шабындық шөп және сүрлемдік жүгері 520 гектар. Сонымен қатар 267,8 мың тонна шөп, 15 мың тонна пішендеме, 74,4 мың тонна сабан және сүрлемдік жүгері 17 мың тонна дайындалды. Әр мал қыстату қоралары кемінде 190-260 тоннадан шөп, 20-25 тоннадан құнарлы жеммен қамтамасыз етілген. Құнарлы жем 60000 тонна дайындалды, оның ішінде 11000 тоннасы бидай, 29000 тоннасы арпа және 20000 тоннасы жүгері.
Тағы бір ауыз толтырып айтуға тұрарлық мәселе – ауданда 2020 жылдың қыркүйегінен бастап жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған «Мейірім» жобасының іске асырылуы. Әлгінде аталғандай аудандағы 107 балаға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында оларға мекемелер мен жауапты тұлғалар бекітіліп, «Отбасы банкінде» 107 баланың барлығына арнайы есепшоттар ашылған. Бұны нағыз елдің ертеңіне жасалған қайырымды жоба деуге болар.
Өспірім жас тұлғалардың салауатты өмір салтын сақтап өсуіне қажетті спорттық нысандар да ауданымызда айтарлықтай бой көтеріп келеді. Айталық, биылғы 2023 жылы Қарасай, Ауқатты, Қарасу ауылдарындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмекші. Үлкен Сұлутөр мен Алға ауылдарындағы кешендердің де жобасы дайындалыпты. Келер 2024 жылы Жамбыл, Қайнар ауылдарында ангар типті кешен құрылысын жүргізу, 2025 жылы – Масаншы, Сортөбе ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Бұлар батыр, Степное ауылдарында ангар типті кешені, Жамбыл ауылында ангар типті жапсарлас кешен құрылыстарын салу жоспарланған. Мұның бәрін де ел ертеңі үшін, халықтың сапалы өмір сүруіне негізделген игі істер деп бағалаймыз.
- Ең бастысы татулық пен тыныштық болса, алынбас асу жоқ. Тіліміз басқа болғанымен – тілегіміз бір, жүзіміз басқа болғанымен – жүрегіміз жерлестерімізбен, отандастарымызбен ауызбірлікті сақтауды басты мақсатымыз деп білеміз. Мемлекет билігі тарапынан да халық арасындағы татулықты сақтап, елдің жағдайын жақсарту үшін де барынша қолдау көрсетіліп жатқанын да баса айтқым келеді. Түрлі мемлекеттік бағдарламалардың да игілігін көріп отырмыз. Елдің амандығы мен тыныштығынан асқан бақыт жоқ. Барлық тіршілік татулықтан басталады. Сол ырыс-ынтымағымыз ыдырамасын! - деп түйіндеді сөзін Д. Двумаров.
qazaquni.kz