БІЗ ӨЗ АДАМДАРЫМЫЗ ҮШІН ЖАУАПТЫМЫЗ
2022 ж. 29 желтоқсан
1702
0
Азат Перуашевтың 2022 жылғы 14 желтоқсандағы Мәжілістің жалпы отырысында жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын талқылаудағы сөзі
Құрметті әріптестер! Мен бұл мәселенің алғышартын естеріңізге салғым келеді. Алғаш рет «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» арнайы Заң әзірлеуді «Ақ жол» фракциясы 2013 жылы ұсынған болатын. Содан бері бұл талапты біз жыл сайын қайталап келеміз, ал өткен жылы Президент нақты әрі анық міндет қойып, осы заң жобасын қабылдауды тапсырғанға дейін Үкімет түрлі сылтаулармен бас тартып жүрді. Тіпті екі рет заң жобаларын әзірлеп ұсындық, бірақ Үкімет оларға да тосқауыл қойды.
Біздің талаптарымыздың негізгі мазмұны объективті себептермен несиесін өтей алмай жүрген азаматтарға нақты әлеуметтік кепілдіктерді белгілеу болып табылады. Өкінішке орай, біздің еліміз адамдар жұмысынан, күнкөріс көздерінен жиі айырылып, несиелерін өтей алмайтын жағдайға тап болған бірқатар экономикалық дағдарыстарды бастан өткерді. Сонда біздің банктер не істеді? Олар адамдарды отбасыларымен бірге көшеге қуып шығып, тақыр кедейлерге айналдырды.
ХХІ ғасырда, өркениетті мемлекетте балалы, отбасылы адамдардың бомжға айналуларына жол бермеуіміз керек. Бұл біздің азаматтар. Оларға мемлекет ретінде біз жауаптымыз. Біздің заң жобаларымыз дәл осыған назар аударады.
Бүгін біз қарастырып жатқан бұл заң жобасы «Ақ жол» партиясының қатысуымен әзірленді. Оның үстіне өз заң жобамызды осы құжатпен біріктіріп, көптеген мәселелерді қамтыдық. Бірақ, меніңше, бүгінгі талқылауда біз процедуралық сәттерге ауып кетіп жатқан секілдіміз. Сотқа дейінгі, соттан тыс банкроттықтың бәрі екінші орында. Ең бастысы, азаматтарымызды бұдан кейін де тұл кедейлерге айналдыра береміз бе? Бұған ешбір жағдайда жол бермеу керек деп есептейміз және біздің талабымыз өзгермейді.
Біз не туралы айтып отырмыз? Бұл тек ипотекалық несиелерге қатысты деу дұрыс емес. Президент жаппай кәсіпкерлікті дамыту міндетін қойып отыр. Кәсіпкерлікпен айналысқандарды еске сала кетейін – алғашқы бизнесімізді қалай бастадық? Пәтер, үйімізді кепілге қойдық. Ал енді азаматтардың жалғыз баспанаға деген құқығын қорғамасақ, онда ипотекалық несие алушылардан ғана емес, әлеуетті кәсіпкерлерден де айырыламыз. Бұрын Азаматтық кодексте жеке тұрғын үйді тартып алуға тыйым салатын норма болған. Дәл осы норманы алып тастаумен (банк лоббиінің қысымымен) осындай мәселе туындады. Сондықтан біз оның осы заң жобасы аясында қаралуын талап етеміз.
Өткен жылы қылмыскердің жалғыз үйін тартып алуға келген бес адамды – сот орындаушылары мен полицейлерді атып тастаған резонансты еске сала кетейін. Тағы бір оқиғада әйел осы төзгіссіз несие салдарынан балаларын көпқабатты үйден лақтырып жіберген. Адамдарды қашанға дейін осындай хәлге жеткізе береміз? Осы дауға нүкте қояйық. Оның үстіне нарықтық шешімдер біртіндеп табылуда. Өткен жылы біздің фракция «Банктер және банк қызметі туралы» Заңның аясында өте маңызды бір норманы енгізе алды: несиенің 90 пайызын өтеу жағдайында ипотекалық міндеттемелерді қайта қарау мүмкіндігі бар. Аталмыш тәсілді бұл жағдайда да қолданайық, бірақ неғұрлым жеңіл шарттармен: егер адам несие бойынша несиенің кем дегенде жартысын жапқан жағдайда (мұнда кепілзат жалғыз баспана болып табылады), оны жалғыз баспанасынан айырмайық. Қарыз алушыға кепілді басқа мүлікке, ал егер кепілге қойылған пәтерді қайтарып алу қажет болса, ең болмағанда басқа әлеуметтік тұрғын үйге ауыстыруға рұқсат беру қажет. Иә, бұл банктерге ауыртпалық түсіреді, бірақ біздің банктер ҚҚС-тан босатылған, мемлекет тарапынан үлкен қолдауға ие. Олардың бұл мәселені шешуге мүмкіндігі бар деп ойлаймыз. Өйткені, бұл қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықтың бағасы.
Екінші мәселе туралы әріптесіміз Ерлік Өмірғали айтып өтті. Адамдарды бұл жағдайға қалай жеткізеді? Себебі неде? Бұл несиелер бойынша жоғарылатылған, ақылға қонымсыз пайыздық мөлшерлемелер. Ұлттық банк, қайда қарап жүрсіздер? Ай сайын базалық мөлшерлемені көтересіздер. Оны қашаңғы көтере беруге болады? Сіздер халықты, кәсіпкерлерді қандай хәлге душар етіп жатқандарыңызды түсінбейсіздер ме?
Мен бұл заң жобасын кешенді түрде – жалғыз тұрғын үйді қорғаумен де, сондай-ақ Ұлттық банк пен ЕДБ осындай несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелерге қатысты барабар саясатымен де қоса қарауды ұсынамын. Тек коммерциялық банктер үшін жұмыс істеп болған шығарсыздар. Мемлекетті, қоғамымызды ойлайық.
Біз бұл заң жобасын қолдаймыз, өйткені онда біз ұсынған көптеген концептуалды жайттар ескерілді, бірақ аталған мәселелер әлі де сақталуда, сондықтан оларды екінші оқылым аясында пысықтауды ұсынамыз. Рақмет.
qazaquni.kz