БАҒА ҚАШАНҒА ДЕЙІН ШАРЫҚТАЙДЫ?
2022 ж. 04 желтоқсан
1168
0
«Қазақ елінде инфляцияның төмендеуіне әзірге ешқандай алғышарттар жоқ. Сондықтан болжам бойынша жыл соңына дейін елімізде инфляция деңгейі 20-21%-ға жетуі, тіпті одан асуы мүмкін.
Бұл туралы Астанада «Экономика туралы сөйлесу: Қазақстан жаңа болмыс аясында» тақырыбында өткен кең көлемді кездесу барысында осы шараны ұйымдастырушы Jusan Analytics зерттеу орталығының басқарушы директоры Әнуар Қуандықов мәлімдеді. Оның айтуынша, отандық экономикада жақын уақытта анау айтқандай өзгерістер орын ала қоймайды. Болжам бойынша Қазақстанда экономикалық өсім бәсеңдеуін жалғастырып, жыл соңына қарай 2,5%-ды құрауы мүмкін. Оның үстіне отандық Жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 60%-дан астамын құрайтын алты ірі сала: ауыл шаруашылығы, байланыс, өнеркәсіп, құрылыс, сауда, көлік және қоймалау бойынша соңғы төрт салада өсім төмендеп жатыр.
Еске салайық, өткен жылдың соңында елімізде экономикалық өсім 4,3%-ды көрсеткен еді. Бұдан басқа спикер қазіргі уақытта инфляция – әлемде ең басты сын-қатерлердің біріне айналып, жаппай сипат ала бастағанын жеткізді.
«Біз 80 елдің экономикасына талдау жүргіздік. Олар әлемдік ЖІӨ-нің 80-90%-ын құрайды. Сол 80 елдің 60-ында инфляция мақсатты межеден екі есе жоғары болса, 28 елде төрт есе жоғары. Ал біздің елде үш есе артық», –деді Ә.Қуандықов.
Әлемдік экономиканың өсімі де бәсеңдеп жатыр. Халықаралық валюта қоры мен басқа да халықаралық сарапшылардың болжамынша биыл өсім өткен жылғыдан төмен болмақ.
«Қазір әлемдік экономиканың өсімі 3,2%-ды құрайды. Жыл басындағы көрсеткіш – 4,4%. Болжам бойынша алдағы жылы өсім 2,7%-ға дейін төмендейді. Одан да төмен болуы мүмкін. Өйткені қазір қымбатшылыққа, ықтимал дағдарысқа қатысты әлемде ортақ мәміле, ортақ келісім жоқтың қасы», – деді Jusan Analytics жетекшісі.
Кездесу барысында қаржыгерлер мен экономистерді мазалған тағы бір сұрақ – отандық экономиканының даму болашағы болды. Оны қандай негізге, қандай қағидаға сүйеніп дамытуға болады?
«Біз жасыратыны жоқ, экспортқа бағдарланған шикізаттық мемлекетпіз ғой. Мұнай бүкіл экспортомыздың пайызы. Негізгі экспорттық тауарларымыз: шикі мұнай, табиғи газ, мыс, уран, бидай, мырыш, күміс, алюминий. Ал кейбір азық-түлік тауарларын қоспағанда, азық-түлікке жатпайтын тауарлардың 80%-ы – импорт. Атап атар болсақ: жиhаз, дәрі-дәрмек, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, дайын металл, резеңке және пластмасса, темекі, полиграфия бұйымдары және т. б. Не істеу керек? Қазақстан үшін даму даму көзі неде? Өндіріске көңіл бөліп, импорттың орнын толтыру керек пе? Әлде заман талабына сәйкес өндірісті жайына қалдырып, қызмет көрсету саласына ойысу қажет пе? Бағытты айқындайтын уақыт әлдеқашан жеткен» – деді Ә. Қуандықов.
Бұл сұрақ сарапшылардың қызу талқысына түсті. Кейбір мамандар мемлекеттің нарыққа араласа бермеу керектігін алға тартты. Яғни, нарықты жайына қалдыру керек. Ол не істеу керектігін өзі біледі. Ал мемлекет дұрыс монетарлық жағдай жасап, инфрақұрылымдарды құрумен шектелгені жөн. Басқалары мемлекеттің араласуын қолдап, мемлекет тарапынан экономика секторларына берілетін көмекқаржылардың әділ түрде үлестірулі керектігін, даму көзі шағын және орта бизнесті дамытуда жатқандығын алға тартты.
Аталмыш сұраққа қатысты жүргізілген арнайы онлайн сауалнама барысында қатысушылардың 45%-ы экспорттық өнеркәсіпті дамыту керектігін қолдаса, 38%-ы – импорттың орнын басатын өнеркәсіпке басымдық беру керек деп санайды, Ал 17%-ының пікірінше жаңа неоиндустриялдық дәуірде жаңа даму көзі – көрсетілетін қызметтердің саны мен сапасын арттыру.
Айта кетелік, экономика туралы диалогқа қаржы-экономика саласының белгілі сарапшылары, сондай-ақ мемлекеттік және квазимемлекеттік органдардың, халықаралық қаржы ұйымдарының, академиялық қауымдастықтың және іскерлік БАҚ өкілдері қатысты.
qazaquni.kz