НҰРСҰЛТАНҒА АСТАНАНЫ ҚИМАҒАН ҚАЛЕТАЕВ
2009 ж. 11 маусым
14445
15
Бұл пиғылын «бір-де бір саясаткері жоқ» партияластарына қалай түсіндіреді...
Мәжіліс депутаты Сәт Тоқпақбаевтың сәтті деуге болмайтын идеясы сәтсіз жалғасуда. Генерал депутаттың тұңғыш президенттің атын Астанаға берейік дегені қисынсыз.
Бізде тірі адамның атын көшеге, мектепке, ауылға, қалаға т.б. қоюға болмайды. Ал Назарбаев тірі ғой. Сондықтан Сәттің ұсынысы сәл асығыстау тірлік болып табылады...
Ал енді осы ұсынысты сүйкімсіз жарысқа айналдырып жіберуге ұмтылып, елдің, қоғамның теріс пікірін туғызып жүргендер жетерлік. «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Дархан Қалетаевтың партияның «болғанынан боладысы қызық болған» атышулы ХІІ съезіндегі “Нұрсұлтан атына Астананы емес... аэропортты берейік” дегені қай сасқаны екенін ел әлі түсіне алмай жүр. Сондағы айтпағы «көптеген елдерде президенттердің аты аэропортқа берілген»-дейді. Беріле берсін. Олардың аттары қайтыс болғасын ғана берілді. Аэропорттардың атын қойғыш болсаң, қайтыс болған ұлыларымыз аз емес қой?!. Қалетаев қалай ойлайтынын қайдам, қалың ел олай ойламайтын шығар... Мүмкін, қазақта мемлекет баяғыдан бар, Керей-Жәнібек хандар, одан бері Абылайлар бар ғой деп, Астананың атын соларға сақтап отырсақ, қанеки. Әлде бұндай ұсыныс айтарда ол өзін «Нұр Отанның» емес, «Жас Отан» жастар қанатының жалынды жетекшісімін деп ойлап қалды ма екен?..
Сонда қалай бүгін Қалетаев елбасымыздың атын аэропортқа берейік десе, ертең екінші біреу теміржол вокзалын, арғы күні тағы біреу автобекеттің атын ұсынса не болады? Онсыз да бүкіл елді «нұрландыру» жүріп жатыр емес пе?.. Қазір партиядан бастап, айдаладағы кішкентай ауылдың титтей дүңгіршегіне дейін «Нұр»-мен басталады. Ел санынан жаңылды. Енді арнайы жарлық шығарып, «Нұр» атын пайдалануға тиым салмаса, не боларын бір құдай біледі. Мүмкін, елдің атын Нұрсұлтанат етіп өзгерту керек шығар бұл жағымпаздардың ойынша?!.. Айтпақшы, Президент мырзаға да, жағымпазданамын деп, жағымсыз пікір тудырушыларға да «елді монархияға айналдырып, сұлтанат құрайық» деген тақтан дәмелі болған сұлтандардың бірі, экс-күйеубала Рахат Әлиевтің тірлігі сабақ болатын шығар деп ойлаймыз. Әй, қайдам... Жалпы Дархан Қалетаевтың елдегі ең ірі партия басшылығына келгенін көпшілік құптап, жас шенеуніктен үміт күтіп еді. Бірақ жастық жалынның орнына - жаңылысу мен жансақ басу жиілеп келеді. Мысалы, Сәттің ұсынысын ел кәдімгідей талқылады. Қарсы болғандардың өзі «бұл - уақыттың еншісінде» деген тоқтамға келді. Иә, кімнің кім екені бір Аллаға аян. Ал Қалетаевтың Сәттен қалыспай “Нұрсұлтан Назарбаевтың атын аэропортты берейік» дегені елдің қатаң сыны мен күлкісіне ұшырап, жағымсыз жағымпаздықтың жарқын үлгісі ретінде қабылданды. Бұл бір жағынан билікке ие бірегей партия басшысының байсалды байламынан гөрі ауылдағы шолақ белсенді біргәдірдің: «атама ауылдың атын бермесеңдер де, көше бере салыңдаршы, көңілі тыныш жатсын»- дегенінің деңгейіндегі әрекет. Сондықтан болар, таяуда «Взгляд» газеті жазғандай, Қазақстанның мұсылмандар одағы «Самый глупый льстец» атағын Дархан Қалетаевқа беріпті... Айтпақшы Қалетаевтардың бұл ұсынысына тек «жақсы» жағынан қарау қалай болар екен? Өйткені бізде тірі адамның аты еш нәрсеге берілмейтіні заңмен бекітілгенін жоғарыда айттық. Ал, Президент - Ата Заң кепілі. Сонда Елбасымыз өзі қол қойған заңға қарсы шығуы керек пе, әлде... Айтқан жерден аулақ... Осындайда еске түседі. Белгілі бір жазушымыздың естелігін оқып едім. Өзбекстанның ең қадірлі қаламгері, біздің Сәбит Мұқановтың жан досы Ғафур Ғулам қартайып, төрінен көрі жақын болып отырған кезде Ташкент қаласының басшылары қаумаласып, жиі келіп, хал сұрап тұрады екен. Ғафур Ғулам тұратын көшенің аты «Ақ бидай» деген ұғымды білдіретін көрінеді. «Бар көшені ауыстырғанда бұны неге ауыстырмайсыңдар?»,- деген Ғафекеңе қала басшылары күмілжіп, тура жауап бермейді екен. Сонда сұңғыла суреткер: «Бұлардың ойы жаман. Бұлар менің ана дүниеге аттануымды күтіп, бұл көшені маған сақтап жүр»,-дейді екен... Өзбектің әйгілі қаламгері әзіл-шынын араластырып айтқанмен, кейін көп ұзамай тура солай болып шықты... Мейлі ғой, бірақ біздің Елбасы Ғафур Ғұлам сияқты қажып, шөгіп отырған жоқ қой. Құдайға шүкір, қайраты мол, қажыры көп. Әлі жетпіске де жеткен жоқ. Сонда Дарекеңдердікі не дарақылық?.. Мүмкін, біз түсінбейтін бір тірліктер бар шығар бір жерде. Әлде Сәттің идеясын сарт етіп иелене кету ме? Бұған да таңдануға болмайды. Кезінде «Жас қазақ үні» газеті «Жас қазақ» атымен танылып, Парламенттегі қазақ тіліне қарсы шыққан депутаттардың қара пердесін жұлып ап, шаңын қағып, қалғыған елді оятып жатқанда Дарекең дайын атқа тап болып, өзінің қарауындағы жаңа газеттің атын оның алғашқы редакторының қарсылығына қарамастан «Жас қазақ» деп қоя салғанын да ел әлі түсінбей жүр. Бұны сол кезде айтулы ақын, іскер журналист Мейірхан Ақдәулетов «Дода» хабарында сынап өткен болатын. Дамыған елдерде біреудің брэндіне жабысу, сол секілді жоғарыда айтылғандай идеясын да иелену масқара ұят жағдай болатынын бұл кісі білмейді ме екен деп те ойланасың. Айтпақшы «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары болып, биыл бір басылымға сұхбат бергенде «біздің партияда Елбасымыз ғана саясаткер, басқамыздың бәріміз қатардағы жай функционерлерміз» дегендей пікір білдіріпті. Сонда Елбасын айтпағанда, 683 000 мүшесінің ішінде бір де бір саясаткер болмаса, ол қандай партия? Қалай билікке келіп жүр? Саясаткерлер болмаса Парламенттің 100 пайыз депутаттары кімдер болғаны? Нотариалдық кеңсенің қатардағы қызметкерлері ме? Үкіметтегілер ше? Саясаткер болмаса, ел саясатын олар қалай жүргізеді? Ел білетін ұлттық рухы биік қайраткер бір-екі министр, әкімдер, екі-үш депутаттар бар сияқты еді. Қалетаев оларды да саясаткерлер қатарынан сызып тастаған ба? Еліміздің тұңғыш Президенті Н.Назарбаев төрағалық ететін билік партиясында бір де бір саясаткер жоқ дегенге Елбасымыз, партия көсемі қалай қарайды? «Әкесін сабағанды талай көріп едік, бірақ дәл бұлай арбаға байлап сабағанды бірінші рет көруіміз», - дегенің кері емес пе бұл? «Балақай, сен не бүлдіріп отырсың»,-дейтін, өзін-өзі сыйлайтын салмақты саясаткер бұл партиядан табыла ма? Әлде жас басшы жағымпазданамын деп тағы да жаңылысып отырған жоқ, турасын айтып отыр ма? Шындығын да бәрі қатардағы қаптаған функционерлер ме?.. Жалпы тұңғыш Президентіміз зор салмағын танытып, Астананың атынан да, Қазақстанның «Еңбек ері» атағынан да бас тартып, өнеге көрсетті. Бірақ бұдан жағымпаздық жарысына түскендер мен Ғафур Ғуламға көше атын беруге асыққандар секілді «бөтенойлылар» сабақ ала қояр ма екен...
Қазыбек ИСА
qazaquni.kz