ЖЕТІСАЙДА ЖЕР ДАУЫ УШЫҒЫП ТҰР...
2022 ж. 21 қараша
1941
0
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының назарына!
Қазақ халқының тарихында «қанды қаңтар» деген атпен таңбаланып қалған оқиға қоғамдағы көптеген әділетсіздіктердің бетін ашып берді. Соның бірі – ауыл шаруашылығы саласындағы алалаушылық. Яғни кезінде кеңшар, ұжымшар басқарғандар құнарлы жерлердің бәрін пышақ үстінен бөліп алды да, қарапайым халық ұлтарақтай жерге зар болып қалды.
Рас, әділетсіз бөлінген жерлерді кері қайтару үшін қарапайым халық аз әрекет жасаған жоқ. Бірақ, аузы қисық болса да байдың баласы сөйлесін дейтіндердің дәурені жүріп тұрған кезде шаруалардың шырылына құлақ асқан ешкім болмады. Қалай болғанда да қарапайым халыққа өзіне тиесілі жерін қайтарамын деп шапқылап жүрген белгілі журналист Болат Көмеков те келместің кемесіне мініп кете барды. Содан кейін бұл мәселе жабулы күйінде қала берер ме еді, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің кезекті Жолдауында кезінде әділетсіз бөлініп кеткен ауыл шаруашылығы жерлерін халыққа қайтару туралы тапсырма бермегенінде...
Президенттің тапсырмасынан кейін сең қозғалып, жекенің меншігіндегі мыңдаған гектар жерлер мемлекетке қайтарыла бастады. Міне, осы бастама біздің көптен бері көкейімізде жүрген мәселеге қозғау салып, қолымызға қалам алдырды.
Иә, бұл мәселе мыңдаған, тіпті, миллиондаған қарапайым халықтың, нәпақасын маңдай терімен табуға дағдыланған диқандар мен шаруалардың жанайқайына айналғаны жасырын емес. Жыл сайын көл-көсір пайдаға кенелтіп, қарапайым халықты жұмыспен қамтып отырған кеңшарлар мен ұжымшарлар жөн-жосықсыз таратылып, шұрайлы жерлер «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетті. Ең сорақысы, жердің нағыз иелері – жергілікті диқандар мен шаруалар үлестен қағылды. Мұнымызды бүгіндегі Түркістан облысы Жетісай ауданы Абай ауылдық округі тұрғындарының жанайқайларынан-ақ аңғаруға болады. Кезінде бұл кеңшардың жүзім өсіруден даңқы облыс, республика көлемінен асып, күллі одаққа белгілі болды. Кеңшарды ұзақ жыл басқарған Алексей Молчанов өмірінің соңында әділетсіздікке барып, өз халқын өзі «тонап», кеңшардағы жердің жартысынан астамын өзіне жекешелендіріп алды. Соның салдарынан аталған кеңшар тұрғындарының әлеуметтік жағдайы көрші ауыл тұрғындарымен салыстырғанда едәуір төмендеп кетті. Өйтпегенде ше, негізгі күнкөрісі егін шаруашылығына тікелей байланысты, көзін ашқаннан жеміс-жидек өсірумен айналысқан тұрғындардың кейбірінің отбасылық үлес-пайы бір гектарға да жетпейді. Осылайша бір кездері өте бай кеңшарлардың бірі саналған ауыл тұрғындары әділетсіз бөлінген жердің зардабын әлі тартып келеді. Мұның барлығы, әрине, жергілікті халықтың мұң-мұқтажын, талап-тілектерін ескермей жүргізілген жекешелендіру саясатының салдарынан болған шалағай тірліктер. Қолында билігі барлар жүздеген гектар шұрайлы жерді иемденді. Ал, қарапайым халық отбасы мүшелерін түгел қосқанның өзінде 1 гектар, 0,80, тіпті 0,5 гектарға әзер қолдары жетті. Мұны да ала алмай қалғандары қаншама! Мұны әлеуметтік теңсіздік демеске лаж жоқ. Жөн-жосықсыз жасалған келеңсіздіктерді анықтап, әділдікті орнату үшін жергілікті тұрғындар талай рет құзырлы мекемелердің табалдырықтарын тоздырды. Өкініштісі сол, ешқандай нәтиже болмады. Тек аталған кеңшардың тұрғыны, Мырзашөл өлкесіне белгілі журналист, бүгінде марқұм болып кеткен Болат Көмековтің аталған мәселеге орай көптеген тұрғындардың атынан талапкер ретінде Мақтаарал аудандық №3 аудандық сотына арызданғаны, сотқа әу бастағы заңсыздықтарды айғақтайтын дәлелді фактілерді ұсынғаны қарапайым тұрғындардың үміт отын оятқандай еді. Айта кеткен жөн, сотқа дейін де жергілікті тұрғындар, әсіресе, марқұм Болат Көмековті қолдаған белсенді азаматтар жер мәселесіне орай орын алған заңсыздықтарды қалпына келтіру үшін талай тар жол, тайғақ кешулерден өткенін бүгінде бума-бума болып жинақталған қағаздар мен бұлтартпас фактілер дәлел бола алады.
***
Түсінікті болуы үшін жер дауының түп-төркініне тоқталып өтелік. Сонымен, кең-байтақ еліміздің өзге жерлеріндегідей Киров атындағы жеміс-жүзім кеңшарында да жекешелендіру басталды. А.Молчанов мырзаға ҚР Президентінің 1994 жылғы 9 наурыздағы «Совхоздар мүлкінің бір бөлігін директорлардың меншігіне беру туралы» №1585 Жарлығы мен ҚР Министрлер Кабинетінің 1994 жылғы 24 ақпандағы «Мемлекеттік ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын азаматтардың жекеменшігіне сату туралы» №216 қаулысы «іздегенге сұраған» болды. Президенттің Жарлығына орай 20 жыл тапжылмай осы кеңшарды басқарған директорға шаруашылық мүлкінің 10 пайызы жерімен қосылып тегін беріледі делінген. Сонымен, А.Молчановтың меншігіне 288 гектар мүлік жерімен қосылып тарту етілді. Бұрынғы басшы бұған да қанағат етпей, ҚР Министрлер Кабинетінің 1994 жылғы 24 ақпандағы қаулысына сәйкес ұжымдық кәсіпорынның тағы 20 пайыз мүлкін жерімен қоса аукцион арқылы сатып алды. Ашыққаннан құныққан жаман демекші, жергілікті халықтың әл-ауқаты мен мүддесін мүлдем жадынан шығарған ол 1995 жылдың 27 қазанында ұжымдық кәсіпорынның тағы 21 пайыз мүлкін жерімен қоса меншіктеп алды. Осылайша бұрынғы кеңшар директоры шұрайлы, суармалы жердің 51 пайызын, яғни 1472 гектар жерді өз иелігіне өткізеді. Ал, қалған 49 пайызы 7476 адамға бөлініп, орта есеппен әр отбасыға 70 сотық жерден ғана тиеді.
Жоғарыдағы 51 пайызға енетін жерлердің заңсыз бөлігін айғақтайтын құжаттарды алға тартып арызданса да жергілікті тұрғындар құзырлы органдар тарапынан ешбір қолдау таппай, жылдар бойы қынжылыспен күй кешіп келді. Қарапайым халық талаптарының түбегейлі зерттелмеуінің астарында жоғарыда аталып өтілген Президент Жарлығы мен Үкіметтің қаулысы тұрған сияқты.
Сонымен, аталған жер дауына байланысты Киров атындағы жеміс-жүзім кеңшарының тұрғыны, талапкер Болат Ержігітұлы Көмековтің талап-арызы бойынша 2004 жылдың 14 қаңтары күні Асықатадағы №3 аудандық сотта судья Тотай Ерімбетовтің төрағалығымен сот отырысы болып өтеді.
Талапкер Б.Көмеков жауапкерлер – Мақтаарал ауданының әкімі мен аудандық жер ресурстарын басқару жөніндегі комитетке, ОҚО нотариаттық палатасына және ҚР Өзбекстандағы елшілігіне марқұм А.И.Молчановтың А.А.Молчановаға берген өсиетін, А.А.Молчановаға нотариус берген мұрагерлікке құқық туралы куәліктерді және осы азаматша мен Мақтаарал ауданы әкімі арасындағы 11.04.2003 жылғы №№ 4005,4006, 4007 санды, жалпы 1158 гектар жерді жалға беру жайлы үлгілік шарттарды заңсыз деп тауып бұзуды және А.А.Молчанованы мұрагерліктен шеттетуді сұрайды. Бұлармен қоса талапкер Б.Көмеков ҚР Үкіметінің №1071 санды 2003 жылғы 22 қазандағы қаулысына сәйкес, А.Молчановтың өзге заңды мұрагеріне 30 гектар жерді қалдырып, қалғанын бұрынғы Киров ұжымдық шаруашылық мүшелері және тұрмысы төмен Абай ауылының тұрғындарына жеңілдікпен сатып алу құқығымен бөліп беруді Мақтаарал ауданының әкімі мен аудандық жер ресурстарын басқару жөніндегі комитетке тапсыруды да жөн деп біледі.
Аталған сот отырысын өткізу барысында судья Тотай Ерімбетов екі жақтың, яғни талапкер мен жауапкерлердің дәлелдемелерін мұқият тыңдап, хаттамаға түсіргізіп отырады. Оларды екшей келе, нақты фактілерді сараптау, осылардың негізінде әділ қорытынды шешім шығару Тотай Мамытұлына оңайға соқпағаны айтпаса да түсінікті. Ол да өзгелер секілді қара басы мен мансаптың қамын ойлап, жауапкерлердің ығына жығыла салуына болар еді. Бірақ, ол өйтпеді. Тотай Мамытұлы судья ретінде адами арының алдындағы адалдықты, имандылықты, кіршіксіз тазалықты, ең негізгісі қарапайым халықтың мүддесін артық көрді. Бұл сайып келгенде сол шақтарда екінің бірінің қолынан келе бермейтін нартәуекел батылдық та еді. Талапкер мен жауапкерлердің, куәлардың сотта берген жауаптарын, сондай-ақ, құзырлы мекемелер мен ұйымдар тарапынан берілген дәлелді құжат-қағаздарды әділқазы ретінде сараптай келе судья Тотай Ерімбетов мына төмендегілерді анықтайды және талапкер мен Абай ауылдық округі аумағындағы қарапайым тұрғындардың мүддесіне орай шешім шығарады.
Бұған төмендегі айғақты деректер арқау болады. Ең негізгісі марқұм А.И.Молчановтың А.А.Молчановаға берген мұрагерлік туралы өсиетінің заңсыздығы, яғни қолдан жасалғаны белгілі болады. Мұнымызға Оңтүстік Қазақстан облысының нотариаттық палатасы тарапынан берілген (07 сәуір, 2003 ж.) №1-71108 санды құжат хаты нақты дәлел. Онда былай делінген: «Оңтүстік Қазақстан әділет басқармасының 2003 жылдың сәуір айының 2-ші жұлдызындағы нөмірі 1-1860/08 хатына сай, Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы елшілігіне түскен 16.02.2003 жылы қайтыс болған Алексей Иванович Молчановтың өсиеті елшіліктің консулдық бөлімімен дұрыс куәландырылмауына байланысты мұралық мүліктің орналасқан жеріне заң бойынша мұраға құқық берілуі керек. Осыған орай, Өзбекстан Республикасы Ташкент қаласында Молчанов Алексей Ивановичтің атынан әйелі Молчанова Алефтина Александровнаның атына куәландырылған өсиеті бойынша мұралық іс қабылданбауы қажет. (Құжат хат сөзбе-сөз алынды. Ә.Т.)
Мұны бір деңіз. Ал, енді ҚР Әділет министрлігі сот сараптамасы орталығы Оңтүстік Қазақстан аймақтық ғылыми-өндірістік лабораториясының №3229 санды сот сараптамасының қорытындысына назар аударыңыз. Мұны да сөзбе-сөз келтіреміз. «А.И. Молчановтың атынан қойылған 15.02.2003 ж. өсиеттегі бірінші қатарға орналасқан қолтаңбаны Молчанов Алексей Иванович орындамаған, оны орындаған басқа тұлға».
А.И.Молчановтың атынан Молчанова Алефтина Александровнаның атына куәландырылған өсиеттің заңдылығына күмәнді қоюландыра түсетін тағы бір фактіге де тоқталып өткенді жөн көрдік.
Сотта куә ретінде сұралған Қуатова Назира Узбекбаевнаның жауаптары да жоғарыда аталып өткен құзырлы органдардың А.И.Молчановтың атынан Молчанова Алефтина Александровнаның атына куәландырылған мұралық өсиетінің заңсыз болғанын толықтыра түсетіндігімен де маңызды. Н.Қуатова 1994 жылдан бері А.И.Молчановтың әйелі екенін, араларында 1995 жылдың 25 тамызында туылған Амалия атты қыздарының туу туралы куәлігінде әкесі А.И.Молчанов деп жазылғанын айтады. Ол сондай-ақ, А.И.Молчановтың Ташкенттің Юнусабад массивінен үй алып бергенін, екеуінің сонда 1995 жылдан бері бірге тұратынын баяндайды. 2003 жылдың 18 қаңтары күні А.И.Молчановтың қатты науқастанып ауруханаға түскенін, күтім жасап отырғанда оның «Халыққа обал болды, артық алған жерлерді ауылдастарыма қайтарамын. Жерді алғалы аурумен әлек болдым, халықтың қарғысы тиді ме екен? Жазылғасын арыз жазып жерді қайтарамын. Ол бәрібір талан-таражға түседі» дегенін де атап өтеді.
Әйелі мұнымен қоса А.И.Молчановтың А.А.Молчановаға мұра қалдыру жайлы мүлдем ойы болмағанын, елшіліктің консулы тарапынан бекітілген өсиеттегі Алексей Иванович Молчановтың қолы еместігін, тағы басқа құнды деректерді жариялайды.
Расында да, өзі жансақтау бөлімінде хәл үстінде жатқан адамның мұрагерлік туралы өсиет қалдырып, қол қоюы ешбір қисынға келмейді. Бұлардан шығар қорытынды сол, ОҚО Нотариаттық палатасы мен ҚР Әділет министрлігі (!) сот сараптама орталығы ОҚО аймақтық ғылыми-өндірістік лабораториясы А.И.Молчановтың А.А.Молчанованың атына куәландырылған өсиеттің заңсыздықтарын толығымен дәлелдеп, соттағы куәлардың да айғақты дәлелдері келтірілгеннен кейін нотариус берген мұрагерлікке құқық туралы куәліктен бастап барлық іс-әрекеттер өз күшін жоюға тиіс деп білеміз. Бұлардың ішінде, әрине, А.А.Молчанова мен Мақтаарал ауданы әкімі арасындағы 11.04.2003 жылғы №№4005,4006 және 4007 санды, жалпы 1158 гектар жерді жалға беру жайлы үлгілік шарт және А.А.Молчанованы мұрагерліктен шеттету мәселесі де бар.
Бірінші сатыдағы сот отырысы (судья Т.Ерімбетов) осындай батыл да тарихи шешім шығарған-ды. Өкініштісі, қарапайым халықтың алақайлап қуанған шақтары ұзаққа созылмады. Әділ шешім облыстық соттың шешімімен бұзылды. Халықтың мұнан да жоғарғы баспалдақтарға жазған жанайқайға толы арыз-шағымдары ешбір қолдау таппады. Осылайша жергілікті тұрғындардың армандарға толы үміттері жанбай жатып сөнді. Бүгінде 1 гектар да жері жоқ отбасылар Абай ауылдық округінде бірнеше жүздеп табылады. Бұларға Өзбекстаннан қоныс аударған қандас бауырларымыздың отбасыларын қосыңыз. Ілгергі жеміс-жүзім кеңшары аумағындағы суармалы жерлер аудандағы ең бір шұрайлы да құнарлы жерлер санатына жатады. Жоғарыдағы заңсыздықтардың нәтижесінде жүздеген гектарға ие болған пысықайлардың «екі билеп, бір асап жүргені» тағы рас. Екі ортада қарапайым да момын халыққа қиын болып отыр. Егер әділдік орнап, о баста заңсыз берілген жерлер әуелі мемлекетке қайтарылып, онан соң қарапайым халыққа ұзақ мерзімге берілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл өз ретінде әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы нашар отбасыларға қуаныш сыйлайтыны айдай анық.
Жыл басында Жаңаөзен қаласынан бастап, басқа қалаларда жалғасын тапқан халықтың жаппай наразылық шеруі, міне, осындай келеңсіздіктерден, әділетсіз әрекеттерден орын алды деп ойлаймыз. Сондай-ақ, ол өткенімізге байыппен қарап, кемшіліктерден тиісті қорытынды шығаруымыз қажеттігін айқындап берді. Солардың бірі һәм бірегейі кезінде заңсыз берілген миллиондаған гектар жерлердің мемлекетке қайтарылуы дер едік. Бұлардың қатарында бүгіндегі Жетісай ауданы, Абай ауылдық округі аумағындағы кезінде заңсыз жекешелендірілген жерлер де мемлекет меншігіне қайтарылып, халықтың ризығына айналса екен дейміз. Мұның оңай болмасын да сезіп отырмыз. Дегенмен, түбі орындалатын мәселе. Сондықтан да елім, жұртым, халқым дейтін, өз жеке мүддесінен мемлекеттің мүддесін, оның жарқын болашағын жоғары қоятын аудандық, облыстық деңгейдегі депутаттарымыз, әсіресе, оңтүстік өңірінен ел Парламентінде отырған азаматтарымыз ілгергі Киров атындағы жеміс-жүзім кеңшары аумағындағы қарапайым халықтың жанайқайына көмектеседі, әділдік салтанат құрады деген сенімдеміз. Бұл өз ретінде Президентіміз Қ.К.Тоқаевтың Жаңа Қазақстанды құру жолындағы жарқын идеяларының өміршеңдігінің де жарқын үлгілерінің біріне айналар еді.
Әбдәлім ТІЛЕУБЕКОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.