КӘСІПОДАҚ КӨКЖИЕГІ ҚАШАН КЕҢЕЙЕДІ?
2023 ж. 10 қазан
1585
1
ЕҢБЕКШІЛЕРДІҢ ҚҰҚЫҒЫН НАҚТЫ ҚОРҒАЙ АЛАТЫН КӘСІПОДАҚ ҚАЖЕТ
Бүгінгі күні жаңа экономикалық реформалар жарияланып жатқанда, оны іске асыруға еліміздегі кәсіподақ ұйымдарының қосар үлесі қандай болуы керек? Бұл сұраққа жауап бермей тұрып, бізде еңбекшілердің құқығын нақты қорғай алатын кәсіптік одақтар бар ма деген сауалды саралап алған дұрыс сияқты. Саны жағынан әлі де аз, қызметінің нәтижесі төмен бұл ұйымдардың нақты іс тындыруға заңдық және әкімшілік тұрғыдан мүмкіндіктері бар ма?Аталған ұйымдар жұмыс берушілердің жетегінде, әкімшіл-әміршіл биліктің бұғауында қалып қойған жоқ па? Олай болса еңбекшілердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына қатысты және өзге де күнделікті туындайтын мәселелерін кім көтеріп, кім қорғауы керек?
Ашығын айтсақ, қазіргі біздің қоғамда кәсіподақ ұжымдарына немқұрайды, көзді жұмып қарайтын көзқарас қалыптасқан. Бұл дұрыс емес.Тіпті өзіміз бүгіндер жерден алып жерге салып жататын кеңестік кезеңнің өзінде Қазақстанда кәсіптік одақтардың 10-11 миллион мүшесі болған екен және кезкелген ұжым басшылары кәсіподақ ұйымымен санасатын. Сондықтан олардың жалпы ұжымдағы беделі жоғары болатын. Адамды жұмысқа қабылданған күнінен бастап, олардың құқығын қорғап, еңбек және әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын қадағалап, тұрақты түрде қолдау көрсететін. Баспаналы болуына, емделуіне мүмкіндік жасап, демалыс орындарына жолдамалар да кәсіподақ ұйымы арқылы, жиналған жарналар есебінен тегін берілетін. Еңбек тәртібін бұзған адамдардың әрекетін кәсіподақ комитетінде қарап, кемшіліктерді түзетуге атсалысатын. Бір де бір еңбек адамы кәсіподақ ұйымының келісімінсіз жұмыстан шығарылмайтын. Бүгінгі күні сол кәсіподақ мүшелерінің саны еліміз бойынша 3,5 миллионға да жетпейді екен. Ал кәсіподақ ұйымдарының еңбекшілерді қолдау, қорғау мүмкіндігі мен соған сәйкес жалпы ұжымдағы беделі туралы айтпасақ та болады. Жұмсартып айтқанда жұмыс берушілер олармен ақылдаспақ түгіл сөйлеспейді де, өз қалауларынша шешім қабылдайды. Ақысыз жұмыс уақытын ұзартып, керек болса қысқартып жұмыстан босата салады. Еңбек кодексіне пысқырып та қарамайтын кәсіпорын иелері жұмысшыларын құлақкесті құлындай жұмсап, мардымсыз жалақымен байлап отырғанына куә болып жүрміз. Олар сол жұмысшылардың арқасында, солардың еңбегін қанау арқылы байып отырғандары туралы ойланбайды да. Сондықтан да түрлі салаларда еңбекшілер құқығы тапталып, арыз-шағымдар жиі айтылып келеді. Ол өз кезегінде мыңдаған еңбекшілерідің көшеге шығып, билікке наразылығын білдіруге әкеліп соқтыруда. Еліміз бойынша көптеген кәсіпорын жұмысшылары еріккеннен ереуілге шығып жатқан жоқ. Басқасын айтпағанда, оған мұнайлы өңірдегі Жаңаөзен мен Қарағанды облысындағы атышулы «АрселорМитталТеміртау» компаниясында жиі орын алатын жұмысшылардың наразылығын айтсақ та жетіп жатыр.
ҚР Кәсіподақтар Федерациясының Қарағанды облысындағы Кәсіподақ орталығының төрағасы Болат Жұмабеков Шахтинскідегі шахтада жақында болған соңғы қайғылы оқиғаға байланысты білдірген пікірінде негізгі кемшіліктердің бетін ашып берді. Болат Жұмабековтың айтуынша, Қарағанды облысындағы Ленин атындағы шахта – еліміздегі ең қауіпті кен орындарының бірі. «Оқиға кезінде екі бригада жұмыс істеп жатқан. Жарақаттанған бес адам басқа жақта, бұрғылау жұмыстарында болған. Ал, бес адам өкінішке қарай, қайтыс болды. Ол жерде кенеттен метан газы тарады. Шахта атмосферасында оттегінің жетіспеушілігінен, газ шыққан кезде адам бірден құлайды. Метан иіссіз, көзге көрінбейді, адамды әп-сәтте есінен тандырады», - деп түсіндірді Болат Жұмабеков.
Кәсіподақ жетекшісі мұндай жағдайлар жиі орын алатынын айта келе, оның не себептен болғанын және алдағы уақытта қайталанбас үшін қандай шара қолдану керектігін де айтып берді. Соған қарағанда аймақтық кәсіподақ ұйымындағылар кеншілер мәселесін жатқа біледі, оны айтып та жүр. Бірақ содан шығып жатқан нәтиже мүлдем жоқ. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы бос уәделер мен көп сөзден нақты іске көшуі керек. Кәсіпорын 1996 жылы келді, осы уақытқа дейін бірде-бір жаңа құрылғы пайдалануға берілген жоқ. Жаңадан алғаны: биылғы бұрғылау қондырғылары мен 20-дан астам туннельдік техника. Жаңа тау-кен-шахта жабдықтары қажет. Дамыған елдердің шахталарында газ шығарындылары болмайды. Біріншіден, біздегі жағдай қиын. Сондықтан, ең алдымен, қауіпсіз жабдық болуы керек. Өткен жылы қарашада Абай кенішінде болған оқиғадан кейін жаңа техника алуға уәде бергенімен, қытайлық жабдықты сатып алды. Мүмкін олар сол жақтың шахталарына жарамды болар, бірақ бізге емес. Міне, инвесторымыз осындай... Жалпы, біздің тау-кен-геологиялық жағдайымызға сәйкес келетін модернизация бағдарламасы болуы қажет. Кенші қауіпсіз еңбек жағдайлары жасалған жерге жұмысқа баратынын білуі керек. Алда не күтіп тұрғанын ешкім білмейді. Геология қызметі, техникалық қызметкерлер – барлығы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жауапты болуға міндетті», - деп есептейді Б. Жұмабеков.
Елімізде кәсіподақ ұйымдары бар болғанмен саны жағынан тым аз.Олардың басым бөлігі білім беру, денсаулық сақтау, металлургия, энергетика саласы мен мемлекеттік қызметкерлерді қамтыған. Саны жағынан ең көп саналатын шағын және орта бизнес саласында кәсіподақ ұйымдары жоқ десе де болады. Осы сала басшылары кәсіподақ ұйымдарын құруға көбінесе қарсы болып келеді. Сондықтан да болар еңбек заңын бұзушылық шағын және орта бизнес саласында жиі кездеседі. Мысалы бір ғана Алматы қаласында он мыңдаған компаниялар тіркеліп, жұмыс істеп жатса да ондағы кәсіподақ ұйымдары саны бір мыңға де жетпейді екен.
Кәсіпорын басшыларының айтар уәжі жетерлік. Олардың ойнша Еңбек Кодексі заңы бар, оны қадағалайтын Еңбек инспекциясы жұмыс істейді. Оған қосымша кәсіподақ ұйымының қажеті шамалы дейді жұмыс берушілер. Ал мыңдаған кәсіпорындарды мемлекеттік органдар үнемі қадағалай алмайтыны белгілі. Бүгінгі Еңбек Кодексі қарапайым жұмысшылардың емес, кәсіпорын иелерінің ыңғайына қарай жазылғанын кәсіподақ және қоғам қайраткері Асхат Асылбеков орталық басылымдардың біріне берген сұхбатында ашық айтқан болатын. «Өкінішке орай, Мәжілістің өткен шақырылымындағы депутаттар еңбек дауына қатысты жазылған шамамен 145- тей бапты алып тастап, есесіне жұмысшыны жұмыстан шығаруға мүмкіндік беретін 26 бапты қабылдап, өткізіп жіберді» деген болатын ол. Заңмен нашар қорғалғандықтан әрбір ірілі-уақты еңбек ұжымында кәсіподақ ұймының болуы міндеттелуі керек. Өйткені аталған ұйым мен жұмыс беруші арасындағы дау-дамайларды көшеге шығармай, сотқа жүгінбей-ақ өзара шешуге мүмкіндік береді. Кәсіподақ ұйымдарын өзіне жау санайтын кәсіпорын иелері нешетүрлі құйтырқы әдістерді де қолданады. Мысалы кәсіподақ ұйымының орнына еңбек ұжымының өкілдері ретінде жекелеген адамдармен келіссөз жүргізуге тырысады. Ал ол «өкілдер» өздері таңдап тағайындаған адамдар болып шығады. Әрине, ондай «жұмысшылар өкілдері» түптеп келгенде басшылардың сөзін сөйлейтіні белгілі.
Тәжірибе көрсетіп отырғандай еңбек даулары көбінесе төленетін жалақы айналасында туындайды. Яғни жұмысшылардың алатын айлығы ішер тамағы, киер киімі және коммуналдық төлемдерді өтеуге жетпей жатады. Оған қоса көбісінің төлеуге міндетті несиелік қарыздары бар. Ал жұмыс берушілер көбірек пайда табу үшін жұмысшылардың жалақысын көтергісі келмейді. Содан барып жұмысшылар мен кәсіпорын иелері арасында жанжал пайда болып, сотқа дейін жетеді. Осындай еңбек дауларын өзара шешуде кәсіподақ ұйымы белсенді болуы керек.
Қазіргі елімізде бар, түрлі ұжымдардағы ұйымдар мен жалпы алғандағы ҚР Кәсіподақтар федерациясы қол қусырып қарап отыр деуге де болмайды. Еңбекшілерді қолдау мақсатында олар Үкіметке жылдар бойы өз талаптарын айтқанмен, бірақ сол талаптардың көбісі ескерусіз қалып келеді. Үстіміздегі жылдың басында әлеуметтің әріптестік пен еңбек қатынастарын реттеу республикалық комиссиясының отырысында Кәсіподақ федерациясы төрағасы Сатыбалды Дәулеталин жалақы жүйесіне өзгерістер енгізу туралы мәселені қозғаған болатын. Қазір елімізде еңбекшілердің жалақысы Еңбек Кодексінің 107 бабына сәйкес жұмыс берушінің ақы төлеу жүйесіне байланысты өзара ұжымдық еңбек келісім-шарттары арқылы жүзеге асырылады. Бұл қолданыстағы тәсілдің жұмысшылар үшін тиімділігі аз. Өйткені кәсіподақ ұйымы жоқ жерде жұмыс берушінің ықпалы басым болып келетінін байқауға болады. Сол себепті еңбекшілер өз бетінше қатаң талап қоя алмайды. Айталық, елімізде жасалған 154 635 ұжымдық еңбек келісім- шарттарының тек қана 25-30 мыңдайына ғана кәсіподақ араласқан. Сондықтан да Еңбек кодексіндегі жалақы жүйесіне қатысты заңға кәсіподақтардың келісімімен өзгерістер енгізуді ұсынуда. Көп жағдайларда атқарылған жұмыстарға жұмыс беруші жалақыны айлап уақытында төлейметін кездері жиі болады. Ол үшін жұмыс берушіге ешқандай қылмыстық іс қозғалмайды. Ал еңбекшілердің уақытында жалақы төлемегені үшін жұмысты тоқтатуға құқығы жоқ. Әлемде және елімізде тұрақты орын алып жатқан экономикадағы инфляцияға байланысты ұжымдық келісім-шартта көрсетілген жалақы мөлшері еңбекшілердің өмір сүруіне жетпей қалады. Сондықтан Кәсіподақтар федерациясы жалақыны жыл сайын индексациялап отыруды міндетті нормаға енгізуді ұсынды. Сол сияқты жұмыс беруші мен жұмысты атқарушы жалақысының арасында 50-60 еседей айырмашылықтар бар, ал әлемдік тәжірибеде осы айырмашылық көрсеткіші он еседен аспайды. Бұл еңбек нарығындағы әділетсіздіктің белгісі. Осы жайында мемлекет басшысы халыққа Жолдауында да атап көрсетіп, аталмыш теңсіздікті реттеу қажеттігін айтқан болатын. Бірақ Президенттің бұл нақты тапсырмасын орындауға асыққан кәсіпорын басшыларын осы күнге дейін көрмедік. Олар сол бұрынғысынша өздеріне ыңғайлы, өздерінің пайдасын ғана ойлауда. Ал атқарушы билік саналатын үкімет болса жұмыс берушілер мен еңбекшілер арасындағы жиі орын алатын дау-дамайға «қай жеңгендерің менікі» дегендей сыңай танытып отыр.
Қарап отырсақ, еңбекшілерді толғандыратын, қарапайым жұмысшыларға қатысты мәселе өте көп, оның бәрін тізіп шығу да мүмкін емес. Соның бірі жұмысшыға денсаулығына байланысты еңбекке уақытша жарамсыз болып қалғандағы төленетін арнайы төлемге байланысты. Ол бүгінгі күні 15 айлық есептік көрсеткіш деңгейінде. Мысалы биылғы жылы ол небары 45,9 мың теңге айналасында болып отыр. Осы ақшаға қалай өмір сүруге болады, оған қоса ауырған адам емделу үшін дәрі-дәрмек сатып алуы керек. Жұмысшы құқығын қорғауға тиісті кәсіподақ алдында тұрған міндеттер өте көп. Сондықтан оның жұмысына мемлекет, әсіресе үкімет тарапынан қолдау қажет. Ол үшін еліміздегі кәсіподақ қызметіне кең жол ашып, заңдық тұрғыдан мүмкіндіктер жасау қажет. Өкінішке орай, осы күнге дейін Кәсіподақтар тарапынан жылдар бойы айтылып келе жатқан мәселелер уақытында ескерілмейді. Халық үніне құлақ асуға міндетті біздің үкімет көбінесе қағаз жүзіндегі ешқандай нәтиже бермейтін жалпылама жауаптармен құтылады. Әлеуметтік әділеттілікті талап еткен жұмысшылар мен кәсіподақ өкілдерін оппозиция қатарына жатқызып, өздеріне жау санайтындар да бар біздің билік пен кәсіпорын иелерінің арасында. Ондай саяси сауатсыз, біліксіз мамандар мен өз құлқынын ғана ойлайтын, халық есебінен байыған тойымсыздар әлеуметтік теңсіздіктің ертеңгі күні орны толмас қайғы-қасіретке алып келетінін түсінгісі келмейді. Оны біз қанды қаңтар оқиғасы арқылы басымыздан өткердік. Оқиға экономикалық, әлеуметтік талаптардан басталып, саяси талаптарға ұласып, ақыры үлкен қасіретпен аяқталғанын көрдік. Енді содан сабақ алып, алдағы уақытта оның қайталанбасы үшін бірігіп қимыл көрсетуге міндеттіміз. Қарапайым еңбекшілер артық ештеңе талап етпейді, оларға бар-жоғы тұрақты жұмыс пен өмір сүруіне лайықты жалақы қажет. Қоғам мен билік арасында өзара түсіністік орнаса ғана жарияланған реформалар іске асып, алға қойған мақсаттарға жетуге болады. Соны түсінетін уақыт жетті емес пе?!.
Зейнолла АБАЖАН