Бес мың тұрғынның жайылым жерін жайпап тастаған кәсіпкер
2022 ж. 21 қараша
3556
0
Президенттің пәрменіне пысқырмай отыр
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Исаға,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Құдайберген Ержанға,
Түркістан облысы, Шардара ауданы, Қоссейіт ауылдық округінің бір топ тұрғындары атынан
Шардара – Түркістан облысының орталығынан шалғайда, тіршіліктің күре тамыры іспеттес темір жолдан да ұзағырақ жатқан аймақ. Десек те, халқының еңбексүйгіштігінің, өмірге құштарлығының арқасында өмір көшінен қалмай келе жатқандығы да көңілге бір ерекше жылы сезім ұялатады. Сөйте тұра, мемлекеттік заңдылықтарды белден басып, ойына не келсе соны істегісі келетін кейбір көрсоқыр кәсіпкерлердің келеңсіз тірліктері шағалалы өлкенің алға басқан адымын кейін тартып, абырой, атағының әрін қашырып тұрған жайы бар.
Мәселеге турасынан көшейік.
Шардара ауданында сонау 1964 жылы ең алғашқы күріш шаруашылығы болып құрылған, кезінде «Восход», егемендік алған соң Қоссейіт атанған елді мекен бар. Қазіргі кезеңде мемлекеттік жекешелендіру саясатына сәйкес ауыл тұрғындары өздерінің жер үлестерін алып, әркім өзіне қолайлы дақылдарын егіп өмір кешіп жатыр. Бірақ соңғы екі жылдың көлемінде Бекетов Бақытжан, Бекетов Ержан деген ағайынды екі кәсіпкер аудан әкімінің 2021 жылғы 1 сәуірдегі №125 санды және 2022 жылғы 7 ақпандағы №47 санды Қаулыларын заңсыз деп тауып, ауыл тұрғындарының малын жаюға деп бекітіліп берілген жер учаскесінен шағыл құм тасып сататын карьер ашпақ болып әрекет жасап жүр.
Жайылым мәселесін Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі арнайы Жолдауында, Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөз етіп, пайдаланылмай жатқан жайылымдарды мемлекет меншігіне қайтаруды тапсырған. Ел пайдаланып жатқан жайылымды «Кәсіпкермін, кәсіпкерлікке ешкім тиісе алмайды деген кеудемсоқтықпен тартып ал» деген жоқ.
Ағайынды Бекетовтердің көз тігіп отырған жері – Қоссейіт ауылының тұрғындарына аудан әкімінің 01.04.2021 жылғы №125 Қаулысымен «ауыл халқы үшін ортақ жайылымға» деп қол қойып бекітілген жер. Ол аз десеңіз, сөзімізге аудан әкімінің 07.02.2022 жылы шыққан №42 Қаулысы да толық негіз болады.
Аудандық жер комиссиясы 25.01.2022 жылы «Шардара-құм» ЖШС-нің директоры Б.Бекетовтің өтінішін қарап, лицензияда көрсетілген 24,2 га жер учаскесіне құқықты табыстаудан бас тарту туралы шешім қабылдаған. Соған сәйкес 07.02.2022 жылы аудан әкімдігінің №47 Қаулысы шыққан. Ал аталған шешімді қабылдауға аудан әкімдігінің 01.04.2021 жылғы №125 Қаулысымен тұрғындардың мал жаюы мен шөп шабуы үшін ортақ пайдалануға қалдырғаны негіз болған. Осы шешімде «Ортақ жайылым 20 жылға резервке қалдырылған» деген жолдар да тайға таңба басқандай жазылып тұр.
Билік басында отырған азамат қай уақытта да мемлекеттік заң аясында жұмыс істеуге міндетті. Бұл орайда аудан әкімі «Шардара-құм» ЖШС-не жер учаскесіне құқықты табыстаудан бас тартқанда ҚР Жер Кодексінің (13-бабы, 2-тармағы, бірінші бөлігінің 7-2) тармақщасында көрсетілген «Жайылым алқаптары жекеменшікке берілмейді және жеке ауладағы ауыл шаруашылығы жануарларын жаю үшін халық мұқтажына пайдаланылады» деген заңдылығын негізге алған.
Бұл тірлік осыдан кейін тоқтауы тиіс еді. Өйткені барлығы тайға таңба басқандай нақты жазылған, анық көрініп тұр. Бірақ, жоғарыдағы кәсіпкерлердің Президентіміз Қ.Тоқаевтың пәрменіне пысқырып та қарамай, әлдекімдерді, бәлкім лауазымды тұлғаларды іске араластыра отырып, заңды белшесінен басып, 5000 халық малын жайып отырған жерді аламын деуі – нағыз бассыздық, нағыз ақымақтық!
Аудан әкімі мемлекет Президентінің аудандағы бірден-бір өкілі. Бұл жерде Президенттің пәрменіне, ҚР Үкіметі қабылдаған заңдарға сүйенген аудан әкімінің шешімі ешқандай талқыланбауы тиіс еді. Ал ауыл тұрғындары да, карьер ашамын деп шапқылап жүрген кәсіпкер де Қазақстан Республикасының азаматтары. Олар да заңды құрметтеуі тиіс, заңға бағынуы керек. Анық-қанық жазылған заңды айналып өту, жымысқы әрекет жасау деген болмауы қажет. Олай болса, аудан әкімінің Заң аясында қабылдаған шешімі неге бұзылуға тиіс?!
Неге?
Өйткені бұл жерде аудандық сот Қазақстан Республикасының «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі» туралы Заңын негізге алған. Ол Заңда әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердiң санаттары мен елдi мекендердiң санаттары көрсетілгенімен, бірақ, елді мекендердің шекаралары айқындалмаған.
Аудандық сот бұл мәселені Қазақстан Республикасының Жер Кодексі туралы Заңы бойынша қарауы тиіс еді. Міне, осы Заңда елді мекендердің шекаралары қалай анықталатыны айқын да анық көрсетілген. Осы Заңмен алып қарағанда әлгі жайылым жердің Қоссейіт ауылдық округіне қарасты екендігіне (бұрыннан да солай болып келе жатқандығына қарамастан) тағы да көзіңіз жетеді. Қоссейіт ауылдық округінің шекарасы оңтүстік жақтағы Қ.Тұрысбеков ауылдық округімен шекарадағы каналдан басталып, солтүстігіндегі Көксу ауылдық округімен шектесетін қашыртқыға (зброс) дейін созылатынын жеті жасар бала да біледі. Алайда, бізге белгісіз себептермен бұл заңның талаптары қаперге де алынбаған.
Міне, осы жерден дау дауға ұласып бара жатыр!
Айтқандай, «Шардара-құм» ЖШС-нің лицензиясында да күмән келтіретін тұстар бар. Қоғамдық тыңдау, жария тыңдау өткізбестен, немесе өткізген жағдайда халықтың қарсылығына тап болған кәсіпкерге аталған лицензия қалай берілді? Құзырлы орындар «біз оларға лицензияны ескі тәртіппен бергенбіз» дейді. Жаңа ереже шыққан соң олар қалайша ескі ережені пайдаланады? Ескі ереженің күші автоматты түрде жойылады ғой.
Ағайынды Бекетовтер ауылға келіп, «осындай да, осындай құмды аламыз» дегенде осындағы тұрғындар жаппай қарсылық танытқан. Халықтың қарсылығына қарамастан оған лицензия бергендер де, қарсылыққа қарамастан құм қазу жұмыстарын одан әрі жалғастырып жатқан кәсіпкер де біздің құқымызды, Конституциялық құқымызды аяқ асты еткісі келетіндей. Бірақ, біз бұған көне қоймаспыз.
Таразының бір басында – «шықпа, жаным, шықпа» деп қос бүйірден қымбатшылық қысқан заманда әзер күн көріп отырған бір қауым ел тұр, екінші басында – аудан әкімінің шешіміне пысқырып та қарамайтын, «өзім бимін, өзім қожамын» дейтін жеке кәсіпкер тұр. Ортада – тырбиған қоянсүйегі мен жүзгені, жаңбыр көбірек жауса жайқалып шығар жауқазыны, таралып өсер тарақбозы мен тасбақагүлі, қылқиып қараятын қырықбуыны мен текесақалы, азын-аулақ ноқетегі мен боз жусаны бар жапырайған төбе жатыр. Адамзат баласының ашкөздігінен қай күні құрбан болып кетер екенмін деп жетім баладай жәутеңдеп тұр.
Осындай озбырлардың ашкөздігінен Табиғат-Ананың тепе-теңдігі, жыл мезгілдерінің бірқалыптылығы, тұтастай алғанда экологиялық жүйе де быт-шыт болады.
Біздің бойымызда бір оңбаған, жаман қасиет бар. Ол – нәпсіні тия алмау!
Нәпсіні тия алмасақ, оның ақыр аяғы ашкөздікке апарады. «Ашыққаннан құныққан жаман» дейді халқымыз. Ашыққан адам тойынса қанағат етеді, ал құныққан пенденің көзіне дүние, байлықтан басқа ешнәрсе көрінбейді. Ол адамға ел, жер, су, табиғат, туған жердің болашағы, кейінгі ұрпақтың өмірі деген әңгімелердің құны – көк тиын. Мынау аталған дүниелер адамзат баласымен ықылым заманнан бірге келе жатыр. Туып-өскен жеріне деген мысқалдай құрметі бар пенде осы дүниелерден өзіне рухани қажеттілігін алады. Ал әлгі біз айтып отырған кәсіпкерлерге тек қана материалдық байлық керек болып тұр.
Ия, оларға тек тиын керек, теңге керек. «Құм сатпасам, өлемін» десе, арғы жағында Сырдарияның бойы жатыр құмға толып... Өзеннің етегінен құм алса, дарияның көзі ашылып қалар еді. Біз де оған «бәрекелді!» дер едік. Мына жағында Қызылқұмның етегі жатыр құмға толып... Қызылқұмның бір төбесі сенің өмір бойы құм сатуыңа жетеді, айналайын. Қолындағы 5-6 малмен күнін әзер көріп отырған жұрттың жайылымында нең бар?
Біреуі сол малдан алған сүтін сатып, одан артылғанын айран қылып сатып, одан да артылғанын май қылып сатып күн көріп отыр ғой. Малы төлдесе төлін сатып біреу баласын оқытып отыр, біреу бала-шағасын киіндіріп отыр, тағысын-тағы...
Ауыл халқы аңғал болса, аңғал шығар, бірақ, ақымақ емес. Ауыл халқы кейбір істерге қауқарсыз болса, қауқарсыз шығар, бірақ, сауатсыз емес. Елдің сөзін сөйлейтін небір сауатты жандар бар. Қаңтар оқиғасы орын алғанда «шетелге қашыңыз» деген опасыздарға Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай: «Қасық қаным қалғанша халықпен біргемін» дейтін қайсар ұлдарымыз бар.
Мәселе таяу арада, дәл осы ауданда шешілмесе алдағы үлкен саяси науқан – Президент сайлауы қарсаңында халықтың жан-айқайын Мемлекет басшысына баяндайтын боламыз! «Қашанда халықпен біргемін» деп сөз берген Президентімізге сенеміз!!!
Біз бұл мәселені бұлайша жылы жауып қалдыра алмаймыз. «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген халықтың ұрпағымыз. Көрші ауылдың кәсіпкеріне арымыз былай тұрсын, малымызды таптатпаймыз. Ендігі жерде жоғарыда айтылған жайылымымызға кәсіпкердің техникасы кірер болса, біздің денемізді басып қана кіреді. Одан беріде біз басқасына көнбейміз де, төзбейміз де!
Қорыта айтарымыз – біздің Қоссейіт елді мекені тұрғындарының мал жайылымына деп аудан әкімінің шешімімен берілген аймақтың өзге бір кәсіпкердің қанжығасында кетпеуін талап етеміз.
Т.ЖАНЫҚҰЛОВ, Түркістан облысы Шардара ауданы Қоссейіт ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы
И.ЖҮСІПҰЛЫ, Түркістан облысы Шардара ауданы Қоссейіт ауылдық қоғамдық кеңестің төрағасы
Қ.ЖҰМАБЕК, Түркістан облысы Шардара аудандық мәслихаттың депутаты