АЛТЫННАН ҚЫМБАТ АСЫЛ СӨЗ
2022 ж. 20 қыркүйек
1699
1
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдауын оқығанда туған ой
Кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарап кісіні ал
Абай
Жарық дүние дейтін жалғандағы жалғыз мәңгілік нәрсе – Сөз! Лев Гумилев тап басып тамаша айтқандай: «Сөз қалаларды да қиратады, сөз күнді де тоқтатады». Мұхаммед пайғамбарға жүгінсек: «Шын сөз – құдіретті сөз» Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа жолдауын оқығанда құдіретті сөз – шын сөзге тәнті болдық. Сол сәт менің ойыма көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған Нельсон Мандела оралды. Бұл тегін емес, оның терең сыры мынада: «Заң алдында бәрі тең. Әлеуметтік жағдайды жақсарту, жұмыспен қамту – басты бағыт. Білімге, мәдениетке жол елдің бәріне ашық. Адамдарды тұрмысқа жайлы тұрғын үймен қамту. Елде бейбітшілік пен достық үстемдік құру» дейтін қасиетті қағиданы қағба етті Мендаль. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың барлық сөздері мен жолдаулары, бүкіл қызметінің алтын арқауы, асыл арманы осы!
«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деген Шәкәрім сөзімен айтсақ, биылғы жолдаудың жөні бөлек, жолы басқа! Нақты жоспармен келелі істерге негізделген құжаттың әр тарау, әр сөйлем, әр абзацы тұнып тұрған тұп-тұнық ой! Маған әсіресе, қатты әсер еткен: «Халқымыз татулық пен тұрақтылыққа ерекше мән берген. Оны бәрінен биік қойған. Біз дәл осы кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білуіміз керек» - деген сөздері көптің көкесінен шықты.
Мемлекет – алып бәйтерек деп бейнелесек, ауыл оның нәр алатын алтын тамыры. Тамыр суалса бәйтерек құрайды, құлайды. Осыны терең түсінген президент ауыл шаруашылығын дамыту жайлы былай депті: «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс.
Бюджет қаражатының қайтарымы болуы керек. Мемлекет қаржыны оңды-солды шашып, ысырап етуге жол бермейді.
Субсидия бөлуге және оның жұмсалуына жүргізілетін бақылауды күшейту керек.
Шаруалардың өзара ұжымдасуы ауыл шаруашылығын дамытуға жол ашып отыр. Біз осындай пилоттық жобаны жүзеге асырдық. Оған қатысқан ауыл шаруашылығы кооперативтерінің егіні екі есе артық өнім берген. Ал, мал басы шамамен 25 пайызға көбейген. Әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, оң тәжірибені бүкіл елге біртіндеп тарату қажет. Бұл салада озық технологиялар тапшы.
Қазір ауыл шаруашылығына арналған жер туралы толыққанды ақпарат жоқ. Жердің құнары, су ресурсы мен суару жүйесі және оның жолдары жайлы мәліметтер жан-жақта шашырап жатыр. Цифрлық платформа осының бәрін бір жерге жинақтайды.
Тұтастай алғанда, еліміздің агроөнеркәсіп кешені келесі жылдан бастап жаңа әрі тұрақты ереже бойынша жұмыс істеуі қажет».
Қорғасын құйылған алшы, түсер асықтай көкейге қона кетті бұл сөз!
Өзекті мәселе – автожол құрылысы «Автожол құрылысына, соның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беру керек. Бюджеттен қыруар қаржы бөлінсе де, бұл мәселе әлі шешімін таппай отыр.
Мен 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бердім. Үкімет бұл мәселені тікелей бақылауға алсын. Жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтау қажет. Бұл жұмыстан нақты нәтиже шығару керек» - дегені көптің көкейінен шыққан сөз.
Осы тұста Шарль де Голльдің: «Барлық кезде ең қиын жолды таңда. Онда бәсекелесті кездестірмейсің» деген сөзі қалам ұшына оралып тұр. Қиыннан қиялап жол табатын кемел ойлы кемеңгер саясаткер Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев саяси жаңғыру жайлы былай депті: «Биыл біз жаңа кезеңге қадам бастық. Халқымыз жалпыұлттық референдумда саяси жаңғыру бағдарын қолдады. Конституциялық реформа Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы аса маңызды қадам болды. Еліміздегі саяси жаңғыру енді экономикалық өзгерістерге ұласуға тиіс». Қасым-Жомарт Кемелұлы жолдаудағы жақсы бастап, жарасымды жалғасқан сөзін жақсы түйіндеді. Көкке жақын, көпке жаққан салиқалы сол сөз мынау: «Сонымен, биыл Президент сайлауы, келесі жылы Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді. Содан кейін Үкімет құрамы жасақталады. Соның нәтижесінде 2023 жылдың ортасында Президент, Парламент, Үкімет сияқты негізгі саяси институттардың бәрі қайта жаңғырып, жаңарады.
Біз ашық бәсекелестік орныққан және бәріне тең мүмкіндік берілетін Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Ауқымды саяси өзгерістерді ашықтық, әділдік және өзара сенім арқылы жүзеге асыру аса маңызды. Жаңа сайлау науқанының мерзімдерін және оның ретін елге ашық жариялау шешім қабылдау кезіндегі ашықтық қағидатына сай келеді. Осы қадамның бәрі біздің «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» атты басты формуламызды біртіндеп нақты мән-мазмұнмен байыта түседі.
Біздің бүгінгі бастамаларымыз Қазақстанның болашағын айқындайды. Біз күн сайын ескі мен жаңаның, тоқырау мен дамудың арасынан таңдау жасаймыз. Баршаңызды ұлт мүддесі үшін ұйысуға шақырамын. Бәріміз бірлігімізді бекемдей білсек, ешқашан әділдіктен аттамасақ, берекелі ел боламыз.
Әділетті Қазақстанды құру ісі енді ғана басталды. Алдағы жолдың қиындығы көп. Бұл бағдарымыз ешқашан өзгермейді, ішкі және сыртқы ахуал қандай болса да жалғаса береді. Қол қусырып отыратындар мен қасақана кедергі жасайтындарға орын жоқ.
Біз таңдаған жолымыздан айнымаймыз!
Ендеше, Әділетті Қазақстанды бірге құрайық!
Қасиетті Отанымызды бірге өркендетейік, ағайын!».
«Шын сөз – құдіретті сөз депті Мұхаммед пайғамбар «кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарап кісіні ал» дейді дана Абай. Ұлт бағына туған ұлы тұлға Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сөзі – жүректен шығып, жүректерге жеткен шын сөз – құдіретті сөз! Бұл алтыннан да қымбат азбайтын, тозбайтын асыл сөз!
Сәбит Досанов
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Алматы