ЖАҢА АУДАННЫҢ СЕГІЗ ЖЫЛДЫҚ БЕЛЕСІ
2022 ж. 31 тамыз
884
0
Алматы жыл сайын кең қанат жайып келе жатқан еліміздегі ең алып шаһар. Қаланы әлеуметтік-экономикалық дамыту бағытында басқаруға оңтайлы болу үшін сегіз ауданға бөлінген. Сол сегіз ауданның соңғы шаңырақ көтергені – Наурызбай ауданы. Бұл әкімшілік бірлік «Наурызбай ауданын құру және Алматы қаласы аудандарының шекараларын белгілеу туралы» бірлескен Алматы қаласы әкімдігінің 2014 жылғы 2 шілдедегі N 3/522 қаулысы және V сайланған Алматы қаласы мәслихатының кезектен тыс ХХІX сессиясының 2014 жылғы 2 шілдедегі № 240 шешіміне сәйкес құрылған болатын. Наурызбай батыр ауданына Әуезов, Бостандық аудандарының бір бөлігі және Алматы облысына қарасты Қарасай ауданының Қарағайлы, Құрамыс, Рахат, Қарғалы, Таусамалы, Ақжар, Тастыбұлақ, Таужолы, Шұғыла, Алты Алаш елді мекендері енді.
Жаңадан ашылған аудан алдында атқаратын жұмыстар өте көп болатын. Әсіресе облыс аумағынан қосылған елді мекендерде инфроқұрылымдар қалаға қарағанда әлдеқайда нашар дамығаны белгілі. Осы елді мекендерді алдымен қала деңгейіне жеткізу жұмыстары бірінші кезектегі міндет етіліп қойылды. Ауданды толықтай электр қуатымен, сапалы жолдармен, таза ауызсумен қамту жұмыстары бірінші күннен бастап қолға алынды. 2018 жылдан бастап 2020 жылға дейін Наурызбай ауданын сумен қамтамасыз ету үшін инженерлік желілер мен екі су станциясының құрылысын салу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілді. 2020 жылдың екінші жартысында Ақжар, Шұғыла, Таужолы, Тастыбұлақ, Қарғалы, Жайлау, Құрамыс шағынаудандарында жалпы ұзындығы 115,9 шақырым су құбыры және 65,4 шақырым кәріз желілерінің инженерлік құрылысы бойынша жұмыстар басталды. Таужолы, Тастыбұлақ, Қарғалы, Жайлау, Құрамыс шағынаудандарында жұмыстар 2021 жылдың III тоқсанында аяқталды. Ал Ақжар және Шұғыла шағын аудандарында құрылыс монтаждау жұмыстары бүгінгі күнге дейін жүргізілуде. Құрылысты аяқтау ағымдағы жылдың соңына жоспарланған. Сондай-ақ, 2020 жылдың басынан бастап, 40 мың адам тұратын Қарағайлы, Қарғалы, Құрамыс, Таусамалы шағынаудандарын қамтитын "Қарғалы" су сүзгілеу станциясының құрылысы басталды. 2021 жылы "Алматы су" МКК тапсырысы бойынша "Ақмешіт Мелиоратор" ЖШС мердігер ұйымымен Таусамалы шағынауданында 33,6 шақырым су құбыры және 9,6 шақырым кәріз желілерінің құрылысы бойынша жұмыстар басталды, аяқталу мерзімі - 2022 жылдың соңы. Биылғы жылы Таужолы, Ақжар, Тастыбұлақ, Шұғыла шағынаудандарын қамтитын "Ақсай" сүзгі станциясының құрылысының жобасы мемлекеттік сараптамадан өтті. Бұл да алдағы уақытта іске асырылатын күрделі жұмыс. Оған қоса аудан тұрғындарына мектеп, балабақша, емдеу мекемелері жетіспей, көптеген қиындықтар тудырды. Бұл мәселе де өз кезегімен шешілуде, алдағы жоспарда бірнеше мектеп, балабақша, емхана салу көзделген. Ауданның құрылғанына небары сегіз жыл уақыт өтті. Қазір Наурызбай ауданы қаладағы бұрыннан келе жатқан аудандармен иық тірестірді деуге болады.
Қаланың дамуына алдымен экономикалық жағдай тікелей әсер етеді. Ауданда мемлекет белгілеген бағдарламалар бойынша кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті, оның ішінде шағын және орта бизнесті дамытуға баса назар аударылып келеді. Оның нәтижесі де жаман емес. Айталық 2022 жылғы 4 айдың қорытындысы бойынша аудандағы салық түсімдерінің сомасы 9,75 млрд. теңгені құрады, жоспардың орындалуы 117%. Оның ішінде республикалық бюждетке 3,9 млрд. теңге, жергілікті бюджетке 5,7 млрд. теңге қаржы құйылды. Бұл өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Үстіміздегі жылдың қаңтар-сәуір айларында өндіріс көлемі 3,6 млрд. теңге көлемінде болды. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 48 млрд. теңгеден асты. Бөлшек және көтерме сауда көлемі де артты. Қазіргі кезде аудандағы шағын және орта кәсіпорындарының саны – 3 194, оның ішінде 2 533-і⠀ тұрақты жұмыс істейді.⠀ Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны басшылыққа ала отырып тұрғындарды жұмыспен қамтудың да маңызы зор. Өткен жылы 83 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастырса, биылғы меже 110 адам деп белгіленді. Былтырғы жылы қоғамдық жұмыс орындарына 95 адам, жастар практикасы бойынша 724 адам жұмысқа орналастырылды. Еңбек жобасы бойынша бірінші жұмыс орнымен 153, ал тұрақты жұмыспен 116 адам қамтылды. Сонымен қатар 200 айлық есеп көрсеткіші деңгейінде 2185 гранттар берілді.
Бұрындар тұрғындар қоғамдық көлік жағынан қиындық көріп келсе, қазір бұл мәселе де шешімін тапты. Бүгінгі күні аудан аумағында 21 бағытта қоғамдық көлік қызмет көрсетеді, автобустар саны 25 - ден асты.
Аудандағы жалпы 124 аялдама бекеттерінің, 109-ы тек қана 2016-2020 жж. арасында жаңадан орнатылды. Өткен жылы «Бюджетке қатысу» жобасы аясында тағы да қосымша 7 аялдама салынды. Қалада көлік көп болғандықтан кептелістер орын алатыны белгілі. Оны реттеу үшін жол белгілері мен таңбалары аса қажет. Соңғы айларда 45 жол белгісі орнатылып, 48-і қайта қалпына келтірілді. Бұл жұмыстар көлік саны мен жол қатынастарының өзгеруіне байланысты жыл сайын тұрақты жүргізіліп тұрады.
Әкімдік қызметінде халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдай басты көрсеткіш болып есептеледі. Санжар Әділұлы Тоғай жетекшілік ететін әкімдік аудан тұрғындарының тұрмыстық жағдайын үнемі бақылауда ұстайды. Қазіргі кезде Наурызбай ауданында 164 мыңнан астам адам тұрады. Бұл кейбір облыстың халық санымен бірдей деген сөз. Соның қатарында 2895 көпбалалы отбасылар, 9269 зейнеткерлер, 831 студенттер, 2598 мүгедектер бар. Әрине олардың бәріне әлеуметтік қолдау керек, қомақты қаржы қажет. Мысалы, атаулы әлеуметтік көмек сұрағандардан жылдың бес айында 638 арыз түскен екен. Осы кезеңде 63 мүмкіндігі шектеулі балалар оқытылып, 142 адамға тұрғын үй көмегі көрсетілген. Жеті айлық есептік көрсеткіш шамасында 658, біржолғы әлеуметтік көмек (20АЕК) 795 адамға берілді. 277 мүгедектер қосалқы құралдармен қамтамасыз етіліп, 200 адамға протездік-ортопедиялық көмек көрсетілді. Санаторлық-курорттық емделуге 480 мүгедектер мен 289 зейнеткерлер жіберілді. Мүгедектерге 51 арба сатып әперіліп, осы санаттағы 280 адамға жеке көмекшілердің қызметі көрсетілуде. Бұдан да басқа әлеуметтік жобалар жұмыс істейді. Наурызбай ауданының көп балалы және аз қамтылған отбасыларына арналған "Бақытты Отбасы"әлеуметтік орталығы, аға буын үшін белсенді ұзақ өмір сүру орталығы қызмет көрсетеді. Бұл орталықтарда түрлі кәсіпке үйретіп, алған мамандық бойынша жұмысқа орналастыруға көмектеседі. Сол сияқты уақыттарын тиімді, көңілді өткізу үшін әртүрлі үйірмелер ұйымдастырылған.
Аудан аумағының санитарлық жағдайын қамтамасыз ету мақсатында мердігерлік ұйымдар басшыларының қатысуымен комиссиялық аралау жұмыстары жүргізіліп, анықталған бұзушылықтар мерзімінде жойылады. Алматы қаласының санитарлық тазалау және абаттандыру жөніндегі қалалық штабының хаттамалары негізінде күн сайын Алматы қаласының Тұрғын үй саясаты басқармасы ұсынған аудан аумағын санитарлық тазалау және абаттандыру бойынша тапсырмалар мен ескертулер пысықталып, іске асырылады. «Алматы Тазалық» МКК, «Стамп сервис» ЖШС және «BSB Construction» ЖШС мердігерлік ұйымдары 2022 жылға арналған шарттар негізінде қалалық, аудандық және жергілікті маңызы бар көшелерді күн сайын тазалау жұмыстарын жүргізеді. Оған қоса жыл басынан бері аудан аумағында аудан тұрғындары мен мердігер ұйымдардың қатысуымен 25 жергілікті сенбілік өткізіліп, 3500 м3 қоқыс, өзен арналарын тазалау және тереңдету жұмыстарын жүргізу кезінде 1500 м3 қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылды.
Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін «Алматықалажарық» МКК-ның көмегімен сыртқы жарықтандырудың ақаулы желілері мен шамдары жойылып, жаңасына ауыстырылды. Ауданның қызмет көрсететін ұйымдарымен жер үсті және жер асты өткелдерінде қоқыс жәшіктерін, орындықтар және аялдама кешендерін сырлау жұмыстары жүргізілді. Алматы қаласының Жасыл экономика басқармасымен бірлесіп, жалпы ауданы 7194 м2 гүлді-декоративті безендіру жұмыстары атқарылды. Биылғы көктемде аудан аумағында 1400-ге жуық көшет отырғызылды. Тазалық денсаулыққа пайдалы ғана емес, адамға көтеріңкі көңіл күй сыйлайды. Қаланы көріктендіру, тазалығын сақтау тұрғындардың мәдени деңгейін де аңғартады. Сондықтан бұл іске бүкіл қала адамдары ат салысқаны жөн.
Аудан әкімі аппараты құрамында он шақты бөлімдер өздеріне бекітілген салалар бойынша жұмыстар жүргізеді. Соның ішінде мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жұмысына қысқаша ғана тоқтала кеткеніміз жөн. Өйткені ішкі саяси, мәдени шаралардың дұрыс жүргізілуі тұрғындардың жан-жақты дамуына ықпал ететіні белгілі.
Жыл басындағы Алматы қаласында орын алған қаңтар оқиғасы бәріміздің есімізде сақталып қалды. Осы кезде аудандық әкімдік қызметкерлері қарап қалған жоқ, қоғам қайраткерлері арасында «Күшіміз бірлікте» тақырыбында әлеуметтік роликтер түсіріп, әлеуметтік желілерде жариялады. Елдегі төтенше жадай барысында қызмет етуші әскерилер мен полиция қзметкерлеріне аудан жастарымен ыстық тамақ таратты. Тұрғындарды кездейсоқ оқиғаға ұрынып қалмауын ескертіп, азқамтылған отбасыларға демеушілер және белсенді жастардың қолдауымен азық-түлік жинақтары жеткізілді.
Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі қызметкерлерінің бастамасымен ауданда түрлі мәдени, танымдық, спорттық шаралар жиі өткізіледі. 24 қаңтар күні Қаз дауысты Қазыбек бидің туғанына 355 жыл толуына орай Наурызбай ауданының білім мекемелерінің оқушылары арасында «Қазақтың үш биі және Қазақ хандығының заңдары» тақырыбында дебат турнир өтті. Сол сияқты 3 ақпанда Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай аудан мектептерінің 8 сынып оқушылары арасында қашықтықта «Kahoot» платформасында «Қырық мысал» интеллектуалдық сайысы өткізілді. 9 ақпан күні Наурызбай ауданы бойынша нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл штабының нәтижелі және тиімді жұмысын арттыру мақсатында «Забота» дағдарыс орталығымен кезекті семинар-тренинг, 17 ақпан – 28 ақпан аралығында барлық білім мекемелерінде ауған соғысы ардагерлерімен «Ерлік ізі өшпейді» тақырыбында кездесу кештері ұйымдастырылды. 3 наурызда аудан әкімінің төрағалығымен және Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Қ. Шалабаевтың қатысуымен Наурызбай аудандық «Қазақ тілі» қоғамы филиалын және бастауыш ұйымдарды құру туралы кеңес өтті. 29 сәуір күні Алматы қаласы жастары арасында өткен шағын футболдан жарыста Наурызбай ауданы жастар құрама командасы жүлделі 3 орынға ие болды. Бұл аудандық әкімдік ұйымдастырған іс-шаралардың бір парасы ғана.
Ауданның қол жеткен жетістігіне де, орын алған кемшілігіне де аудан әкімдігі бірінші кезекте жауапты. Сондықтан ауданның дамуы әкімдіктің жұмысты ұйымдастыра білуіне байланысты екені даусыз. Құрылғанына сегіз жыл ғана болған Алматы қаласындағы Наурызбай ауданы жоғарыда баяндағанымыздай осы уақытта көптеген істер атқарды. Сегіз жыл көп уақыт емес, сондықтан ауданның шығар биік белестері алда деп есептейміз.
Жеңіс ҚҰДАЙБЕРГЕН,
Алматы қаласы.
qazaquni.kz