ХАЛЫҚ ТАЛАБЫ ОРЫНДАЛМАЙ ЖЕР ДАУЫ ЕШҚАШАН БІТПЕЙДІ
2022 ж. 01 қыркүйек
996
2
ӨЛГЕНДЕ ҚАЗАҚҚА ЕКІ МЕТР ЖЕР ДЕ БҰЙРМАЙ ҚАЛУЫ МҮМКІН
Жақында Мәжіліс депутаты Зәкіржан Күзиев қарапайым халық тіршілігіне аса қажет жер теліміне қол жеткізе алмай жүргенін айтып, ондаған жылдар түйіні тарқатылмаған көкейкесті мәселені қайта қозғады. Қайта қозғады дейтініміз, жер мәселесі елімізде толықтай шешілмей, жылдан жылға кейін шегіндіріліп келе жатқаны белгілі. Депутат жер мәселесі Алматы және Жетісу облыстарының тұрғындарымен кездесулерде жиі көтерілгенін, мыңдаған гектар жер телімдерінің осы күнге дейін жекелеген латифундистердің қолында қалып отырғанына халықтың наразы екенін жеткізді.
«Шағын адамдар тобы шабындықтар мен орман алқаптарын толығымен иемденіп алып, қалағанын істеп жатқаны наразылық тудырады. Бұл туған жердің әр бөлігін қасиетті санайтын халықтың ашу-ызасын келтіреді. Кеген, Нарынқол аудандарында болдық. Егер Нарынқолды алатын болсақ, 415 мың гектар жер 20 адамға тиесілі. Кегенде 512 мың гектар 11 қожайынға тиесілі. Ұйғыр ауданында аңшылық жасайтын алқаптардың 97 пайызын алты адам жалға алған. Бұл – шамамен 415 мың шақырым жер. Тек Алматы облысының осы үш ауданында бүгінде бір жарым миллион гектар жер 30 адамның қолында» – деді депутат экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевке жолдаған сауалында.
З. Күзиев қазір осы аталған аймақтардағы ауыл тұрғындары санитарлық және ветеринарлық талаптарды амалсыздан бұзып, жаз ортасында малды қорада ұстауға мәжбүр болып отырғанын айтты. Оның мәлімдеуінше, соңғы 15-20 жылда әкелерінен мұраға алғандай «жердің қожайындары» аңшылық шаруашылығы аумағына мал жайылуға тиым салып, жергілікті тұрғындарға қысымшылық көрсетіп отыр. Ал тау бөктерлерін лауазымдылар мен кезінде қолында билігі болғандар бөліп алып, хан сарайындай коттедждер тұрғызып, қырағы күзетшілерін қойып тастаған, мал түгіл маңайына адам баласы аттап баса алмайды.
«Бұл адамдар бүкіл аумақты қоршап алған, жергілікті халық жазда мал баға алмай, ол жерден шөп те ала алмайды. Барлығы жауып тастаған, бұл жерлердің иелері Нұр-Сұлтанда, не Алматыда, не Талдықорғанда тұрады» – деді депутат ресми сауалында. Зәкіржан Күзиевтің айтуынша, мұның бәрі жергілікті халықтың орынды ашуын тудырып, қоғамда әлеуметтік теңсіздікке әкеледі. Депутат қазіргі қолданыстағы жер заңнамасына өзгерістер енгізіп, бұл жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, халық игілігіне беруді сұрады.
Бұл бір ғана Алматы облысында қалыптасқан жағдай емес, бүкіл еліміз бойынша жер мәселесі әлі де ушығып тұр. Депутаттың сауалы орынды, халықтың жылдар бойы билікке қойып келе жатқан талабы да осы. Ашығын айтсақ, осы жер дауын билік саналы түрде өз қолымен жасағаны жасырын емес. 2003 жылы қабылданған жерге жекеменшік және сатуға рұқсат еткен «Жер кодексі» осы күнге дейін бітпеген дауды заңдық тұрғыдан бекітіп берді. Заң жобасын ұсынған үкіметтің қысымына қарсы қимыл көрсете алмаған қуыршақ депутаттар да ата-бабамыздың көздің қарашығындай сақтаңдар деп аманат етіп кеткен қасиетті жерімізді саудаға салуға болмайтынын білдіріп, тым болмаса бір ауыз сөз айтуға жарамады. Одан кейін еліміздің бүкіл материалдық байлығын уыстап отырған жоғары лауазымдылар мен сәл де болса қолында билігі бар бастықсымақтар жер саудасына білегін сыбанып кірісіп кетті. Ең шұрайлы жерлерді жіліктеп бөліп алды десек те болады. Қарапайым халыққа тулақтай да жер бұйырмады. 2015 жылы 2 қарашада Қазақстанның Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, ондағы 24-бапқа сәйкес, бұдан былай ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетелдіктерге жалға беру мерзімі 10 жылдан 25 жылға дейін ұзартылды. Ал осы уақытқа дейін телімдерді 49 жылға дейін жалға алып, шаруасын дөңгелетіп отырған отандастарымыздың керісінше мұндай құқығы шектелді. Ауыл шаруашылығымен айнылысқысы келетін қазақстандықтар жаңа заңға сай жерді тек аукцион арқылы жекеменшікке сатып алуға міндеттелді. Ондай мүмкіндік қарапайым адамда қайдан болсын? Тиісті заң өз күшіне еніп, 2016 жылғы 30 наурызда сол кездегі Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев 1 шілдеден бастап ауыл шаруашылығы мақсатындағы 1,7 млн. гектар жер аукцион арқылы сатылымға шығатынын мәлімдеді. Бұл мәлімдеме халық наразылығын туғызып, бірнеше қалада жаппай қарсылық шаралары өтті.
Ол аздай бұқараны басынған билік «Жер кодексіне» жерімізді шетелдіктерге жалға беруге байланысты өзгертулер енгізуге ұсынып, халықтың ашу-ызасын одан әрмен өршітті. Оған қарсы шыққан халықтың наразылығынан қаймыққан билік бұл сұрақтың шешімін кейінге ысырып, бес жылдық мораторий жариялады. Қасиетті жері үшін қазақ ұлтының алаңға шығып ереуілдетіп, алабөтен алаңдауы орынды. Жерін жоғалтқан ел жетім, мемлекеттігінен де айырылатыны анық.
Қазақты алдауратып уақыт оздырған осы алғашқы мораторийдің аяқталу уақыты таянған сайын бірқатар аймақтарда халық арасында қобалжу көбейіп, қоғам тарапынан жерге қатысты талаптар тағы да толассыз қойыла бастады. Бұған қоғамдық ұйымдар мен партиялар да назар аударды. «Ақ жол» партиясы депутаттары үкімет басшысына сауал жолдап, халық үшін аса маңызды мәселені шұғыл шешу керектігін талап етті. Сонда ғана түпкі ойын бүгіп, бес жыл бойы үнсіз жатқан үкімет ақыры жер реформасына байланысты арнайы комиссия құруға мәжбүр болды. Өйткені жер мәселесін халық талабына сай шешетін шынайы ниет оларда болған емес. Әйтпесе бес жылда осы жерге қатысты бір емес, жүз заң қабылдауға болушы еді.
ҚР Премьер-министрі орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған, басым бөлігі облыс, қала әкімдерінің орынбасарлары, Парламент депутаттары мен өзге де лауазымдардан жасақталған комиссия бұқара сенімін ақтамады. Бес жыл бұрын жерді шетелдіктерге жалға беру жөніндегі заң жобасын жанын сала қорғаған биліктегілер онсыз да халық сенімін әбден жоғалтып болған-ды. Енді тағы да комиссия мүшелерінің түгелге жуығы сол билік басындағылар мен соның айналасындағылардан құралғаны бірден күдік келтірді. Әсіресе, кезінде қолында билігі болған, жерді керегінше қамтып қалған латифундистердің комиссия құрамына кіріп кетуі көпшіліктің наразылығын тудырды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселеге қатысты жер шетелдіктерге сатылмайды, жалға да берілмейді деп кесіп айтқанмен, халық комиссия құрамына алғашқы күннен-ақ сенімсіздік білдірді. Расында, комиссияда отырған мыңдаған гектар жері бар латифундистер осындай қазақ үшін шешуші сәтте қандай заңды қолдамақ? Әрине, жерді сату, сол арқылы тойымсыз құлқындарын бітеп, пайда табуды ғана қолдайды. Олар ата-бабамыздан ұрпақтарына мұраға қалған қасиетті жер мен қарапайым халықтың қамын ойламайтыны түсінікті болатын. Көпшілік сол кезде ел мен жердің нақты жанашырлары, қоғам белсенділері комиссия құрамына кірмей қалғанын айтып, таратуды талап еткенмен оны ешкім ескермеді.
Комиссияның алғашқы отырысында сол кездегі ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың айтуынша, 2016-2020 жылдар аралығында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде пайдаланылмай жатқан 15 миллионнан астам гектар ауыл шаруашылығы жерлері анықталған. Оның 11 миллион гектары ауыл шаруашылығы айналымына және мемлекет меншігіне алынған. Қалғаны сот органдары арқылы қайтарылып жатқаны айтылды. Бұл да халықты жұбату үшін айтылған дерекке ұқсайды.
Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов жер иелігіне қатысты нормаларға жыл соңына дейін белгіленген мораторий мерзімін тағы да 5 жылға ұзартуды ұсынып, комиссия мүшелерінің басым бөлігі оны қолдап дауыс берді. «Қазақстандағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер жекеменшікте емес, тек мемлекеттің құзырында болуы керек. Ең алдымен бұл біздің геосаяси жағдаймызға байланысты. Ауыл шаруашылығы жерлерінің көлемі бойынша біз әлемде 6-орында тұрмыз. Ал егістік алқаптары бойынша жан басына шаққанда Австралиядан кейін екінші орындамыз. Яғни, бір адамға шамамен 1,3 гектар егістік жер келеді. Басқаша айтқанда, бізде халық тығыздығы өте төмен. Сондықтан, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жер ресурстарымыздың жекеменшікте емес тек қана мемлекеттік меншікте болғаны маңызды. Жер тек жалға берілуі тиіс», – деді бұрын ауыл шаруашылығы саласын басқарған, бүгінгі сенатор Ақылбек Күрішбаев. Бірақ сенатордың да сөзін елеген ешкім болмады. Бір сөзбен айтқанда комиссия уақытша шешіммен құтылды. Сексен адамнан тұратын ауқымды комиссияның бір айдан аса уақытта бітірген нақты жұмысы – жерді шетелдіктерге сатуға, жалға беруге болмайтын шешім ғана болды. Ал, мораторий да мәңгілік емес, ол жер тағдырын түпкілікті шешпейтіні белгілі. Оны біз күнделікті көріп жүрміз. Үкімет мақсатты пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтарып жатырмыз дегенмен қазір бір жыл өтпей сол жұмыс мүлдем бәсеңсіп қалған. Есесіне Мәжіліс депутаты З. Күзеев айтқандай аймақтарда жерге қатысты мәселе тұрақты түрде көтеріліп келеді. Қарапайым халық қолдағы санаулы малын, бұрынғы президентіміз айтқандай екі сиырын бағатын жайылым таба алмай тарығып қалды. Пайдакүнем пысықайлар мыңдаған гектар жерді бөксесіне басып отыр. Үкімет басындағылардың бұл мәселені халық талабына орай шешкісі келмейді. Халықпен кеңеспей қабылданған солақай заңның зардабы осындай болады.
Депутат З. Күзеев тек қана Алматы мен Жетісу облысындағы өзі көрген жағдайды ғана айтып отыр. Рас, табиғаты тамылжыған, шаруаға жайлы бұл аталған аймақтарда жер мәселесі өткір тұр. Осыған орай өз тарапымыздан да бір мысал келтіре кетейік. Алматы облысы Талғар ауданына қарасты «Қызыл ту» ауылында жергілікті тұрғындар қайтыс болған адамды жерлейтін жерге зар болып, жылдар бойы түрлі деңгейдегі мекемелердің табалдырығын тоздырды. Бұрынғы ауыл зиратының түбіне дейінгі жерлерді біреулер кезінде жекешелендіріп алғанын тұрғындар кейін біліп, жоғары жаққа шағымданумен бес жылын сарп етті. Одан бері бірнеше аудан әкімі ауысып, сол кездегі облыс әкімдері алдына дейін барған. Тіпті ҚР Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұловқа да жүгініп, көмек сұраған кездері болды. Бірақ жердің иесі мықты болды ма, жоғарыда аталған лауазымдылардың бірде біреуі халық тілегін орындай алмады. Сөйтсе, жекешелендірген жердің иесі ҚР туризм және спорт экс-министрі, Астананың экс-әкімі, Қазақстан Республикасы Президентiнің Iс басқарушысы және өзге де жоғары жауапты лауазымды қызметтерді атқарған Темірхан Досмұхамбетов болып шықты. Т. Досмұхамбетовтың өзі қайтыс болғанмен 1200 гектар жер иелігі оның ұрпақтарына қалған. Олар да адамдарды жерлейтін орын таппаған тұрғындар талабына түсіністікпен қарай қоймаған. Сөйтіп бес жылдан аса уақыт өтіп, аймақ екі облысқа бөлініп, Алматы облысының әкімі болып Марат Сұлтанғазиев келген соң ғана ескі зиратқа қосымша 1,5 гектар жер бөлу мәселесі шешімін тапқандай болды. Тұрғындардың айтуынша қазіргі кезде жер құжаттарын рәсімдеу басталғалы жатыр. Осы жағдайға қарасақ, ертеңгі күн өлген адамды жерлейтін екі метр жер таппай қалуымыз әбде мүкмкін. Қазір адам жерлеу үшін тек қана бір орын 100 мың теңге деңгейінде. Оны ақылы етуге кім жол берді? Ешқандай қосымша қызмет көрсетілмейді. Зираттарды қурай мен қоқыс басып жатыр. Сонда ақшаны не үшін алады? Әлде қазақты крематорийге күйдіргілері келе ме?
Бұл нені көрсетеді? Депутат айтқандай, біздегі жерлер әлі де латифундистердің қолында және жер иелері бұрынғы және қазіргі лауазымдылар. Олардың арасындағы өзге ұлт өкілдерінің біразы жекешелендірген жерлерін қазақтың өзіне сатып қалталарын қампайтып шетелге кетіп қалды. Өзге ұлтты былай қойғанда, өз қазағымыз өз жерін сатуға пейілді болып отырған соң не деуге болады? Әйтпесе жерге жекеменшікті жойып, сатуға мүлдем тиым салатын заң қабылдауға болар еді ғой.
Бұдан қандай қорытынды шығаруға болады? Жерді өз ұлтымыздың, қазақ мемлекеттінің меншігіне айналдыруға қарсы болып отырған биліктің не көздегені бар? Сол баяғы жемқорлықтың, тойымсыздықтың тікелей көрінісі бұл. Жердің басқа байлығы аздай енді ата-бабамыздың тері мен қаны сіңген қасиетті жеріміздің өзін саудаға салу – сатқындық, мемлекет тұтастығына жасалған қастандық. Ата-баба аруағын сыйламағандар, келер ұрпақ қамын да ойламайды. Мораторийдың екінші кезеңі де бітетін уақыт келер. Халық талабы орындалмай жер дауы ешқашан бітпейтінін биліктегілер қашан түсінеді екен?..
Зейнолла АБАЖАН