ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ БІРГЕ ЖЕҢЕЙІК!
2022 ж. 31 тамыз
895
0
Бұдан бір айдай бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында жол салу саласында сыбайлас жемқорлық көрсеткішінің жоғары екенін айтып, бертінгі он жыл арасында елдегі жол салу ісінде жіберілген келеңсіздіктерді мұқият тексеруді қатаң тапсырған еді. «Еліміздің жолдары нашар екені және жол құрылысы саласын жемқорлық жайлағаны ешкімге жасырын емес. Жалпы, бұл салада қордаланған мәселе көп... Жолдың нашар сапасына қатысы бар барлық кінәлілерді Заңға сәйкес жауапкершілікке тарту қажет», – деп қадап айтты Президент.
Осыған орай республикалық «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігі ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігімен бірлесіп тұтас ел бойынша «Әділдікті талап ет!» атты ауқымды науқанын бастады.
¬– Бұған Қазақстан Республикасының кез-келген азаматы қатыса алады, ¬–деді «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігі Алматы қалалық филиалының директоры Бауыржан Мақұлбаев. – Науқанның басты мақсаты – қоғам арасында жемқорлыққа төзімсіздік ортасын қалыптастырып, бұл үрдіске ел азаматтарын барынша жұмылдыру. Аталмыш іс-шара жемқорлықтың болуы немесе орын алуы мүмкін деген, қоғамды алаңдататын мәселелердің кең ауқымын кезең-кезеңімен қамтитын болады...
Біздің де аңдағанымыз –¬ бірлестік ә дегеннен-ақ барлық барлық күшті автожол саласындағы жемқорлық әрекеттерін анықтауға жұмылдырмақ ниетте.
Расында да, Қазақ елінде бұл саланың сыннан көз ашпай жатқаны анық. Сапасыз жолдар – жол-көлік апаттарында қаншама жанның көз жұмып немесе мүгедек болып қалуының басты себебі.
Нақты дерекке жүгінсек, былтыр автожол саласына 500 млрд. теңге шамасында қаржы бөлінген екен. Сонымен қатар өткен бір жыл ғана ішінде 14 000 жол-көлік апаты тіркеліп, 2000-нан аса адам қаза тапқан. Сондай-ақ 18 000 жан жарақаттанған. Бұл дегеніміз – 20 000 адамның тағдыры. Ал жолдарымыз тақтайдай сайрап жатса мұндай қасіретке тап болар ма едік?!.
Жол сапасының осындай келеңсіздікке тікелей қатысы бар екені анық. Иә, сапасыз жолдар – адам өміріне қауіп төндіретін апаттармен қоса тасымалмен айналысатын бизнес-қауымдастығының да өзекті мәселесі болып отыр.
Жалпы, транспорт жүйесі – ұлттық экономика үшін маңызды деп саналатын еліміздің инфрақұрылымы. Бүкіләлемдік Экономикалы Форум Ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексінің көрсеткішіне сәйкес жол сапасы жөнінен біздің ел 138 орынның 108-ші орнында орналасқан.
Биыл 11 мыңнан астам шақырым жолға әртүрлі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұған 600 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген көрінеді. Ал, жол жөндеуге бөлінген қаражаттың 44 пайызына мемлекеттік сатып алу қорытындысы жасалған жоқ. Автожолдарды салу жобаларының барлық кезеңдері жемқорлық әрекеттеріне бейім. Тек мемлекет пен азаматтардың бірлескен күшімен ғана, қоғамды барынша жемқорлыққа қарсы күресте жұмылдыра отыра, осынау қырсыққа төтеп бере аламыз.
«Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігі Алматы қалалық филиалы директорының айтуынша, ел азаматтары аталған науқанға Adildik.kz веб-сайты арқылы қосылып, 1463 Call center бойынша Қазақстан автожолдарын салу, жөндеу және күтіп ұстау саласындағы жемқорлық туралы ақпаратты қазірден бастап хабарлай алады.
Келіп түскен барлық ақпарат қалың жұртшылықты жұмылдыра отыра, жергілікті және республикалық «Әділдік кеңесі» атты Кеңестерінде талқыланатын да мәлім болды. Сонымен қатар, салалық нормативті-құқықтық актілерді жетілдіру мақсатында және уәкілетті органдарға сындарлы ұсыныстар ұсыныла бастайды.
Науқанның қорытындысы мен Бірлестік қызметінің іс нәтижесі жыл аяғында өтетін Жемқорлыққа қарсы форумда жарияланып, науқанға белсенді қатысқан азаматтар «Әділдік жауынгері» мәртебесіне ие болады.
– Ортақ мүддеге бей-жай қарамайтын барлық азаматтарды аталмыш науқанға қосылып, елімізді толыққанды дамытуға жол бермей жатқан, жемқорлардың «арқасында» жемқорлықты қабылдау индексіне сәйкес 180 дүниежүзі елдері арасындағы 102 орынды ұстатып отырған жемқорларға қарсы күресте белсенділік танытуға шақырамыз, – деді Бауыржан Есенгелдіұлы. – Ендеше жемқорлықты бірге жеңейік! Әділдіктің жауы – бейқамдық! Бейқам болма, әділдікті талап ет!
Біздің анықтама
Жоғарыда көрсетілген шараның ұйымдастырушысы – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының «Әділдік» атты екінші бағытын қолдау мақсатында 2020 жылғы 18 қарашада құрылған «Әділдік жолы» Республикалық қоғамдық бірлестігі. Аз уақыт ішінде ұйым сыбайлас жемқорлыққа және оның барлық көріністеріне қарсы күресте жақсы нәтиже көрсете алды.
Осылайша, Бірлестік жыл басынан бері 22 мыңнан астам азаматқа заңгерлік кеңес беріп, мемлекеттік сатып алулар мониторингі аясында 1000-ға жуық бағаны көтеру фактілері мен 20 млрд. теңге соманы құрайтын заң бұзушылықтарды анықтады. Осы және өзге де фактілер бойынша 300-ден астам мемлекеттік орган басшылары мен басқа да тұлғаларға жалпы сомасы 67 миллион теңге айыппұл салынып, 21 қылмыстық іс қозғалды.
Олардың тең жартысы мемлекеттік қызметкерлер немесе соларға теңестірілген тұлғалар.
Мысалы, Ақтөбе қаласындағы бір спорт мектеп директорының орынбасары өз қызметімен қатар жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік сатып алулармен айналысып, басқа спорт мектептері мен білім беру ұйымдарына да қызмет көрсетіп отырған. Оған 428 820 теңге көлемінде айыппұл салынып, сондай-ақ, мемлекет пайдасына деп оның заңсыз 15 901 780 теңге кірісі тәркіленді.
Бірлестік «ArtSport.kz» жобасы аясында жемқорлық фактілерін бірінші болып анықтады. Мәселен, жан басына белгіленген мемлекеттік шығармашылық тапсырыс 28 млрд. теңге құраса, тек Шымкент қаласының өзінде 1704 ваучер иегерлерінің арасынан 547 бұзушылықтар анықталды, яғни әр 3-ші бала үйірмеге қатыспаған
Г.Бақытжанқызы
qazaquni.kz