ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫ – ЖАҢА БЕТБҰРЫС БАҒДАРЫ
2022 ж. 20 тамыз
1324
0
Біз жыл сайын мемлекет басшысының халыққа Жолдауына куә болып жүрміз. Бұл әлемдік тәжірибеде бар, өзін өзі ақтаған саяси маңызы зор іс-шара. Жолдау барысында мемлекет басшылары өткен жылдың түрлі саладағы жетістіктері мен кемшіліктерін саралап, алдағы уақытта атқарылатын ауқымды істердің бағыт-бағдарын белгілейді. Осы белгілеген бағыттар бойынша атқарушы билік саналатын, түрлы министрліктен тұратын Үкімет жаңа жобалар мен жоспарларын қабылдап, оны нақты іске асыруға міндетті.
Әрине, жыл сайынғы халыққа арналған Жолдауды әркім әртүрлі қабылдауы мүмкін. Оған деген әр адамның өз ойы мен пікірі бар екені де жасырын емес. Кейбіреулер «Жыл сайын айтылады. Бірақ соны орындап жатқан ешкім жоқ» деген өз пікірлерін де айтып қалып жүр әлеуметтік желілерде. Бірақ біз алдымен әр нәрсенің анық-қанығына жетіп алғанымыз жөн. Сол арқылы атқарылған істер мен жіберілген кемшіліктерге лайықты және әділ бағасын беруге тиіспіз. Асығыс пікір айту кейде қоғамда кері ой туғызып, еліміздің дамуына кесірін тигізуі де мүмкін ғой.
2019 жылы мемлекет тізгінін қолына алған Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауын арнағанын білесіздер. Сол алғашқы Жолдауына Президент бірінші кезекте халық пен билік арасында өзара сенімді қарым-қатынас орнатуға мүдделі екенін көрсеткен болатын.
Қ. Тоқаев қоғамды демократияландыруға назар аударып, бейбіт митингтерді өткізу жайын, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына қатысты бірқатар мәселелерді де қозғады. Жер мәселесінің ушығуына байланысты латифундистерге қарсы күресетінін мәлімдеді. Сондай-ақ, атқарушы билікке және заң қабылдаушы органдарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану мәселесін қарастыруды тапсырды. Бұл бастамалар уақыты жағынан кешіксе де 2021 жылы іске асырылды. Әрине, елімізде қордаланған проблем жетерлік, оның бәрін бір жылда түзеп, бірден іске асыру мүмкін емес. Оған белгілі бір уақыт, қаражат қажет. Дегенмен Президенттің алғашқы Жолдауында айтылған тапсырмалардың басым бөлігі орындалғанын айтуымыз керек. Бәрін болмаса да мына бір мәселелердің шешілгенін атағанымыз жөн. Айталық, 2020 жылдан бастап мемлекеттік қызметкерлердің санын біртіндеп қысқарту, азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын қабылдау, бейбіт жиындарға қаланың шетінде емес, ішінде арнайы орын бөлу, микро және шағын бизнесті табыс салығынан үш жылға босату, бизнеске қатысты рейдерлік әрекеттер үшін жауапкершілікті күшейту, өнімділігі жоғары орта бизнеске қолдау көрсетудің кешенді шараларын әзірлеу, ішкі істер министрлігінің реформасын өткізу, жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстардың жазасын күшейту, соттарға қосымша айғақтар жинау бастамасын көтеру өкілеттілігін беру, сыбайлас жемқорлық әрекеттері үшін бірінші басшының жауапкершілігін заңмен бекіту, сапасыз білім беретін, диплом сататын оқу орындарын азайту, браконьерлердің жазасын қатаңдату, бұқаралық спортты дамыту жөніндегі кешенді жоспар қабылдау, мәдениет пен азаматтық қорғаныс саласы қызметкерлерінің еңбекақысын көбейту, тұрмысы төмен отбасылардың балаларына кепілдендірілген әлеуметтік көмекті енгізу, әуе билеттерінің бағасын төмендету және теміржол билеттерінің тапшылығын қолдан жасамау, дарынды балаларды қолдаудың жол картасын әзірлеу сияқты көптеген шаралар іске асырылды. Бұл бір ғана Жолдауда белгіленген бағдарлардың толық емес тізімі.
Сонымен бірге еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, табысты экономикалық реформаларды іске асыру мүмкін еместігін ескерген Президент саяси реформаларды кезең-кезеңімен және табанды түрде жүзеге асыруға мүдделі екенін, саяси жүйенің негізі – күшті президент, ықпалды парламент, есеп беретін үкімет екенін ашық айтты. Мемлекет басшысы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру қажеттігіне ерекше назар аударды. Сонда ғана халықтың барлық өтініш-тілектері жылдам және тиімді шешімін табатынын атап өтті. «Мемлекет басшысы ретінде елімізде көппартиялықты, саяси бәсекелестікті және ой-пікірдің сан алуандығын дамытуға ықпал етуді өз міндетім деп санаймын. Бұл саяси жүйе тұрақтылықтың ұзақ болуы үшін маңызды» - деді саяси реформаға қатысты Қ. Тоқаев.
2020 жылдың басында бүкіл жер жүзінде коронавирус пандемиясы басталғаны белгілі. Бұл біздің еліміз үшін де ауыр кезең болды. Мемлекет басшысының 2020 жылғы қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында бұл сын кезеңге көп көңіл бөлінді. Өйткені жаппай карантин кезінде халықтың өмірі түбегейлі өзгеріске ұшырады. Соған байланысты шұғыл шаралар қажет еді. Коронавирус пандемиясы басталғаннан кейін қомақты қаржы жұмсалды. Әлеуметтік төлемдер беріліп, медицина қызметкерлеріне үстемақы тағайындалды.Отандық бизнеске көптеген жеңілдіктер жасалды. Жалпы алғанда дағдарысқа қарсы шараларға 6,3 триллион теңге жұмсалды.
Жаңа жағдайда стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі қайта құрылып, реформалар жөніндегі жоғары президенттік кеңес бекітілді. Мемлекеттік бағдарламаларды ұлттық жобалар форматына ауыстырып, індет кезінде мемлекеттік аппарат шағын форматта жұмыс істеуге жұмылдырылды. Президент мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор қызметкерлерінің санын қысқарту жұмысын жылдамдатуды тапсырып, цифрландыру шараларына басымдық берілді. Сөйтіп үнемделген қаражаттың есебінен басқа мамандардың жалақысы көтерілді. 2020 жылғы Жолдаудан кейін министрліктерде жауапты хатшылар институтын жою, квазимемлекеттік сатып алуларды реттейтін заңды қабылдау, стратегиялық инвестициялық келісімді жасау, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арналған жаңа ұлттық жобаны әзірлеу, шикізаттық емес орта кәсіпорындарға арналған экспорттық акселерация бағдарламасын жүзеге асыру, несие беретін ұйымдардың жауапкершілігін арттыру, несие бойынша шекті мөлшерлемелерді азайту, пандемиядан зардап шеккен кәсіпкерлердің несиесін субсидиялау, Есеп комитетінің құзыретін күшейту, «Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингтерін біріктіру, жаңа жекешелендіру жоспарын қабылдау,
«Аңсаған сәби» бағдарламасын бастау, Үздіксіз білім беру тұжырымдамасын әзірлеу, адам құқығы мен бостандығына қатысты негізгі процессуалдық шешімдерді прокурормен келісу, «Қоғамдық бақылау туралы» заңды қабылдау, мемлекеттік қызметшілер, депутаттар мен судьялар үшін шетел банктерінде есепшот ашуды шектеу, ауыл әкімдерін тікелей сайлау секілді іс-шаралар жүзеге асты.
Президенттің 2021 жылғы жолдауында да маңызды мәселелер көтерілді. Алдымен бюджеттің кірісін арттыру керек болды. Үкіметке мемлекет қаржысын басқару тұжырымдамасын әзірлеу міндеті жүктелді. Сол сияқты көптен бері шешілмей жатқан мәселелерді тағы көтерді. Соның қатарында бос жатқан жерлерді қайтару, инфрақұрылымды жаңғырту, субсиядияны қайта қарау, сумен қамтамасыз ету және тағы басқа проблемалар бар.
Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауының жөні мүлдем бөлек деуге болады. Президент осы Жолдауында қаңтар оқиғасына кеңірек тоқталды «Бұл оқиғалар бүкіл қоғамды дүр сілкіндірді. Халқымыз бұрын-соңды болмаған қауіп-қатермен бетпе-бет келді. Мемлекетіміздің тұтастығына және егемендігімізге зор қауіп төнді. Осы күндерде жұртымыз Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жан-жүрегімен сезінді. Татулық пен тұрақтылық, тыныштық пен бейбітшілік қаншалықты маңызды екенін жете түсінді. Біз мызғымас бірліктің арқасында мемлекетімізді қорғап қалдық» - деді мемлекет басшысы. Одан әрі стратегиялық мақсатымызға жетуге мүмкіндік беретін бірқатар бастамаларды ұсынды.
Бірінші, Президенттің өкілеттігі туралы сөз болды. «Саяси жүйеміз жаңа жағдайларға бейімделуге тиіс. Қазір бізде барлығы Президентке келіп тіреледі. Бұл – дұрыс емес. Біртіндеп бұдан бас тартуымыз қажет. Мен үшін мемлекеттің ұзақмерзімді мүддесі биліктің қосымша мүмкіндіктеріне және уақытша ықпалына қарағанда әлдеқайда маңыздырақ» - деді. Екіншіден, өкілді билік тармағын қайта құру, Парламенттің рөлін айтарлықтай арттыру керектігі, сол арқылы мемлекеттің институционалдық тұғырын нығайту қажеттіліг айтылды. Үшінші талап ретінде сайлау жүйесін жетілдіріп, саяси жаңғырудың басты мақсаты – азаматтардың мемлекетті басқару ісіндегі рөлін арттыру екендігі көрсетілді. Барлық азаматтардың құқығы толық ескерілуі үшін Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталатын болды.
Төртінші, партиялық жүйені дамыту мүмкіндіктерін кеңейтіп, институционалдық және ұйымдастырушылық жағынан дамытуға барынша қолайлы жағдай жасап, оларды тіркеу рәсімі едәуір жеңілдетілді. Тіркеу шегін 4 есеге – 20 мыңнан 5 мың адамға азайтып, өңірлердегі өкілдер саны 600-ден 200 адамға төмендету ұсынылды. Бесінші, сайлау үдерісін жаңғыртып, әділ және ашық сайлау өткізу үшін дауыс берудің баламалы түрлерін пайдалану айтылды. Жолдауда құқық қорғау институттарын күшейту, Бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілетін арттыру және азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту, жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыруға да жеткілікті көңіл бөлінген.
Атап өтуіміз керек, Жолдаудың сегізінші бөлігіндегі еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру туралы Президент ұсынысы көпшіліктің қолдауын тапты. Еліміздегі әкімшілік-аумақтық құрылымның оңтайлы болуы өте маңызды.
Халықтың қалауын ескерген Қ. Тоқаев Семей аймағында Абай облысын құруды ұсынды. Кезінде Алаш арыстарының басын қосқан Семей қаласы жаңа облыстың орталығы атанды. «Біз тарихи әділдікті орнатып, ұлыларымыз дүниеге келген киелі өлкені қайта жаңғыртуға тиіспіз» деді мемлекет басшысы.
Енді міне бұрынғы Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысын құрылғанына куә болып отырмыз. Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығы болды. Бұл аймақта дербес облыс құру – экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім. Ұлытаудың төл тарихымыздағы орны ерекше. Ел тағдыры шешілген ұлы жиындар осында өткендігі тарихтан мәлім.
Сол сияқты аймақ тұрғындарына ыңғайлы болу үшін Алматы облысы екіге бөлінді. Бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстары құрылды. Алматы облысының орталығы Қапшағай қаласы халқымыздың біртуар перзенті – Дінмұхамед Қонаевтың есімімен аталды. Ал, Жетісу облысының орталығы бұрынғыша Талдықорған қаласында қалды.
Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарына негіз болған Президент Жолдауы мүлтіксіз орындалуы керек. Оның міндетті түрде орындалуына қатысты мемлекет басшысының қаулысы да шықты. Қаулыда мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспары бекітілсін, көрсетілген іс-шаралардың мүлтіксіз және уақтылы орындалуы ҚР үкіметіне жүктелсін, Жолдаудың ережелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүйелi негiзде жүргiзудi қамтамасыз етсiн, есепті жылдан кейінгі жылдың 25 қаңтарына дейін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне Жалпыұлттық жоспардың орындалу барысы туралы ақпарат ұсынылсын, Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін делінген қаулыда. Қаулы ауқымды істі атқаратын органдарға үлкен жауапкершілік жүктейді. Бұл жерде атқарушы биліктің үлесі мол. Сонымен қатар қоғамдық сананың да жоғары болғаны абзал. Әрбір азамат мемлекет басшысы ұсынған бастамалардың халық үшін жасалып отырғанын жете түсінуі қажет. Түсініп қана қоймай, соны іске асыруға өз үлесін қосуға міндетті. Сонда ғана біз кез келген қиындықты жеңіп, қол жетпес биіктерді еңсеретін боламыз.
Мұрат ҚАЙЫРБАЕВ