ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ: НЕ ЖАҢАЛЫҚ БАР?
2022 ж. 20 тамыз
1349
0
Білім – еліміздегі ең маңызды саланың бірі екені белгілі. Соңғы уақытта осынау бағыттағы өзгерістерді саралап, оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ӨРІСІ КЕҢЕЙЕ ТҮСТІ
Бұрынғы Білім және ғылым министрлігі Оқу ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігі болып екіге бөлінді. Жүгі ауыр салаға бұл өзгеріс тың серпін әкелетіні сөзсіз.
Биылғы оқу жылында 1-ші сынып оқушыларының тек қана қазақ тілінде білім алуы турасындағы ҚР Оқу ағарту министрлігінің шешімі мектеп оқушылары үшін ғана емес, еліміз үшін, ұлттық мүддеміз үшін де аса маңызды болды.
«Мұның алдында бірінші сыныпқа барған бала ағылшын тілінің әліппесін оқу керек болды. Орыс тілінің әліппесін, қазақ тілінің әліппесін оқу керек болды. Бұл 6 жастағы бала үшін қиын. Баланы дамыту үшін ана тілін үйретіп алған өте маңызды. Біз сол шешімді қабылдадық. Биылдан бастап қазақ тілді мектепке барған балалар, тек қаза тілінде жазып, үйренетін болады» - деді, Асхат Аймағамбетов.
Білімдегі ұлттық тәрбиенің басты кілті – тіл та¬за¬лы¬ғы. Бұған дейін «Тілдердің үштұ¬ғыр¬лылығы» мәдени жобасының аясында балалардың мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап үш тілде білім алуы олардың дамуына, тіл тазалығын сақтауына кері ықпалын тигізіп келгені жасырын емес.
«Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, бүгінгідей еліміз еңсесін тіктеген заманда қазақ тіліне зор мәннің берілуі әрбіріміздің көкейімізге қуаныш ұялатқаны сөзсіз.
Бұл турасында бастауыш сынып мұғалімі Гүлдана Бөкбаева: «Мектеп табалдырығын енді ғана аттаған балалар үшін бұл маңызды шешім деп ойлаймын. Өйткені 1-сыныпқа келген әрбір оқушыға өзінің ана тілін жетік меңгеруіне жағдай жасалуы керек. Бұл өз кезегінде оқушылардың мақал-мәтелдер, жұмбақтар, шешендік сөздер, жаңылтпаштар жаттап, ақыл-ой санасының оянуына,қалыптасуына ықпал етеді.
Сонымен қатар ана тілін меңгерген әрбір оқушының ұлттық сана-сезімі оянып, отансүйгіштікке, ана тілін қорғауға тәрбиеленеді. Болашақта қазақ тілінде сөйлеудің маңыздылығын түсініп қана қоймай, бойында қазақ тіліне деген ерекше құрметі пайда болады. Болашақ ұрпақтың нағыз қазақ тілінің жанашыры болғанын қаласақ, ең бірінші қазақ тілінде білім алуына баса назар аударуымыз керек» дейді.
«Баланы жастан» демекші, туған тілге деген сүйіспеншілікті кішкентай күнінен қалыптастыра білсек балалардың Отанға, ұлтқа деген құрметі зор болмақ. Бұл сөзімізді сала мамандарының пікірі де қуаттай түспек.
Алматы қаласындағы №178 мамандандырылған лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Эльмира Рапилова: «Жалпы, оқушылардың бойына ұлттық үрдісті сіңдіруде, баланы озық қоғамға сай етіп тәрбиелеуде баланың ана тілінде ойын еркін жеткізуі өте маңызды. Мен қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі , «дебат» үйірмесінің жетекшісі ретінде байқағаным жас ерекшелігіне сай сөйлеу дағдылары ана тілінде жетілген балалар өзіндік ой-пікірін жүйелі, әрі дәйекті айта біледі. Дебат кезінде оқушылардың ой ұшқырлылығы, қыннан қылыш суырғандай сұрақтары қарсы топты ойландырып, өз кейстеріне күмән тудыратындай етулері керек. Өз тәжірибемде пікірсайыс барысында әр түрлі мәселелер бойынша пікір алмасу кезінде өз ойларын қазақ тілінде шұбарламай жеткізуден қиналатын талай баланы кездестірдім. Ал, 1-сыныптан бастап баланың ана тілінде оқып, тыңдап, өз ойын айтып үйренуі осы олқылықтардың орнын толтыратыны сөзсіз. Сондай-ақ, оқушыларға көпшілік алдында қазақ тілінде белгілі бір мәселелерге ойын шоғырландырып, жүйелеп жеткізуге, ана тілінде таза сөйлеуге машықтануға мүмкіндік береді», – дейді.
Өзінің ана тіліне уызы жарыған баланың болашағы жарқын екенін нық сеніммен айта аламыз. Әрі алдағы уақытта өзге тілдерді меңгеруге де құлшынысы зор болмақ.
БІЛІМ ДЕҢГЕЙІН КӨТЕРУГЕ БАҒЫТТАЛҒАН ҚАДАМ
Оқу ағарту министрлігі білім сапасын көтеріп, саланың қарқынды дамуы үшін жан-жақты жұмыс істеп жатқаны сөзсіз. Бұл тұрғыда мұғалімдерге ғана емес, оқушыларға да қойылар талап жоғарылай бастады.
Жаңа оқу жылындағы тағы бір маңызды жаңалық – оқу аптасының ұзаруы. Қаншама жылдан бері өзгеріссіз келе жатқан оқу үдерісін оқу ағарту министрлігі саладағы кәсіби білікті мамандармен кеңесіп, жан-жақты талқылай отырып оқу аптасын ұзартуға шешім қабылдады. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, оқушылардың оқу мерзімі аз елдердің санатынан екенбіз. Осы жағын ескере отырып, әрі білім сапасын көтеру мақсатында оқу мерзімі 34 аптадан 36 аптаға ұзартылды.
«Жаңа оқу жылында елімізде 3,6 млн. баланы қамтитын 7 637 мектеп жұмыс істейді. Келесі оқу жылы 1 қырқүйекте басталып, 36 аптаға созылып, 31 мамырда аяқталады. Жаздың бірінші күнінен бастап оқушылар дәстүрлі демалыстарына шығады. Сәйкесінше, жаз айлары толығымен балалардың демалыс уақыты бола береді», – деп түсіндірген-ді Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.
Оқу аптасының екі аптаға ұзаруы оқушылардың санасына айтарлықтай салмақ түсірмейтіні анық. Керісінше сапаны арттыруға ықпалын тигізері сөзсіз.
Министрдің сөзінше, бір оқу жылында балаларға 4 рет демалыс берілгенін ескерсек, демалыс және мереке күндерін есептегенде балалар жыл бойы барлығы 192 күн демалып, тек 173 күн ғана мектепке барады екен. Бұл оқушылардың, демалуына, тынығуына жеткілікті мерзім екені анық.
«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ – ШЕКАРАСЫЗ ЖАҚСЫЛЫҚ»
Жыл сайын дәстүрлі түрде әлеуметтік тұрғыдан қолдауды қажет ететін отбасыдан шыққан балаларды мектепке қажетті киім-кешек пен қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету қолға алынғаны белгілі. Ал биылғы жылы осынау игі үрдіс «Мектепке жол – шекарасыз жақсылық» акциясы аясында жүзеге асырылуда. Әлеуметтік осал отбасылар «Жалпыға міндетті білім беру» қоры арқылы әр мұқтаж оқушы үшін кемінде 37 389 теңгені құрап отыр. Аталмыш көмек ел бойынша 440 мыңнан астам балаға көрсетілуі тиіс.
Жылына бір рет ғана көрсетілетін көмекті мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатындар, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен мемлекеттік АӘК алмайтындар, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл көмекті талап ететін отбасылар және білім беру ұйымының алқалы органы айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілері ала алады. 1-ші тамыздан бастау алған акция 30-шы қыркүйекке дейін жалғасын таппақ. Акцияны жүзеге асырып жатқан «Жалпыға міндетті білім беру» қоры жергілікті әкімдік тарапынан қаржыландырылатынын ескерсек, бұл балаларға деген мемлекеттің үлкен қолдауы.
Игі істі бастап кеткен Алматы қаласы бойынша 20 мың оқушыға аталмыш әлеуметтік көмек көрсетілмек. Яғни, мектеп формасы мен кеңсе заттарын сатып алу үшін бір балаға 43 000 теңге берілмек.
Ал, Солтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік осал топқа жататын оқушылардың саны – 9 мыңға жуық. «Жалпыға міндетті білім беру» қорынан 1,2 млрд теңге көмек көрсетілмек. Яғни, мұқтаж әрбір баланың ата-анасының есепшотына 37 мың теңгеден аударылмақ. Осы сияқты акцияның еліміздің әрбір аймағында қарқынды түрде жүргізіліп жатқаны көңіл қуантады.
Демек ел бойынша әрбір бала қажетті құрал-жабдықпен сақадай сай қамтылып, мектепке қуана қадам басады. Сонымен қатар, Оқу ағарту министрлігінің мәліметінше республика көлемінде барлық оқушы тегін оқулықтармен толыққанды қамтамасыз етіледі. Ендігі жерде балалар оқуға жете мән берсе, бұл бағытта ата-аналар да қолдан келер бар көмегін көрсетсе еліміздің ертеңі бүгіннен де жарқын болмақ.
Гүлмира САДЫҚ,
qazaquni.kz