ОНЫҢ ИЫҒЫНДА ЕЛДІҢ ЖҮГІ ТҰР
2022 ж. 18 тамыз
1291
0
Әлгі бір әйгілі қазақы әңгіме желісіндегі шал айтатын «Мен кішкентай мызғып кеткенде, құдалар ызғып кеткен бе?» деген гәптің кері келіп тұр екен, ә?
Бір жеті бас сұқпай кетіп едік, әлеуметтік желі гу-гу әңгіменің алаңына айналыпты. Қыз-қырқын желігіп алған, «Нұрлыбек Нәлібаевты құрту керектің» гөй-гөйіне басып, маңырамалатып жатыр. Қош, біздің Қызылорда облысы қай шаруаның да ыңғайын танитын іскер әкімін енді тапқан тұста жұрттың мына дүрлігісі түсініксіздеу.
Иә, қазір онша оңай уақыт емес. Қай жерде, қай мәселеде де «Таз ашуын тырнадан аладының» кері. Жұрттың жүйкесі әбден жұқарған, «Біздің ауылдан сіздің ауылға қарай қарға ұшыпты» десең де ойланбастан қағып тастауға дайын. Сондай жайтқа мына екі жастың тойы тап келіпті. Жұрт шуылдап жатқан жиынды көзімізбен көрмесек те той құтты, балалар бақытты болсын, Сыр елі! Ал енді Нұрлыбек Нәлібаев қазынаның қаржысына той жасағандай кіжінуіміз сәл нелеу, енді. Бір той бере алмайтындай, Мәшбек әулеті ежелден жерге қарап отырмаған тек еді ғой.
Сіздер не десеңіздер де мен бұл мәселеге сәл басқашалау қырынан қараймын. Жұрттың аузында жүрген жел сөз кім-кім үшін де жаңалық емес. Біріншіден, қай әкім болсын, жалпы мемлекеттік қызметші атаулы адамның азы мен тозы емес қой, бауыр еті баласына той жасап бере алмайтындай. Екіншіден, «деген екен» өсектен сәл де болса тізгін тарту керек шығар. Өйткені, дәл қазір Нұрлыбектің мойнында міндет көп. Ол аймақ басшылығына оңай уақытта келген жоқ һәм «сен тимесең, мен тимен» деп мүлгіп отырған әкімді көріп отырған жоқпын. Күндіз-түні жар құлағы жастыққа тимей шапқылап жүргенін ғана көресің.
Мейлі, бізді бұл пікіріміз үшін күстаналауыңыз мүмкін. Бірақ, кім-кімнің де өз көзқарасы, ұстанымы болады. Әйгілі тойға қатысқан жасы бар, жасамысы бар, бұл күнде «Сен тимесең мен тимен, бадырақ көздің» кейпінде отырған жұрт көп. Пенде ғой, бір жағынан олардікі де жөн шығар. Арам ойлары «Ертең қағып тастаса кәйтеміз?» дейді дағы. Жасырып не керегі бар, өзіміз Нұрлыбекті бір адамдай танимыз, бізге қатысты іні-дос қарым-қатынасы бар. Әзірге ел алдында жолынан жаңылған кезін көргенім жоқ. Сондықтан да, туған топырағыма, сол аймақтың әкіміне һәм жыға танитын ініге қатысты жұрт гу-гулеп жатқанда үнсіз отыруды жөн көрмедім.
Не десек те оның иығында енапат жүк тұр. Ол — елдің жүгі һәм Сыр бойы халқының сенімі мен үкілі үміті. Ал жоспарланған қазабат шаруаны толайым күрмеп тастамасаң да тек жеңілтіп, еңсеру үшін әжептәуір уақыт қажет. Сол үшін де ол бізге керек. Нұрлыбектің келгені кеше, елдің сенімі күшейе бастағаны, міне, кеше-бүгін. Тап сол екі ортада оның ізіне ит қосып қуалайтындай не көрінді? Иә, той жасалды, келін түсті. Дүрмек басылды. Ат шапқан жиын тарқады. Бірақ ол басқа әңгіме.
Біз білетін Нұрлыбек өзі де ұйықтамаса керек, өзгеге де ұйқы беріп, мүлгіте қоюы екіталай. Бұл тәртіптемені бүгінде аудан, ауыл әкімдері, басқарма басшылары да меңгеріп болған шығар-ау. Олай болса, іске сәт жігіттер, көп әңгімені қайтеміз, егінге орақ түсетін кез жақындап қалды...
Берік ЖҮСІПОВ,
Қазақ үні