Әскер шыдамдылықты, моральдық тұрақтылықты үйретеді - Қанағат Болатұлы
2022 ж. 01 тамыз
1472
0
Әскери өмірдің қыр-сырын білу үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланы 6505 әскери бөлімінде әскери қызмет атқарған Қанағат Болатұлымен аз-кем сұхбаттасқан едік. Назарларыңызға сол сұхбатты ұсынамыз.
- Әскери өмір ұнады ма, Қанағат Болатұлы?
- Жалпы, бұл сұраққа қатысты екі дүниені айқындап алу керек. Себебі, әскери өмір қарапайым адамға ұнамауы мүмкін. Әскер, ол – адамды шыңдайды, күйзеліс секілді психологиялық-моральдық қиындықтарға төтеп бере алатындай кісілерді дайындайды. Яғни, сол кездегі процесс ұнамауы бек мүмкін. Бірақ оның нәтижесі бір жылдық қызметтен соң әрбір сарбазға ұнайды. Өйткені, шойын болаттың сондай мықтылыққа жетуі аса бір қиын процесстерден өтуі арқылы болатыны сияқты сарбаздың да бір жылдық өмірі сондай күрделі үдерістерден өтеді-дағы бір жылдан кейін шойын болаттай белгілі бір деңгейде шыңдалып шығады, өзіндік бір жоғары деңгейге жетеді. Әскерге барғанға дейінгі жігіт пен әскерден келген жігіттің арасы жер мен көктей. Әскер – азаматтық өмірдегі кейбір дүниелерді үйрететін мектеп және жігіт үшін азаматтық өмірде үлкен леп қосады.
Әскер, бірінші кезекте, шыдамдылықты, моральдық тұрақтылықты үйретеді. Екіншіден, сарбаздың физикалық әл-ауқатын жақсартады. Одан кейінгі аксиомалық дүниелер: соғыс жағдайы бола қалса немесе ел ішінде бүлікшілік болып жатса, тактикалық іс-әрекеттердің жөнін үйретеді, соғыс тәсілдерін үйретеді, қарапайым тілмен айтсақ, қару ұстауды үйретеді. Әскер моральдық құндылықтардан бөлек осындай базалық, жауға қарсы төтеп беру және ішкі тәртіпті сақтау деген секілді дүниелерді үйретеді.
- Қазақтанның әскери әл-ауқатын қалай бағалар едіңіз?
- Қазақстанның әскери әл-ауқатына, жеке пайымдау қабілеті қалыптасқан адам ретінде, орта немесе ортадан төмен деген баға беремін. Себебі, қарапайым ғана мысал, ҚР Ішкі Әскери құрылымы, яғни, Ұлттық Ұлан сонау Кеңес өкіметінен қалған автоматтарды, оның ішінде АК-74 үлгісін қолданады. Осыған қарап-ақ қазіргі әл-ауқаты жайлы сөз қозғауға болады. Әрбір автоматтың белгілі бір мөлшерде оқ атқаннан кейін оқ ату түтігі жарамсыз боп қалады. Біздегі автоматтардың көбінің жарамдылық мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен. Қазақстан Республикасы әлі күнге дейін қару шығаратын жеке зауыт ашқан жоқ. Құдай сақтасын, ертеңгі күні соғыс жағдайы боп жатса, біз қандай қару-жарақтармен, қандай құрылғылармен соғысатынымызды білмейміз. Бұл бірінші мәселе деңіз. Ал екінші мәселе, Қазақстан әскери әл-ауқаты елдегі ішкі бүліктерді басуға ғана күші жетеді. Оның өзі Қаңтар оқиғасынан кейін қолға алынып, көтерілді. Қазақстанда әскери зауыттың бір ғана данасы бар. Компания атауы құпия. Бұл компания немен айналысады? Бұл компания екінші және үшінші кластағы қорғаныс жабдықтарын тігумен айналысады. Одан бөлек, қалғандары, қарапайым сарбаздың киімдерін, аяқ киімдерін қазіргі таңда Талдықорған, Алматы және Шымкент қалаларында ғана тігеді. Ал қалған дүниелердің барлығы, тікұшақ болсын, танкілер болсын, ракеталар болсын егемендігімізден бұрын келе жатқан құрал-жабдықтар. Қалғаны модернизациядан өтіп, заманауи, озық технологиялы, соғыс жағдайына лайықты жабдықталған деп айта алмаймын.
- Әрі қарай осы салада еңбек ету ойда бар ма?
- Әрі қарай еңбек ету ойда жоқ. «Неге?» деп сұрасаңыз бірнеше себебін айтайын.
Бірінші себеп: әскери келісімшарт бойынша әскери қызметкерлердің тұрғын-үй мәселесі. ҚР Әскери доктринасы бойынша офицерлер немесе келісімшарт бойынша әскери қызметкерлер тәжірибе алмасуы барысында белгілі бір уақыттан кейін өз тұрғын-жайларын ауыстыруына тура келеді. Бір қаладан екінші қалаға немесе бір әскердің түрінен екінші әскердің түріне аусысу үшін мекен-жайларын ауыстырады. Сондай жағдайларда, мысалы, Талдықорған қаласынан Нұр-Сұлтан қаласына көшкен әскери адам белгілі бір деңгейде тұрмыстық жағдайдан қатты қиналады. Былайша айтсақ, әрең-әрең жеткізіп өмір сүреді. Бұл нәрсе ол адамның отбасылық құндылықтарына әсер етеді де кейіннен жұбайымен ажырасып кетуіне немесе келісімшарт біткен соң әскери өмірден бастартуына әкеліп соқтыруы мүмкін.
Екінші себеп: әлі күнге дейін таныс-тамырлық жүйе бар. Жас офицер немесе жас сержанттар құрамына келген жігіт жоғары жақта үлкен бір танысы болмаса оның болашағы жоқ екенін біледі. Ешқандай мансап қуа алмайтынын, полковник шеніне шыға алмайтынын біледі де белгілі бір деңгейде мансап қумайды. Сәйкесінше, ол жігітте ешқандай стимул болмағандықтан әскерге немқұрайды қарайды. Карьералық өсу болмағандықтан, бұл салада қызмет ету ойда жоқ. Бұл екінші себебім.
Үшінші себеп: әскери қызметкердің жұмыс істеу кестесіне байланысты. Әскери адамдарда жұмыс таңғы сағат жетіде басталады. Кешкі сағат алтыда бітуі керек. Алайда, өкінішке қарай, біріншіден, Қазақстан әскерінде кадр мәселесі жетіспегендіктен, екіншіден жұмыстың өте көптілігінен біздің әскери қызметкерлер немесе офицер сапындағы адамдар тым кеш уақытқа дейін қалып, жұмыс істеуге мәжбүр болады. Осы тұрғыдан алып қарағанда жеке адами құндылықтар жойылады. Сондықтан мамандық таңдайтын жастар бұл салада еңбек етуге бара қоймайды.
- Әңгімеңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан: Әли Ермекұлы,
Қазақ үні