БАБАЛАРДАН ЖЕТКЕН АМАНАТ

БАБАЛАРДАН ЖЕТКЕН АМАНАТ

Тәуелсіз Қазақстанның дамуы жолында жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқан «AMANAT» партиясының өткені мен бүгінгі тыныс-тіршілігіне толығырақ тоқталуды жөн көрдік. Партияның өткеніне бір мезет көз тастасақ, аталмыш партия 1999 жылы 19 қаңтарда еліміздің тұңғыш Президенті сол кезде мемлекет жетекшілігіне кандидат Н.Ә.Назарбаевты қолдау үшін Қоғамдық штабты «Отан» Республикалық партиясы болып құрылды. Құрылған сәттен бастап күні бүгінге дейін небір сындарлы сәттерді бастан өткеріп, еліміздің кемел келешегі жолында табанды еңбек етіп келеді.

           Биыл, нақтырағы, 2022-жылдың 28 қаңтарында «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХІ съезі өткені мәлім. Аталмыш жиында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты «Nur Otan» партиясының Төрағалығына сайлау туралы Съезд қаулысы қабылданды. Ал, 1 наурыз күні, Кезектен тыс XXII съезд барысында партия «AMANAT» атты жаңа атауға ие болды. Осынау ауқымды шара барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Партия барлық реформаға ұйытқы болуға тиіс. Ол үшін өзгерісті алдымен өзімізден бастауымыз керек. Сондықтан бүгінгі күн тәртібіндегі негізгі мәселе – Партияны жаңғырту. Заман, қоғам, адам өзгеріп жатқанда, партияның өзгеруі – заңдылық. Бұл – уақыт талабы. Осыған орай жаңа ғана айтылғандай, саяси ұйымның атауын «АМАНАТ» деп өзгерту ұсынылды. Жасыратын ештеңе жоқ, мен де бұл мәселеге байланысты пікірталасқа қатыстым. Бірнеше ұсыныс болды, соның ішінен Аманат деген атауға тоқтадық. Бұл – еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де айрықша мәні бар киелі ұғым.

        Егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең байтақ жеріміз – бізге бабалардан жеткен аманат. Осы қастерлі құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас етуіміз керек. Мемлекеттілік дәстүр жалғастығы, ұрпақ сабақтастығы дегеніміз – міне осы. Халқымыз ешқашан аманатқа қиянат жасамаған. Партия бұл қағидатты берік ұстанады», – деді.

        Партия тарихындағы елеулі жаңалықтардың дені осы жылы жүзеге асқанын көзі қарақты оқырман жақсы білетіні сөзсіз. Тағы бір ерекше аталуға тиісті нәрсе – 26 сәуір күні өткен «AMANAT» партиясының кезектен тыс XXIII съезі дер едік. Аталмыш жиын барысында партия құрамына «ADAL» партиясы қосылып, «AMANAT» партиясының жаңа төрағасы болып Ерлан Қошанов сайланды. Бүгінде Ерлан Жақанұлы тізгінін ұстаған аманаттықтар елдің аманатына адалдық танытып, ілкімді істердің ұйытқысы болып келе жатыр.

АТҚАРЫЛҒАН АУҚЫМДЫ ІСТЕР

          Еліміздің бас партиясы ретінде «AMANAT»-тың атқарған істері жетерлік. Солардың бір парасына тоқталуды жөн көрдік. Ең бірінші атап өтуге тиісті нәрсе – Қазақстанның айналасына «тату көршілік белдеуі» түзілгені. Атап айтқанда, еліміздің құрлықтағы 13,4 мың шақырым және судағы 2,3 мың шақырым шекарасын халықаралық келісімдермен бекітілді. Бұл өз кезегінде халықаралық ынтымақтастықтың нығаюына жол ашты.

Екінші – экологиялық аймақтарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

Партияның жетекшілігімен Семей ядролық сынақ полигоны жабылып, іргелес аумақтардағы жағдайды жақсарту үшін кешенді шаралар қабылданды.

Үшінші – Қазақстанда келісім мен тұрақтылық түбегейлі орнықты. Қазақтай дархан халықтың ақ пейілі мен көңілінің арқасында біздің еліміз қаншама ұлт пен ұлыстың басын бір арнаға тоғыстырып татулық пен ынтымақтың шынайы үлгісін көрсетіп келеді. Елімізде бұл тұрғыда Қазақстан халқы Ассамблеясы жанды жұмыс жүргізіп ұлттардың бірлігі мен сақбақтастығының сақталуына мұрындық болып келеді.

Төртіншіден – жаңа нарықтық экономика құрылды. Ел егемендігіне қол жеткізген алғашқы жылдары еліміз бюджеттің ұзаққа созылған тапшылығы, ел табысының күрт төмендеуі және жұмыссыздықтың өсуі сынды күрделі проблемалармен бетпе-бет келіп біраз қиындықты бастан өткерді. Ал бүгінде осы бағытта партияның тындырымды тірліктер атқара білгендігінің арқасында халықтың әлеуеті артып, экономикалық тұрғыдан дамудың даңғыл жолына түсті.

Бесінші – демографиялық даму жолға қойылды. Республика бойынша көпбалалы аналарды қолдауға зор мән беріліп, жәрдемақы мөлшерінің артуы өз кезегінде халық санының артуына ықпал етті. Сонымен қатар, халық саулығын сақтау шараларына айшықты мән берілудің нәтжесінде елдің өмір сүруі жасы ұзарды. Бүгінде халық саны 19 млн-нан асып жығылады.

Алтыншы – қазақстандықтардың өмір сүру сапасы көтерілді. Халықтың табысы артып, қазақстандық жеке бизнес иелері көбейді.

Жетінші – экономиканың жаңа салалары дами бастады. Тәуелсіздік жылдары бізде ең үздік әлемдік стандарттарға сәйкес келетін мұнай-химия кешені құрылды. Сондай-ақ, мұнай-химия индустриясының дамуына, металлургияны қайта өңдеуге негіз салынды. Қазіргі таңда Қазақстан өз өнімдерін 130-дан астам елге экспорттайды.

Сегізінші – экономикалық қауіпсіздігі үшін жағдай жасалды. Ұлттық әл-ауқат қорының құрылуы – экономикалық бағытта қарқынды дамып келе жатқанымыздың айқын көрсеткіші.

Тоғызыншы – көлік тәуелсіздігі қамтамасыз етіліп, транзиттік кірістер көлемі жыл санап артып келеді.

Оныншы – тәуелсіз Қазақстанның мақтанышы жаңа астана бой көтеріп, әлем назарын өзіне аударды. Бүгінде Нұр-Сұлтан – маңызды халықаралық бастамалардың, іргелі іс-шаралар мен келіссөздердің орталығы.

ШЕШІЛГЕН ТҮЙТКІЛДІ МӘСЕЛЕЛЕР

       «AMANAT» партиясы құрылған сәттен бастап республикамыздың түкпір-түкпірінен өзінің филиалдарын ашып, елмен етене араласып, халықты толғандырған қаншама өзекті мәселелердің оң шешімін табуына мұрындық болды. Солардың бірқатарын атап өтер болсақ, Ақмола облысында 106, Шығыс Қазақстан облысында 170, Қостанай облысында 134, Солтүстік Қазақстан облысында 106, Шымкент қаласында 272, Ақтөбе облысында 105, Жамбыл облысында 175, Қызылорда облысында 152, Түркістан облысында 207, Алматы облысында 87, Батыс Қазақстан облысында 87, Маңғыстау облысында 118, Алматы қаласында 325, Атырау облысында 192, Қарағанды облысында 187, Павлодар облысында 203, Нұр-Сұлтан қаласында 118-дей мәселелер өз шешімін тапты. Біз тілге тиек еткен көрсеткіштер аманаттықтарға халықтың өздерінің жеткізген шағымдары бойынша оң шешімін тапқан мәселелердің нақты саны. Партияның әрбір аймақтағы филиалдарының тынымсыз тірлігінің арқасында халық бүгінде «AMANATқа» зор сенім артатын күнге жетті. Алдағы уақытта да «AMANAT» мемлеккеттің халықтың мүддесі жолындағы жұмыстарын одан әрі жалғастыра бермек. Халықтың зор сенімі мен аманатына адалдық танытып, елмен бірге бұдан биік асуларды бағындыра берері сөзсіз.

Г.БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ


          «AMANAT» – ХАЛЫҚ МҰРАСЫНЫҢ САҚШЫСЫ

«Біріншіден, «AMANAT» – мемлекет мүддесі үшін тарихи жауапкершілікті алған партия. Тәуелсіз мемлекетіміз, еліміз бен жеріміз – ата-бабамыздың бізге қалдырған аманаты. Осы аманатты халық игілігі үшін сақтап қалу, келер ұрпақтарға жеткізу – ел тұтқасын ұстаған бас партия үшін ең үлкен жауапкершілік.

Екіншіден, «AMANAT» – халық мұрасын сақтаушы партия. Тамыры терең тарихымыз, мәдениетіміз бен әдебиетіміз, тіліміз бен салт-дәстүріміз – Тәуелсіз Қазақстанның барша азаматтарының мұрасы. Осы мұраны біртұтас елдің ортақ мүддесі үшін аманат ретінде көздің қарашығындай сақтап, дамуына жағдай жасау – партияның ірі міндеттерінің бірі.

Үшіншіден, «AMANAT» – мемлекеттік мүддеге адал, қоғам игілігіне жұмыс істейтін партия. Халық ұғымында «аманатқа қиянат жасалмайды», яғни аманатты сақтаушы партия мүшелері – ең әуелі мемлекет мүддесіне адал азаматтар», – деді партияның атқарушы хатшысы.

Төртіншіден, «AMANAT» – сайлаушылар аманатын орындайтын, халық үніне құлақ асатын партия. Халықтың үні – сайлау кезінде азаматтардың талап-тілегі мен партияға тапсырған аманаттары. Олар сайлауалды бағдарламаға енгізілді. Партия сайлаушылардың аманатын орындау арқылы елге қызмет етеді. Барлық аймақтардағы қабылдау бөлмелері мен қоғамдық кеңестері арқылы халықтың мұң-мұқтажына құлақ түріп, билік органдарына жеткізіп, оң шешім қабылдануына ықпал етеді.

«Бесіншіден, «AMANAT» – қоғамдағы әлеуметтік әділдікті жақтайтын, барша азаматтарға тең мүмкіндік беруді қолдайтын партия. Біз бір-біріне қолдау білдіретін, мықтылары әлсіздерге жәрдем беретін, әлеуметтік әлсіз топтардың мүддесін қорғайтын қоғам құруға ұмтыламыз. Аманат сақталған жағдайда қоғамда адамдар арасындағы бауырмалдық, сенім мен мейірім күшейеді, ел ішінде ырыс-береке ұялайды.

 Алтыншыдан, «AMANAT» – отбасы құндылықтарын, қоғамдық бірлікті насихаттайтын партия. Тәуелсіз Қазақстанды өркендететін келер ұрпақ болғанда, зиялы, көзі ашық, тәрбиесі көркем ұрпақты тәрбиелеу – ата-ананың, қоғамның және мемлекеттің мойнындағы аманат. Сондықтан партия отбасы институтының берік болуына, ұлттық бала тәрбиесіне, ана мен баланың құқығының қорғалуына баса назар аударады.

Жетіншіден, «AMANAT» – мемлекетті басқаруға көрсетілген сенім. Бір ұжымның қызметкерлері – басшыға, сайлаушылар – партияға, халық – Президентке аманат.

Асхат ОРАЛОВ,

«AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы