ҚАЗАҚША СҰРАҚҚА ҚАЗАҚША ЖАУАП БЕРУ КЕРЕК! - Мәжіліс төрағасы
2022 ж. 08 маусым
2024
2
КИМ ҚАЗАҚША сөйлегенде, КІМ орысша сөйлеп жүр?!.
Бүгінде Қазақ Парламенті қазақ тілінің сынақ алаңына айналғаны белгілі. Мәжілістің жалпы отырысында Үкімет мүшелері, министрлер, вице-министрлер, агенттіктер мен комитет басшылары, ұлттық компаниялар төрағаларының мемлекеттік тілде қойылған сұраққа жауап бере алмай сүрініп жатуы әдеттегідей жәйтке айналды. Көбісі “рұқсат етсеңіздер орысша жауап берсем”-деп, Ресейдің мемлекеттік тілінде зуылдап тұрады.
Осы уақытқа дейін қазақ тіліндегі ұлттық бояуы қанық сөзді айызымыз қанып тыңдаған күніміз - осы өткен дүйсенбідегі 6 маусымдағы Үкімет сағатындағы “QazaqGaz” ҰК АҚ Басқарма төрағасы Санжар Серікбайұлы Жаркешовтің баяндамасы болды.
Қажет жерінде қатырып тұрып “Ауыруын жасырған арам өледі”, “Қатын көбейсе, қазан жұртта қалады”-деген қазақы мақалдарды майын тамызып тұрып айтқанда, еріксіз риза боласың. Жиыннан кейін әдейі барып, алғыс айттық. Тәуелсіздіктің 30 жылында Қазақ Елінде Қазақ қазақша сөйлесе, қуанып, рахмет айтатын деңгейге дейін жеткенімізді несіне жасырайық?!. Тек өзге елдер естіп қойып жүрмесін дейік… Міне, саған “ұлтсыздық” идеологиясының жеткен жері!
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары, кеңес империясының қылышынан қан тамып тұрған кездің өзінде қазақ әдебиетінің классигі Ғабиден Мұстафиннің: “Бұрын Ұлтшылдықпен күресіп келіп едік, енді Ұлтсыздықпен күресетін кез келді” деп турасын айтқанына жарты ғасырға жуықтаса да, Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асса да, қозғалатын түріміз жоқ…
-Неге қазақша сөйлемейін? Мен ауылда, Жаңаарқада өстім ғой”-дейді маңдайы жарқыраған марқасқа бауырымыз Санжар Серікбайұлы. Америкада Техас университетін бітіріп, әлемге әйгілі ExxonMobil корпорациясында еңбек еткен. Ағылшын тіліне де ағып тұр деген сөз.
Ал тура сол жиында “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры АҚ Стратегия және активтерді басқару жөніндегі Басқарушы директоры Ернат Бердигулов қанша депутат қазақша сұрақ қойса да, орыс тілінде жауап беріп, ұятқа қалды…
Бүгін де Мәжіліске келген үкіметтегі қазақ тілін қақпайтын қазақтар шеруі жалғасты. Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ғабит Садырбеков депутат Бақытбек Смағұлдың қазақша сұрағына “рұқсат етсеңіздер орысша жауап берсем”-деп, Ресейдің мемлекеттік тілінде зуылдатты. Бірақ Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтан ескерту алды.
-Қазақ тілінде сұрақ қойғанда, қазақ тілінде жауап беру керек!-деп қатаң ескертті спикер.
Ал керісінше осы жиында заң жобасы туралы баяндама жасаған Вера Александрқызы Ким сөзінің жартысын қазақша сөйледі. Жап-жақсы сөйлеп шықты. Депутаттар Геннадий Шиповских пен Наталья Дементьева қазақша сөйлегенде қазақтың өзін жаңылыстырады ғой, Артур Платонов, Екатерина Смышляева, Ильяс Буларовтардың қатарын толықтырды.
Негізі қарапайым этикаға қарасаңыз да, сұрақ қоюшы депутат шенеуніктен мемлекеттік тілде жауап беруді талап етуді және оның “орысша жауап берейін” дегеніне келісу-келіспеуді өзі шешуі керек. Сұрақ қоюшының алдын орап алған басқа депутаттардың: “орысша айта беріңіз” деп, көлденеңнен қосылып, ұлардай шулап шыға келуі ешқандай этикаға да, ережеге де сыймайтынын түсінетін уақыт жетті.
Мемлекеттік тілді міндеттеу - мемлекеттің міндеті! Ал оны ең алдымен мемлекеттік қызметкерлердің өзінен, министрден, әкімнен, депутаттардан бастау керек.
Мемлекеттік тілін құрметтеген мемлекеттің мерейі үстем болады.
Қазыбек ИСА,
Қазақ үні