Конституциялық реформа: Жаңа Қазақстан көкжиегі
2023 ж. 08 қазан
1558
0
Он сегіз мың ғаламды алты-ақ күнде жаратқан ұлы Аршының Раббысы жер планетасындағы бүкіл пендесіне, күллі адамзат баласына мейірімі мен рахымын бірдей төгеді дейді. Сүйікті Қазақстанымның өткені мен келешегі туралы ойлап, өз Отанымды, туған өлкемді аузыма алған сайын маған кейде Тәңіріміз басқалардан гөрі, әсіресе, бізге көбірек бүйрегін бұратын сияқты көрінеді де тұрады.
Самарқандық өзбек академиктің қазақ досына «Біздер, өзбек халқы құдай несібе үлестіргенде өз қолынан емес, біреулер арқылы алған екенбіз, ұдайы біреудің қолына қарайтынымыз содан, ал сіздер, қазақтар несібені құдайдың өз қолынан алғансыздар депті» деген сөздің шығуы да тегін емес.
Расымен де Шығыс Еуропа мен Орталық Азияда орналасқан, батысында Еділдің төменгі ағысынан, шығысында Алтай тауларына дейін үш мың километрге, солтүстіктегі Батыс Сібір жазығынан, оңтүстіктегі Қызылқұм шөлі мен Тянь-Шань тау жүйесіне дейін мың алты жүз километрге созылып жатқан қазақ жері Каспий теңізі арқылы Әзірбайжан, Иран елдеріне, Еділ өзені және Еділ-Дон каналы арқылы Азов және Қара теңіздерге шыға алады. Мұхитқа тікелей шыға алмайтын мемлекеттердің ішіндегі ең үлкені, жер көлемі жағынан әлемде Ресей, Қытай, АҚШ, Аргентина, Бразилия, Канада, Үндістан және Австралиядан кейінгі тоғызыншы орынды алатын Қазақиямыздың табиғаты әр алуан, жері ұланғайыр. Климаты барынша континентальді саналатын оның жазира аумағында таулар да, орман-тоғайлар да, кең жазықтар да бар. Сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктер, пайдалы қазбалар, минералдық ресурстар - еліміздің есепсіз байлығы. Байтақ жерімізде Менделеев кестесінің 99 элементі бар екендігін үнемі мақтаныш етеміз. Қазақстан мұнай қоры бойынша әлемнің көптеген мұнай өндіруші елдерінен алда тұр дейміз. Хромның әлемдік қорының жартысынан астамы Қазақстан аумағында болса, одан өзге де қорғасын, мырыш, мыс, алтын мен күмістің бай қоры бізден табылады. Жетекші өнеркәсіп салаларының қатарына түсті және қара металлургия жатады. Жоғары сапалы мыс пен мырыш, қорғасын мен кадмий әлемдік нарықта үлкен сұранысқа ие. Дәнді дақылдар, оның ішінде астық өнімдерінің, азық-түлік пен техникалық дақылдардың да (күнбағыс, мақта) ірі өндірушісі саналатын мемлекетіміздің ауыл шаруашылығындағы негізгі салаларының бірі – мал шаруашылығы екені де белгілі. Ол жеңіл өнеркәсібімізді шикізатпен, халқымызды тамақ өнімдерімен қамтамасыз етеді.
Міне, осындай ұлан даланың бір ғана иесі, біртұтас халқы өзінің тәуелсіздігін алғанда әлемнің ең алдымен алпауыт елдері сілекейін шұбырта қарағанын қалай ұмытамыз.
Кеңестік дәуірдің қоғамдық формациясы ыдырап, он бес одақтас ел мен бірнеше автономиялы республикалар балапан басымен, тұрымтай тұсымен жан-жаққа тым-тырақай шашырап, лықси төгіле, тарыдай шашыла жөнелгенде, етек-жеңін жинап, есін бірден жия қалғандар саусақпен санарлық та емес-тін. Соған қарамастан, өз халқының ауызбірлігі мен сүттей ұйыған татулығына арқа сүйеген жас мемлекетіміз бұлыңғыр болашаққа зор сеніммен нық қадам баса отырып, әлем деңгейінде таңғажайып адымдар жасады. Тәуелсіздігін жариялаған кезден бастап көпвекторлы саясатқа иек артатынын, жаһандық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты ту етіп ұстайтынын төрткүл дүниеге мәлімдеген Қазақстан осы ұстанымынан күні бүгінге дейін айныған жоқ. Осы тұрғыда мемлекетіміздың әр жылдары жиі-жиі көтерген бастамалары халықаралық қоғамдастық тарапынан жоғары бағаланылып, қызу қолдауға ие болып отырды.
Қазақстанның жаһандық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында ең алғаш көтеріп, іске асырған бастамаларының ішіндегі Семей полигонын жауып, ядролық қарудан бас тарту туралы бастамасы басқалардың да ядролық қарусыздануға қатысты маңызды шешім қабылдауларына тікелей ықпал еткені есте. Одақ тарағаннан кейінгі елдердің егемендігін күмәнмен қабылдағандар үшін Қазақстанның өз ядролық мол арсеналынан түбегейлі бас тартуы күтпеген қадам еді. Батыстың бетке ұстар дипломаттарының ұйқысын қашырған Қазақстанның оқтұмсықтары залалсыздандырылып, полигонды жабу туралы 1991 жылдың 29 тамызында Жарлыққа қол қойылғанда Халықаралық ұйымдар бұрын-соңды тарихта болмаған тың және батыл бастаманы еріктен тыс, бөріктерін аспанға ата мойындады. Ал 2009 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы Қазақстан тарапының ұсынысы негізінде осы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялады. БҰҰ-ның сол кездегі Бас хатшысы Пан Ги Мун айтқандай, бейбітшіл Қазақстан Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақты құру бастамасын ілгерілетуге бірінші боп ықпал етті. БҰҰ Бас хатшысы лауазымын атқарған Кофи Аннан да еліміздің бастамасын «1991 жылы Қазақстанның ядролық қарудан өз еркімен бас тартуы және сынақ полигонын жабуы ядролық қарусыздандыру мен оны таратпау бойынша жаһандық талпыныстарға елеулі үлес қосты» деп жоғары бағалаған болатын.
Біздің мемлекетімізді әлемге танытқан жаһандық бастамалардың бірегейі Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) құрылуы және Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылуы. Екі ұйымның да құрылуына мұрындық болуы Қазақстанның әлемдік аренадағы «тоғызыншы территория» ретіндегі де беделін арттыра түскен-тұғын. Уақыт АӨСШК процесінің өзектілігін көрсетті. Оның аясында саяси диалогты институттандыру және азиялық мемлекеттерді жаңа саяси жағдайға бейімдеу жүргізіледі. Бүгінгі күні идеядан практикаға ауысып, нақты жұмыс істейтін құрылымға айналған АӨСШК – тыңға түрен салған, түрлі жағдайға дайын бірегей форум екендігімен ерекшеленеді.Шанхай ынтымақтастық ұйымы да кейінгі кезде аймақтық деңгейде ғана емес, дүниежүзілік ауқымда серпінді түрде дамыған көп салалы, жетекші ынтымақтастық ұйымдардың біріне айналды. Қазіргі таңда ШЫҰ саяси дипломатиялық сипатына сәйкес, тұрақты түрде нығайып келеді.
Әлемде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің бірден-бір жолы – татулық пен өзара келісім орнату. Бұл бағыттағы Қазақстанның дінаралық және өркениетаралық диалог өрбітудегі маңызды бастамасы – 2003 жылдан бері шақырылып келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі. Өз жерінде түрлі этностар мен дін өкілдері бейбіт өмір сүріп жатқан Қазақстан ел ордасында бір үстелдің басында мұсылман, христиан, буддизм, иудаизм және басқа да діндердің қайраткерлерін жинап, өзекті халықаралық мәселелерді бірлесіп шешу жолдарын талқылауға мүмкіндік жасады.
Сондай-ақ, «Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарт (ЯСЖТШ)», АТОМ жобасын құру, Орталық Азияны ядролық қарудан азат аймаққа айналдыру, Қазақстан мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) арасындағы келісім, БҰҰ-ның ядролық қарусыз әлем туралы жалпы декларациясын қабылдау, «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі, әлемдік қауымдастыққа ядролық қарусыз әлем құру үшін келісілген әрекет жасасуға шақыратын соғыс пен қақтығыс вирусымен күресу стратегиясын ұсыну, «G-Global» идеясы, ДСҰ-ға кіру секілді, Қазақстан Республикасының бітімгершілік аясындағы әлем назарын аударған басқа да көптеген жаһандық бастамалары күн тәртібінен ешқашан түсуге тиіс емес, қашан да жаһан тыныштығын көздейтін, бітімгершілік мүддесіндегі игі де ізгі бастамалар. Бүкіл әлемді, дүн-дүнияны бітімгершілік мақсаттың мұратына жеткізу әрі оны көздің қарашығындай сақтау жолындағы ең маңызды шараларды жүзеге асырып отырған Қазақстан мемлекеті міне, осындай жаһандық бастамаларымен шартарап алдында зор беделге жетіп, үлкен абыройға ие боп үлгерген мемлекет.Енді тек осы бағыттан ауытқымай, сыртқы саяси әлем аренасындағы тепе-теңдікті ұдайы үдерісте бір қалыпты ұстап тұруымыз үшін, ішкі саясатымыздағы ахуал көп рөл атқармақ.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жолдауында көрсетілген бағдарларда да негізінен осыған басымдық берілген. Бір екі-үш жыл бұрын денсаулықтың қадірін, бір екі-үш ай бұрын бейбітшіліктің қадірін білген біздердің өмірімізге, ауыл-аймақтарымыз бен барлық өңірімізге алда болатын Референдум да үлкен өзгеріс әкелмек. Бастысы, азаматтарымыз Референдумның сайлау емес, дауыс беру екендігін білуі маңызды. Қазақстанның ішкі саясатын қайта құрып, мемлекетіміздің мүдделерін жаңа арнаға түсіруіміз үшін қоғамның әрбір мүшесіне жеке-жеке берілген бұл мүмкіндікті ешбіріміз мүлт жіберіп алмауымыз керек. «Биліктің бірқатар өкілеттігін қайта бөлу», «Халықтың ел басқару ісіне араласуын кеңейту», «Парламенттің рөлі мен мәртебесінің өзгеруі», «Суперпрезиденттік басқарудан түбегейлі бас тартып, президенттік республика моделіне өту», «Азаматтардың құқын қорғау тетіктерін күшейту» секілді салмақты тармақтары арқылы бәз бұрынғы бағыт-бағдары түбірімен дерлік түбегейлі өзгеретін Конституциялық реформа осынысымен құнды.
Үміт БИТЕНОВА, ақын,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
«AMANAT» партиясының Жамбыл облыстық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі.