БҮГІНГІ СТУДЕНТ – ЕРТЕҢГІ БІЛІКТІ МАМАН
2022 ж. 16 шілде
2558
0
Қоғамның ең белсенді тобы жастар болып саналатыны белгілі. Еліміздің негізін қалайтын, оны болашақта ілгері дамытатын да солар. Мемлекеттің қалыптасып дамуында жастар аса қуатты өндіргіш күш. Сондықтан егемендігіміздің алғашқы күнінен-ақ Қазақстанда жастар саясатын қалыптастыру қолға алынған-ды. Әсіресе білікті мамандар даярлау мен білім саласын әлемдік стандарттарға сай реформалау мәселесіне баса назар аударылды. Тәуелсіздікті баянды етуде білімнің маңыздылығы ерекше орын алады. Білім бар жерде жетілу, кемелдену үрдісі бір сәтке толастамай, тұрақты түрде дамиды.
Елімізде түрлі деңгейдегі көптеген арнаулы және жоғары оқу орындары баршылық, ол жағынан кемістік жоқ. Онда жүздеген мың жастар білім алуда. Оқу орындарындағы білім беру сапасы мен олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы да әртүрлі. Өзгелерге үлгі ететіндей жетістіктермен бірге кемшілктер де орын алып жатады. Бір сөзбен айтқанда қоғамымыздың қомақты бөлігін құрайтын бұл қауымның өз тіршілігі, өз мәселелері бар. Жастар алдында тұрған мәселелер уақтылы шешімін табуға тиісті. Осы орайда 2005 жылы «Қазақстан студенттер альянсы» құрылған болатын. Бұл – студенттердің бастамасымен жастардың құқықтық, әлеуметтік-экономикалық және тұрмыстық мәселелерін шешу мақсатында құрылған. Тәуелсіз Қазақстанда мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуына белсенді түрде қатысатын студенттік Республикалық қозғалыс, яғни ерікті қоғамдық ұйым. Аталмыш Қоғамдық бірлестік республикамыздың барлық өңірлерінің жоғарғы және арнаулы оқу орындарының 200 мыңнан астам білім алушыларының басын біріктіре отырып, жүйелі және тұрақты жұмыстар жүргізуде. Ұйымның республикалық штабына 14 облыс және республикалық маңызы бар қалалардағы филиалдары кіреді. Соның бірі – «Алматы студенттер альянсы» корпоративтік қоры.
«Алматы» студенттер ұйымының басты мақсаты - жастардың мүдделерін қорғауға, азаматтық және әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға, сонымен бірге студент жастардың жан-жақты дамуына, білім алуына, тәрбиеленуіне және өз мүмкіндіктерін толыққанды таныта алуларына барынша жағдай жасау. Студент жастардың мәселелерін шешу жолдары мен механизмдерін қалыптастыруға бағытталған талаптарын, күш-қуатын, әлеуетін біріктіру болып табылады. Белгіленген заң аясында білім алушы жастардың құқығын жан-жақты қорғау.
Қауымдастық тек қана өз мүдделерін қорғап қана қоймайды, сонымен бірге олардың атқарар міндеттері де баршылық. Студенттерді патриотизм мен отансүйгіштікке тәрбиелеу, жастар арасында жалпыға ортақ адами құндылықтарды, адамгершілікті, мәдениетаралық ынтымақтастықты дамыту басты міндеттердің бірі. Мемлекеттің қабылдаған бағдарламалары бойынша жастармен жұмысына қолдау мен көмек көрсету, студент жастарға қатысты Заңдарды, Үкімет Қаулыларын жүзеге асыру да осы ұйымның атқарар жұмыстары. Сол сияқты студенттер арасында жемқорлыққа және өзге де қоғамға жат қылықтарға қарсы мәдениетті қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау, жастардың интеллектуалды әлеуетін дамыту, мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан демократиялық реформаларды жүзеге асыруға ықпал ету, түсіндіру, насихаттау және өздері де соған нақты істерімен үлес қосу міндеттеледі. Ол үшін дамыған өзге елдер студенттер тәжірибесінен үйрену, соны өз істерінде пайдалану да тиімді. Бұл бағытта Еуропалық студенттер одағы, АҚШ студенттер ассоцияциясы, Канада студенттері ұйымы, Жалпыүндістандық студенттер кеңесі, Бразилия, Оңтүстік Африка, Норвегия, Словения, Ресей Федерация және өзге де бірқатар елдер студенттерінің бірлестіктермен серіктестік орнатып, тәжірибе алмасып тұрады.
Республикамыздың өзге де аймақтарындай Алматы студенттер ұйымы да жұмыс жоспарларын бекітіп, түрлі іс-шаралар алдынала белгіленеді. Саны жағынан еліміз бойынша Алматы студенттер бірлестігі ең ауқымды болғандықтан атқарылар істер де соған сәйкес болып келеді.
Мысалы «Жыл студенті» конкурсы нағыз дарынды, білімді студенттердің үздігін анықтап, оларға қолдау көрсетіп, республикалық көлемдегі байқаларға жолдама беріледі. «Студенттік жазғы лагерь» шарасының да пайдасы мол, жастарды еңбекке баулиды. «Қалың қалай, студент?» жобасы бойынша жоғарғы және арнаулы оқу орындарының студенттік жатақханаларының тұрмыстық жағдайын, оның ішінде асханаларын тексерулер жүргізіледі. Тексеріп, кемшіліктерді анықтап қана қоймай, үздік студенттік асханалар мен жатақханаларды анықтайды. Бұл шаралардың түпкі мақсаты студенттік жатақханалардағы тұрмысы мен асханалардың тамақ мәзірін кеңейтіп, тағам сапасын жақсарту болып табылады. Тексеру нәтижесі бойынша статистикалық мәлімет түзіледі. Сол сияқты студенттер үшін қоғамдық көлік бағасының мониторингісі де жүргізіліп, студенттер үшін тиімді, жеңілдетілген негізде қоғамдық көлік бағасын реттеуге ықпал етеді. Оған қоса «Оқулығың қалай, студент?», «Таза сессия» секілді акциялар өткізіледі. Қалалық ұйым «Қазақстан студенттер Альянсының» слетіне қатысып, студенттер арасындағы мәселелерді көтеріп, оларды шешу бойынша өз ұсыныстарын айта алады.
Алматы қаласы студенттер альянсы төрағасының орынбасары Қадырбек Файзуллаевтың айтуынша мегаполистегі оқу орындарының бәрінде түрлі іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады және олар өзара тығыз байланыс жасап, әріптестері өткізген іс-шаралардың жақсы жақтарын үйренеді, тәжірибе алмасады.
Әрине, оқу орындары көп орналасқан алып шаһарда атқарылып жатқан істер де аз емес. Солардың қатарындағы «Мемлекеттік тілдегі дебат» байқауын атап өтуге болады. Пікірсайыс арқылы жастарды жетілдіру, қалалық деңгейде интеллектуалды жастардан тұратын орта қалыптастыру, жастардың ішкі мүмкіндіктерін барынша ашу, өскелең ұрпақтың білімге негізделіп сөйлеуге үйретудің маңызы зор. Бүгінгі студенттер арасынан ертеңгі өндіріс басшылары, үлкен ұйым жетекшілері қалыптасып шығады. Жұрт аузына қараған басшының мемлекеттік тілде сөйлеп, ойын еркін жеткізе білуі міндет. Ол – біліктілік пен мәдениеттіліктің бірінші белгісі. Осы байқау арқылы студенттер өз қабілеттерін осы кезден көрсетіп шыңдай білуі қажет. Бұл байқау бойынша 11 қалалық турнир 15 шеберлік сыныптары өткізілген.
«Кедергісіз болашақ» жобасы да айтуға тұрарлық. Бұл жобаның негізгі мақсаты - денсаулығы бойынша мүмкіндігі шектеулі жастарды қолдау және оңалту, қоғам арасында кедергісіз қарымқатынас жасауына жағдай жасау. Осы бағытта 2 дөңгелек үстел 5 семинар-тренинг, 2 голбол турнирі, 3 спорттық спартакиада, 10 мәдени іс-шара, 5 кино көрсетілімі жоспарланып іске асырылуда.
Мемлекет басшысы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жастар ел өміріне белсенді араласып, азаматтық қоғамның дамуына және елімізді табысты жаңғыртуға септігін тигізуде. Елімізде Қазақстан жастарының бойында отаншылдық рухты қалыптастырып, тәрбиелеуге айрықша көңіл бөлінеді» деген болатын. Бүгінгі жастарға сапалы білім мен саналы тәрбие беру еліміздің ертеңгі жарқын болашағын жол ашу деген сөз. Елімізде «Жастар жылы» жарияланып, оның табысты өткенін бәріміз көрдік. Олардың білім алып еңбек етуіне қосымша жағдайлар жасалды. Жастар өздерінің жақсы жақтарын көрсете білді. Еліміз бойынша олардың қолымен қаншама игі істер атқарылды. Әсіресе елді короновирус індеті жайлаған кезде жастар бірінші болып қиын жағдайда қалған адамдарымызға көмек көрсетті. Кең қанат жайған волонтерлік қозғалыстың алдыңғы шебінен табыла білді. Үйлерінен шыға алмай қалған науқастарға дәрі-дәрмек, азық-түлік жеткізіп, басқа да жұмыстарды атқарды. Ал биылғы «Балалар жылы» да студенттердің қолдауын тапты. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті студенттері Алматы облыстық №1 балалар үйінде «Таза үй» акциясы аясында мейрімділік апталығын өткізді. Олар балалар үйінің ішін және сыртқы аумағын тазалау, тағы да басқа шаруашылық жұмыстарды орындады. Мұндай игі істерді өзге де оқу орындарының студенттері атқаруда. Бұл біздің жастарымыздың саналы ұрпақ екенін көрсетсе керек.
Тағы бір ауқымды шара туралы айтпасқа болмайды. «Алматы студенттер Альянсы» корпоративтік қоры ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ның гранттық қаржыландыруы аясында «Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу бойынша шаралар кешенін жүзеге асыру» жобасын жүзеге асыруды бастады. Ауқымды жоба аясында беделді жаттықтырушылармен, оның ішінде онлайн форматта жасөспірімдер мен жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу бойынша шеберлік сабақтарын, пікірталас алаңдарын өткізу, барлық өңірлерде әскери-патриоттық клубтар мен басқа да патриоттық бірлестіктерді тарту, жастар арасында әскери-патриоттық бағыттағы әлеуметтік желі марафондарын, челлендждерін өткізу, үздіктерін марапаттау, «Әскери-патриоттық керуен» атты іс-шаралар кешенін ұйымдастыру (экскурсиялар, кездесулер, байқаулар), жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу бойынша «IQ дода» сайысын өткізу, әскери-патриоттық клубтар мен бірлестіктердің арасында республикалық «Жас Патриот» бейнероликтер конкурсын ұйымдастыру, барлық өңірлердің әскери-патриоттық клубтар мен басқа да патриоттық бірлестіктер арасында «Үздік әскери-патриоттық жоба» республикалық жобалар сайысын өткізу, республика бойынша үздік 50 жас патриоттарды іріктеп алып, «Jiger – 2022» атты журнал шығару, әскери-патриоттық тәрбие бойынша жұмысты дамыту мәселелері бойынша республикалық қоғамдық тыңдау өткізу сияқты іс-шараларды жүзеге асыру жоспарланған. Жобаның негізгі мақсаты жастар арасында өзін-өзі тану, патриоттық сезімдерін арттыру, жастар арасында Қазақстан Республикасының Ұлттық басымдықтарын ілгерілету болып табылады. Іс-шара әскери-патриоттық клубтар және басқа да патриоттық бірлестіктермен тікелей жұмыс атқарылып, 2022 жылдың наурыз-қараша айларында Республикалық деңгейде өткізіледі.
Бұл жолғы ерекшелік, бірінші рет жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу бойынша шағын гранттар конкурсы өткізіледі. Бұл жобаның жастар арасында кеңінен насихатталуына және әскери-патриоттық клубтардың жандануына әсер етері сөзсіз. Жоба соңында қоғамдық тыңдалым өткізіліп, үздік шыққандар марапатталады. Жастар бойындағы отансүйгіштік, әскери-патриоттық сезімдер – еліміздің ертеңін бағамдайды. Бүгінгі әлемде орын алып жатқан оқиғалар жастар арасында әскери-патриоттық жұмыстарды күшейту қажеттігін көрсетуде.
«Қоғамдық ұйымдардың қызметі елімізді орнықты және жан-жақты дамытудың тағы бір маңызды факторы саналады. Үкіметтік емес ұйымдар маңызды әлеуметтік мәселелерді ұдайы көтеріп, оларды кешенді түрде шешуге септігін тигізіп келеді. Қазір Қазақстанның алдында тұрған міндеттер мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың тығыз ынтымақтастықта жұмыс жүргізуін, азаматтық қоғам институттарын жүйелі түрде жаңғыртуды талап етеді» - деген болатын Қазақстан халқына Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев. Реформаларды әзірлеу және оны жүзеге асыру ісіне қоғамдық ұйымдар мен белсенді азаматтарды барынша тарту қажеттігін баса айтқан болатын.
Студент жастар қазақ қоғамындағы ең белсенді топтардың бірі екені белгілі. Бүгінгі студент – ертеңгі білікті маман. Елімізді дамытып, қуатын арттыратын да сол жастар. Мемлекет оларға үлкен сенім артады.
Зейнолла ҚАБИОЛЛАҰЛЫ
qazaquni.kz