САТИРА ТЕАТРЫНА САТИРА САРДАРЫНЫҢ АТЫН БЕРУ КЕРЕК!
2022 ж. 26 сәуір
922
0
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары
Ералы ТОҒЖАНОВҚА
Құрметті Ералы Лұқпанұлы!
Биыл қазақтың көрнекті жазушысы, сатира сардары Садықбек Адамбековтың туғанына 100 жыл толады. Заманымыздың заңғар жазушысы ұлы Мұхаң, Мұхтар Әуезов «Садықбектің әр сақалының түбінде бір-бір сайтан ұялап жатыр» деп бағалаған әйгілі жазушы-драматургтың 100 жылдық мерейтойы республика көлемінде лайықты аталып етеді деп білеміз.
Біз, кешегісі тұлдыр, болашағы бұлдыр халық емес, ерлік пен елдікті тұғырымызға ту етіп байлаған еңсесі биік елміз. Баянды ғұмыр үшін баз кешіп өткен бабаларымыздың рухын әспеттей білетін, қорғай білетін қордалы елміз. Бабаларымыздың басқан ізі де, ізгілікті ісі де – бүгінгі ұрпаққа үлгі. Ал жасампаз істі жалғастыру – азаматтық парызымыз.
Саңлақ жазушы Садықбек Адамбековке өзі талай жыл тұрып, қызмет істеген Алматы қаласынан, астанамыз Нұр-Сұлтаннан, өзі туып-өскен өлкесі Шымкент, Түркістан қалаларынан және өмірінің соңын өткізген Арыс қаласынан көше беру, осы қалаларда мектепке атын беру де, халық сүйіп оқыған жазушының ардақты атын ұлықтау болып табылады.
Еліміздегі мұражайлар мен спорт кешендері, мәдениет сарайлары мен театрлар өсіп-өнген өркениетті елдігіміздің бір көрінісі. Мұншама мәдениет пен өнер ошақтарының қай-қайсысын алсаңыз да бір-бірін қайталамайтын ғажайып тәрбие мектебі.
Республика бойынша тұңғыш рет мемлекеттік сатира және әзіл-сықақ театрының Шымкентте ашылуы – тәуелсіз Қазақстанның сахна өнерінің терең тамыр жайғандығын білдіреді. Елдің еңсесін көтеретіндей күлкі керек. Күлкі – күллі жұрттың қорегі. Қай халық болмасын қалжыңсыз өмір сүрмеген. Күлкісіз – көңіл құлазиды. «Ештеңеден қорықпайтын адам күлкіден ғана қорқады» дейді ертедегі данышпандар. Ендеше, күлкі – сатира театрының қаһарлы қаруы. Қаһарлы қаруды қолдан түсіруге болмайды. Мысалы, бір ғана Мәскеуде отызға жуық мемлекеттік әзіл-сықақ театрының жұмыла жұмыс істеп жатуы тегін емес. Тәуелсіз еліміздің дәуірлеу кезеңінде Шымкентте мемлекеттік сатира және әзіл-сықақ театры ашылып, кіндігі кесілгеніне он үш жыл толды. Бірақ бұл театрдың аты жоқ. Неге?
Біздің айтпағымыз – осы сатира және әзіл-сықақ театрына бойдағы қуат пен ойдағы нәрді сарп етіп өткен сатира сардары Садықбек Адамбековтің атын беруге ықпал жасауыңызды сұранамыз. Әдебиетіміздің өркендеуіне елеулі үлес қосып, артына мол мұра қалдырған Садықбек Адамбековтің шымбайға батырып жазған шығармалары бір төбе. Драматургияға сіңірген еңбегін былай қойғанда, қазақ әдебиетінде тұңғыш рет «Атылған қыз туралы аңыз» атты сатиралық роман жазған айдарлы қаламгер. Осындай от ауызды, орақ тілді классик сықақшының биылғы 100 жылдық мерейтойы қарсаңында сатира театрына Садықбек Адамбековтің атын берсе құба-құп болар еді.
Біз, осы хатқа қол қойып отырған 24 Парламент депутаты мен бір топ есімдері әлемге әйгілі ұлт зиялылары, сатира садағы арқылы әділетсіздікті түйреп, шындықты жырлап, өткен сатира сардары Садықбек Адамбековке сатира театрының атын беріп, жоғарыда аталған қалаларда көше мен мектеп атын беріп, есімін ұлықтау - ҚР Президенті Қ.Тоқаев жариялаған, әділдік пен шындықтың туын көтерген Жаңа Қазақстанның негізгі ұстанымына да сай келеді деп санаймыз.
Құрметпен, «Ақ жол» фракциясының мүшелері:
Қ. Иса,
А. Перуашев,
Д. Еспаева,
А. Әбілдаев,
Е. Барлыбаев,
Б. Дүйсембинов,
С. Ерубаев,
А. Жұмабаева,
А. Линник,
Е. Өмірғали,
М. Раманқұлов,
Ғ. Хамзин.
«Amanat» фракциясының мүшелері:
Д. Мыңбай,
А. Әлтай
Ж. Әшімжанов,
М. Тәжмағамбетова,
Қ. Ержан
Ж.Сүлейменова,
Е. Бейсенбаев,
Ф. Қаратаев.
Қазақстан Халық партиясы фракциясы мүшелері:
Ғ.Құлахметов,
А.Паяев.
ҚР Парламенті Сенатының депутаттары:
Ә. Бектаев,
Ә.Құртаев.
Ұлт зиялылары:
А. Әшімов, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО халық әртісі, Қазақстанның халық әртісі;
Д.Исабеков, жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты;
Ұ. Есдәулет, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері;
Ғ.Қабыш, жазушы-сатирик, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты;
И.Сапарбай, ақын, «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, «Парасат» ордені иегері;
К.Әмірбек, ақын-сатирик, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық Алаш сыйлығы мен ҚР Президенті сыйлығы лауреаты, «Парасат» ордені иегері;
Ә.Ағыбай," Арыс ақиқаты" газетінің құрылтайшысы, Қазақстанның Құрметті журналисі, Арыс қаласының Құрметті азаматы, " Құрмет" орденінің иегері.
Т.Әбдіков,ақын, " Арыс ақиқаты" газеті Садықбек Адамбеков атындағы әдебиет және өнер бірлестігінің төрағасы, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Арыс қаласының Құрметті азаматы.
“Қазақ үні” газеті