ҚҰДАЙБЕРГЕННІҢ ҰЛЫ ҚҰДАЙДАН ҚОРЫҚПАЙ МА?!.
2022 ж. 20 сәуір
1077
0
Мәжілістің 20 депутатына жазықсыз жала жапқан Кайрат Кудайберген кімдердің тапсырмасын орындап отыр?!.
Атасының атын да, өзінің атын да қазақша жазуға сауаты жетпейтін Кайрат Кудайберген деген біреу, өзі Алматы қалалық мәслихаты депутаты екен, өзі “Аманат” партиясы мүшесі неге Алматыдағы қазақтарға он сотық жер беруге қарсы?
Ал біз де қарымта сұрақты осылай қояйық!
Қазақтың ең көп баспанасыз жүрген жастары Алматыда.
Бұл неме баспанасыз қазақтарға он сотық жер беру туралы заңның қалай орындалып жатқаны туралы Алматы қаласы әкімдігінен есеп сұрауды мәслихатта неге көтермейді? Ол туралы осы уақытқа дейін неге ойламайды?!.
Мүмкін, бұл байшыкеш неменің одан да басқа “маңызды” шаруалардан қолы тимей жүрген шығар.
Бірақ кеше Қаңтар қырғынында қазақ жастары алаңға теңдік сұрап шығып, қырылып жатқанда, кейін тұтас қамалып, азапталып жатқанда, сол жастарды қорғап бір ауыз сөз айтқан жоқ мәслихатта. Біз астанадан Алматыға, Таразға, Шымкентке, Талдықорғанға тб қалаларға кемінде үш рет келіп, түрмеге кіріп, әрқайсысын жеке қабылдап, жағдайларымен танысып, арыздарын араша сұрап, Бас прокуратураға жібердік. Ақпан айында ел аралағанда сол түрмеден босаған жігіттердің ата-аналары жылап тұрып рахмет айтты. Ол видеолар “Қазақ үні”ұлттық порталында жарияланды.
Ал парақшасының 75 пайызы орысша, видеосында Қазақстаннның мемлекеттік тілін таптап, тек 100 пайыз Ресейдің мемлекеттік тілінде қақсап отыратын, жиналыстарын тек орыс тілінде жүргізетін Кайратиктің сол қаңтар қырғынында “Жабайы Арманның” жанында жарбаңдап, аяғына кебісін қойып, қолына су құйып жүргені интернетте тарап кетті… Кейін, бұлар ол жерден жоқ болып кетті де, қалған қазақ жастары арандап қалды...
Мен бұлардың бәрін айтар ма едім, айтпас па едім, жақында депутат блогер, Кайрат хайпажор өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай етіп, біраз оттапты.
Парламентте біз, Мәжілістің жетінші шақырылымы депутаттары келмей жатып, 2020 жылы букмеккерлікті қолдаған заң қабылданып кеткеніне парламентке одан бір жыл кейін, 2021 жылы келген бізді, әлеуметтік-мәдени комитеттің 20 депутатын кінәлап шығыпты…
1.Біріншіден, ол букмеккерлік туралы заң бізге дейін бұрынғы алтыншы шақырылым кезіндегі құрамда 2020 жылы дайындалған.
2.Екіншіден, ол заң бұрынғы құрамда қабылданса да, Кайратик босқа жала жауып жатқандай, әлеуметтік-мәдени комитетте емес, экономикалық комитетте қабылданған.
Сонда мұны, парламент сайтын аша салса да, гуглден қарай салса да мектеп баласы да біле алатын мәліметті мәслихат депутаты Кайрат мырзаның білмеуі , бұл барып тұрған сауатсыздық! Алматыдай саяси-мәдени орданың мәслихаты депутатының атына ұят жауапсыздық!
Әлде, біліп тұрса да, лақтырған тасын экономика комитетінен әлеуметтік-мәдени комитетке бұра салуы, ақшаның иісі шыққан жерге аяғын аңдап басатын байшыкеш неме ертең тендер-пендер дегендей, экономика комитетіне ісі түсіп қалатын болғасын, атына кір келтірмей, айналып өткен болар… Сонда бұрынғы билікпен біте қайнасқан, бұрынғы Нұротанның, қазіргі “Аманаттың” депутаты Кайратик кімдердің аманатын, яғни тапсырысын орындап отыр?!.
3.Үшіншіден, тура осы әлеуметтік-мәдени комитет депутаты Elnur Beisenbaev букмеккерлікке қарсы депутаттық сауал жариялады комитет атынан.
4. Төртіншіден, қазір әлеуметтік-мәдени комитетте жастар туралы заң қаралып жатыр. Сол бізге дейін қабылданған букмеккерлікті қолдайтын бапқа осы заң жобасында тосқауыл қойылмақшы. Яғни, Кайрат Кудайберген әлеуметтік-мәдени комитеті депутаттарына жала жабудың орнына алғыс айтып, қолдауы керек емес пе, қиыннан қиыстырып жатқандары үшін, егер шынымен букмеккерлікке қарсы болса?!. Жоқ, оның бұл айбарақ тірлігі әдеттегідей көзбояушылық па?!.
Мейлі ғой, соға берсін, санасы соған жетсе, сағызын шайнай берсін Кайрат мырза. Иә, шайнай берсін, бірақ халыққа жалған ақпарат беретіндей, адастыратындай, оларды қасиетті ораза кезінде жазықсыз депутаттарға балағат айтқызып, күнәһар қылатындай, қарапайым халықтың не кінәсі бар?
Әйтпесе, бұған “Аманат” партиясы өз әріптестерін жазықсыз жаманат ету үшін ғана берген жоқ қой депутаттық мандатты?!.
Айтпақшы, бұл неме қаралаған Мәжілістегі әлеуметтік-мәдени комитетінің 20 депутатының 99 пайызы, яғни, “Аманат” партиясының 19 депутаты мәслихаттағы партияластары Кайрат Кудайбергенді жала жапқаны үшін мәселесін майшаммен қарауға партия басшыларына арыз жазуда… Сотқа беріп те қалуы бек мүмкін…
Қаңтар қырғынында ең көп зардап шегу, ең көп құрбандық, ең көп түрмеге түсу Алматы қаласында болды. Сондықтан да депутат Кайрат Кудайберген арандап, түрмеге түсіп, жазықсыз азапталған қазақ жастарының жағдайын айтып, мәслихатта көтеруге болады ғой? Оның үстіне ол өзі тағы ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты кеңесінің мүшесі!?.
Ал біз Жаңаөзен ереуілі басталғаннан бастап бейбіт шерушілерді қолдап, жазықсыз тұтқындалған жастарға араша түсіп, күнде эфирге шығып, оншақты мақала жазып, парламентте үш рет көтердік. Ақырында 14 наурыз күні Бас прокурордан бастап, бүкіл күштік құрылымдар, құзыретті органдар басшыларын парламентте есеп бергізуге қол жеткіздік.
Біз Алматыға келіп, ақпанның аязында суық түрмелерді аралап, жазықсыз тұтқындалғандарды босатып, олардың жылап жүрген ата-аналарын жұбатып жүргенде, Кайрат мырза Дубайда күнге қыздырынып, шомылып, жағажайда шағылда шалқасынан жатып, Дики Арманның атқосшысы болып жүргендіктен жауап алуға шақырған құқық қорғау орындарына әлеуметтік желіден сәлем жолдап жатады… Қалай өмір сүруді біледі, әрине!
Кайратиктің депутаттарға жала жапқан фейсбук пен инстаграм постының астында көзі ашық ел бізді қолдап, көптеген пікір жазуда. “Ел қамын ойлап, тіл зарын айтып жүрген ақын Қазыбек Исаның ондай заңды қолдауы мүмкін емес”, “Аманжол Әлтай кеше ғана келді емес пе, қалай ондай заңды қабылдап үлгерген?”-деген, тб белсенді депутаттарымызды да арашалап жатқан халықтың пікірлерінде Кайратбайдың шаруасы да жоқ! Тіпті менің оның атын белгілеп тұрып жазған: “Мен букмекерлікке баяғыдан қарсымын және “Қазақ үні” газетінде бұған қарсы мақала да жазғанбыз! Сондықтан, Кайрат Кудайберген мырза, бұндай күмәнді тізім жасап, оған менің, біздің атымызды қосуыңыз, біріншіден қып-қызыл жала, өйткені комитет бұндай заң қабылдаған жоқ, екіншіден ешқандай этикаға сыймайды. Сондықтан, менің атымды, яғни түгел тізімді алып тастауыңызды талап етемін!
Бізге ондай заң келген жоқ және ешкім менен ол туралы пікірімді сұраған емес."-деген жазбама да жылтыраған беті бір былқ етпеді-ау сабаздың…
Бұл неменің бізге, депутаттарға тағатын кінәсін қарасаңыз күлкіңіз келеді…
“Дәл осы кісілер букмеккерлердің, лото, бинголардың мүдделерін қорғап жүр. Қалай қолдап жүр десеңіз, ең біріншіден осы сұрақ бойынша немқұрайлығымен”-деп соғып отыр базардағы сыған қатындардай сыпылдап бал ашып…
Ал бұндай жала бұдан бірер жыл бұрын букмеккерлерге қарсы мақала жазған бізді күйдіріп жіберетін қаралау ғой!
Осыдан екі жыл бұрын мемлекет қазынасынан триллион үнемдегені үшін түрмеге түскен белгілі қайраткер Ислам Әбішевке жалақор тергеушілер мен солақай соттардың таққан айыбын оқып, таңғалып едік. “Ол пара алуға оқталды немесе пара алуды ойлады”-деген бап та болады екен біздің Қылмыс кодексінде)))). Сондай сорақы айыптаумен бес жыл арқалатып жіберген еді… Кейін сол сотың да, арандатушы тергеушің де, жала жабушы жандайшаптар да өздері қылмыс үстінде ұсталып, сотталып кетті. Енді бірі шетелде қашып жүр… Ал Ислам ағамыз маңдайы жарқырап елдің ортасында жүр. Құдай бар деген осы екен ғой!
Сол секілді құдай Құдайбергенұлын сот не тергеуші қылмағанына құдайға шүкір. Әйтпесе, бізден екі жыл бұрын қабылданып кеткен заңды сол кезде біз депутат болмасақ та, айдалада жүріп, “немқұрайлылықпен қолдағанымыз” үшін қаншама жыл арқалап кетер едік))).
“Естімеген елде көп” деген осы!))).
“Біреуге күйе жақсаң, өз қолың қап-қара болады”-дегендей, біреу емес 20 парламент депутатына күйе жағып, қолдары әбден қап-қара болған Кайрат Кудайберген Құдайдың алдында қалай ақталады екен ертең?..
Құдайға құлшылық жасайтын Қасиетті Рамазан айында біреумен ұрысу түгілі ешкімге өкпелеуге, ренжуге болмайды. Қайта бұрын ренжісіп жүрген адамдар бір-бірімен кешірім сұрасып, татуласуы тиіс!
Бірақ Кудайбергеннің құдай берген баласының құдайда да шаруасы жоқ сияқты…
“Құдайдан қорықпағаннан қорық” дегенді тауып айтқан атам қазақ дана ғой…
Қасиетті Рамазан айы болғандықтан, мен бізге жала жапқан Кайрат Кудайбергенге деген ренішімді осымен кештім…
Жалпы, оған бола ренжуге де тұрмайтын біреу екеніне көзім жетті, парақшасын қарап отырып…
Ал “Аманаттықтар” өз әріптестерін не істейтінін, мәслихатта байлықтың буына мастанып, ешкімді тыңдамайтын, ойына не келсе, соны істеп, аузына не келсе, ойланбай соны айта салатын депутаттарын орнына қоя ма, жоқ, “ақшаң болса қалтаңда- талтаңдасаң, талтаңда” дегендей тайраңдатып қоя бере ме, оны өздері білсін. Бұл олардың өздерінің партиялық ішкі шаруалары.
Он екі айдың сұлтаны - қасиетті Рамазан айында ұстаған оразамыз қабыл болсын!
Ел аман, жұрт тыныш болсын!
Қазыбек ИСА,
Қазақ үні