«Қазақ мектебін аралас қылмақшы»: ата-аналар мен мұғалімдер министр Аймағамбетовтен араша сұрайды
2022 ж. 21 сәуір
1605
0
Алматыдан 25 шақырым жердегі Талғар қаласында тағы бір қазақ мектебі жабылуы мүмкін. Жергілікті шенеуніктер Тұрар Рысқұлов атындағы №9 мектепті жаңадан салынған оқу ғимаратына көшірудің орнына жабуға мүдделі. Бұл туралы бүгін тәуелсіздіктің алғашқы жылдары құрылып, жұмыс істеп келген мектептің ата-аналары мен ұстаздары мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Бір топ ата-ана мен аталған мектептің мұғалімдері өз наразылығын бұған дейін әлеуметтік желіде жариялап, Білім және ғылым министрлігінен мәселеге араласуды сұраған. Тұрғындар қаланың тап ортасында орналасқан қазақ тілінде білім беретін мектептің жағдайыда осы күнге дейін жергілікті атқарушы билік назар аудармағанын айтып отыр. Өткен ғасырдың 60-шы жылдары балабақша ретінде салынған ғимарат 1992 жылы қазақ мектебі ретінде ашылған. Алайда, осы күнге дейін күрделі жөндеу көрмеген. Санитарлық талаптар сақтамайтын, спорт және мәдени шаралар өткізетін орындары жоқ, өте тар және ескі ғимаратта отыз жылдан бері білім алып келген оқушылар мен ұстаздар жаңа мектепке көшуден үміт үзбеген.
Талғар қаласының тұрғыны Қуаныш Айтбаевтың айтуынша, жаңа ғимаратқа көшу үміті екі жыл бұрын жылт еткен. Ол кезде ауданды басқаруға келген Жолан Омаров (2020 жылы шілдеде қайтыс болған – ред.) мектеп ұжымымен кездесіп, қалада жаңа салынып жатқан мектепке алғаш болып көшірілетінін айтыпты. Биыл желтоқсанда сол 1200 орындық заманауи мектеп пайдалануға беріледі. Алайда, қазіргі аудан басшылығы ол жерге Тұрар Рысқұлов атындағы №9 мектеп ұжымы көшпейді деген шешім қабылдаған дейді тұрғындар.
«Президент, депутаттар, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке үндеуіміз бар. Талғар қаласындағы №9 мектеп Тұрар Рысқұловтың атын иеленген. Бұл мектеп сол 60-шы жалдардан бері күрделі жөндеуден өтпеген. Тоқсаныншы жылдарға дейін балабақша болған. Содан кейін осында 300-ден астам бала білім алады. Жақында 16 желтоқсан қарсаңында Талғардың жоғарғы жағынан жаңа мектеп ашылады. Біздің жанайқайымызды естіген бұрынғы Жолан Омаров деген кісі осы жерге келіп, ата-аналармен кездесіп, оқушылармен мектеп ұжымына аталған жаңа мектепке көшетінімізді айтқан еді. Өзі уәдесін беріп, сол жаңа білім орнына Тұрар Рысқұловтың есімі беріліп, қазақша білім беретін номері 9-шы мектеп деп аталады делінген.
Ал қазір осы ауданның әкімі мен басшылық сол жаңа мектепті №25 мектеп деп атап, біздің сонша жыл күткен үмітіміз бен сенімімізге қаяу түсіріп отыр. Біз сол мектепке көшеміз, балаларымыз жаңа жерде білім алады деп күтіп жүрміз. Сосын ол қазақ мектебі емес, аралас мектеп болады деп шешім қабылданған көрінеді. Біз аралас болғанын қаламаймыз. Ол таза қазақ мектебі болсын және осы өңірден шыққан Тұрар Рысқұловтың есімімен аталсын. Бұл осы жиналған халықтың нақты талабы», - дейді Қ.Айтбаев.
Тағы бір ата-ана Айгүл Құрманқызы аталған мектеп ұжымының көптен күткен арманының орындалмайтынына WhatsApp мессенджері арқылы тарап жатқан хабарламалар дәлел дейді. Ол хабарландыруды аудандық білім бөлімі жіберіп, жаңа мектепте қазақ сыныптары ғана емес, өзге ұлттың тіліндегі сыныптар болатынын ескерткен. Яғни, мектеп аралас (орыс және қазақ сыныптары – ред.) білім орны ретінде барлық ата-аналардан өтініш қабылдамақ. Бұған наразы болған бастамашыл топ қазір түрлі органдарға хат жазып, негізінен қазақ ұлтының өкілдері қоныстанған аумақтағы білім ошағын Тұрар Рысқұлов атындағы №9 мектеп деп қалдыруды сұрап отыр. Олай болмаған жағдайда ондаған жылдық тарихы бар тағы бір қазақ мектебі жабылып қалмақ.
«Осы мектепте үш балам оқып бітірді. Қазір қызым білім алып жүр. Бұл мектептің күрделі жөндеу көрмегеніне көп жыл болды. Асханасы да кішкентай, оқушылар сабақ арасында бастырылып кезекте тұрады. Санитарлық талаптарға сай емес. Мектептің айналасындағы жол тар, сосын көліктер қатты жүреді. Бірнеше рет бала қаққан. Ал анау қасында тұрған ескі ғимараттың тұрғанына 30 жыл болды. Оған балалар кіреді. Қай күні құлап басып қалады деп алаңдаймыз. Бұл мектепте дене шынықтыру деген пән өтпейді. Себебі спорт залы жоқ, далала стадион сияқты шаңы шыққан ұлтарақтай жер ғана бар. Оған қыстың күні кім шығады? Енді салынып жатқан жаңа мектепке барамыз деп жүрсек, WhatsApp арқылы хабарлама келді. Ол жерде аралас мектеп болады, таза қазақ мектебі болмайды екенді естідік», - дейді тұрғын.
Талғар қаласының тұрғыны Бақытгүл Шормақова балаларын №8 аралас мектептен №9 қазақ мектебіне жақында ауыстырыпты. Айтуынша, аралас мектепте үнемі орыс тіліне басымдық беріліп келген. Ұлттық құндылықтар насихатталмайды дейді ол. Өзге мектепке ауысуға бір жағынан осы фактор да себеп болған.
«Менің балаларым осыған дейін №8 мектепте аралас мектепте оқыды. Ол мектепте орыс сыныптарының біліміне мән беріледі де қазақ сыныптарының білім деңгейі төмен. Сосын осы №9 мектепке ауыстырдым. Балаларымның білімі түзеліп, жаңа қырынан ашыла бастады. Бірақ, мектеп тар, жағдайы жоқ. Мұғалімдері үшін балаларымды оқытып жатырмын. Ауысар кезде жаңа ғимаратқа көшеді деп уәде берген. Алайда, уәде орындалмады. Біз әкімдіктен сол уәденің орындалуын талап етеміз: жаңа мектеп №9 Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп болып қалуы керек», - дейді Талғар ауданы.
№9 мектептің мұғалімдері де Талғар әкімдігінің бұл әрекетін түсіне алмай әлек. Тарих пәнінің мұғалімі Құрманбек Толқынұлы жергілікті билік өкілдеріне ұжым болып қазақ мектебінің болашағына қатысты бірнеше рет сауал жолдағанын айтады. Алайда, ешбірінде тұщымды жауап ала алмаған.
«Мен 2008 жылы осы мектепке жұмысқа кірдім. Бұрын біз екі ғимаратта бөлініп оқитынбыз. Сосын ол жақтағы бастауыш сыныптарды осы жалғыз ғимаратқа әкеп тықты. Сонда өзіміз кабинеттерді жасақтап, мұғалімдер дәлізге отырып, қосымша сыныптар жасадық. Әлі дәлізде отырамыз. Кеше Талғар ауданы әкімінің Instagram-парақшасынан жаңа мектепті көрдік. Олардың жәй коридоры біздің үлкен кабинетпен тең. Біз осындай жағдайда отырып, білім беріп жатырмыз. Соған қармастан, бұл мектептегі білім сапасы жоғары, қоғамдық жұмыстарға қатысып, өз дарынымызды көрсетіп жатырмыз.
Енді біздің балалар жаңа ашылатын мектепке көшеді. Ал, осы мектеп жабылып қалайын деп тұр. Мұғалімдер қайтеді? Бұл аудандағы бір қазақ мектебі жабылып, тағы бір аралас мектеп пайда болғалы отыр деген сөз ғой», - дейді ұстаз.
Талғар қаласында төрт қазақ мектебі бар. Оларда екі ауысыммен оқитын сыныптар көп. Ал, қалған №1, №5, №6, №8 мектептер аралас, одан тыс №3 және №4 таза орыс тілінде білім береді. Талғар аудандық білім бөлімінің басшысы Қарлыға Сәдуақасова дауға себеп болған мектеп оқушылары жаңа салынған №25 мектепке көшеді деп сендіреді. Бірақ мектептің мұғалімдері туралы мәселе шешемін таппаған. Ал, №9 мектеп ғимараты күрделі жөндеуден өтеді. Бірақ қашан екені белгісіз.
«Талғар қаласындағы салынып әлі қолданысқа берілмеген 1200 орындық мектепті салудағы мақсат – Талғардағы үш ауысымдық оқуды жою. Талғар қаласында 10 мектеп жұмыс істеп тұр. Оның біреуі облыстық білім басқармасына бағынатын дарынды балар мектебі, төртеуі қазақ тілді, екеуі орыс тілді, қалған үшеуі аралас, яғни қазақ-орыс тілінде білім беретін мектептер. Енді су жаңа мектеп №9 Рысқұлов атындағы мектепке беріледі деген әңгіме қозғалған емес. Талғар қаласын көпұлтты екенін ескерсек, ол жаңа мектептің оқыту тілін әлі таңдаған жоқпыз. Ол берілген жоқ. Мектептің оқушылар тізімі әлі қалыптастырылған жоқ. Ол жерге мұғалім, оқушы басқа да қызметкерлер қабылданған жоқ. Мектептің оқу тілін әлі нақты шешкен жоқпыз.
Кез-келген ата-ана өз баласының оқыту тілін өзі таңдайды. Қай ата-ана қай тілде оқытатыны қарай оқушылар тізімі жасақталған соң, сол тілде білім беріледі. Бұрынғы әкімнің (Жолан Омаровтың – ред.) кезінде айтылған уәде әңгіме жүзінде қалған. Ешқандай қаулы шықпаған, құжат та тіркелмеген. Талғардағы №1 мектепте үш ауысымды сыныптар бар. Онда 800 орын жетпей отыр. Аталған №25 мектеп желтоқсан айында пайдалануға беріледі. Сол кезде ғана біз нақты қандай тіл екенін айта аламыз. Ол ата-аналардың берген өтініші негізінде шешіледі. Ол қазақ болады, басқа болады, аралас болады деп қазір жоспарлай алмаймыз. Қазір Рысқұлов мекбетін онда көшіре алмаймыз, себебі ол өте керемет жабдықталған, оны мектеп-гимназия деп ашсақ деп жоспарлап отырмыз. Ол ұлтына, біліміне қарамай тереңдетіп оқытатын жақсы мектеп болады. Қаланың ұлттық құрамына қарасақ, әрине қазақтар көбірек», - дейді аудандық білім бөлімінің жетекшісі.
ДЕРЕК ҮШІН:
Аудан халқының саны 196 567 адам (2019), ұлттық құрамы: қазақтар (63,77%), орыстар (18,25%), ұйғырлар (9,69%), түріктер (2,57%), әзірбайжандар (1,60%), күрдтер (0,77%), татарлар (0,56%), корейлер (0,44%), немістер (0,42%), өзбектер (0,36%), гректер (0,30%), украиндар (0,20%), қырғыздар (0,18%), поляктар (0,12%), шешендер (0,13%), дүңгендер (0,02%), беларустар (0,03%), басқалары (0,59%).
Біз редакция атынан жоғарыдағы ата-аналар мен мұғалімдердің талабын ескере отырып, ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Алматы облысы әкімдігіне төмендегі сауалды жолдаймыз:
Қазақтар 63% тұратын қалада қанша аралас мектеп болу керек? Аралас мектептер ашу қандай критерилерге сүйеніп қабылданады?