Партия беделі – белсенділігі мен нақты ісінде
2024 ж. 28 ақпан
1400
0
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы бірінші қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» деген тақырыптағы халыққа жолдауында: «Егер азаматтарымыздың әл-ауқатын шын мәнінде жақсартқымыз келсе, олардың өздерін осы іске белсенді түрде тартқан жөн. Алдағы саяси реформалардың барлығы халықты мемлекет басқару ісіне кеңінен қатыстыруға бағытталуы керек» делінген. Мемлекет басшысының бұл Жолдауында айтылған ұсыныс халықтың белсенділігін арттыру мен мемлекеттік іске араласуына жол ашып, әрбір қоғамдық ұйымдардың елдің дамуына өз үлестерін қосуға мүмкіндік береді. Демек белгілі бір қоғамдық ұйымдар арқылы әрбір адам өзі ой-пікірін ұсынып, қоғамның дамуына тікелей ықпал ете алады.
Демократиялық қоғам құруды мақсат тұтқан біздің елімізде оның алғы шарттары біртіндеп іске аса бастағанын да байқауға болады. Демократия дегеніміз жалпы қоғамды, мемлекетті сол қоғамның мүшелері - халықтың өзі басқару болып табылатыны ежелден белгілі. Ол көп жағдайда қоғамдық ұйымдар мен халықтың үніне құлақ асатын мемлекеттік органдар арқылы жүзеге асуға тиісті.
Неге қоғамдық ұйымдар арқылы? «Жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпас» - дейді халық даналығы. «Жалғыз ағаш үй болмас, жалғыз жігіт би болмас» дегенді де айтқан сол ата-бабаларымыз. Бабалардан ұрпағына жеткен бұл ғибрат - жалғыздың ісі өнбейді, топтасып, ұйымдасып атқарған істің берекесі мол, нәтижесі жоғары болады дегенді меңзейді. Бұл ғасырлық тәжірибеден түйіндеген қоғамдасып өмір сүрудің қағидасы іспетті.
Кейбір деректерге қарағанда біздің елімізде 22 мыңнан аса түрлі қоғамдық ұйымдар бар екен. Оның қатарында түрлі бірлестіктер, партиялар, кәсіподақ, ғылыми, мәдени, діни және өзге де қоғамдық ұйымдар бар. Солардың ішінен партияларды ерекше бөліп айтуға болады. Өйткені партиялар өз қатарына көптеген халық өкілдерін топтастырып, олардың әлеуметтік-тұрмыстық мүдделерін ғана емес, сонымен қатар саяси талаптарын да білдіреді. Бүгінгі күні саяси партиялардың ықпалы әлем бойынша артып отыр. Барлық дамыған елдерде партиялар шешуші рөл атқарады, олар елдің ішкі және сыртқы саясатына дейін тікелей араласып, өз ұсыныстарын енгізіп отырады.
Партия деген ұғым – идеялық көзқарастары, көздеген мақсаттарының ортақтығы негізінде біріккен адамдар тобы болып табылатыны белгілі. Партиялардың көп болғаны халықтың белсенділігінің белгісі десек қателеспейміз. Біздің елімізде де көп партиялы жүйе құру қолға алына бастады. Сол партиялар өз өкілдерін мемлекеттік жоғары лауазымды орындарға ұсыну арқылы елімізді басқаруға қатыса алады. Әсіресе түрлі партиялар өкілдерінің Қазақстан Парламенті (Сенат, Мәжіліс) депутаттығына сайлану мүмкіндігін айтуға болады. Рас, алғашқы жылдар, тіпті күні бүгінге дейін «Нұр Отан» қазір «Аманат» аталған билік партиясы Парламенттегі басым көпшілікке ие болып келгені белгілі. Мысалы, соңғы жетінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің сайлауы 2021 жылғы 10 қаңтарда өтті. Сайлауға қатысқан бес партияның үшеуі сайлаушылардың 7 пайыздан астамының дауысына ие болып, Парламент Мәжілісінің құрамына кірді. «Nur Otan» (Аманат) партиясы (71,09%), Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы (10,95 %) және Қазақстан Халық партиясы (9,10 %) сайлаушылардың дауысын жинады. «Нұр Отан» партиясынан Парламент Мәжілісінде 76, «Ақ жол» партиясынан 12, Қазақстан Халық партиясынан 10 депутат, Қазақстан халқы Ассамблеясынан 9 депутат сайланды. Соңғы жылдар барлық партияларға тең мүмкіндік қарастырылуы керектігі жөнінде қоғамда жиі айтылып, мемлекет басшысы да бұл ұсынысты қолдап, олардың Мәжілістегі басқа партиялардың да саны біртіндеп артып келеді.
Бұған дейін отыз жылдай, Қазақстанда суперпрезиденттік басқару жүйесі қалыптасқаны белгілі. Еліміз егемендік алған бастапқы кезеңінде мемлекетімізге мұндай басқару жүйесі бәлкім қажет болған да шығар. Бірақ, өмір бір орында тұрмайды, үнемі қозғалыста, үнемі дамуда. Бүкіл әлем, еліміз де өзгеруде, сондықтан саяси жүйе де жаңа жағдайларға бейімделуге міндетті. «Қазір бізде барлығы Президентке келіп тіреледі. Бұл – дұрыс емес. Біртіндеп бұдан бас тартуымыз қажет. Мен үшін мемлекеттің ұзақмерзімді мүддесі биліктің қосымша мүмкіндіктеріне және уақытша ықпалына қарағанда әлдеқайда маңыздырақ. Мен бүгін еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасын ұсынғалы отырмын. Бұл құжат, ең алдымен, қоғамның қажеттілігіне және сұранысына негізделген» - деді Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жақындағы «Жаңа қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты халыққа үндеуінде.
Расында саяси жаңғыру болмаса, елімізді қарышты дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгерістер жасау мүмкін емес. Сондықтан да мемлекет басшысы соңғы екі жарым жылдың ішінде саяси реформалардың төрт топтамасын ұсынған болатын. Соған орай қоғамды одан әрі демократияландыруға бағытталған бірқатар маңызды бастамалар жүзеге аса бастады. Тек саясат саласының өзінде оннан астам заң қабылданғанын білеміз. Мысалы, соның бірі сөз бостандығына қатысты бейбіт жиналыстар туралы жаңа, демократиялық заңды айтсақ болады. Бұл қабылданған заң белсенді азаматтарға, оның ішінде оппозициялық көзқарастағы қоғам белсенділеріне еш кедергісіз шеру өткізуіне, сол жерде өз ой-пікірлерін емін-еркін айтуына мүмкіндік берді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Aманат» партиясының қаңтар айындағы съезінде ұйымның төрағалығынан биыл бас тартатыннн мәлімдеген болатын. «Партияның мемлекеттік аппаратқа кірігуіне мүлдем жол бермеген жөн. Саясаттағы монополия түрлі әлеуметтік кеселді туындататыны және мемлекетті дағдарысқа ұшырататыны анық. Саяси үстемдікке барынша шектеу қою қажет. Президент өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұруға міндетті екенін заң жүзінде рәсімдеуді ұсынамын. Бұл норма саяси бәсекені арттырып, барлық партияның дамуына бірдей жағдай жасайды» -деді сол ойын нақтылаған Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында.
Партиялық жүйені дамыту адал әрі еркін саяси бәсеке болуын қамтамасыз етуден бастау алатыны белгілі. Бір партияның басымдылығы саяси тоқырауға әкеледі. Партияларды институционалдық және ұйымдастырушылық жағынан дамытуға барынша қолайлы жағдай жасалуы аса қажет. Осыған байланысты Президент партияларды тіркеу рәсімін едәуір жеңілдетіп, оның тіркеу шегін 4 есеге – 20 мыңнан 5 мың адамға азайтуды ұсынды. Мемлекет басшысының ұсынысы бойынша өңірлердегі өкілдер саны 600-ден 200 адамға төмендетіліп, партия құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең төменгі саны үштен бірге, 1000-нан 700 адамға азаяды. Сондай-ақ, құрылтай съезін өткізуге және филиалдарды құруға берілетін уақыт ұзартылды. Бұл еліміздегі саяси кеңістікті дамыту үдерісін едәуір жандандырады және сайлаушылардың көптеген мәселесін жедел жеткізіп, дер кезінде тиімді шешуге қабілетті жаңа партиялардың пайда болуына оң ықпал етеді.
Партиялардың дамуына, ықпалының артуына сайлау жүйесінің де маңызы зор. Соны бірінші кезекте есекерген мемлекет басшысы халықтың сенім мандатына ие болған депутаттарға жоғары жауапкершілік жүктелетінін, олар мемлекетімізді өркендету ісіне белсене атсалысуға тиісті екенін ерекше атады. Осыған байланысты Сенатты жасақтау тәртібін және оның бірқатар функциясын қайта қарауды ұсынды. Бүгінге дейін жоғарғы палата 49 депутаттан құралып келді. Оның қатарында әр өңірден екі сенатор және 15 сенаторды Президент тағайындайтын. Бұл жүйе аймақтардың ерекшелігін ескеруге және заң шығару барысына Мемлекет басшысының тікелей ықпал етуіне мүмкіндік берді. Президент Сенаттағы квотасын 15-тен 10 депутатқа дейін азайту туралы шешім қабылдады. Оның бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясы қазіргідей сайламайды, тек ұсынатын болады. «Парламенттің төменгі палатасында еліміздегі түрлі саяси көзқарастар көрініс табуға тиіс. Ешкімге жасанды артықшылық берілмеуі керек. Осылайша, біз Қазақстан халқы Ассамблеясының Мәжілістегі квотасын жоямыз. Менің ойымша, бұл – саяси жағынан да, заңдық тұрғыдан да дұрыс қадам. Бұл квота Сенатқа ауысады және 9-дан 5 депутатқа дейін кемиді. Соның нәтижесінде Мәжілістегі депутаттардың жалпы саны азаяды» - деді Президент.
«АҚ ЖОЛ» – АЛАШ ҰЛТТЫҚ ПАРТИЯСЫНЫҢ ІЗБАСАРЫ
«Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы – Қазақстандағы саяси партия, өзін «сындарлы оппозиция», бизнес партиясы және ХХ ғасыр басындағы «Алаш» қозғалысының ізбасары деген ұстанымын ашық жариялаған бірегей ұжым. Жасыратыны жоқ, арамызда өзгелерге жалтақтап, ұлттық идеологияға салқын қарайтындар әлі де жетерлік. Бұл жөнінен ақжолдықтардың шешімін батыл қадам деп айтуға тұрарлық. Әрине, «Ақ жол» партиясы да өзгелер сияқты көптеген қиындықтар мен саяси сынақтардан өтті. Бүгінгідей ел арасындағы жоғары беделге жету үшін жылдар бойы халыққа қажырлы қызмет етіп, тер төгуге тура келді. «Ақ жол» партиясының құрылғанына 20 жыл болды. Өзінің нақты істерімен бұқараның сеніміне ие болған партия болашағынан үлкен үміт күттіреді.
«Ақ жол» демократиялық партиясы әділет органдарында сонау 2002 жылғы 3 сәуірде тіркелген-ді. «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы» қоғамдық бірлестігінің тең төрағалары болып Болат Әбілов, Әлихан Бәйменов, Ораз Жандосов сайланды. 2003 жылғы 9 қарашада өткен «Ақ жол» ҚДП III құрылтайында «Ақ жол» партиясының тең төрағаларының саны 5 адамға дейін артып, тең төрағалары болып қосымша Людмила Жуланова мен Алтынбек Сәрсенбайұлы сайланды. 2005 жылы 13 наурызда «Ақ жол» ҚДП V құрылтайы «Ақ жолдың» тең төрағалар институтын тарату туралы қаулы қабылданып, ал партияның төрағасы болып Әлихан Бәйменов сайланды. 2004 жылы Мәжіліс сайлауында ресми деректер бойынша партия 12,04% дауыс алып, 1 ғана мандатқа ие болды. 2007 жылы Мәжіліс сайлауында партия 3,09 % дауыс жинап, Парламентке өтпей қалды.
2011 жылғы 2 шілдеде партияның Астанада өткен құрылтайында «Ақ жол» ҚДП төрағасы болып бірауыздан «Атамекен» Ұлттық Экономикалық палатасының басшысы Перуашев Азат Тұрлыбекұлы сайланды. Осы сәттен бастап партия өз қызметінің ұйымдастырушылық, кадрлық, идеологиялық, зияткерлік негіздерін түбегейлі жаңартуды жүзеге асырып, өз дамуының сапалы жаңа деңгейіне қол жеткізді. «Ақ жол» партиясының қатарына бизнес өкілдері белсенді түрде кірді. Өйткені партия кәсіпкерлерді қолдауға тұрақты көңіл бөле бастаған-ды.
2012 жылдан бастап «Ақ жол» ҚДП парламенттік партия болып саналады, Мәжілісте өздерінің депутаттық фракциясы жұмыс істейді. 2012 жылғы сайлау қорытындысы бойынша партия сайлаушылардың 7,47 % дауысын жинап, 8 депутаттық мандат, 2016 жылғы сайлауда партия 7 мандатқа ие болды. Партия өз жұмысын белсенді жүргізуінің арқасында 2021 жылғы сайлау қорытындысы бойынша 12 мандатқа қол жеткізді. Бұл ұжымның ел арасында беделінің көтеріле бастағанын көрсетсе керек. Парламенттік сайлаумен қатар барлық деңгейдегі жергілікті мәслихаттарға да сайлау өтіп, оның нәтижелері бойынша «Ақ жол» партиясының 222 өкілі мәслихаттардың депутаттары болып сайланды. Оның ішінде: 39 – облыстық, 65 – қалалық, 118 – аудандық мәслихаттың депутаттары бар. Аталмыш жылда елімізде алғаш рет аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың және ауылдық округтердің әкімдерін сайлау өткізілді. Оның қорытындысы бойынша әкімдер лауазымына «Ақ жол» партиясының 11 өкілі сайланды. Бұл жақсы көрсеткіш деп айтуға болады.
Қазір «Ақ жол» ҚДП-ның облыс орталықтарында және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында 17 филиалы, Жезқазған, Семей қалаларында 2 өкілдігі бар. Партия мүшелерінің саны толық емес есеп бойынша 255 мыңнан асты. Оның 11 пайыздан астамы жастар.
«Ақ жол» демократиялық партиясының негізгі мақсаты – әрбір азаматтың еркін дамуы, оның құқықтары мен бостандықтарының сақталуы, барлық қазақстандықтардың өмір сүру сапасы мен деңгейін ұдайы арттыру үшін, сондай-ақ Қазақстан қоғамы мен мемлекетінің экономикалық, әлеуметтік және саяси прогресіне қол жеткізу үшін қажетті жағдайлар жасау болып табылады, Қазақстанда бәсекеге қабілетті және нарықтық экономика құрудың, жеке кәсіпкерлікті, ең алдымен шағын және орта бизнесті жан-жақты қолдаудың табанды жақтаушысы. Сондықтан да «Ақ жол» партиясының әлеуметтік тірегі – қалыптасқан және дербес орта тап, оның ұйытқысы отандық зиялы қауым және кәсіпкерлер.
Партия ұлттық мемлекеттіліктің қалыптасуының іргелі негіздерін қалаған және ұлттық мүдделерді әлемдік өркениеттің үздік жетістіктерімен ұштастыру негізінде қазақ қоғамын еуропалық жолмен жаңғыртуды өзінің мақсаты етіп қойған «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының ізбасары болып табылады. Партия Алаш идеясын тарату жөнінде арнайы бағдарламалар әзірлеп, оны жүзеге асыру жөнінде жүйелі түрде іс-шаралар өткізіп тұрады. Енді «Ақ жол» партиясының осы бағытта өткізген нақты іс-шарларынан бір ғана мысал келтіре кетейік.
«Ақ жол» партиясының ұйымдастыруымен елімізде жыл сайын «ХХІ ғасырдағы Алаштың ақ жолы» жалпыұлттық байқауы өткізіледі. Алаш қозғалысының саяси тәжірибесін, экономикалық бағдарламасын және рухани мұрасын қазіргі Қазақстан қоғамын жаңғырту контексінде зерделеу мен насихаттауды басты мақсат еткен байқауға Алаш қозғалысын және тарихын зерттеп жүрген 18-35 жас аралығындағы Қазақстан және шетел азаматтары өздерінің жеке жұмыстарын байқауға ұсынады.
Соңғы байқау Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы: Алаш идеялары іс жүзінде, Қазақ меценаттары және олардың Алаш қозғалысын қолдау жолындағы қызметі, Алаш қайраткерлерінің Қазақстандағы ашаршылықпен күресі, Алаш қозғалысының аз зерттелген және беймәлім тұстары атты номинациялары бойынша өтізілді. Байқауда қазіргі заманғы қазақ мемлекеттігін дамытудағы Алаш көшбасшыларының саяси және экономикалық тұжырымдамаларының өзектілігі, Алаш және ұлттық мүддені қорғау, Алаш және ел аумағының тұтастығы, Алаш және замануи сын-қатерлер, Алаш және ұлттың жаңа болмысы, Алаш және әлеуметтік әділеттілік, Алаш қозғалысындағы «ақтаңдақтар», Алаштың белгісіз есімдері, Қазақ кәсіпкерлері – ұлт-азаттық қозғалысының қаржылық тірегі, ХХ ғасыр басындағы ұлттық баспасөздің қалыптасуы және оның демеушілері сияқты ауқымды тақырыптар қамтылған. Әділ қазылар шешімімен жеңімпаздар әдеттегідей қомақты қаржылай және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Байқаудың ашылу салтанатында «Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев байқаудың идеологиялық маңызы, Алаш тақырыбын кеңінен насихаттау партияның басты мақсаттарының бірі екенін айтып өтті.
– «XXI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» жалпыұлттық байқауын осымен 10-шы мәрте ұйымдастырып отырмыз. «Ақ жол» партиясы кешегі «Алаш» партиясының рухани ізбасары ретінде Қазақ елі тәуелсіздігін ту етіп көтеріп келеді. Бұл туралы «Ақ жол» Демократиялық партиясының Саяси бағдарламасында да жазылған. Осы жылдар аралығында біз бұл конкурстан бөлек, көптеген шараларды атқара алдық. Олардың қатарында Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның көптомдығын шығарудан бастап, сонау Петерборда ескерткіш тақтасын орнатуға дейін, ауыз толтырып айтуға болатындай сүбелі істерді жүзеге асырдық. Парламент Мәжілісінде құрылғанына 12 жылдан астам уақыт болған «Ақ жол» фракциясы Алаш тақырыбын арқау етіп 30-дан астам депутаттық сауал жасады. Олардың ішінде Алаш үкіметінің 100 жылдығы мен оның көсемі Әлихан Бөкей¬ханның 150 жылдығын еліміз бойынша кеңінен атап өту туралы, Мағжан оқуларын жыл сайын өткізу секілді көптеген өте маңызды мәселелер көтерілген. Осының бәрі біздің Алаш аманатына адал екеніміздің айғағы. Біз осы байқаудан заманауи саясатқа, оның ішінде мемлекеттік құрылысқа, нарықтық экономикаға, парламентаризм мен демократия дамуына өзекті ұсыныстарды күтеміз, – деді Азат Тұрлыбекұлы. Партия жетекшісінің байқаудағы осы бір кіріспе сөзінен-ақ «Ақ жол» партиясының өздеріне ұлттық идеологияны басты бағыт етіп алған Алаш аманатына адал екендіктерін бірден аңғаруға болады.
КӘСІП БАР ЖЕРДЕ – НӘСІП БАР
Алдында «Ақ жол» партиясының Қазақстанда бәсекеге қабілетті және нарықтық экономика құрудың, жеке кәсіпкерлікті, ең алдымен шағын және орта бизнесті жан-жақты қолдаудың табанды жақтаушысы екенін айттық. Осы бағытта ақжолдық депутаттық фракциясы үкіметке жүздеген депутаттық сауалдар жолдап, көпшілікті толғандырған мәселелерді шешуге мұрындық болып келеді. Арғысына бармай-ақ соңғы кезде жолданған ақжолдық депутаттардың бірнеше сауалын атай кетейік.
«Ақ жол» кірме темір жолдардың монополистеріне шара қолдануды талап етіп, ҚР Премьер-Министріне, ҚР Бас прокурорына, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасына депутаттық сауал жолдады. Онда кірме темір жолдарды жекешелендіріп алған кәсіпорындар бағаны ондаған, тіпті жүздеген есе көтеріп алғандығы туралы, бұл мәселені бұрындар да көтергендіктері туралы айтып, шұғыл шара қолдануды талап етті. Жолдауға орай мәселе оң шешілді. Құзырлы орындар депутаттық сауал бойынша тексерулер жүргізіп, шектен шыққан бағларды түсіруге ықпал етті.
Үстіміздегі жылдың наурыз айының басында «Ақ жол» депутаттары балалар дәрігерлері мәселесін көтеріп, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е. Тоғжановқа сауал жолдады. «Ақжол» фракциясының мүшесі Д. Еспаева Мемлекет Басшысының тапсырмаларын орындау және бүгінгі күні тапшы болып отырған балалар дәрігерлерін даярлау мәселесін шешуді талап етті. Бұл проблема әсіресе шалғай өңірлерде жиі байқалады.
Айта кетсек, 2016 жылы да фракция медициналық жоғары оқу орындарында «педиатрия» мамандығының жойылуын сынға алған-ды. Кейіннен, 10 жылдық үзілістен кейін 2017 жылы педиатрия факультеттері қалпына келтірілді. Алайда, бүгінде «педиатрия» мамандығы бойынша кадрлар даярлау мәселелерінде әлі де елеулі олқылықтар бар. Осы мәселеге байланысты «Ақ жол» депутаттық фракциясы үкіметтен бірінші кезекте педиатрия бойынша мамандарды даярлауға бағытталатын жалпы Қазақстан бойынша педиатриялық қызметті дамытудың стратегиялық жоспарын әзірлеуді, екінші – бакалавр және жоғары оқу орнынан кейінгі дайындық кезеңінде балалар мамандарын даярлау үшін үлгілік оқу жоспарларын жеке енгізуді, үшінші – тапшы бағыттар бойынша балалар мамандықтары үшін жеке гранттар ұсынуды қарастыру, оның ішінде – бакалаврдан бастап жоғары мамандандырылған интернатура мен резидентураға дейін барлық мемлекеттік медициналық жоғары оқу орындарында педиатриялық факультеттердің толық көлемде жандануын қарауды, төртінші – Интернатурада жалпы практика дәрігерлерін бағдарламаларда даярлау кезінде «педиатрия» бойынша кредиттер санын ұлғайтуды, бесінші – педиатриядағы міндеттерді шешу үшін ғылыми-зерттеу институттарын, сондай-ақ мемлекеттік медициналық жоғары оқу орындарын тарта отырып, балалар аурулары бойынша ғылыми жобалардың үлесін ұлғайтуды сұрады.
Ақпан айында «Ақ жол» партиясы «Қарашаңырақ – ауылға қамқорлық қажет!» деп дабыл қағып, Премьер-Министр Ә.Смайыловқа депутаттық сауал жолдады. Сауалда қаламен салыстырғанда, ауыл тұрғындарының табыс деңгейі айтарлықтай төмендігі мен қала мен ауылдың әр тұрғыны есебімен бюджеттен қаражат бөлуде теңсіздік бары айтылды. «Егер біз болашағымызды ойласақ, ауылды сақтауымыз керек. Тек сақтап қана қоймай, оны бүгінгі заманның талабына сай көркейтуіміз қажет. Ауылдың жағдайы жақсы болса, қазақтың да төрт құбыласы тең болады» делінген депутаттық сауалда. Сол сияқты АӨК-ке берілетін субсидияны жоқ дегенде 2-3 есеге көбейтіп, мал шаруашылығын дамытуда Қазақстанның өркендеуінің ұлттық жоспарын жасауды ұсынды.
Әрине, «Ақ жол» партиясы жолдаған депутаттық сауалдарды түгел тізіп шығу мүмкін емес. Осы тұста мына бір қызық дерекке назар аудара кетсек. Жетінші сайланған Мәжіліс депутаттары барлығы 422 сауал жолдапты. Соның жартысынан көбін ақжолдық депутаттар жолдаған екен. «Ақ жол» Қазақстан Демократиялық партиясының фракциясы депутаттары Серік Ерубаев (124) пен Қазыбек Иса (123) көш бастап тұр. Бұл саны жағынан аз болса да ақжолдық депутаттардың белсенділігін, өз міндетіне деген жоғары жауапкершілігін көрсетеді.
ДЕПУТАТ ХАЛЫҚ КӨҢІЛ-КҮЙІН ДӨП БАСУЫ КЕРЕК
Партия бұқараның белгілі бір тобы. Ал сол партиядан ұсынылған депутаттар халықтың қалаулылары болып табылады. Сондықтан депутаттар халықтың мұқ-мұқтажын тұрақты ескеріп, оның көңіл-күйін дөп басуға тиісті.
Биылғы қаңтардағы қанды қасірет бүкіл елімізді дүр сілкіндіріп, мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғандар ең қасиетті Тәуелсіздігіміздің өзін құрбан ете жаздады. Осы қатерлі кезеңде «Ақ жол» депутаттары халықпен кездесіп, белсенділік көрсетті. Мәжіліс депутаты, қоғам қайраткері, белгілі ақын Қазыбек Иса ҚР Бас прокуроры Ғ. Нұрдәулетовке, ҚР Президенті жанындағы Адам құқы жөніндегі уәкіл Э.Азимоваға депутаттық сауал жолдап, «Мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғандар түгел анықталуы тиіс!» деген талап қойды. Қаңтардағы қырғында 227 адам қаза тапты. Жалпы 4500-ден астам адам зардап шегіп, 4353 адам түрлі жарақат алған. «Мұндай қасиетті қазақ тарихына қара таңба салған қанды қасірет қайта қайталанбауы үшін, Мемлекеттік төңкерісті жасамақ болған кімдер, басшысы кім, қосшысы кім, орындаушылары кімдер, бәрі толық анықталып, түгел жауапқа тартылуы тиіс!» - деді Қазыбек Иса. Мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті толық тергеліп біткен соң, оның нәтижесін бүкіл ел білуі үшін Парламенттік тыңдау өткізу керектігін алға тартты.
Парламенттегі депутаттық сауалдардан соң Мәжілістің жалпы отырысында Бас прокурор бастаған күштік құрылымдар басшыларының барлығы келіп есеп берді. Бұл отырыста да депутат Қазыбек Иса осы мәселеге қатысты көлемді баяндама жасап, қазынаға бай, кенге толы елде кедейшілік болмауы тиіс, кедейліктен көшеге шығудың соңы не болғанын қанды қаңтар көрсеткенін, халық ақиқаттың айтылуын күтіп отырғанын жеткізді. «Елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту үшін, мемлекетшілдік-ұлтшылдық сана қалыптастырып, саяси ұстанымымыз берік болуы үшін ең алдымен 30 жыл күткен Ұлттық идеологиямызды жолға қою – ең басты міндетіміз болуы тиіс! Ұлттық идеологиялық концепция қабылдауға тиіспіз! Қасірет қайталанбас үшін ұлттық келісім жасалуы керек» - деді депутат. Бұдан бөлек қайғылы қаңтар кезінде ауыр қылмыстарға қатысы жоқ ұсталғандарды босату керектігі туралы және тағы да басқа сауалдар жолданды.
Көп партиялы демократиялық қоғам құруға бет бұрғанымыз анық.Бірақ сол партиялардың халық алдындағы беделі жоғары болғанын қалар едік. Партияның беделі оның белсенділігі мен нақты ісіне байланысты екені де белгілі. Бұл жөнінен «Ақ жол» партиясына халықтың айтар алғысы ерекше деп білеміз. Алаш партиясының аманатын арқалаған ақжолдықтарға ел құрметіне бөлене беріңдер деген тілегімізді білдіргіміз келеді.
Бек МЫРЗАҰЛЫ
Алматы қаласы
qazaquni.kz