Талай мәселенің шешімі табылды
2022 ж. 22 наурыз
1392
0
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі Жолдауы көңілге біраз ой салды. Елде қалыптасқан жағдайға байланысты мұның алдында өзекті мәселелерді сөз етіп, олардың шешілу жолдарын нақты көрсетіп келе жатқаны бәріңізге аян. Қаңтар оқиғасы тағы да біраз сөз болды. Менің ойымша, елдегі көп мәселе жұмыссыздықтан туындап отыр. Жұмыссыз жастардың бәрі арнайы ұйымдасқан топтардың артына еріп кете беретіні белгілі ғой... Жұмыссыздық орайында нәтижелі жұмыстардың атқарылып жатқаны белгілі. Дегенмен, қазірде 60-70 мың теңге жалақы алатын жұмыс орындары жастарды қызықтырмайды. Бүгінгідей қымбатшылық жайлаған заманда бұл жалақымен ешкімді жұмыспен қамти алмайсыз.
Жұмыссыздық жағдайын оңтайлы шешіп, бірізді жолға қою үшін ауыл демей, қала демей, әркім кемі 200 мың теңге жалақы алатындай жұмыс орындарын ұйымдастыру қажет. Ол үшін бүкіл еліміз бойынша жүзеге асыратын "Жаппай жұмыспен қамту" бағдарламасын қолға алу керек. Ауылдағы жұмыстану мәселесін де жолға қоймайынша қалаға ағыла беретін көшті тоқтата алмаймыз. Мәселенің көбі осыдан туындайды. Ал жаңа бағдарлама талай мәселенің шешімін табар еді.
"50-де 50" деген ұстаныммен 200 мың теңге жалақының жартысын жұмыс орны, жартысын Жұмыспен қамту орындары арқылы мемлекет өз мойнына алуы керек. Бұл орайда мемлекет шығынға отыра қоймайды. Әр нәрсенің соңғы жағын ойлау қажет. Кешегі Қасіретті қаңтар оқиғасы елімізді қаншама шығынға ұшыратқанын білесіздер. Оның тіпті саяси жағы да адам шошытқандай еді. Осындай жағдайлар қайталанбас үшін нақты жүзеге асатын жұмыстар атқарылуы керек. Елде тыныштық болу үшін жастарға нақты жағдай жасаған жөн. Қазір бәрі жалақы мен нақты табысқа келіп тірелетіндіктен, шығын жағын ойлай бермей, болашақты ойлау керек.
Сіз болып, біз болып, алға қойған ортақ мәселелердің жүзеге асуына бір адамдай атсалысайық дегім келеді.
Әнуарбек ӘУЕЛБЕК
qazaquni.kz