ҰЛЖАН ҰЛЫСЫ
2022 ж. 22 наурыз
1569
2
Адамзат атаулының негізгі өмір сүру ортасы қоғам болып табылатыны баршаға аян. Қоғамдасып ғұмыр кешу арқылы ғана өсіп-өніп, бүгінгі дамыған ғасырға жетіп отыр. Тіпті алғашқы қауымдастық дәуірде, біздер қазір кемсітіп айтатындай, үңгірде өмір сүргеннің өзінде ұжымдасудың арқасында жан-жағын қоршаған жабайы аңдардан, көптеген қауіп-қатерден қорғанып келген. Қоғамның маңызы бүгінгі күні де арта түспесе бір мысқал кеміген жоқ. Мықты деген мемлекеттің өзі осындай ірілі-уақты бірлестіктерден, қоғамдардан, қауымдастықтардан құралады. Бүгінгі әңгімеміз Алматы қаласы Алатау ауданына қарасты «Ұлжан» ықшамауданы қоғамдық бірлестігі жайында болмақшы.
ӨТКЕН КҮННЕН БЕЛГІ БАР
Ұлжан ықшамауданының тарихы Тәуелсіздік жылдарымен тығыз байланысты. Оның негізі 1991 жылы қалана бастады. Бастапқыда Әуезов ауданы, кейін Жетісу ауданы құрамында болған Ұлжан ықшамауданы облысқа қараған елді мекендерді қалаға кіргізуге байланысты жаңадан ұйымдастырылған Алатау ауданы санатына енгізілді.
Сол кездегі қала басшылығының ұйғарымымен бұл жерде коттеджді қалашық салыну жоспарланған болатын. Сөйтіп шаһардағы жылдар бойы кезекте тұрған адамдардың баспана мәселесін шешу мақсатында құрылыс басталып кеткен-ді. Алайда бұл жоспарды бірден іске асыру мүмкін болмай қалды. «Көңілдегі нарықты базардағы баға бұзады» демекші, әлемдегі алып елдердің бірі – Кеңестер одағы тарқап, егемендік алған алғашқы жылдарда одақ құрамында болған барлық республикалардың экономикалық, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы күрт төмендеп кетті. Соның салдарынан «Байтал түгіл бас қайғы» болған жылдарды бастан өткердік. Оған бұрынғы одақ бойынша өзара экономикалық байланыстардың үзілуі, өндіріс атаулының тоқтауы себеп болды.
Қала тұрғындарының көбісі жұмыссыз қалып, тіпті зейнеткерлерге беретін ақша таппаған қиын кезеңдерде жұрт баспана салмақ түгіл бала-шағасын асыраудың өзі мұң болғаны белгілі. Сондықтан үй салуға бөлінген жер телімдердің көбісі игерілмей алғашқы жылдар бос жатып қалған-ды. Қолдарынан келгендер ғана шағын екі бөлмелі баспана салып күнелтті. Ол кезде асфальт жол, орталықтындырылған су торабы, заманауи мектеп, балабақша туралы армандаудың өзі артық болатын. Оқушылар «Ұлжаннан» үш-төрт шақырымдай орналасқан «Дорожник», «Айнабұлақ» ықшамаудандарындағы мектепке жаяу барып оқитын. Жолай бұзақылар ұрып кетпес үшін, ашық жатқан далада жабайы иттер талап тастамасы үшін ата-аналар балаларын кезектесіп мектепке жетектеп апарып, әкелетін.
Қала бюджетінде қаржы тапшы болғандықтан күрделі құрылыс салу түгіл, қаланың орталық көшелеріндегі жолдардың өзі уақытында жөнделмей шұрық-тесік болып жататын. Ауыз сусыз, жолсыз жерде өмір сүру де оңай емес. Қала есебінде болғанмен шаһардың шетіндегі елді мекенге баса назар аударылмаған-ды. Жұмыссыз қалған адамдар жақын жерде орналасқан «Барахолка» атанып кеткен базарда сауда жасап, күнделікті тамағын тауып жейтін. Қалаға қатынайтын қоғамдық көлік атымен жоқ болғандықтан тұрғындар Үлкен Алматы өзенінің арғы бетіндегі «Шаңырақ» ықшамауданына немесе қәзіргі Әлихан Бөкейхан көшесіне дейін бірнеше шақырым жаяулатып баратын.
Тоқсаныншы жылдардың басында тұрғындардың талабын орындауға, әлеуметтік жағдайын түзеуге қала қоржынында қаржы болмағандықтан тұрғындар өз әлінше өмір сүруге тырысып бақты. Әсіресе қалаға енді қосылған елді мекен тұрғындары қиындықты көп көрді. Ұжымдасып өз жағдайларын өздері ойлауға тура келген-ді. Ұлжан тұрғындары бұқаралық ақпарат құралдары арқылы естігенмен, демократия дегеннің не екенін қолмен ұстап көрмесе де өз орталарынан төраға сайлап, ықшам ауданның қолдан келер мәселелерін өздері шешуге тырысты. Бүгінгі тілмен айтқанда жергілікті өзін-өзі басқару комитетін құрып, оған тұрғындар арасынан белсенді азаматтарды тартып, іске кірісті. «Ұлжан ұлысы» деп аталатын бұл қоғамдық бірлестік қатарында Сейсебек Егесінов, Пернеш Сәрсенбекова, Қарлығаш Назарбекова, Асылша Иминова, Майгүл Иманқұлова, Мейрамхан Әмірқұлова, Сәбетгүл Абызова, Николай Пухов, Айгүл Тоянова, Адалат Палтаева, Бақыт Рымханова, Ләйла Масанова, Оразхан Әміржанова, Дәметкен Түркебаева, Майра Жұматаева секілді ауыл белсенділері көптеген жұмыстар атқарды.
Әрине, шешетін мәселе өте көп, ал қаржы тапшы. Соған қарамастан бірігіп, қасындағы Үлкен Алматы өзені бойынан қиыршық тастарды техника жалдап, жауын жауса езіліп жататын жолдарға төсеп, ықшамаудандағы тазалықты өз қолдарымен жасады. Сенбіліктер ұйымдастырып, көше бойына ағаштар отырғызды. Түрлі мәдени шараларды да өздері ұйымдастырды. Тіпті қыстың күні қырауда жаңажылдық шыршаны далада безендіріп, тұрғындарға мерекелік көңілкүй сыйлайтын. Ал наурыз мерекесінде бірнеше киіз үй тігіп, ұлттық ойындар ұйымдастырып, жарыстар өткізді. Осының бәрі қиын-қыстау кезеңде адамдардың ертеңнен үміт үзбей, болашаққа сеніммен қарауына үлкен септігін тигізді деуге болады. Қиындығы көп болғанмен сол кезде жанкештілікпен өз өмірлерін мәнді етуге арналған жұмыстары Ұлжан тарихында өткен күннен белгі болып қалғаны анық.
ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМ – ҚУАТТЫ КҮШ
Біздің тәжірибемізде ел ішіндегі ұйымдарды екіге бөліп қарайтын ұғым бар. Біріншісі – мемлекеттік органдар, екіншісі – «үкіметтік емес ұйымдар» деп аталады. Біріншісіне мемлекеттік қызметкерлер, екіншісіне қоғамдық ұйымдар кіреді. Әрине оны бөліп қараудың қажеті жоқ, олардың бәрі бір мақсатта жұмыс істеуге тиісті. Мемлекеттік мекемелердің міндеті түрлі бағдарламаларды іске асырып, өздері орналасқан аймақта халыққа қызмет ету екені түсінікті. Ал қоғамдық ұйымдар туралы адамдардың пікірлері әрқилы болып келетіні жасырын емес. Қоғамдық ұйымдар туралы түсінік нені білдіреді? Кеңінен таралған анықтамаларда «Қоғамдық ұйымдарға халықтың белгілі бір тобының мүддесін ұстанатын және қорғайтын, алдына қойған әлеуметтік немесе басқа да мақсатқа жету үшін ерікті түрде мүшелікке кірген адамдардың бірлестігі жатады» деп көрсетілген. Демек қоғамның бір тобы белгілі бір мақсатта өздері үшін қызмет етеді. Олар да өз елінің белгілі бір мүшесі болғандықтан ортақ мемлекеттің дамуына өз үлестерін қосады деген сөз. Шын мәнінде қоғамдық ұйымдардың атқарар жұмысы да өте маңызды. Бұрынғыдай емес, соңғы жылдар қоғамдық ұйымдарға үлкен мән беріле бастағанын атап айтуымыз керек.
2020 жылғы бірінші қыркүйекте Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» деген тақырыппен халыққа жолдау жасағаны белгілі. «Егер азаматтарымыздың әл-ауқатын шын мәнінде жақсартқымыз келсе, олардың өздерін осы іске белсенді түрде тартқан жөн. Алдағы саяси реформалардың барлығы халықты мемлекет басқару ісіне кеңінен қатыстыруға бағытталуы керек» делінген Жолдауда. Мемлекет басшысының бұл Жолдауында айтылған ұсыныс халықтың белсенділігін арттыру мен мемлекеттік іске араласуына жол ашты. Сөйтіп әрбір қоғамдық ұйымдардың үлкен-кішілігіне қарамай елдің дамуына өз үлестерін қосуға мүмкіндік пайда болды. Қазірдің өзінде кейбір деректерге қарағанда елімізде 22 мыңнан астам түрлі қоғамдық ұйымдар бар екен. Бұл үлкен күш.
Бұрындар тоқсаныншы жылдардың ортасында сөз болып, жергілікті өзін-өзі басқару туралы заң жобасы жарияланғанмен оны қабылдау кейінгі бірнеше жылға шегеріліп, ұзын арқан, кең тұсауға салынып созылып кетті. Заң 2001 жылы қабылданып одан кейін оған бірнеше рет толықтырулар енгізілді. Күні кеше ғана халыққа арнаған Жолдауында да Мемлекет басшысы халық үніне құлақ асып, қоғамдық ұйым ұсыныстарына баса назар аудару керектігін айтты. Демек енді билік бұқараға бет бұрып, халықтың талап-тілектеріне шынайы ниетпен көңіл бөлетін болады. Түрлі жобаларды іске асыруда, ізгі іс-шараларды ұйымдастыруда қоғамдық ұйымдардың рөлі арта түспекші.
Ел есін жинап, экономикамыз біртіндеп жақсара бастаған екі мыңыншы жылдардың басында ғана «Ұлжанда» оң өзгерістер бастау алды. Тәуелсіздігімізбен түйдей құрдас «Ұлжан-1», «Ұлжан-2» ықшамаудандарындағы бүгінгі күнгі жағдай мүлдем өзгеше. Қазір екі мыңға жуық шаңырағы бар Ұлжанда 15 мыңнан аса халық тұрады. Ауызсу мен кәріз құбырлары салынып, электр желілері жүргізіліп, көше жолдары асфальталып, телефон байланысы мен интернет жүйесі тартылған. Тұрғындар бұрынғыдай отын іздеп әуре-сарсаңға түспейді, ықшамаудан газбен қамтамасыз етілген. 1200 орындық мектеп, төрт қабатты заманауи емхана, балабақша, 4 спорт және кішкентай балаларға арналған 3 ойын алаңдары сияқты көпшілік игіліне орай салынған ғимараттар жұмыс істейді. Ондаған сауда орындары мен мейрамханалар халыққа тұрақты қызмет етеді. Адамдардың тұрмыстық жағдайы қала орталығында тұратындардан ешқандай кемшілігі жоқ. Бір артықшылығы, үй ауласында өздерінің шағын да болса бау-бақшасы бар. Бұл отбасының азық-түлік мәселесін шешуге өз септігін тигізеді.
Дамыған мемлекеттің де, гүлденген қаланың да шешілмеген мәселері қашан да болары хақ. Ондай мәселе күнделікті тұрмыс барысында туындап отыратыны белгілі, былайша айтқанда өмір заңы. Оны бір ғана мемлекет шешіп үлгермейді, үкіметке қол жайып қарап отырғанмен іс бітпейді. Оған қоғам болып ат салысып, әрбір азамат өз үлесін қосуы қажет. Осы орайда Ұлжан тұрғындары қандай қиын кезең болса да тіршілік тізгінін босатып көрген емес. Оған алдымен осы ықшамаудандарда тұратын белсенділер тобы жетекшілік жасап, өздерінің игі істерімен үлгі көрсетіп келеді. Бұрындар құрылған бірлестіктің мүшелерінің біразы өзгергенмен негізгі бағыт пен ұстанымдары осы күнге дейін сақталған. Оның қатары өз тұрғылықты жерін көркейтсем, бірге тұрып жатқан адамдардың өмірін жарқын етсек деген ниеттегі азаматтармен толықтырылып отырады. Міне соңғы бірнеше жылдан бері Бейғұт Сыдықбеков, Нұрлан Жауылбаев, Бопихан Шакеева, Өлмесгүл Рахметова, Жұмахан Молдабаев, Қайнар Малдыбеков, Сұраныш Бектенов, Бибігүл Избасова, Рыскүл Тұрысбекова, Нұрила Стамбекова, Ербол Үркімбаев, Жұмабек Төребаев, Талғат Есеев, Бейбіт Жүнісбеков секілді белсенді тұрғындар ауданның дамуына өз үлестерін қосып келеді. Олар өздерінің негізгі жұмыстарынан артылған бос уақытын қоғамдық іс-шараларды ұйымдастыруға жұмсайды. Ал ондай жұмыстар жетерлік. Белсенділер «Ақсақалдар алқасы», «Аналар алқасы», «Жастар комитеті» сияқты арнайы топтарға жетекшілік етеді. Мысалы «Ақсақалдар алқасы» мүшелері ықшамаудандағы зейнеткер қариялардың жағдайын қадағалап, керек болса санаторий, демалыс орындарына жолдама алып беру сияқты түрлі көмектер көрсетеді. Зейнеткерлер арасында спортпен айналысып, бильярд, шахмат, үстел теннисі, жеңіл атлетика сияқты аудандық, қалалық жарыстарға қатысып жүлделі орындарды иемденгендер де бар. Жастар арасында да қалалық жарыста бокс, күрес және спорттың басқа түрлерінен биік тұғырға көтерілген жеңімпаздар аз емес. Ықшамауданда бұл бағытта түрлі спорт секциялары жұмыс істейді. Спортпен айналысамын деген жастарға мүмкіндіктер бар. Өмір болған соң отбасында түрлі кикілжіңдердің пайда болуы жасырын емес. Ондай жағдай туындаған кезде «Аналар алқасы» мүшелері көмекке келеді. Отбасының татулығы мен берекесін қайтару үшін ақыл-кеңестерін беріп, жөн сілтейді.
ҚОҒАМДЫҚ ТӘРТІПТІ САҚТАУ – БАРШАҒА ОРТАҚ МІНДЕТ
Жаппай жұмысыздық пен жоқшылық қоғамның дамуына өзінің кері әсерін тигізетіні белгілі. Тоқсаныншы жылдардың басында ұрлық-қарлық сияқты қылмыстар көбейіп, тұрғындарды аз мазалаған жоқ. Үйдегі заттарын ұрлаумен бірге базарда күні бойы жұмыс істеп бала-шағасына әкеле жатқан азық-түліктерін де жолда тонап, тартып алып кеткен күндер болған. Екі-үш ықшамауданға бекітілген полиция қызметкерлері әрбір адамды қорғап қасында жүре алмайды. Сондықтан белсенділер ұйымы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ерікті жасақ тобын ұйымдастырып, полиция қызметкерлерімен бірге кезекшілікке шығатын болды. Оның қатарына Қабылбек Сұраншиев бастаған қарулы жас жігіттер топтастырылды. Бұл шара көп ұзамай өз нәтижесін берді. Қаншама қылмыскерлер ұсталып аудандық ішкі істер бөліміне жеткізіліп, кейін сот арқылы заңға сәйкес өз жазаларын алды. Тұрақты жүргізілген жұмыстың арқасында ықшамауданда қылмыс бірден азайып, тұрғындар тыныш өмір сүретін болды.
Бүгінгі күні әрине аудан көлемінде ондай ауыр қылмыстар жоқ десе де болады. Болған күнде де өте сирек кездеседі. Оның үстіне қазір полиция қатары толықтырылды. Алатау ауданы полиция басқармасы аясында №10 учаскелік полиция пункті ашылып, полиция майоры Марат Нұртаев, лейтенантар Таймұханбет Нұржан, Тұрсынбай Қайсар секілді офицерлер ауданда қоғамдық тәртіптің сақталуын тұрақты қадағалайды.Олардың мекенжайы мен телефондары көпшілік орындарды үнемі ілулі тұрады. Қиын жағдай туындағанда тәуліктің кез келген мерзімінде тұрғындар шұғыл хабарласып көмекке шақыра алады.
Дегенмен заңды елемейтін, қоғамдық тәртіпті бұзушылар қайда болсын, қашан да табылады. Ұлжандық қоғам белсенділері мен полиция қызметкерлерінің айтуынша тәртіп бұзушылар жастар арасында жиі кездеседі. Әсіресе әрнәрсеге еліктегіш жасөспірімдер бұзақылық жасауға бейім тұратын көрінеді. Шетелдік кинодан көргендерін қайталағысы келетіндер өз әрекетінің қылмысқа жататынын толық түсінбейді. Олардың «ерліктері» көбінесе өзара төбелесіп қалу, көшедегі орындықтар мен қоқыс қораптарын бүлдіру, көліктердің терезесін шағу сияқты бұзақылық болып келеді. Баланың дұрыс жолдан таятын себептері де баршылық. Отбасын асыраймын деп күні-түні жұмысқа берілген ата-аналар тарапынан тұрақты қатаң бақылаудың болмауы бірінші кезектегі себеп болып табылады. Сондықтан ұлжандық белсенділер мен полиция қызметкерлері мектеп ұстаздарымен бірігіп тәрбиелік іс-шараларды жүргізуді қолға алған-ды. Ата-аналармен жиналыс өткізіп, бала тәрбиесінің тиімді тәсілдерін ұсынып, кеңес беріледі. Әрине, бес саусақ бірдей емес, кейбір ата-аналар өз баласын судан таза, сүттен ақ деп қызғыштай қорғап, ашу шақыратындар да табылады. Ұстазы оқушыға ескерту жасаса кейбір ата-аналар мұғалімдердің өздеріне ашықтан ашық қоқанлоққы көрсететіндер де бар. Балаларының кінәсін түсіндіріп, дұрыс бағытта тәрбиелеудің орнына жалған намысқа салынады. Ал оның соңы жақсылыққа жеткізбейтінін ойламайды. Кішкентайында бұзақы болса, ертең өсе келе одан да ауыр қылмыстарға барып өз бастарына қайғы-қасірет әкелетінін, өзге де бейкүнә жандардың обалына қалатынын қаперлеріне алмайды. Мұндай жағдайда белсенділерге, полиция қызметкерлеріне сол ата-аналардың өзімен жұмыс істеуге, заң талаптарын, адами құндылықтарды түсіндіруге, ал шектен шығып бара жатқан жасөспірімді тұрақты тізімге алуға тура келеді. Оң мен солын толық ажыратып үлгермеген балаларды ата-ана, қоғам болып тәрбиелеудің маңызы зор. Сонда ғана олар үйдегі ата-анасының, ата-әжесінің еркесі ғана емес, мына қоғамның бір мүшесі екенін сезінетін болады.
ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ – ҚҰНДЫ ҚАСИЕТ
Нарықтық экономиканың елімізде енгізілуі өз заңдылықтары мен қатаң ережелерін ала келді. Бұрынғыдай үкіметтің қамқорлығымен жалпыға бірдей әлеуметтік теңдік қамтамасыз етіледі деген ұғым ұмытылды. Қазір қалай өмір сүру әркімнің өзіне байланысты болып қалды. Жекеменшік жүйесі орнаған қоғамда әрбір адам өзі іскерлік көрсетуге тиісті. Әрине, ондай мүмкіндік санаулыларға ғана берілген. Сондықтан көбісі өзге кәсіпорын иелеріне жалданып жұмыс істейді. Ұлжан ықшамауданы қаланың төменгі тұсында орналасқан. Мұнда асып кеткен байлар атымен жоқ. Байлы-бақуаттылар қаланың жоғары жағында, тау бөктерлерінде тұрады.
Ұлжан тұрғындарының басым көпшілігі кезінде ауылдар жабылып, жұмыссыз қалып амалсыздан қалаға қоныс аударғандар болып келеді. Бір-бір арзан баспанаға әзер қол жеткізгендерге дайын тұрған қандай кәсіп, қандай бизнес бола қойсын. Әркім қолы жеткен іспен айналысып, отбасын асырап отырған қарапайым тұрғындардың тағдыры да санқилы. Барлық жердегідей мұнда да еңбекке жарамсыз мүгедектер, көпбалалы және бірнеше бала тәрбиелеп отырған жалғыз басты аналар, өзге де әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары төмен отбасылар баршылық. Оларға мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек көрсетілгенмен, түрлі жеңілдіктер берілгенмен мына қымбатшылық заманында қысқа жіп күрмеуге келмейтіні жасырын емес. Оған қоса қалада тіркеуі жоқ уақытша тұрып жатқандар да бар. Әрине, ешкім ауруды сұрап алмайды, қиыншылық жағдайды да тілеп алмайды. Сондықтан қосымша көмекті қажетсінеді. Осыған орай ұлжандық белсенділер жергілікті кәсіпкерлерді ұйымдастырып, қоларынан келгенше қайырымдылық шараларын өткеріп тұрады. Ол көбінесе аса қажетті азық-түлік немесе киім-кешек түрінде таратылады.
– Ұлжан ықшамауданында ірі кәспкерлер жоқ, көбісі кішігірім дүкендері бар шағын бизнеспен айналысады. Олар шамалары келгенше тұрмысы төмен отбасыларына көмектесіп тұрады. Оған қоса сырттан демеушілер іздеуге тура келеді. Мысалы қаладағы ірі кәсіпкерлердің көмегін көреміз. Тіпті бір облыс ауданынан он қой әкеліп тараттық. Ондайларды табу оңай емес. Өйткені олардың бізден басқа да қамқорлық жасайтын адамдары толып жатыр. Дегенмен өз мүмкіндігімізше қиын жағдайға тап болған адамдарымызды қолдап отыруға міндеттіміз,- дейді Жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің төрағасы Данияр Нүсіпов. Төрағаның айтуынша көпбалалы немесе тұрмысы төмен 40 шамалы отбасы бар екен. Оның жартысы Ұлжанда тіркелмеген, яғни пәтер жалдап тұрып жатқандар. Соған қарамастан оларға материалдық көмек көрсетіледі, өйткені олар уақытша болса да Ұлжан тұрғындары саналады.
Қайырымдылық қазақтың қанында қалыптасқан қасиет. Қиын-қыстауда қалған адамдарға қол ұшын беру ата-бабамыздан бері келе жатқан игі үрдіс. Ұлжан тұрғындары асып-тасып бара жатқа ауқатты болмаса да өткенде Мақтаарал ауданын су басқанда бір автокөлік азық-түлік, киім-кешек, тұрмысқа қажет тауарлар апарып беріп, жергілікті халықтың алғысын арқалап қайтқан болатын. Былтырғы пандемия кезінде де қарап қалған жоқ. Ұлжанның байырғы белсенді тұрғыны, ішкі істер саласының ардагері, қазір шағын кәсіппен айналысып жүрген Бейғұт Сыдықбеков қаланың әр шетінде орналасқан блокпостарда тұрған жүзден аса сақшыларға өз қаражатын жұмсап екі күн бойы ыстық тамақ апарып берді. Биылғы қаңтар оқиғасы кезінде де аудандағы кәсіпкерлерді ұйымдастырып, қаладағы тәртіпті қамтамасыз ету қызметінде жүрген жүздеген әскерилер мен өзге де құқық қорғау қызметкерлеріне бірнеше күн ыстық тамақ жеткізіп беріп жүрді. Осындай көптеген қайырымдылық істері үшін Бейғұт Сыдықбеков «Қазақстан патриоты» медалімен марапатталған болатын. Марапатты Алматы қаласы бойынша Ішкі істер саласы ардагерлер кеңесінің төрағасы, полиция генерал- майоры Асыл-Кеней Сағымжанның өзі табыстады.
«Жергілікті өзін-өзі басқарудың мықты жүйесі азаматтардың өзі тұратын жердегі тұрмыс сапасын жақсартуға тікелей қатысуына негіз болатынын түсінуіміз керек. Қазақстандықтардың өз қаласы, ауданы мен ауылына деген жауапкершілікті мойнына алуға қашанда дайын екені анық. Адамдарды жете бағаламауға болмайды. Оларға қолдарынан келетін өкілеттіктерді беруден қорықпаған жөн» деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жақында халыққа жария еткен Жолдауында. Жоғарыдан келетін нұсқаулар мен көмекті күтіп отырмай жергілікті тұрғындардың өз белсенділігін арттыру қажет екенін аңдаймыз осыдан. Әрбір бірлестік, әрбір ұжым, әрбір азамат өзі тұрып жатқан жердегі өмірдің жарқын болуына деген жауапкершілікті сезіне білуі және сол үшін іс-әрекет етуі керек. Тұрғындар тарапынан осындай жауапкершіліктің, белсенділіктің бар екенін біз әңгіме еткен Ұлжан ықшамауданы қоғамдық ұйымы жұмысынан да көруге болады.
Ал мұндай мысалдарды біздің елімізден көптеп келтіруге болады. Ең бастысы өз адамдарымызға деген сенімді жоғалтпайық!..
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz