Мемлекеттік мекемелер жұмысы БАҚ арқылы бағаланады
2022 ж. 07 наурыз
1149
0
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мемлекеттік мекемелердің жұмысын БАҚ арқылы бағалауды көздеп отыр. Ведомство басшысы Асқар Умаров министрліктің кеңейтілген алқа мәжілісінде осындай жоспарын жария етті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкіметтің ақпараттық жұмысының деңгейін айтарлықтай көтеру қажет. Осыған байланысты мемлекеттік мекемелердің жұмысын БАҚ арқылы бағалау көзделіп отыр. Биыл БАҚ саласын дамытуды БАҚ және үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кеңінен талқыламақпыз. Бұл жұмыс Ақпарат саласын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған Ұлттық жоспар шеңберінде жүргізіледі», - деді министр. Сондай-ақ ол 2022-2023 жылдарға арналған журналистерді оқыту жөніндегі арнайы жоспары қолға алынатынын атады. Айтуынша, бұл медиа мамандардың біліктілігін дамытуға, халықтың медиа және ақпараттық сауаттылығын қалыптастыруға бағытталған. «Сонымен қатар, мемлекеттік телеарналарды жетілдірудің жаңа тәсілдерін әзірледік. Мәселен, биыл «24 KZ» мемлекеттік телеарнасы жаңа форматта жұмыс істеуді бастап отыр. Бұл мемлекеттің ақпарат саясатты тиімді әрі сапалы жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Оған қоса, мемлекеттік ақпараттық тапсырыс механизмдері жетілдірілетін болады», - деді ведомство басшысы.
З.Абажан
qazaquni.kz