ПАРТИЯ БЕДЕЛІ – НАҚТЫ ІСІНДЕ

ПАРТИЯ БЕДЕЛІ – НАҚТЫ ІСІНДЕ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев билік партиясының кезектен тыс съезіне қатысып сөз сөйледі. Мемлекет басшысы еліміздің «Жаңа Қазақстанды» құру жөніндегі ауқымды міндетті орындауға кіріскенін мәлімдеді. Алдымызда мемлекетіміздің болашақ тағдырын шешетін аса маңызды жұмыс тұр. Оны ойдағыдай жүзеге асыру үшін жаңа мақсат-міндеттерімізді айқындап алуымыз қажет. Партия барлық реформаға ұйытқы болуға тиістігін жеткізді.

– Саяси ұйымның атауын «Аманат» деп өзгерту ұсынылды. Жасыратын ештеңе жоқ, мен де бұл мәселеге байланысты пікірталасқа қатыстым. Бірнеше ұсыныс болды, соның ішінен Аманат деген атауға тоқтадық. Бұл – еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де айрықша мәні бар киелі ұғым. Егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең байтақ жеріміз – бізге бабалардан жеткен аманат. Осы қастерлі құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас етуіміз керек, - деді Қ. Тоқаев.

        Президент партия қызметіне маңызды өзгерістер енгізу қажет екенін айтып, бірқатар басым міндеттерді айқындап берді. Оның пікірінше, ең алдымен, орталыққа тәуелділікті жою және партия аппаратының тиімділігін арттыру қажет. «Орталық аппарат нұсқаушылық және «қолмен» басқару тәжірибесінен арылуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы. Қ. Тоқаевтың айтуынша, Мәжіліс пен мәслихаттардағы фракциялардың қызметін жандандыру қажет. Депутаттық фракциялар диалог алаңдарын ұйымдастыру міндетін өздеріне алып, олардың жұмыс қорытындысы бойынша нақты нәтижеге қол жеткізуі керек. Әлеуметтік желілер мен қала алаңдарындағы қоғамдық талқылауларды Парламент пен мәслихаттарда өткізген жөн. Депутаттық сауалдармен шектеліп қалмай, қоғамдық талқылаулар мен ашық пікір-сайыстарға баруға тиіс. Керек болса, Үкіметтің нақты мүшелері мен әкімдерге сенім мәселесін көтеру қажет. Партия депутаттарының рейтингі алдын ала дайындалған есептерге емес, нақты істер мен азаматтардың мәселелерін шешуге негізделуі керек.

З.Абажан

qazaquni.kz