Бәсекеге қабілетті маман даярлау – заман талабы
2022 ж. 07 наурыз
1704
0
Өткен ғасырмен салыстырғанда, бүгінгі ғасырдың адамына қойылар талап жоғары. Бұрын жұмыс істеп, тиесілі еңбекақысын алып қана өмір сүрген болса, қазір адамдар тиесілі қызметін атқарумен қатар, ақпаратқа ашық, жан-жақты білімді болуға міндетті. Яғни, осы бағытта әрбір сала бойынша маман кадрларды дайындауға айрықша зор көңіл бөлінуде. Бұл өз кезегінде білім беру ісін ғана емес, қазақстандық ғылымды дамытуға зор ықпал етуде.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани Жаңғыру» мақаласын жариялап, халықты дамудың жаңа кезеңіне қадам басуына үндеді. «Қайта түлеудің айрықша маңызды екі процесі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға алдық», – деп жариялаған мақаласында тұңғыш президент XXI ғасырдағы ұлттық сана туралы нақты-нақты идеялар ұсынған болатын. Онда айтылған идеялар кезең-кезеңімен жүзеге асып, ұлттық сананың қалыптасуына мұрындық болып келеді. Айталық, қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру ісі сан жылдар бойы бодандықтың қамытын киген қазақ халқы үшін маңызды қадам. Бұл біздің ұлттық санамыздың жаңғыруы мен тәуелсіз халық болып өз жолымызбен жүре алатынымыздың көрінісі. Әрине, мыңдаған жылдан бері өзгенің графикасын пайдаланып келген біз үшін бұл үлкен реформа. Оған бір күнде көше қою да оңай емес. Сондықтан бұл процесс 2031 жылға дейін ақырындап жүзеге асады.
«Жаңа гуманитарлы білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында былтырғы жылдың қыркүйек айында философия, әлеуметтану, психология, экономика, менеджмент, кәсіпкерлік, дінтану, лингвистика, антропология, инновация, медиа салалары бойынша 100 кітаптың тұсауы кесіліп, 10 мың дана таралыммен республиканың түкпір-түкпіріндегі кітапханаларына таратылған. Аударылған кітаптардың электронды нұсқасы жасалып, қашықтықтан оқыту кезінде студенттер мен оқытушылар оның игілігін көрді.
Сондай-ақ, Елбасы өз мақаласында: «Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдыр тұр» деп «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын іске асыруды тапсырған. Жалпы, бұл жобаға 5000-нан астам адам қатысқан. Яғни, тәуелсіз Қазақстанның дамуына үлес қосқан тағдырлы, жетістікке жеткен адамдар көп. Біз олардың әрқайсысымен мақтануымыз керек. Бұл фактілердің барлығы біздің елде жан-жақты дамыған, өзінің потенциалын ұштай түсетін қоғам қалыптасқанын көрсетеді. Себебі, әр салада жетістікке жетуге талпынған жұрттың қарасы көп. Біз оларды аяулы мемлекетіміздің нәтижелі жобалары арқылы қолдап жатырмыз. Біздің мақсатымыз да – оқытып жатқан мамандығымыздың майталмандарын жасау. Олар да заманға сай, бәсекеге қабілетті, білімді болғанын көздейміз.
Мемлекетіміздің президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жастар – қашан да тың идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші. Сондықтан өскелең ұрпақтың осындай әлеуетін дұрыс арнаға бағыттап, тиімді пайдалануымыз керек» деген болатын. Біздің басты мақсатымыз да осы. Жас ұрпаққа сапалы білім беруде қара шаңырақ – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің де үлесі зор. Университеттің Экономика және бизнес жоғары мектебі «Бизнес-технологиялар» кафедрасы «Маркетинг», «Логистика (салалар бойынша)», «Халықаралық логистика», «Халықаралық маркетинг» оқу бағдарламалары бойынша заманға сай жаңа үлгіде мамандарды даярлап жатыр. Халықаралық академиялық ұтқырлық шеңберінде Маркетинг және Логистика оқу бағдарламалары бойынша кафедра студенттерің және болашақ түлектерінің білімділігін, біліктілігін және бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін белгілі пәндердің тақырыптары бойынша курстар өткізуге Айжаз Шейх (Финляндия), Bianchi Isaias (Бразилия), Толуев Юрий Иванович (Латвия, Германия) сынды шетелдік профессорлар шақырылды. Мұндай мамандарады тарту кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамын кәсіби дамыту, түрлі академиялық және ғылыми мәселелер бойынша кеңес беру және тәжірибе алмасу мақсатында жүзеге асырылады. «Бизнес – технологиялар» кафедрасы болашақта осындай білікті шетелдік профессорлармен бірлескен ғылыми зерттеулер, пәндер бойынша тақырыптық дәрістер, конференциялар өткізуге және ынтымақтастық қатынастарды дамытуға ниетті.
Пандемия кезінде кафедра алғаш болып «Экономика және бизнес жоғары мектебі» факультетінде қашықтан оқыту бойынша академиялық мобильділікті ұйымдастырды. Академиялық мобильділік бойынша 2020-2021, 2021-2022 оқу жылында Мәскеу қаласының «Российский университет дружбы народов» және Барнаул қаласының «Алта́й мемелекеттік университетінің» студенттері біздің кафедрадан білім алуда.
«Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасының бесінші міндетінде қазақстандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселесі көзделген. Осынау міндетті орындау аясында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ауқымды істер атқарылып келе жатқанын айтуға тиіспіз.
Атап айтқанда, «Бизнес-технологиялар» кафедрасы халықаралық серіктестермен өте берік және кең байланыстарға ие. Білім беру мен мамандар даярлау сапасын арттыру мақсатында кафедра өз студенттерін, магистранттарын және докторанттарын академиялық ұтқырлық (Венгрия, Португалия, Ресей, Испания, Италия, Польша және т.б.), біліктілікті арттыру, қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді тәжірибе, тағылымдамалар мен бірлескен жобалар үшін әріптес университеттерге жібереді.
Жұмыс берушілермен тұрақты ынтымақтастық және олардың оқу процесіне тартылуының арқасында кафедра «Pride Logistics Service» ЖШС, «НЦП ID Group (Innovation Development Group)» ЖШС, «Up Consulting» ЖШС, «Алау Транс» ЖШС-мен кафедрамыздың филиалдары құрылды.
«Бизнес-технологиялар» кафедрасының базасында «Маркетинг агенттігі» және «Smart Logistics» студенттік ғылыми үйірмелер жұмыс істейді. Үйірмелер кафедраның студенттері және жас ғалымдарымен ғылыми жұмысты жетілдіру, Қазақстан Республикасы экономикасының түрлі салаларында жұмыс істеу үшін білікті мамандарды даярлау сапасын арттыру мақсатында ұйымдастырылды.
Кафедра дайындаған оқу бағдарламалары FIBAA, KazSEE сияқты жоғары білім беру сапасын бағалау агенттіктерінің беделді халықаралық аккредитациясынан өтіп, АРТА, НАОКО, РРА, QS рейтингілерінде жетекші орын алып, өз сапасын дәлелдеді. Нәтижесінде, кафедра әртүрлі ұйымдық-құқықтық меншік нысанындағы кәсіпорындар үшін жоғары білімді және креативті маркетологтар мен логистерді даярлай алды. Бұл өз кезегінде «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасының орындалуына қосылған зор үлес болды десек артық айтқандық емес.
ҚазҰУ-да студенттерде азаматтық жауапкершіліктің жаңа әлеуметтік тәжірибесі мен жаңаруға деген ішкі ұмтылысын қалыптастыру мақсатында инновациялық тәрбие жобалары іске асырылуда. «100 кітап», «Айналаңды нұрландыр», «Культ здорового тела», «ҚазҰУ - green campus», «Университет вне коррупции» сынды университеттік жобалар жастардың азаматтық және рухани-адамгершілік тәрбиесіне зор ықпалын тигізуде. Осы жобалар негізінде кафедраның куратор-эдвайзерлерінің ұйымдастыруымен кураторлық сағаттар, әдеби кездесулер мен дебаттар, дөңгелек үстел, конференциялар және арнайы кештер өткізіліп тұрады. Мұның барлығы білім алып жатқан логистеріміз бен маркетологтарымыз кез-келген экономика саласында бәсекеге қабілетті, білікті және білімді маман болуына мүмкіндік береді.
Дамудың жолы рухани құндылықтардан қол үзбей, заман талабына қарай бейімделу. Бұл логистика және маркетинг сияқты экономиканың басым салаларда да көрініс табуы керек. Біздің кафедра бұл мәселені кенже қалдырған жоқ. Қазақстанның патриоттық рухтағы жастарының жаңа буынына білім беру арқылы кафедрамыздың оқытушылары, көрнекті академик-профессорлар, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылыми қызметкерлері мен доценттері үлкен үлес қосуда. Ұлт болашағы бүгінгі жастар қолында, ал рухани құндылықтар кез-келген маманның өз саласында майталман болуына себепші болады.
Надира ТҰРЛЫБЕКОВА,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,
«Бизнес-технологиялар» кафедрасының аға оқытушысы
Қарлығаш МҰСА,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,
«Бизнес-технологиялар» кафедрасының оқытушысы
qazaquni.kz