Халық пен адал бизнеске берген уәдеміз толықтай орындалады - Президент
2022 ж. 22 ақпан
1458
0
Халық пен адал бизнеске берген уәдеміз толықтай орындалады. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің кезектен тыс отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мемлекет басшысы қайғылы қаңтар оқиғасына назар аудара отырып, дер кезінде қабылданған батыл шешімдердің арқасында еліміздегі жағдайдың толық тұрақтанғанын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық қағидаттарға толық сай келетін тергеп-тексеру жұмыстарының жалғасып жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ Президент қаңтар оқиғасы инвесторларға белгілі бір деңгейде жайсыздық туғызғанын айтты.
«Ел Президенті ретінде шетелдік инвесторлар үшін «ашық есік» саясаты біздің стратегиялық басымдығымыз болып қала беретінін айтқым келеді. Мемлекет серіктестер мен инвесторлар алдындағы міндеттемелері мен кепілдіктерін толық орындайды. Қаңтар дағдарысы нарықтық экономикаға, заң үстемдігіне, халықаралық және ішкі міндеттемелерді сақтауға деген бейілдігімізге еш әсер еткен жоқ. Керісінше, бұл одан әрі жетілдіруге тың серпін берді», – деді Президент.
Мемлекет басшысы елімізді одан әрі трансформациялау жөніндегі ойын ортаға салды. Қасым-Жомарт Тоқаев заң үстемдігі мен оның тең дәрежеде қолданылуы жаңа бағдардың сөзсіз негізі болатынын атап өтті.
«Бұдан былай экономикалық реформалардың басты міндеті – ішкі жалпы өнім өсімінің абстрактілі сандары мен әлемдік рейтингтерден орын алу емес, халқымыздың табысы мен тұрмыс сапасын арттыру. Әрине, бұл мақсатқа кәсіпкерлердің жаңа шоғырын қалыптастырмай, жоғары сапалы инвестиция тартпай қол жеткізу мүмкін емес. Фаворитизмді, элитаның ерекше мүдделері мен артықшылықтарын, сыбайлас жемқорлық пен олигополияны жоямыз деп, халық пен адал бизнеске берген уәдеміз толықтай орындалады», – деді Қазақстан Президенті.
Жиынға Президент Әкімшілігінің басшылығы, Үкімет мүшелері, мемлекеттік органдардың өкілдері, ірі трансұлттық және ұлттық компаниялардың жетекшілері қатысты.
Кездесуге қатысушылар адами капиталды күшейтуге, экономика мен инвестициялық саясатқа экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік басқарудың стандарттарын енгізуге баса мән бере отырып, еліміздің инвестициялық тартымдылығын жақсарту жөнінде бірқатар ұсыныс айтты.