ХАЛЫҚ АЛДЫНА ШЫҚҚАН ЖАЛҒЫЗ ДЕПУТАТ

ХАЛЫҚ АЛДЫНА ШЫҚҚАН ЖАЛҒЫЗ ДЕПУТАТ

Алматыда Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты қаңтар оқиғасынан зардап шеккен азаматтармен кездесті. Жиынға шаһардың билік өкілдері, адвокаттар мен құзырлы орган қызметкерлері де қатысты. Жиыннан кейін бүкіл шенеунік жиналып кетіп қалды. Туыстары қамалған, ұсталған не зардап шеккен ағайынның алдына тек «Ақ жол» фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов ғана шықты. 

Депутат бейбіт шеруге шығып, заң бұзбаған тұрғындар жапа шекпеуі керек екенін айтты. Қолынан келгенше қолдау көрсетуге даяр екенін жеткізді. Тіпті, әлеуметтік желіге жеке ұялы телефонын жариялап, осы мәселе бойынша халықпен күн-түні байланыста болатынын мәлімдеді. 

- Біздің азаматтарымыздың құқығы жерге тапталмауы керек. Заңсыз қудалауға, заңсыз қамалуға немесе заңсыз соққыға жығылған азаматтардың құқығын қалпына келтіруіміз керек. Біздің басты мақсатымыз осы, - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Дүйсенбинов. 

Сондай-ақ осы кездесуге «бүліктің кесірінен кәсібіміз тұралап қалды» деген азаматтар да жиналды. Кәсіпкерлер өтемақыны алу кешіктіріліп жатқанын алға тартты. Сонымен қатар осындай қиын сәтте несие алу мерзімінің ұзартылғанын да қалап отыр. 

Мен өзім Берік Сәлімжанұлын жеке танимын. Оның азаматтығына, іскерлігіне, ел үшін отқа түсуге даяр ер екенін жақсы білемін. Оның ел игілігі үшін жасаған талай ісіне куәмін. Екеуміз де Шығыс Қазақстанның, оны ішінде бір Ұлан деген бір ауданның тумаларымыз. 

Мысалы, былтыр Ақмола облысындағы Малтабар ауылының тұрғындары "Ақ жол" партиясының Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбиновке шаң басып жатқан және сыны кеткен көшелерді асфальттауға көмек сұрап жүгінген болатын.


Депутат сол кезде Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Автомобиль жолдары комитетіне және "ҚазАвтоЖол" компаниясына жүгініп, жүгініп ғана қоймай олардың нақты әрекет етуін талап етіп, нәтижесінде ауыл маңындағы басты көшеге асфальт төсеу басталған еді. 

Ғылыммен айналысып, Алаш мұрасын зерттеп жүрген жастарға да әрдайым қолдау көрсетіп жүретінін жас зерттеушілер де дәлелдеп бере алады. 

Бекеңнің Алаш идеясына адал болмауы мүмкін емес. Себебі, ол Алаш арысы Райымжан Мәрсеков, әйгілі ғалым Зәки Ахметов шыққан ауылдың тумасы. 

Нағыз депутат! Жарайсыз, Берік аға! 

Азамат Тасқараұлы, 

Қазақ үні