ТОҚСАННАН АССА ДА, ТІЛ ҮШІН АЛАҢҒА ШЫҒУҒА ДАЙЫН АЛАШ АБЫЗЫ ЕДІ…
2022 ж. 05 ақпан
1511
0
- Жасы 98-ге қараған, топжарған тұлғамыз Әбдіжәміл атамыз Алаш арыстарнан бастап, қаны қазақтың барлығы армандаған Мемлекеттік тіл туралы заңды да, ол үшін көшеге елдің алдымен өзі бастап шығатын ереуілді де көрмей кетті…
Әбеңнің орындалмаған арманын, бізге қалдырған Аманатын орындауға Біз дайынбыз!
“Қан мен терді” оқып өстік. Сең соққандай жүрген халықтың “Сең” сенімІн оятты.
Ал Алаштың абыз жазушысының “Соңғы парызы” орындалды ма?!.
Қазақ әдебиеті мен руханияты үшін Қан мен терін төккен майдангер қаламгер, Қазақтың классик жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейіс бүгін дүниеден озды…
Алла алдын пейіш, артын кеніш еткей!
Былтыр күзде, осыдан үш айдай бұрын 22 қазанда “Тіл үшін алаңға шығуға дайын Әбең тоқсан жетіге толды! Ел үшің ең басты мәселе болып тұрған ол ниетінен Әбең бүгін де қайтқан жоқ…”-деп жазып едік “Қазақ үні” газетінде.
Қазақ әдебиетінің классигі, Қазақстанның Халық жазушысы, қаламгерлерден жалғыз көзі тірі КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты (барлығы үшеу-ақ болған, екеуі - М.Әуезов, Ж.Молдағалиев) еді…
Үш жыл бұрын торқалы тоқсан бес жасын тойладық. Тоқсанын тойлатпаған еді, тоқсан бесін қаламгер-қайраткерлер бар, билігі бар, жабылып жүріп сұрағасын, зорға келісім берген еді…
“Ақ жол” партиясының атынан құттықтап бардық, жыр арнадық:
АБЫЗ. Әбді-Жәміл Нұрпейіске
"Қан мен терді" әлем бүгін ән ғылып,
Жан мен шерді жырлап жатса-заңдылық!
Кейіпкерлер атып шығып кітаптан,
Кетті өмірге араласып мәңгілік!
Тербелесің терең теңіз зарымен,
Әділдікті талап еттің бәрінен.
Өмір үшін күресудің не екенін,
Мұзға жазды ел тырнағының қанымен...
Теңіз беті қызыл қанға боялып,
Дауылдардан кетті қазақ оянып...
Еламандай Ерге еліктеп өстік біз,
Ақбаладай аруларды аядық...
Қабағына қарататын қоғамды,
Сүйеу болар Сүйеу қарттар жоқ әлгі..
Тәңірберген күшін әлі көрсетіп,
Біздің билік Судыр Ахмет боп алды...
Өмірге бұл өте қатал сұрағы,
Қалендейін қаранарлар шыдады...
Тіліміз бен ділімізге обыр боп,
Шодыр* біткен шодырайып жүр әлі...
Мұз үстінде ажал болып әр адым,
Балықшылар аулағанда тамағын,
Толқындармен алысса да таппаған,
Алтын балық сыйлады Алтын қаламың.
Ұлықтардың ұлтсыздығын ұқпадың,
Тіреу болды Тілді қорғап шыққаның.
Кері итеріп кеше Кеңес көсемін,
Желтоқсанның ызғарынан ықпадың.
Арыныңнан Арал толқып ырғала,
Тілеуіңді тілеп бүкіл тұр Дала.
"Жүзге жет!"-деп, желпінсем мен, жекисің,
"Бес-ақ жылды берді ғой" деп "бұл бала...."
Дүниені дүбірлетіп әр ізің,
Орындадың ұлттың " Соңғы парызын".
Ел алдында енді жоқ қой қарызың.
"Еламан" деп Ердің атын қойғандай,
Ел аманда -Сен амансың, Абызым!
Әбең жылы жымиып, қолымды қысып, ризашылығын білдірді.
Сол мақаламызда жазып едік, енді бүгін әлемге әйгілі Әбдіжәмілімізден айрылғанда тағы да қайталап, еске алайық.
Әбеңнің тоқсаннан асса да қайраты әлі қайтпағанына 2017 жылы өзім куә болдым. Сол кезде біз, ұлт зиялылары Мемлекеттік тілді міндеттейтін заң қабылдау үшін Қазақстан Президентіне Ашық хат жариялаған едік.
Сол Ашық хаттың мәтінін көрсетуге көрнекті жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Смағұл Елубай екеуміз Әбеңе келгенбіз.
Әбең жасы тоқсанның бесеуіне келсе де біз апарған хатты асүйінде шәй ішіп отырып, көзілдіріксіз оқыды… Біраз жерін, түзеді.
Ертеңіне тағы бардық Смағұл көкем екеуміз. Тағы түзеді. Ашық хаттағы қаламгерлердің ретін түзеді. Өзі қатты құрметтейтін Дулат Исабековты өзінен кейін екінші етіп қойды. “Асанәлі неге жоқ?”-деді маған қадала қарап. Ол тізімде Асанәлі Әшімов ағамыздың болмағанына тап бір мен кінәлі секілдімін. “Асанәлі ағамыз қол қоя ма екен?”-дедім мен дүдәмал күйде. “Қояды, “мен айтты” дегін. Академик Камал Ормантаевқа да қойдырыңдар” деді дауысын нықтап. Сонымен, сол күні түнде Камал ағамыздың үйін іздеп жүріп тауып алып, қолын қойдырдым. Сөзге келмей бірден қолын қойып берді ол кісі. Академик Төрегелді Шарманов ағам қатты қолдап, қуаттап тұрып қол қойды. Асаналы Әшімов ағамызға қайта-қайта қоңыраулатып жүріп, Әбеңнің сәлемін салмақтап айтып, “Еңбек Ері” атағын алайын деп жүрген ағамызға еңбек сіңіріп жүріп… қолын қойдырдық.
Әбеңе барып жүрген сол кезде тарлан жазушымыз өткен жазда ғана Смағұл ағамыз жиында келтірген әйгілі сөзін айтқан еді. Иә, ол сөз 2021 жылы 17 шілдеде Алматыда депутаттық жұмыс жоспарыма сай Қазақстан Жазушылар одағында көрнекті жазушы-драматург Дулат Исабеков бастаған бір топ зиялы қауыммен, шығармашылық одақ өкілдерімен кездесуде айтылған болатын. Енді сол кезде “Қазақ үні” газетінде жарияланған Смағұл Елубай ағамның өзінің сөзін келтірейін:
“Бұдан үш жылдай бұрын Қазыбек Тіл мәселесін қолдауға байланысты дүбірлі бір қозғалысты бастады. Ол, шынтуайтында, Тіл майданы еді. Бәріміз сол күреске дайынбыз деп жаппай қол қойдық. Ту ұстаушымыз Қазыбек Исаның маңайына шоғырландық. Қажет болған жағдайда, Мемлекеттік тіл үшін алаңға, көшеге шығамыз деп шештік. Тоқсан бес жастағы Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің өзі «Тіл үшін алаңға шыққан елдің ең алдында мен жүретін боламын” деп ширықты. Сөйтіп, әлгі хатқа бүгінде 130 мың белсенді адам қол қойды. Ал оның сыртында белсенді емес миллиондаған қазақ тұр ғой!”-деп толғап, толғанып сөйлеген еді Смағұл ағамыз.
Иә, Мемлекеттік тілді талап етіп, Президентке жазылған Ашық хатқа еліміздің әлемге әйгілі тарландары Әбдіжәміл Нұрпейісов, Дулат Исабеков, Асанәлі Әшімов, Қабдеш Жұмәділов, Өмірзақ Айтбаев, Мекемтас Мырзахметов, Төрегелді Шарманов, Камал Ормантаев, Нұрғали Нүсіпжанов, Төлен Әбдік, Амангелді Айталы, Смағұл Елубай, Сәбит Досанов, Ғаббас Қабышев, Темірхан Медетбек, Бексұлтан Нұржекеев, Исраил Сапарбай, Ұлықбек Есдәулет және т.б. бастаған ұлт зиялылары қол қойды.
2020 жылы Конституциядағы орыс тілі туралы 7-баптың 2-ші тармағын алып тастап, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды талап етіп, екінші рет Президентке тағы жазылған бұл Ашық хатқа «Қазақ үні» ұлттық порталында бүгінде 130 мың адам қол қойып, қолдап, бұрынғы межелерден 1000 еседей көп тарихи рекордтық деңгейге жетіп отыр. Ұлт мүддесі үшін бұрын мұншалықты қалың қол жиналған емес. Бұлар тек интернетке қолы жеткендер ғана. Бұл біржарым айдың өзінде ғана 125 мыңнан асқан, екі айда 130 мыңға жуықтаған Ел патриоттары артында смартфон пайдалана алмайтын миллиондаған халық тұрғаны айқын. Бұл қалың қол ішінде тек қазақтар ғана емес, әртүрлі ұлт өкілдері де (50-ге жуық) жеткілікті. Белгілі журналист, қоғам қайраткері Максим Рожин бастаған көптеген орыс ұлты өкілдері де Мемлекеттік тілді талап еткен Ашық хатты қолдап, қол қойып, нағыз отаншыл патриоттықтарын көрсетті.
Яғни, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау күн тәртібіндегі күннен-күнге күшейіп келе жатқан ең басты өзекті мәселе болып тұр. Сондықтан да «Қазақ үні» порталында бұл Ашық хатты 1 миллионнан астам адам оқып, 2000-нан аса пікір жазылып, қолдау білдірді.. Әлеуметтік желілердегі қаптаған қолдаушылардың санын есептеу мүлде мүмкін емес.
2020 жылы Ашық хатқа 126 мың адамның қолы қойылған кезде жазда Президент әкімшілігіне, Ақордадағы санаулы ұлт қайраткерінің біріне ұлттың Аманаты ретінде тапсырылған болатын. Ол ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың қолына тиді ме, тимеді ме белгісіз.
Егер қолына тисе, сол Ашық хатқа өзі бірінші болып қол қойып, жасы жүзге таяған шағында қазақ тілі үшін алаңға шығуға дайын отырған Әбдіжәміл Нұрпейісовпен бірге қан майданды кешіп келген, қазақ әдебиетінде детектив жанрының негізін қалаған қаламгер, 1968 жылы кеңнс империясының қылышынан қан тамып тұрғанда “Қазақ әдебиеті” газетіне “Қазақ тілі - мемлекеттік тіл!”- деген көлемді мақала жазған кемел жазушы Кемел Тоқаевтың президент ұлы артында миллиондар тұрған халықтың Ашық хатына назар аудармауы және нәтиже шығармауы мүмкін емес деп ойлаймын.
Өткенде ғана ашық хатты қарап отырып, алғашқы болып қол қойған 125 ұлт зиялысының 9-ы қайтыс болып кеткенін ойлап қойып едім. Енді сол Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды сұрап, 130 мыңға жуық қол қойылған Ашық хатқа бірінші болып қол қойған Әбдіжәміл Нұрпейіс атамыздан да айрылдық.
Алаш абызы кеткенде де, жырымызды, мұңымызды айтып қалдық. “Қан мен тердің” авторына Зар мен Шерді ағыттық тағы.
“Құдай қаласа, енді екі-үш жылда Жамбылдың жасы, Жүз жастың жүзі көрініп қалар деп тілеп отыр еліңіз.
Ұлттың мүддесі жолында тоқсан бесінде де топ жарған толағайымыз, Алаш аузына қараған абызымыз Әбе, құдай сізге қуат беріп, Алла жар болсын!
Қайратыңыз қайтпай, Қазақ тілінің Тәуелсіздігі үшін қай кезде де алаңға өзіңіз бастап шығуға дайын болыңыз! Біз бәріне де дайынбыз! -деп жазып едік осыдан үш ай бұрын…
Жасы 98-ге қараған, топжарған тұлғамыз Әбдіжәміл атамыз Алаш арыстарынан бастап, қаны қазақтың барлығы армандаған Мемлекеттік тіл туралы заңды да, ол үшін көшеге елдің алдымен өзі бастап шығатын митингіні де көрмей кетті…
Әбеңнің орындалмаған арманын, яғни “Соңғы парызын”, бізге қалдырған Аманатын орындауға Біз дайынбыз!
Қазақ әдебиетінің классигі Әбдіжәміл Нұрпейіспен бірге бір дәуір көшіп барады…
Иманыңыз саламат болсын! Туған-туысыңыз ғана емес, бүкіл қазаққа қабырғамыз қайысып көңіл айтамыз!
Пейіште нұрыңыз шалқи бергей, Алаш абызы!
Қазыбек ИСА,
Қазақ үні