Кландардан құтылу үшін Тоқаевты қолдауымыз керек - Геройхан Қыстаубаев
2022 ж. 01 ақпан
2896
2
Маған кейбір жастар телефон шалып жатыр. Бірі: «Аға, Тоқаевты қолдайық десек, шынын айтқанда, кейін елдің алдында ұятқа қаламыз ба деп қорқамыз. Не дейсіз?» дейді.
Мен өз ойымды тағы да айтайын.
Мемлекетімізде ары, қолы таза бір адам болса, онда ол осы — Тоқаев. Екі адам болса, соның бірі. Бұл, елдің бәріне белгілі, дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Ал алда-жалда «Жоқ. Олай емес» дейтін бір адам шықса, жазсын осында. Бұл — бір.
Екіншіден, біз отыз жыл бойы өз Президентімізді өзіміз әбден «жамандадық». Мен 35 жылдан бері, сонау, өзім үш күн қатысқан — 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен бері «жамандап» келемін!
Содан кімге мүйіз шықты? Не ұттық? Қандай жетістікке жеттік? Қане, кім бар: «мынаны ұттық, мынаған жеттік» деп, айта алатын? Бір адам бар ма? Жоқ. Болса, осында жазсын.
Бұдан не шығады? Бұдан: «Өз Президентін жек көрген халық — жақсы өмір сүрмейді!» деген түйін шығады! Бұл өзі, пайыммен қарасақ, аксиома екен! Шынында да, жаман Президентпен жақсы өмір сүретін халық бола ма?
Үшіншіден, қазақта «қолда бар алтынның қадірі жоқ» деген сөз бар. Міне бұл осы Тоқаевтай тұлғаларға қарата айтылған сөз. Тоқаев, менің бағамда: әлемдік мықты он Президент тізіміне енетін басшы! Бұған көз жеткізу үшін адам геосаясатты, мемлекет орналасқан географияны, әсіресе қазақты өмір бойы сорлатқан Кремльдік пиғылды, отарсыздану процессінен мүлдем өтпеген құлдық сананы, осылардың салдарынан қалыптасқан елдегі ішкі саясатты, т. б., бәрін-бәрін білуі қажет! Осы минимум қажетті дүнелерді жетік білген адам ғана, мәселен, Тоқаевтың: «Қаруланған баскесерлерді ескертусіз ату керек» деген жарлығын: «Шерушілерді ескертусіз ату керек» деді деп, бұрмаламас еді. Тоқаевты қанішер, сатқын, т. б. деп балағаттамас еді.
Мен 11.12.21 күні «НҰРКЛАН мен ҚҰЛКЛАН» деген пост жазғанмын. Сонда: «Құлклан» — бұлар құрамында «стратег» басшы: министр, генерал, депутаттан бастап, лас тапсырмаларды орындаушы, қоғамның ең төменгі сатысы — арсыз, азғындарға дейін біріккен, мемлекеттік сатқындықпен айналысатын өте үлкен ұйымдасқан қылмыстық топ!». «Құлклан» біздің қоғамдық санаға: «Мына шіріген жүйені төңкеріс жасап қуып шықпай, халықтың жағдайы оңалмайды» дегенді «шегелеп» тұрып «қағып» тастады. Бірақ, елде шынымен төңкеріс орын алатын болса, «Құлклан» өздерінің де құритынын біледі, халықты қарумен қырып салады! «Төңкеріс» оларға Тоқаевты сындырғанша ғана қажет құбылыс. Және бұған жауапты олар емес, сол баяғы: Назарбаев — Тоқаев етіп шығарады.
«Құлкланның»(Кремльдің) зымияндығы соншалық, елдегі барлық азғындарды біртіндеп «теріп» жүріп тізімге алып, өздерінің қолшоқпары етіп қойған.
Міне, Тоқаевтың сөзін бұрмалап, әсіресе, оның жеке бас намысын қорлап қаралап жатқандар, сол айтылған — «мемлекеттік сатқындықпен айналысатын өте үлкен ұйымдасқан қылмыстық топ!» өкілдері. Бұлар үлкенді — үлкен, кішіні — кіші демейді. Кім, мысалы «Тоқаев молодец» десе, бітті, соны сатқын, жағымпаз, құл, т.б. деп, ауызына келгенін оттайды. Неге? Өйткені бұл «Құлкланның» өлім мен өмір арасындағы жан таласы! Халық Тоқаевты жаппай қолдап кетсе, бітті, «Құлкланның» күні батты деген сөз. Халық қолдауына ие Президент қана, жолындағы осындай барлық кедергі, тосқауылды жойып, өз халқын жақсылыққа жеткізе алады. Ал ақ пен қараны ажырата алмай, дұшпанының айтағына еріп кеткен халықты ешқандай Президент жақсылыққа жеткізе алмайды! Дұрысына тартса, жауының айтқанына сеніп, кері, бұрысына кетсе, қалай жеткізеді?
Тоқаевқа да өз халқы теріс қарап, пәрменді қолдау көрсетпесе, онда оның «Құлкланды» толықтай жоюға шамасы келмейді. «Құлклан» қайтадан, бұрынғыдай комфортты өмір сүре береді.
Бұдан жасайтын түйін: егер халық Назарбаев сияқты Тоқаевты да «жамандаса», онда тағы да, кем дегенде, он жыл тура бұрынғыдай өмір кешеді! Сосын үшінші, төртінші,... келген Президенттерді де тап осылай «халық жауы» деп «қарсы алатын» болады. Себебі, бұл бізге қанымызға сіңген әдетке айналады. Ал өміріміз өзгермейді. Осылайша әрбір жаңа келген Президентті жау деп сеніп «қарсы алып», тіпті ғасыр өтуі әбден мүмкін,... егер, күтпеген жерден Ресей мемлекеті жойылып, Кремль жермен жексен болып кетпесе. Үш жүз жылдан бергі көрген күніміз, үйренген төл өміріміз осы.
Мынаны есте сақтауымыз керек: маңдайына біткен жақсы Президентін дер кезінде, өз уақытында бағалай білмеген халық, өзге үстем мемлекет Президентінің шұлғауы болады! Қазіргі заман сондай. Саяси технология сондай. Мұндайға жетпеу үшін ұлттың арлы, салиқалы ата-апалары, зерек жас ұл-қыздары, бәрі-бәрі желіні жаулап алған әлгі «Құлкланның» арсыз азғындарына тойтарыс беруі керек! Олардың у-дай тілінен, былапыт сөздерінен қорықпау керек. Себебі, бұл жерде ұлттың келешегі тұр. Ұлтың жойылса, жаман сөз есітпей, «абыройлы» болып өткеніңнен не пайда?
«Құлкланның» азғындары кімдер? Оларды қалай ажыратамыз?
Олардың барлығына ортақ қасиет: кез келген қарсыласының (Президенттің де) жеке бас намысын қорлап сөйлеу. Атын, тегін бұрмалап жазу. Ешқандай дәлелсіз біреуді сатқын, биліктің адамы, т. б. деп қаралау. Өз ойын жөн сөзбен емес, керісінше, тілінің у-ын қасақана барынша төгіп жазу. Тап солай өзге біреу жазса, айызы қанып, оны мақтау. (Тапсырма сондай. Осылай жазып белгілі бір адамды жанжалға тарту, жақ-жақ етіп қырқыстыру, ел ішіне іріткі салу)
Төртіншіден,«Құлкланның» төменгі — азғын, тапсырма орындап жүрген бұл тобы халықты Тоқаевқа қарсы қою әрекетін, Тоқаев туралы жақсы сөз айтқандарды қаралау әдетін өлсе де тоқтатпайды. Тоқтатса, Ютубта олардың жасаған масқара «қылмыстарының» айғақ — видеосы жарияланады. Яғни бұлар «көріп үріп» жүргендер. Енді оларға еріп, «көрмей үріп» жүрген қарапайымдар да көп. Аңғалдық. Осыларға обал.
Бесіншіден, Тоқаев туралы дұрыс, негізі шындық әңгіме жазсаң, біреулер «Мұны да жағымпазданып, Құдай етіп алмақсыңдар» деп кейиді. «Адам өзгені өз биігімен өлшейді» деген. Сонда әлгі «кейіп» отырған адамдар Тоқаевты өзіндей, өзімен теңдей көріп отыр ғой. Мәселен, мен осы «кейігіштердің» бір-екеуін білемін. Айтпайын десең, күйдіреді. Бірі қартайғанша бір қатынға иелік ете алмай, қу басы жалғыз қалды. Енді бірі — белінен келетін семіз қатынының «құлы». Осылардың ақылы отбасын сақтап қалуға, қатынын игеруге жетпей жүріп, мәдениеттілігі мен біліміне, адамгершілігі мен тазалығына, ерлігі мен жауапкершілік ала алатын батылдығына адам баласы бас иетін Тоқаевқа «ақыл» айтып, ел басқаруды үйретпек!
Соқыр емес адам, Тоқаевты қанша мақтасаң да, қолы емес, аяғын сүйіп, табанын жаласаң да, оның бос әурешілік екенін қалай көрмейді?
Мен бұл жерде Тоқаевқа ешкім сын айтпасын деп отырғаным жоқ. Айтсын. Бірақ әдептен озбасын. Өз айтар ойын жөн сөзбен жеткізе алмайтын адам, сөйлемегені дұрыс. Келешек елдігімізге дұрыс.
Алтыншыдан, қазір халық Тоқаевты қолдауы тиіс! Сонда ғана Ол «Құлкланның» барлық жоғарғы және орта буын басшыларынан құтыла алады. Ал төменгі — азғын буыны өз өзінен жойылады.
Геройхан Қыстаубаев,
Фейсбук парақшасынан