Мемлекет басшысы еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға қатысты кеңес өткізді
2022 ж. 05 қаңтар
886
0
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға қатысты кеңес өткізді, деп хабарлайды Ақорда.
Президент кеңеске қатысушыларға Премьер-Министр Асқар Маминнің қызметтен босату жөнінде өтініш бергенін хабарлады. Мемлекет басшысы оның өтінішін қабылдады. ҚР Конституциясына сәйкес Премьер-Министрдің қызметтен босатылуы бүкіл Үкіметтің өкілеттігін тоқтатқанын білдіреді. Үкімет мүшелері жаңа құрам жасақталғанша, өз міндеттерін атқара береді. Премьер-Министрдің міндетін атқару Әлихан Смайыловқа жүктелді.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде инфляцияға жол бермеу атқарушы биліктің басты міндеттерінің бірі екенін, бірақ оның орындалмағанын айтты.
«Бұл ел Үкіметінің келесі құрамының және министрлер кабинетінің жаңа басшысының ең басты міндеті болады», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтік комиссияға, құқық қорғау органдарына және Маңғыстау облысының әкіміне жағдайды тұрақтандыру жұмыстары үшін алғыс білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде қалыптасқан күрделі қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайға тоқталып, сұйытылған газ бағасының артуына байланысты халықтың наразылығын тудырғаны үшін Үкімет, соның ішінде, Энергетика министрлігі, сондай-ақ «Қазмұнайгаз» бен «Қазақгаз» кәсіпорындары кінәлі екенін айтты.
Мемлекет басшысы Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында төтенше жағдай енгізілгеннен кейін ахуалдың біртіндеп түзелетінін атап өтті. Сондай-ақ жағдайды тұрақтандыруға қатысты тапсырмалар берілгенін, бұл ретте негізгі салмақ өз міндеттерін мінсіз атқарып жатқан Ішкі істер министрлігіне, Жедел әрекет ететін арнайы жасаққа және Ұлттық ұланға артылып отырғанын мәлімдеді. Президент өзінің былтыр маусым айында, Маңғыстау облысындағы «Қазақ газ өңдеу зауыты» базасында сұйытылған газ өндіретін жаңа зауыт салу жөнінде берген тапсырмасының орындалу барысын сынға алды.
«Қазіргі уақытта жобаның тек техникалық-экономикалық негіздемесі ғана дайындалған. Оны қаржыландыру мәселесі шешілмеген. Екіншіден, сұйытылған газды тарату және саудаға шығарудың қазіргі тәртібі пысықталмаған. Электронды сауда барысында бағаның өсуін шектеу тетіктері қарастырылмаған. Нәтижесінде Энергетика министрлігі электрондық сауда бойынша жедел әрекет етіп, оны ауыздықтай алмаған», – деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев аталған саланы реформалауға қатысты жүйелі әдістің жоқ екенін атап өтті.
«Ешкім өзін үнемі шығынға ұшырата бермейтінін түсіну маңызды. Еліміз газ және газ өңдеу салаларында инвестициясыз, тіпті газсыз қалуы да мүмкін. Сондықтан жүйелі, бірақ ойластырылған және кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын реформалардан басқа жол жоқ. Алдағы уақытта газ саласын сапалы түрде қайта қарап, ішкі нарықты тауарлық газбен толыққанды қамтамасыз ету керек», – деді Мемлекет басшысы.
Осыған байланысты Президент қазіргі жағдайды тұрақтандыруға бағытталған ең алдымен атқарылатын шаралар туралы баяндады.
«Біріншіден, мен Маңғыстау бойынша Үкіметтік комиссияның ұсынған шаралар кешенін мақұлдаймын. Екіншіден, монополияға қарсы органға Кәсіпкерлік кодекстің 119-бабына сәйкес сұйытылған газдың бағаларын 180 күнге уақытша бағалық реттеуді енгізуді тапсырамын. Облыстарда халық үшін шекті бағалар өткен жылдың соңындағы баға деңгейінен аспауға тиіс. Үшіншіден, Үкіметке сұйытылған газды электрондық сауда алаңдары мен биржалар арқылы өткізуге толық көшуді бір жылға шегеруді тапсырамын. Осы кезеңде нормативтік-құқықтық базаны мұқият әзірлеп, сауда алаңдары жұмысының ашық болуын қамтамасыз ету, бағаның күрт өсуін шектеу тетіктерін енгізу қажет. Төртіншіден, Бас прокуратураға бәсекелестікті қорғау агенттігімен бірлесіп, бағалық сөз байласу мен өзге де бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттерге қатысты тергеу жүргізуді тапсырамын. Тергеуді жедел жүргізіңіз. Жиырма күн ішінде есеп беріңіз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы еліміздің саяси, әлеуметтік және экономикалық құрылысы өзгермейтінін айтты. Оның пікірінше, унитарлық, заң үстемдігі, жеке меншік құқығын құрметтеу және нарықтық экономика мемлекеттік саясатымыздың басты қағидаттары болып қала береді.
Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік-экономикалық ахуалды тұрақтандыру үшін бірқатар қосымша тапсырма берді:
1. Мұнай өнімдерінің (бензин, дизель, сұйытылған газ) бағасына мемлекеттік реттеуді 180 күнге енгізу;
2. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы бойынша мемлекеттік реттеуді енгізу. Шешімді нақты аймақтағы әлеуметтік-экономикалық жағдайға қарай өңірлердің әкімдері қабылдайды;
3. «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» Заңды әзірлеуге кірісу;
4. Халық үшін 180 күнге коммуналдық тарифтерді көтеруге мораторий енгізу қажеттігін қарастыру;
5. Халықтың әлеуметтік жағдайы нашар топтары үшін нарықтағы баспананы жалға алу құнын субсидиялау мәселесін қарастыру;
6. Денсаулық сақтау және балалар мәселелерін шешу үшін «Қазақстан халқына» деп аталатын қоғамдық қор құру, оны мемлекеттік және жеке көздер арқылы қаржыландыру.
Жиын барысында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов, Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов баяндама жасады.