Еліміз аман, жеріміз бүтін болсын!
2021 ж. 28 желтоқсан
1649
0
Бүкіл жер жүзі қолданып келе жатқан Григориан күнтізбесі бойынша 2021 жылды тарих еншісіне қалдырып, 2022 жылға қадам басқалы отырмыз. Әр жылдың өз сыйы, өз салмағы болады. Әр жыл өз жетістігімен, өз көрсеткіштерімен бағаланатыны да белгілі. Халқымыз ежелден «Ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа» деп, келер жылдан үлкен үміт күтіп, алдағы уақыттан жақсылық тілейді.
Әр жылдың өзі бір белес. Өткен 2021 жылы не бітірдік, қандай жетістіктерге қол жеткіздік деп еске алып, өзімізге есеп беретін кезең келді. Ең басты байлығымыз – адамдар, адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Соңғы жылдар бүкіл әлемді тарының қауызына сыйдырып жіберген коронавирустың қыспағы азайып, сәл де болса кең тыныс алғандаймыз. Қазақстан – коронавирусқа қарсы вакцина жасап шығарған әлемдегі санаулы мемлекеттің бірі болды. Тәжтажал қаншама өмірді жалмап кетті. Коронавирус денсаулық сақтау саласы үшін үлкен сынақ болды. Сол сыннан біздің медицина қызметкерлері сүрінбей өтіп, адамдарымызды аман алып қалу үшін күн-түн демей аянбай еңбек етті. Әлі де еңбек етуде, өйткені індет қаупі әлі де сақталып отыр.
Әрине халықты әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту бірінші кезектегі мәселе. Пандемия ел экономикасына кері әсер еткенмен алға ілгерлеу болды. Ол үшін бірнеше мемлекеттік бағдарламалар қабылдағаны белгілі.Оның ішінде «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы өзінің тиімділігін көрсетті. Оны жүзеге асыру барысында 3,5 мыңнан астам жоба іске қосылып, 70 мың жұмыс орны ашылды. Өндірілген өнім мен көрсетілген қызметтің жалпы құны 3,5 триллион теңгеге жетті. Сол сияқты «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының бойынша 66 мың жоба мемлекет тарапынан қолдау тауып, 150 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға және сақтап қалуға септігін тигізді. Зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану туралы бастама экономикаға айтарлықтай әсер етті. Ең бастысы, оның әлеуметтік ықпалы айрықша болды. Осы шараның аясында миллионнан астам азаматымыз тұрғын-үй жағдайын жақсартты. Кейбірі ипотекалық қарызын азайтты. Тиімділігі ескеріліп, «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының мерзімін 2022 жылға да жалғастыру туралы шешім қабылданды.
Адамдарымыз өз құқығын кеңінен қолдану үшін саяси реформалар аса қажет. Ол мемлекетіміздің стратегиялық бағдарының басым міндетінің бірі болуға тиісті. Рас, соңғы жылдар бұл салада бірқатар елеулі өзгеріс орын алды. Митинг өткізу үшін алдын-ала ескерту қағидаты жазылған жаңа заң қабылданды, партиялардың Мәжіліске өту шегі 5 пайызға дейін төмендеді, сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деген баған қосылды. Бұның бәрі қоғамда белсенді қолдау тапты.
Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін одан әрі дамыту маңызды мәселе. Азаматтарымызды мемлекет басқару ісіне барынша тарту олардың белсенділігін арттырады. Осы бағытта ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын енгізу аса маңызды қадам болды. 2024 жылы тұрғындарымыз пилоттық режімде аудан әкімдерін сайлау мүмкіндігіне ие болады деп жоспарлануда. Құқық қорғау жүйесінде елеулі өзгерістер басталды деуге болады. 2021 жылғы 1 шілдеден бастап әкімшілік әділет жүйесі жұмыс істей бастады. Бұл институт мемлекеттік аппарат пен азаматтардың өзара қарым-қатынасын жаңадан қалыптастырады.
Қыркүйек айындағы мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы адамдарымыздың әл-ауқатын арттыруға арналғанын атап өткен жөн. Жолдаудағы Президенттің бес бастамасына бұқара қолдау білдірді. Алдымен жолдауда 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны қазіргі 42,5 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешім қабылданғаны айтылды. Бұл шара бір миллионнан астам адамға тікелей, ал бүкіл еңбеккерлерге жанама әсер етеді.Бұдан былай ең төменгі жалақыны салықтық, әлеуметтік және басқа да салаларда есептік көрсеткіш ретінде орынсыз пайдалануды қою керектігі айтылды.
Қазақстанда 6,5 миллионнан астам адам жалданып жұмыс істейді. Олардың негізгі табыс көзі – жалақы. Ал еңбекақы төлеу қорының өсімі соңғы 10 жылда кәсіпорын иелері табысының өсімінен 60 пайызға жуық қалып қойған. Осыған байланысты Үкіметке бизнесті өз жұмысшыларының жалақысын көбейтуге ынталандыратын шаралар әзірлеу тапсырылды.
Үшінші бастама ретінде бизнес үшін жиынтық салмақты 34 пайыздан 25 пайызға төмендете отырып, еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлем енгізуді ұсынылды. Бизнестің жұмысында іркілістер мен шығындар болмауы үшін тиісті төлем жүйесін даярлау тапсырылды. Жаңа жүйе 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істей бастауға тиіс.
2022 жылдан 2025 жылға дейін мәдениет қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілер сияқты санаттағы азаматтық қызметкерлердің жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсірілетін болады. Тұтастай алғанда, тағы 600 мың отандасымыз бұл бастаманың игілігін көреді.
Тұрғын үй азаматтарымыз үшін – қашанда басты мәселе. Осыған орай, бірыңғай тұрғын үй бағдарламасы әзірленіп, «Отбасы банкі» оның әкімшісі болып белгіленді. Банк «бір терезе қағидаты» бойынша есеп жүргізіп, азаматтарға тұрғын үй бөлуге міндеттелді.Осы үрдісті қолдау үшін зейнетақы жинағының жеткілікті мөлшерінің шегінен асатын бөлігін тұрғын-үй сатып алу мақсатында «Отбасы банкіндегі» есепшотқа аударуға рұқсат берілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылды «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» деп жариялады. Сондай-ақ, Президент 30 жылдыққа байланысты шаралар халыққа рухани серпіліс әкелуі қажет екенін айтқан болатын. Мерейлі жылға бірнеше атаулы дата тұспа-тұс келді. Жыр алыбы Жамбылдың – 175, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның – 155, күш атасы Қажымұқанның – 150 жылдығы, Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы тағы басқа бірнеше тарихи тұлғалардың мерейтойы атап өтілді. Алаш арыстарына арналып еліміздің бірқатар қалаларында ескерткіштер орнатылды.
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына Желтоқсан ұлт азаттық қозғалысының 35 жылдығы да сәйкес келді. Алматы қаласында 1986 жылы өткен бұл саяси көтерілістің Қазақстан тарихында алар орны ерекше. Кеңестік темір құрсауды алып одақта алғаш бұзған қазақ жастарының ерлігі ел есінде мәңгілік сақталады. Алматының Түрксіб ауданында көпшіліктің қалауы бойынша «Желтоқсан» саябағы былтыр ашылып, оны абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Ал Желтоқсан ұлт азаттық көтерілісінің 35 жылдығы қарсаңында алдағы уақытта қойылатын монументтің іргетасы қаланды. Қазір ескерткіштің эскизін әзірлеуге байқау жарияланған. Сонымен қатар, саябақта ашық аспан астындағы мұражай бар. Экспозицияларда Желтоқсан көтерілісінің кейіпкерлері, тарихи құжаттар, сондай-ақ 1986 жылғы көтеріліске қатысушылар туралы баяндайтын фотоматериалдар ұсынылған
Әлемді жаулаған коронавирустың әкелген қиындықтарына қарамастан елімізде оң өзгерістердің куәсі болдық. «Өткен жылға өкпе жоқ!» деп айтуға негіз бар. Келер жылдан да жақсылық күтеміз. Ең бастысы – еліміз аман, жеріміз бүтін болсын!
«Қазақ үні»