Тәуелсіздік негізінде әр азаматтың күнделікті қажырлы еңбегі жатыр - Азат Перуашев
2021 ж. 16 желтоқсан
1311
3
Бүгін «Ақ жол» демпартиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Қарағандыда алаштанушылар және облыс кәсіпкерлерімен қатысуымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысты.
Бұл туралы «Қазақ үні» ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жиынды ұйымдастырушы – «Ақ жол» ҚДП Қарағанды облыстық филиалының басшысы Ермек Әбілдин шараға Жезқазған, Шахтинск, Сәтбаев, Абай және облыстың ауылдық аймақтарынан әріптестерді шақырды.
- Әріптестерді еліміздің бас мерекесімен құттықтадым. Осы 30 жыл ел үшін де, әрқайсымыз үшін де оңай болмады. Жетістіктер мен кемшіліктер, шешілмеген мәселелер мен жаңа мүмкіндіктер бар. Бірақ, жан-жағыңа қарап, Тәуелсіздік таңында қабылданған талай шешімдердің дұрыс болып шыққанын, халқымыздың әлеуеті мен көкжиегі кең, лайықты мемлекет құра алғанын түсінесің.
Біз бүкіл әлемге ашықпыз және ұлттық болмысымызды сақтап қалдық. Түрлі мәдениет өкілдерінің достығын бағалап, ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейтіп келеміз. Біз табиғи ресурстарды игеріп, экономиканы әртараптандыруға ұмтылудамыз. Ал біздің Тәуелсіздігіміздің негізінде әрбір азаматтың, әрбір отбасының күнделікті қажырлы еңбегі, табандылығы мен шыдамдылығы жатыр.
Бүгінде жүріп өткен 30 жылдық тәжірибемізге сүйене отырып, ары қарай жылжуымыз керек; ағымдағы олқылықтардан арылып, одан да күшті, әділ және дамыған мемлекет құруымыз шарт, - деді Азат Тұрлыбекұлы жиын аясында.
Сондай-ақ, Мәжіліс депутаты қарағандылықтарды дәл Тәуелсіздік күнінің қарсаңында бұрынғы Октябрь ауданына Әлихан Бөкейханның атының берілуімен құттықтады.
- Бұл жаңалық бүкіл елімізге қуаныш сыйлады. Тәуелсіздігіміз үшін күрескен, өз жандарын пида еткен арыстарымыздың аттарын ту етіп көтеру - біздің буын үшін парыздың орындалуы, абыройдың асқақтауы, - деді «Ақ жол» төрағасы.
Салтанатты шара барысында Азат Перуашев бірқатар қатысушыларды мемлекеттік және қоғамдық наградалармен марапаттап, қоғамның өзекті кемшіліктерін шешу, партия жұмысын күшейту жөнінде әңгімелесіп, ұсыныстарын тыңдады.
Ол, сондай-ақ, осындай игі шараны ұйымдастырған «Ақ жол» ҚДП Қарағанды облыстық филиалының белсенділеріне және оның төрағасына алғыс білдірді.