"БҰЛ ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫ - ХАЛЫҚТЫҢ ҚАРЖЫСЫ!": Азат Перуашев БЖЗҚ басшылығын сынға алды
2021 ж. 07 желтоқсан
1751
0
"Ақ жол" партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев БЖЗҚ қоғаммен ақылдаспай зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегін көтеріп жібергенін сынға алды.
Бұл туралы "Қазақ үні" ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутаттың айтуынша, зейнетақы жинақтарының нақты ең төменгі жеткіліктілік шегі ешбір заңда белгіленбеген.
- «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заң тек «жинақталған зейнетақы қаражатының ең төменгі жеткіліктілігінің шегі» ұғымының өзін ғана анықтайды, сонымен қатар ол ең төменгі зейнетақы мөлшерінен төмен болмауға тиіс. Ең төменгі зейнетақы мөлшері уәкілетті органдардың, яғни, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, өз кезегінде ол ведомстволық бағынысты құрылымдар, оның ішінде БЖЗҚ-ның есептеуі негізінде Үкімет әзірлейтін «Бюджет туралы» заңмен белгіленеді. Оған қоса, тіпті белгіленетін норманың өзі (ең төменгі зейнетақы мөлшері) мемлекеттік органдардың ұсынысымен анықталады. Сондықтан ,зейнетақы жинақтары жеткіліктілігінің белгілі бір мөлшерін анықтау үшін заңға да, заң тармақтарына да жатпайтын арнайы есептеу әдістемесі бар, - деп жазды Азат Тұрлыбекұлы телеграм каналында.
Ол, сондай-ақ, зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілігінің шегін көтеру себептерін заңға ысырған БЖЗҚ төрағасының жұмысына да сын айтты.
- Зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілігінің шекті мәнін айқындау әдістемесін Үкімет бекітеді, оны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлейді. Бірақ нақты сандар Қордың өз шешімімен бекітіледі. Сондықтан, БЖЗҚ төрағасының бар мәселені заңнамаға ысырып тастауы – белгілі бір деңгейдегі қулық. Әрбір шенеунік өзі шығарған шешімдерге жауапкершілікпен қарауға және оны нақты дәлелдермен растауға дайын болуы керек деп есептеймін, - деді депутат.
Халық қалаулысының пікірінше, Қор басшылығы қаражаттың жетіспеушілігін тіркесе, онда болашақ зейнеткерлер өз депозиттерін басқару сапасы мен Қордың өзіндік шығындарын оңтайландыру туралы сұрауға құқылы.
- Жалпы, қазіргі жағдай Қор мен оның бүкіл қоғам болып табылатын инвесторлары арасында кері байланыстың жоқтығын айғақтайды. Меніңше, Қор мұндай маңызды шешімді формулаларды механикалық түрде толтырып, қоғаммен ақылдаспай қабылдамас бұрын оны Үкіметпен, салалық министрлікпен талқылап, қоғамдық алаңдарда ықтимал тәсілдерді пысықтауы керек еді. Себебі, бұл мәселе жинақтары БЖЗҚ-ға емес, салымшылардың өздеріне ғана тиесілі болып табылатын миллиондаған азаматтарымыздың тағдырына тікелей қатысты. Қоғам бұл қаражатты жақсы басқару үшін Қорға сеніп тапсырды, ол ашық және адал жүргізілуі керек, - деп түйіндеді А. Перуашев.
Қазақ үні