Қытайдағы қазақтар мәселесін әлемге әшкерелегенімізге үш жыл! - Өмірхан Алтын
2021 ж. 06 желтоқсан
2310
0
2018 жылдың 15 мамырында жеке басыма Брюссел қаласындағы Еуропа парламентінің адам құқықтарын қорғау жөніндегі комитетінің Шығыс Түркістанда (Шыңжаң) қытайлардың адам құқықтарын жаппай таптауы мәселелері бойынша жоғары деңгейде аса маңызды жиналысына қатысқан едім.
Онда тұңғыш рет қалықаралық деңгейде қытайдағы Қазақтардың адам құқықтары мәселесін көтердім. Бұны естіген қатысушылардың көбісі таң қалды. Өйткені өкінішке орай ұйғырлар соңғы 20-30 жылдың көлемінде батыс қоғамын Шығыс Түркістан мәселесі деген тек ғана ұйғыр мәселесі деп толықтай көндіріп тастаған. Ұйғырлар батыстықтарға Қазақтар Шығыс Түркістанға кейін барған паналаушы босқындар деп түсіндіріп келген. Ал мен барып Шығыс Түркістанның кемінде тең жартысы болып саналатын солтүстігі Қазақтың ежелгі отаны, онда неше милион қандастарым тұрады, олардың да адам құқықтары өрескел түрде тапталып жатыр дегенде қатысушылардың көбісі бұл туралы бірінші рет естіп таң қалды.
Ол кездегі комитет төрағасы Pier Antonio PANZERI мырзаның тіке өзіне жағдайды түсіндіріп, жиналысқа қатысқан парламент мүшелеріне, адам құқықтары ұйымдарының өкілдері мен журналисттерге қытайдағы ҚАЗАҚТАР туралы дайындап апарған ағылшын және неміс тіліндегі мәлімдемемді тараттым. Бұған қатты қызыққан олар менен осы мәселе туралы келесі кездесулерге қатысуды сұрады. Жері мен уақтын айтсаңыздар қандайда бір жиналыс болмасын бұдан да қүшті дәлелдер және куәгерлермен қатысам деп уәде бердім.
Берген уәдемді орындау үшін, еуропалық достарымның қолдауымен Атажұрт қозғалысының жетекшісі Қыдырәлі Оразұлы, Серікжан Биаш және қытай зұлымдығының тірі куәгері Аманжан Сейіт үшеуіне шақырту жасап, Алматыдағы Германия консулымен сөйлесіп, олардың виза мәселесін де тездетіп шешіп бердім. Не себептен екенін білмедім, барлық жағдай жасалып тұрғанына қарамастан Серікжан қытайдағы қандастар мәселесіне қатысты әлемдік деңгейдегі ең маңызды кездесуге келмей қойды.
Екі ортада қаншама қиыншылықтар туындаса да 2018 жылдың 5 қараша күні Қыдырәлі бауырым екеуміз Женевада БҰҰ орталығында, қытай өкілдерінің қөзін бақырайтып тұрып, күллі әлемге Шығыс Түркістанда тек ғана ұйғырлардың емес милиондаған Қазақтардың да жаппай қытай зұлматына тап болып жатқандарын паш еттік. Өкінішке орай іштен шыққан, айтсаң адам сенбейтін, негізінде қытай мүддесіне жұмыс істейтін сатқындардың қастығы кесірінен Ыстамбұл әуежайында тұтқындалған Аманжан Сейіт бауырым ол жинға тірі куәгер ретінде қатысып үлгермеді.
Бырақта-та Аллаға шүкір 2018 жылы қарашаның 6-сы күні Женевада (Швейцария) БҰҰ ғимараты алдында өткен аса ірі наразылық шарасына Қыдырәлі және Аманжан бауырларыммен бірге қатысып, барша әлем жұртшылығына Шығыс Түркістанда ұйғырлармен қатар тарихи отандарында өмір сүріп жатқан милиондаған ҚАЗАҚТАРДЫҢ да жаппай қуғын-сүргінге ұшырап, зұлымдыққа тап болып жатқандарын тағы бір рет әшкере еттік. Әсіресе, қытайдың азаптау лағерлерінің тірі куәгері ретінде ҚАЗАҚ баласы Аманжан бауырымыздың Женевада БҰҰ алдында ашық алаңда қытайдың қылмысын алғаш рет растауы аса күшті әсер еткен еді.
Барша ҚАЗАҚ баласы болып, әсіресе ҚАЗАҚ ЕЛІН басқарушылар болып бір нәрсені еш уақытта, өмір бойы естен шыгармау керек. Шығыс Түркістан (Шыңжан) мәселесі тек ғана сондағы қандастарымыздың емес күллі ҚАЗАҚ баласының ортақ мәселесі, атап айтқанда тәуелсіз Атамекеніміз ҚАЗАҚСТАННЫҢ ұлттық қауіпсіздік мәселесі!
СОНДЫҚТАН, ТӘУЕЛСІЗ АТАМЕКЕН ҚАЗАҚСТАНЫМЫЗДЫҢ БОЛАШАҒЫ ҮШІН БІРІГІП КҮРЕСЕЙІК!
АЛЛА ҚАЗАҚ ЕЛІНЕ ЖАР БОЛСЫН!
Өмірхан Алтын,
Қазақ үні