Ақылы автотұрақ азабы
2021 ж. 05 желтоқсан
1454
4
Алматыда бір топ жеке кәсіпкерлері белгісіз әлдекімдердің қаладағы ең ірі көлік саймандарын сататын «Кар Сити» базары маңындағы шағын көшені бір айдан бері ақылы жолға айналдырып жібергені туралы дабыл қақты
Шырылдаған кәсіпкерлер белгісіз топқа әрекеттерінің заңсыз екенін айтқанымен, олар құлағына қыстырмайтын көрінеді. «Соның кесірінен клиентеріміз қашып жатыр» деген шағымданушылар жергілікті билік өкілдерінен бір шара қолдануды сұрайды. Қызғылт сары күртеше кигендер көлік иесінің бәрінен ақша талап етіп жүр. Ал ашулы кәсіпкерлер 10 жылдан астам уақыт емін-еркін жүрген қоғамдық жолдың аяқ астынан ақылы болғанына аң-таң. Тіпті оңай олжаны көздеген белгісіз топ кәсіпкерлердің өзінен ақша алуға көшіпті.
Ақылы көліктұрақ бір кезде Б. Байбек қала әкімі болып тұрғанда ресми түрде енгізілген «жаңалық» болатын. Ашығын айтсақ, қала әкімшілігі Алматы көшелерінде ақылы көліктұрақтардың қаптап кетуіне өздері жол беріп отыр. Соған қарағанда бұл біреулердің бизнесіне ұқсайды. Қала тұрғындары бұл тонауды тоқтатуды сұрағанмен шаһар билігі үнсіз. Халықтың қамын қарастыруға тиісті мәслихат депутаттары да әкімшіліктің жетегінде кеткен. Қазір мемлекеттік мекемелер мен сауда орындары да ғимарат маңын ақылы етіп қойған. Ал шын мәнінде олар көліктерді тегін қоюға мүмкіндік жасауға міндетті. Алматы әкімдігі халықтың ұсынысына қашан құлақ асады екен?..