АУЫР ЖҮКТІ АРҚАЛАЙ БІЛДІК
2021 ж. 18 қараша
1470
0
Баршамызға мәлім, қазіргі таңда әлемнің тынысы, бүгінгі кескін-келбеті толықтай өзгеріске ұшырады. Бұрынғыдай емін-еркін көсілу, ел аралап, көкірегіңді толтыра дем алу деген жоқ. Бұның барлығы әлем халқын әбігерге салған тәжвирусының ықпалымен шектелген.
Жоңғар қақпасының тұтқасын ұстап, шекаралы аймақта қара шаңырағының қазығын қаққан айдынды Алакөл өңірі де бұл індеттен көшін оздыра алмады. Коронавирустың екпіні бізді ғана емес, дамыған елдердің басында келе жатқан мемлекеттердің де тірсегінен қаққандай. Індеттің ошағы саналатын аспан асты елімен иық тірестіре орналасқаннан кейін өңірімізде сақтық шараларын бекіту, қауіпсіздікті қадағалау ісіне жіті назар аударылған.
Қазір әлем бойынша моральдік және қаржылық дағдарыс белең алып, пандемия салдарынан көптеген арман-мақсаттарымыздың қанаты қиылғаны мәлім. Карантиндік режим енгізілгеннен кейін көптеген жеке кәсіп субектілерінің жұмысы уақытша тоқтап, елдің әлеуметтік жағдайы сәл әлсірегенін байқаймыз.
Осы қиын да ауыр уақытта ешқандай кедергіге қарамастан, өзінің денсаулығы мен өмірін таразы басына тастап, халықтың қамы үшін қызметтерін жалғастырып жатқан жандар да жетерлік. Олардың қатарында денсаулық сақтау, полиция, өрт сөндіру, төтенше жағдайлар бөлімі, мемлекеттік қызметшілер, журналистер және өзге де күнделікті тұрмысқа қажетті саланың мамандары бар. Бұлардың барлығына халық «Қаһармандар» деген атақ теліп, айрықша құрметтейтіндері де белгілі.
Ал осы адамзат баласы мен тәжвирусының жаға жыртысқан арпалысында алдыңғы шепте жүргендер әрине – дәрігерлер. Өздерінің шипалы қолдарымен әр науқасқа шуақ сыйлап, сырқаттарынан құлан таза айығып кетулері үшін өз денсаулықтары мен өмірлерін бәске тіккен ақ желеңді абзал жандардың құрметі мен қажеттілігі жаңа деңгейге көтерілді десек те болады. Ауруханаға жұмылған жұрт көгілдір экранды жайлаған жұлдыздар емес, дәл осы дәрігерлердің жұмысының ең қадірлі екенін түсініп, оларға күнделікті алғыстарын жаудырудан жалыққан емес. Әлеуметтік желілерден аңғарғанымыздай, көптеген парақшаларда сырқатты ауыздықтауға септескен медицина саласының қызметкерлері жайында оң пікірлерін қылдырып, аурумен алысқан күндерін көздерінен жас тамыза еске алуда.
Мәліметтерге сүйенсек әлем бойынша да, еліміздің аумағында да коронавируспен күрес барысында сырқат жұқтырып, мезгілсіз ажал құшқан ақ желеңділер жетерлік. Олардың қатарында медбикелер де, белгілі дәрігерлер мен медицина саласының майталмандары да бар. Өзгенің өмірін құтқарамын деп өз өмірлерінен айырылған бұл азаматтарды барша халық мәңгілік батыр санайтынары да рас.
Өкінішке орай, тәжвирусының тамыры біздің де ауданға жайылып, біраз жерлестеріміз сырқаттың салмағын сезді. Кейбірі о дүниелік те болды. Алайда білікті дәрігерлеріміздің жанкештілігінің арқасында көптеген науқастар ауруынан жазылып, отбасыларымен қауышты. Оларға ақ желеңділер екінші өмір сыйлап, бала-шаға мен ата-аналарның қасында
болуларына мүмкіндік берді. Айтуға оңай болғанымен, іске келгенде өте ауыр жауапкершілігі ауыр міндет. Бүгінгі күннің қаһармандары деген атаққа коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүрген әр азамат лайықты деп білеміз. Күндіз күлкіден, түнде ұйықдан тыйылып, жұрттың игілігі үшін тыным көрмейтін жерлестеріміздің еңбегі өлшеусіз.
Осындай батыл да білікті, жанашыр да жауапты жандардың ішінен іліп аларлық, «Біздің қаһармандар» деп атауға әбден лайықты дәрігерлер бар. Олардың қатарындағы аудандық орталық аурухана директоры Асхат Бұтабаевты, емдеу ісі жөніндегі орынбасары Бақытгүл Бижанованы, рениматолог Талғат Қуисовты, дәрігерлер Альбина Дюсетаева, Айгерім Төребекова, Анель Амантайқызын, аға медбике Елдана Алипованы, медбикелер Мейрам Сейтахмед, Тоғжан Бектурғанова, Толқын Бектурғанова, Ұлбосын Жолдас, Надира Төлегенованы, кіші қызметкерлер Құралай Жакупова, Айжамал Жумадилова, Бақытжан Черубаева, Айнур Косетова, Кульзира Нургалиева, Раушан Ыстықбаева, Анар Бекежанованы мақтанышпен айтуға болады.
Шыны керек, тек ел аумағында ғана емес, күллі әлем халқын әбігерге салған тәжвирусының кесірі бәрімізге де тиді. Қанашама жұмыс орындары қысқарды, тұрғындардың табысы да кеміді. Жеке кәсіп желкен көтере алмай, дағдарыс дауылына төтеп беру де қиындады. Барлығымыз да «Бұның арты не болар екен?» деп, болашаққа қорқынышпен қарағанымыз да рас. Алайда, тәубә, мемлекет басшысының сарабдал саясаты мен ел бірлігінің арқасында карантиндік қатаң талаптардың тоңы жібіп, топырағы жұмсарғандай. Ең бастысы, Ебінің желіне тербеліп, дала төсінде еркін тербелген көліміздің ырысын көптеп көрдік. Былтыр құзғынша шүйірілген коронавирустың салдарынан ауданымызға келер туристер саны да едәуір кеміген еді. Биыл миллионның үстіне шығып, кеңінен тыныстауға да мүмкіндік туды.
Осындай қиын-қыстау кезеңде өңірдің экономикалық өсімін тұрақтандыру, әр саланың аяқ алысын үдетпеу оңай соқпады. Бір жағынан туристік аймақтағы вирустың таралу қауіпі де жоғары болды. Бұның барлығын бір жолға салып, жүйелендіру үшін жұртшылықпен жұмыла еңбек етіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білдік.
Барлық тарапқа да тиімді әрі оңтайлы жағдайды қалыптастыру үшін ең алдымен карантиндік талаптарға баса назар аудардық. Өңірде бетперде тағу, арақашықтықты сақтау сынды қарапайым ережелерден бастап, «ASHYQ» бағдарламасын пайдалану, вакциналау жұмыстары да жеделдетілді. Ел аумағында коронавирустың екінші және үшінші толқыны ауыр болды. Ауруханаларда оттегі жетіспеушілігі, науқастар жататын орынның аздығы байқалды. Осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында орталық ауруханада автоматтандырылған заманауи оттегі стансасы қойылды. Коронавируспен күреске қажетті барлық құралдар жеткізілді. Ауданның жомарт жандары да қаражаттарын аямай, қиын кезеңде көмек қолын соза білді. Ауруханалар толықтай төтенше жағдайға көшіп, сырқаттарға арналған орындар көбейтілді. Әскери лазареттің де күшін пайдаландық. Бүгінгі таңда
жағдай сәл саябырсыды. Бұрынғыдай ауруханаға толған адам жоқ. Халық та вирустан қорғану жолдарын меңгеріп, сақтық шараларын сақтауға үйренді.
Көл бойында да демалыс орындары «ASHYQ» қосымшасы арқылы жұмыстарын жалғастырып, Ақши, Көктұма амбулаториялары қосымша дәрігерлермен күшейтілді. Ендігі мақсатымыз халықты 100 пайыз вакциналау.
Аспан асты елінен шығып, аспанның астын түгелдей жайлаған дертпен күрес барлық мемлекеттерде қарқынды әрі жедел жүргізіліп жатыр. Сырқаттар санын азайту, вирустың таралуын тежеу шараларына қыруар қаржы да жұмсалуда. Әрекет мол болғанымен, әлі де нәтиже көңіл қуантарлықтай емес. Мемлекет тарапынан тәжвирусымен күрес толыққанды жүргізілуде. Қоғамдық орындар мен адамдар көп шоғырланатын жерлерді залалсыздандыру, медицина саласына жіті көңіл бөлу, дәрі-дәрмектер мен бетперде жеткіліксіздііге жол бермеу сынды жұмыстар жүйелі атқарылуда.
Тарих бедеріне назар аударсақ еліміз ХХ ғасырда оба, тырысқақ (холера) сынды жұқпалы әрі орасан зор қауіп төндірген ауруларды да жеңе білді. Ол кездегі денсаулық сақтау саласы мен халықтың хал-ахуалын ескерсек толағай жұмыстар атқарылғанын аңғарамыз. Ал қазіргі дамыған әрі технологиялық жаңғыру заманында өмір сүріп жатқан біз үшін тәжвирусымен күресу оңай түсуі керек. Алайда, кей азаматтардың жауапсыздығы мен болып жатқан жағдайларға деген немқұрайлы әрекеттерінің салдарынан сырқат жұқтыру фактілері мен ең сорақысы науқастардың өлім жағдайы да жиілеп барады. Қазақстанның біраз өңірі қызыл аймаққа кіріп, карантин шаралары да қатаңдатылуда.
Бір айта кетерлігі, мемлекет тарапынан дәрігерлерге қосымша жалақы төлеу мәселесі көтеріліп, дәрігерлерге үлкен көмек болды. Науқастармен тікелей жұмыс жасаған ақ желеңділер үшін бұл бастама құптарлық дүние. Бұдан бөлек, ауданның атпал азаматтары да аурухана мен дәрігерлерге көмек қолын созып, барынша қолдау жасады. Коронавируспен қажетті құралдарды жеткізіп, өзге де медициналық жабдықтарды тарту етіп жатты.
Мемлекет болашағы дені сау ұлттың қолында екендігі мәлім. Себебі жаһандық бәсекедегі бәсіміздің артып, әлем аренасындағы беделіміздің биіктеуіне әр азаматтың денсаулығының мықты болуы маңызды фактор болмақ. Осы ретте шипалы қолымен шуақ сыйлап, адам өмірінің қарауылында тұрған медицина саласы қызметкерлерінің істері үнемі іргелі, еңбектері қашанда қадірлі. Гиппократқа қана емес Алла алдында да ант берген ақ желеңді абзал жандар науқаспен қоса ауырып, оларға ем қонғанша маза таппайтыны тағы бар. Үстілеріндегі халаттай жандары да пәк келетін дәрігерлердің қоғамдағы дәрежесіне дақ түсіру мүмкін емес. Шынымен, әр дәрігер бүгінгі күннің қаһарманы, батыры саналады. Олардың тынымсыз еңбегі, қалтқысыз қызметі үнемі қоғамның назарында және жоғары құрметке лайықты.
Ләззат БИЖАНОВА,
Алакөл аудандындық орталық ауруханасы
жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі.
Алматы облысы.