ҚАМҚОРЛЫҚ – ҚҰНДЫ ҚАСИЕТ
2021 ж. 17 қараша
1665
0
Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтқанындай «Әлеуметтік сала әрдайым мелмекеттің басты назарында» болып табылады. Себебі, бұл саланың жұмысы халыққа аса қажет, қашан да өзекті екендігі баршамызға белгілі.
Жас ұрпақты келешекте білімді, саналы азамат етіп тәрбиелеу өте маңызды мәселе. Өйткені еліміздің болашағы солардың қолында болмақ. Оның бойындағы туа біткен табиғи мүмкіндіктерін дұрыс бағалап, одан әрі дамытып, сенім, үлгі көрсету, талап ету арқылы жауапкершілігін жетілдіре отырып, қоғамға аса қажет жеке тұлғаны қалыптастыруға болады. Баланың дамуы бұзылған жағдайда оның қоғамда өз орнын тауып, әрі қарай бейімделуі қиындай түседі. Содан барып «Мүмкіндіктері шектелгендер өмірден өз орнын таба ала ма, жұрт қатарлы толыққанды өмір сүре ала ма?» деген сұрақ туындайды.Ол үшін мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік оңалту және оған қоса белсенділігін арттырып, қоршаған ортаны танып білуі үшін мүмкіндік беретін шынайы әрекеттерге тарту жұмыстарын жүргізу қажет. Кейбір деректерге қарасақ, қазіргі уақытта елімізде 563 мыңнан астам мүгедек жан тұрады екен. Олар халықтың жалпы санының 3 пайыздан астамын құрайды. Соның ішінде 58 мың мүгедек бала бар екен. Бүгіндер мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік қолдау ұғымы өзгеріп, жаңа сипатта ие болды. Осыған дейін тек әлеуметтік төлемдерді уақтылы төлеумен шектелсе, қазіргі кезде бұл міндеттің ауқымы анағұрлым кеңейді. Мүмкіндігі шктеулі адамдарды физикалық және рухани жағынан жан-жақты оңалту, оларды қоғамға кіріктіру мәселесі күн тәртібінде тұр.
Әлеуметтік сала қызмет көрсететін ерекше жандар да басқа миллиондаған тұрғындарымыз сияқты біздің отандастарымыз. Сондықтан да мемлекет беріп отырған барлық мүмкіндіктерді пайдаланып, олардың толыққанды қоғам өміріне қосылуына қол ұшын созу, өздерін өзгелермен тең сезінуіне жағдай жасау барша қазақстандық азаматтардың міндеті. Осындай мейірімділік бағытты ұстана отырып, мемлекет тарапынан қамқорлықты қажет ететін ерекше жандарға дер кезінде көмек қолын созып, заңнамаға сәйкес қызмет атқарып жатқан мемлекеттік мекеменің бірі – Алматы облысы, Талдықорған қаласындағы «Қамқор» балалар үйі болып табылады. Орталықта диагноздары күрделі құрылымды, ауыр және терең ақыл-ой кемістігі бар, тірек-қимыл аппараты бұзылған 64 тәрбиеленушіге 8 түрлі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілуде. Бүгінгі таңда коронавирус сияқты күрделі ахуалды кезеңді бастан өткеріп жатқандықтан және мекеме қызметкерлері бала денсаулығына зор жауапкершілікпен қарайтындықтан әлеуметтік қызметтің ішінде бірінші кезекте медициналық қызметке баса көңіл аударылуда. Жалпы пандемия ушығып, елде төтенше жағдайлар жарияланған сәтте орталықта қызметкерлер мен қызмет алушылар арасында коронавирус індетіне шалдыққандар болды. Дегенмен де, індетке қарсы карантин шаралары қатаң сақталып, мекемеде ауа жолдарына көмектесетін тұзды шахта, «Гальванизатор», «Аэромед», «Биоптрон» аппараттары,
сонымен қатар вирустық дерттің алдын алатын «Ауа рецикуляторы», «Тубус-кварц», «УВЧ» сиқты түрлі құралдармен қамтамасыз етілген физиокабинеттер жұмыс жасайтындықтан, мекемеде емдеуге, сақтануға барынша жағдай жасалғандықтан дерттің алдын алуда аса қиындық туындаған жоқ. Соның нәтижесінде, елде дерт ушығып жатса да мекеме балалары медициналық қызметтің арқасында сирек аурып, дертті жұқтырғандардың өзі оны жеңіл өткерді. Өйткені пандемия басталған сәттен бастап мекеме бүгінгі күнге дейін, Алматы облысының бас санитарлық дәрігерінің «Медициналық ұйымдарда санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтау» алгоритімін басшылыққа ала отырып, барлық шараларды орындап келеді. Қызметкерлер арасында ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, жоспар бойынша инфекциялық бақылау мейірбикесі тұрақты түрде семинарлар өткізіп тұрады. Сонымен қатар, осы күнге дейін қызметкерлер 100 % вакцинамен қамтамасыз етіліп, орталықтағы хал-ахуал жақсы сақталып отыр. Жыл сайын қызмет алушылар тұрақты түрде медициналық тексеруден, ал қызметкерлер скринингтік тексеруден өткізіледі. Ол да әрине, дерттің алдын алатын бірден бір ұтымды жол.
Біздің мекемеде балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 186 бірлік қызметкерлер бекітілген. Оның ішінде отызға жуығы арнайы біліктілігі бар медициналық қызметкерлер. Атап айтсақ: дәрігер-педиатр, психиатр, невропатолог, стоматолог, травматолог, физио дәрігер, емдік дене шынықтыру нұсқаушысы, массаж және кезекші мейірбикелер қызмет атқарады.Маман дәрігерлер балалардың орталықта толықтай ем алуын қамтамасыз етеді. Оған қоса қызмет алушылар жергілікті балалар емханасына да тіркеуге алынған. Мекеменің медицина мамандары мен жергілікті емхана дәрігерлері өзара тығыз байланыста жұмыс істейді. Мамандар әрбір пациент жайында бір-бірімен ақпарат алмасып тұрады. Бұл ортақ жұмыстың нәтижелі болуына ықпал етеді.
Мекеме тек жергілікті емханамен ғана емес, еліміздің басқа да орталық медицина мекемелерімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Мысалы, елордадағы қалалық «Ұлттық кардио-хирургиялық орталыққа» 4 баланы тексеруден өткізіп, Алматы қалалық «А. Н. Сызғанов атындағы ұлттық-ғылыми хирургиялық орталығына» 2 баланы жіберіп, жүректеріне ота жасаттық. Ота сәтті өтіп, оң нәтиже берді. Ота жүргізілген балаларға реабилитациялық шаралардың маңызы өте зор екендігі сөзсіз. Сондықтан да, медициналық-әлеуметтік мекеме болғандықтан, балалардың жай-күйін және олардың қажеттіліктері мен мүмкіндіктерін ескере отырып реабилитациялық шаралар одан әрі іске асырылуда.
Балалардың құқықтары мен мүдделерін сақтау саласындағы ұлттық саясаттың негізгі бағыттарының бірі – бірінші кезекте мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту болып табылады. Олардың барлық жағдайын жасауға және денсаулығын қолдау мақсатында жыл сайын мемлекеттен қомақты қаражат бөлінеді. Айталық, биылғы 2021 жылға бөлінген қаражат көлемі 520496,0 мың тенге. Соңғы 5 жылда мемлекеттен бөлінетін қаражат көлемі 100%-ға дейін өскендігін байқауға болады. Бөлінген қаражат нақты мақсатқа
бағытталып жұмсалады. Балаларды оңалту үшін жыл сайын жаңа инновациялық технологиялар негізінде әзірленген оңалту тренажерлары сатылып алынады. Биылғы жылғы жоспар бойынша да бюджеттен бөлінген қаражаттың 14 млн. теңгесіне реабилитациялық құрал-жабдықтар тапсырыс берілді. Бұл дегеніміз әлеуметтік салаға баса назар аударылып, бала денсаулығын жақсарту жұмыстары жылдан-жылға артып келеді дегенді білдіреді.
Балалар үйінің басты мақсаты – тәрбиеленушілердің денсаулығын арттырып, көрсетілетін қызмет деңгейін көтеру болып табылады. Дегенмен де бала денсаулығынан бөлек, ерекше жандарды қоғамға бейімдеп әлеуметтендіру бүгінгі күннің басты талабы. Бұл өте маңызды мәселе. Жоғарыда мекеме штатын атап өткеніміздей, 186 бірліктің ішінде 27,5 бірлік педагог мамандар. Орталық бүгіндер дефектолог, логопед, тәрбиеші, еңбек нұсқаушылары, дене шынықтыру мұғалімі, хареограф, музыкалық жетекші мамандарымен толықтай қамтылған. Әрбір маман әрбір баланың жеке жұмыс жоспарына сәйкес оның танымдық қабілетін дамыту үшін арнайы сыныптарда жұмыс істейді. Орталық басшылығы «Бәріне бірдей мүмкіндік» принципін ұстана отырып, қызмет алушыларға компьютерлік сынып ашқан. Ал, тәрбиеші мамандар бала бастапқы сәтте қабылданған күннен бастап, қызметтік нұсқаулықтарына сәйкес өзіне-өзі қызмет көрсету дағдыларын меңгеруге баулиды. Өзіне-өзі қызмет көрсету дағдысынан бөлек, әлеуметтік-мәдени қызметтерін басшылыққа алып, өнерге де бет бұруға дағдыландырады. Осындай іс-шаралардың арқасында біздің балалар мекемеде әр мереке сайын сахнада өз өнерлерін көрсетіп тұрады. Балалардың өнерді меңгеруі мақтауға тұрарлық көрсеткіш. Өнер атаулы адамның санасын жетілдіріп, жан-жақты дамуына тікелй ықпал ететіні белгілі.
Әрине, мекемеге ауыр диагноздары бар ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардан бөлек, ата-анасы амалсыз болып, диагнозына сәйкес арнаулы әлеуметтік қызмет көрсете алмағандықтан да өткізіп жатады. Әр бала топқа жасына, жынысына, диагнозына байланысты орналастырылып,әлеуметтік, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, құқықтық, экономикалық және мәдени қызмет түрлерін алады. Бастапқы кезеңде баланың жағдайы мен диагнозы күрделі болып келеді. Уақыт өте келе мекеме мамандарының көмегімен жағдайлары түзеле бастайды. Осылайша күрделі диагнозды 8 баланың аяғынан тік тұрып кетуіне себепші болды. Әрине, бұл бір күндік немесе бір жылдық жұмыс емес, оның барлығына көп уақыт қажет. Әсіресе мамандар тарапынан табандылық пен төзім аса қажет.
Бала денсаулығына үлкен көңіл бөле отыра, орталық басшылығы мен мамандары үнемі ата-анамен тығыз байланысқа түсуге тырысады және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың туған отбасын іздестіру жұмыстарымен де үздіксіз айналысуда. Осы уақытқа дейін ата-аналарды іздестіру жұмыстары мен түсіндірме жұмыстарының нәтижесінде соңғы 5 жылдық ішінде 36 бала өзінің туған отбасының қамқорлығына алынды. Мекемеде балаға барынша жағдай жасалынып, оңалту жұмыстары
жүргізілгеннен кейн баласынан оң нәтиже байқаған ата-ана әрине қызығушылық танытып, туған отбасына қайтарып алуға тырысады. Тіптен 2020 жылдың өзімен салыстыратын болсақ, осы бір ақ жылдың ішінде қызмет алушылардың саны екі есе азайған. Яғни, 10 тәрбиеленуші туған отбасына қайтарылып, 15 тәрбиеленуші Жамбыл облысы, Тараз қаласына қамқорлыққа алынды және 17 қызмет алушы ересектер мекемесіне ауыстырылды.
Орталықта бала санының кемуі – мекеме қызметкерлерінің атқарып жатқан оң жұмыстарының нәтижесі деп түсіну қажет. Қызметкерлердің қашан да балаларды отбасы тәрбиесіне жіберуге талпынып, барын салатындығы биылғы жылғы нәтижеден айқын көрініп тұрғандай. Бір жағынан алып қарастыратын болсақ, ата-ананың баланы алып кетуінің тағы бір себебі – баланың «Қамқорда» емін-еркін жүріп, өзін эмоционалдық жағынан жақсы ұстауға үйренуінде. Ал, эмоционалдық жағынан өзін жақсы ұстауы мен күнделікті жай-күйіне сыртқы фонның да қолайлы болуы өзінің оң әсерін береді. Бала өзін қоршаған ортаның көңілінен шығуын қалайды. Сол себепті мекемеде 2009 жылы күрделі жөндеу жұмыстары атқарылып, жыл сайын ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп тұрады. Сонымен бірге орталыққа қатысты аумақты абаттандыру жұмыстары да толығымен жүргізілді. Аула жасыл желекпен жамылып, жан-жағында гүлдер жайқалып өсіп тұрса көз қуантады, көңіл марқаяды, сезімге оң әсер береді. Оның да балалардың оңалуына тигізер пайдасы да мол.
Қорыта айтқанда, мүмкіндігі шектеулі балаларымызға қамқорлық жасап, олардың құқықтарының толықтай сақталуын қамтамасыз етіп және ата-аналарына моральдық тұрғыдан демеу болу – біздің басты міндетіміз. Болашақ ұрпақтың бақытты өмірін қалыптастырудан артық міндет бар ма?!
Олай болса біздің ұжым «Қамқор» деген атына сай осы бағытта өз жұмысын лайықты жалғастыра бермек. Қасыңдағы адамға қамқорлық көрсету – құнды қасиет. Ол әрбір адамның бойында болуы керек. Сонда ғана өмір сүріп отырған ортақ қоғам бәрімізге ыңғайлы жұмақ мекенге айналады. Ал, ол өзімізге байланысты...
Меруерт ЖИЕНБЕКОВА,
«Қамқор» арнаулы әлеуметтік қызмет
көрсету орталығының директоры.
Алматы облысы.