Всеволод ЛУКАШЕВ: Қазақстандағы әрбір этнос өкілі Мемлекеттік тілді меңгеруі міндетті
2023 ж. 12 қазан
2362
0
ҚХА мүшесі, Алматы «Орыс мәдениеті орталығының» төрағасы Всеволод ЛУКАШЕВ "Қазақ үні" ақпарат агенттігіне сұхбат беріп, Ассамблея жұмысына қатысты сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар, Мемлекеттік тіл туралы пікірлерін айтты.
– Всеволод Анатольевич, Қазақстан халқы Ассамблеясы осыдан 26 жылдан астам уақыт бұрын құрылып, тұрақты түрде жұмыс істеп келеді. Бірақ, тұрғындарымыздың біраз бөлігі ҚХА еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің қоғамдық ұйымы деп түсініп, оның не үшін құрылғанын, ол қандай нақты қызмет атқаратынын толық біле бермейді. Алдымен осы жағына тоқтала кетейік.
– Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен құрылған Мемлекет басшысы жанындағы кеңесші орган болып табылады. Тұңғыш Президентіміз Н. Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылына арналған Қазақстан халқының бірінші форумында айтқан болатын. Мұндай институтты құрудың негізгі мақсаты – саяси жағынан тәуелсіз, полиэтносты, поликонфессиялық тұрғыдан жаңадан құрылған мемлекетті тұрақты дамыту еді. Аталған бастама кейін тәжірибе көрсеткендей, мәдениет аралық диалогты нығайтудың жаңа кезеңінің негізін қалады. Әділін айтсақ, этносаралық қатынастарды дамыту мәселелерін жоғары деңгейде шешуге мүмкіндік жасайтын әлемдік тәжірибедегі тың бағыт болды. Ширек ғасырдан астам тарихында Қазақстан халқы Ассамблеясының институционалдық құрылымы нығайып, қоғамды ұйыстырушы әлеуеті толысты, этносаралық толеранттылық және қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі қалыптасты. Бүгінде Ассамблеяның ел Президенті төрағалық ететін конституциялық орган болуы оның ерекше мәртебесін көрсетеді.
Рас, кейбір азаматтарымыздың ҚХА туралы түсінігі аздау болуы мүмкін. Ол негізінен ақпараттық кеңістікке терең бойламаудан немесе Ассамблея жұмысының қажет деңгейде насихатталмауынан шығар. Дегенмен осы жылдар көптеген жұмыстар атқарылды. Бұл ұйым пікір алмасудың ашық алаңы, енді елімізді дамытуға бағытталған кез келген ұсыныстарды Ассамблея арқылы білдіруге толық мүмкіндіктер болатынын Елбасының өзі алғашқы күннен айтқан болатын. Сол мүмкіндіктерді іс жүзінде пайдаланып келеміз.
Бір қарағанда ҚХА еліміздегі түрлі этностардың өз мүдделерін қорғайтын, талап-тілектерін айтатын, өз мәселелерін ғана шешетін орган болып көрінуі мүмкін. Көбісі солай ойлайды да. Шын мәнінде олай емес. Ассамблея құрамында 450 адам болса соның жүзден астамы қазақ ұлтының өкілдері. Олардың қатарында елімізге белгілі ғалым, заңгер сияқты түрлі мамандар мен шығармашылықпен айналысатын зиялы қауым өкілдері бар. Олар өздерінің құнды ұсыныстарын айтып келеді. Халық арасынан шыққан Ассамблеяның өзге де мүшелері өз пікірлерін ашық айтуға құқылы.
Естеріңізде болар, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еліміз үшін өте қиын болды. Жалақы мен зейнетақыны төлеудің өзі үлкен мәселе болатын. Дүкен сөрелері бос, көптеген елді мекендер ауыз сусыз, электр қуаты тапшылығынан қараңғыда отырды. Осындай ауыр кезеңде елдің болашағына онша сеніңкіремегендер Қазақстаннан үдере көшті. Отыз жылда шамамен 3,5 миллионнан астам адам көшкен екен. Әрине, олардың басым көпшілігінің тарихи отанына оралғысы келгендерін де түсінуге болады, ешқандай реніш жоқ. Ол қалыпты жағдай және олардың өз отанында байлы-бақуатты өмір сүруіне тілектеспіз. Ал Қазақстанда қалған өзге ұлт өкілдері осы күнге дейін бәрімізге ортақ еліміздің дамуына қолдарынан келгенше өз үлестерін қосуда. Олардың кіндік қаны тамған қасиетті жері осы Қазақстан екені белгілі. Олар өздерін осы елдің азаматы ретіндегі жауапкершілікті толықтай сезінеді, тағдырларын тек қана қазақ елімен байланыстырған. Еліміздің дамуына барлық ұлттар өз үлесін қоса беретініне мен сенімдімін.
Сонымен бірге әр этнос өкілдері өздерінің салт-дәстүрлерін, мәдениетін, тілін және өзге ұлттық құндылықтарын сақтап қалуға құқылы. Бұл ретте белгілі бір ұлт өкілдері шоғырланған Қазақстанның барлық аймақтарында, оның ішінде Алматыда да әр ұлттың мәдени орталықтары жұмыс істейді. Өз басым Алматыдағы орыс мәдениеті орталығын басқарып келе жатқаныма он бес жылдан асты. Ал ҚХА мүшесі болғаныма ширек ғасыр болды. Мұндай ұйымдар халықаралық тәжірибеде кеңінен таралған. Басқасын айтпағанда, мысалы Түркияда, Қытайда, Өзбекстанда немесе өзге де шетелдерде тұратын қазақтардың да осындай мәдени орталықтары бар. Менің білуімше олардың көбісі нәтижелі жұмыс істеп, Қазақстанмен тұрақты байланыс жасап тұрады. Олар өздерінің ұлттық салт-дәстүрін, мәдениетін, тілін ешқашан ұмытпайды. Мысалы, Қытай, Монғолияң, Түркия сияқты өзге де шетелдерден өз атамекеніне оралған қазақтардың бәрі ана тілін жетік біледі, салт-дәстүрлерін де жақсы сақтаған.
Мәдени орталықтардың нагізгі мақсаты бір, жұмыс тәсілдері де ұқсас. Айталық, біздің орталық сонау 1989 жылы құрылған екен. 1996 жылдан коммерциялық емес ұйым ретінде жұмыс істейді. Олардың негізгі мақсаты ұлттық мәдениетті сақтап дамыту, адамдарға медицина, білім саласы боынша және әлеуметтік- тұрмыстық жағынан көмек көрсету. Адамдарды толғандырған мәселелерді жоғары билікке жеткізу және оны шешуге ықпал ету. Бұл айтып отырғаным Қазақстан халық Ассамблеясы мен оның құрамындағы ұлттық мәдени орталықтардың негізгі мақсаты мен жалпы алғандағы жұмыс бағыты.
– Ассамблеяның және мәдени орталықтардың нақты атқарған қандай істерін атар едіңіз?
– Тағы да айта кетейін, мәдени орталықтар мерекелерде алаңға шығып әр ұлттың өнерін көрсетіп концерт қою немесе жиналыстарда жалынды сөз сөйлеу үшін құрылған жоқ. Мысалы бізде көптеген партиялар бар, олар да қоғамдық ұйымдар. Олар да бұқараның идеялық жағынан біріккен белгілі бір тобының мүддесін қорғайды. Солардың мәселесін жоғары жаққа жеткізіп, оны шешуді мақсат тұтады. Ассамблея да осы бағытта жұмыс істейді. Бірақ
бір артықшылығы бар, біздің ұйым тек қана саяси көзқарасына қатысты емес, Қазақстанда тұратын өзге де ұлттарды қамтиды. Олардың басын біріктіріп, ортақ іске, елімізді гүлдендіруге жұмылдырады. Осы жағынан алып қарағанда Ассамблеяның қамтитын ауқымы мен өзіне жүктелген міндеттері өзге партияларға қарағанда кеңірек деуге болады.
Енді атқарылған нақты істерге тоқталайық. Былтырдың өзінде құрамында ондаған ұлт өкілдері бар біздің Ассамблея түрлі бағыттағы қайырымдылық мақсатында 6 миллиард теңгеге жуық ақша жұмсады. Бұл өте қомақты қаржы, былайша айтқанда бір министрліктің немесе кейбір саланың жылдық бюджетіне жуық. Өткен жылғы короноавирус кезеңінде ол қаржы тұрғындарымызға өте қажет болғаны белгілі. Мұндай көлемдегі қаржы жыл сайын жұмсалады. Біздің арамызда «жыл меценаты» атанған азаматтар да бар. Олар әлеуметтік жағынан нашар қамтылған отбасыларына, балалар үйіне, әлеуметтік бейімдеу орталықтарына, спорттың түрлі салаларына қолдау көрсетеді. Қаржы болса қолдау көрсететін жерлер бізде жеткілікті. Қазақстандағы еврейлер бірлестігінің жетекшісі Александр Барон өзінің отыз жылға жуық қоғамдық қызметі барысында елімізге 4 миллион доллардан аса инвестиция әкелді. Ол қаржы медицина саласын дамытуға, мамандарды дайындауға тұрмысы нашар адамдарға көмек ретінде қайырымдылыққа бағытталды. Сол сияқты Ассамблеяның Алматыдағы жастар қанатының жетекшісі ұйғыр жігіті Рустам Абдулсаламұлы соңғы жылдары, әсіресе пандемия кезінде волонтерлік қызмет көрсетуді ұйымдастырды. Жастары 65-тен асқан қариялы отбасыларына ассамблея мүшелері сатып алған азық-түлік және де өзге де тұрмысқа аса қажет заттарды тұрақты түрде тегін жеткізіп тұрды. Бұл шара қазір де жалғасуда. Осы сияқты атқарылып жатқан жұмыстар көп, оның бәрін тізіп шығуға уақыт керек. Бір айта кететіні, қиындық адамдарды топтастырады. Пандемия кезінде бүкіл еліміз бойынша волонтерліктің белсенді түрде іске асуы осыны көрсетеді.
Ассамблеяда «Қоғамдық келісім кеңесі» тұрақты жұмыс істейді. Кеңес атқарылатын жұмыстарды белгілеп, оның нақты орындалуына бақылау жасайды. Оның аясында «Аналар кеңесі» де бар. Бұл кеңес жастар тәриесімен айналысып, жас аналарға өз пайдалы кеңестерін беріп тұрады. Оны осы уақытқа дейін татар мәдениет орталығының жетекшісі Нұрия Ниязова басқарып келді. Нұрия Ниязова өзі, оның әкесі де кезінде Алматы қалалық мәслихатының депутаты болған. Әкесі өз қаржысына мешіт тұрғызған-ды. Осы жақында ғана Ниязованы «Республикалық аналар кеңесіне» жетекші етіп сайлады. Сол сияқты әзірбайжан мәдени орталығы да көптеген жұмыстар атқаруда. Бұл ұйымға Айваз Мамедгасанов жетекшілік етеді. Оның да әкесі белгілі адам – социалистік еңбек ері. Кезінде жер аударылып келуіне қарамастан өз еңбегі арқылы көпшіліктің құрметіне бөленген адам. Белгілі спортшы Ислам Байрамуков Ассамблея аясында Алматы қаласы бойынша спорт мәселесімен айналысады. Мәдени орталық мүшелерінің арасында бизнесмендер, белгілі кәсіпкерлер аз емес. Олар қалаға қаржылай көмек көрсетіп, шаһарымзды абаттандыруға атсалысып
келеді. Кәсіпкерлерді ешкім қаржы бөл деп мәжбүрлемейді. Олар өз жүрек қалауымен қоғамдық іске қатысып, өз үлестерін қосып жатыр. Өйткені олар да өз қаласының дамығанын, сәнді болғаны қалайды.
-Осы тұста өзіңіз жетекшілік ететін қалалық орталықтың да жұыстарын қоса айта кетсеңіз.
- Алдында айтқанымдай, мәдени орталықтардың ұстанған бағыты бірдей атқаратын жұмыстары да ұқсас. Ұлттық мәдениет, өнер, әдебиет, салт-дәстүрлерді сақтап дамыту болып табылады. Қалада өтетін барлық мәдени іс-шараларға белсене қатысамыз, оған қоса қайырымдылық жасаумен де айналысамыз. Айталық, біз жылына 1,5 мыңнан астам әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларынан шыққан балаларға жаңажылдық мереке өткізіп, сыйлықтар тапсырамыз. санаторийларға тегін демалдырып, Санкт- Петербург және өзге де Ресей қалаларын аралауға тегін жолдама береміз. Сол секілді Ұлы Отан және Ауған соғысына қатысқан ардагерлерге, Чернобыль апатында болғандарға демалып, емделуге тегін жолдамалар беріп тұрамыз. Осы сияқты қайырымдылық шаралар үнемі өткізіледі.
-Қазір халық қымбатшылық құрсауында қалды. Ол өз кезегінде адамдардың тұрмыстық деңгейіне кері әсер етуде. Бұл бағытта сіздер қандай істер атқарып жатырсыздар?
- Адамдарымызға қатысты қандай жағдай, қандай мәселе болмасын назардан тыс қалдырмаймыз. Біз қоғамдық ұйым болғандықтан ешкімге, оның ішінде үкіметке де бұйрық бере алмаймыз. Дегенмен халықтың пікірін ресми түрде жеткізуге міндеттіміз. Сол кезде монополистер қоғамның белсендігін сезініп, белгілі бір қадам жасау үшін алдымен ойланатын болады. Біреулердің бағаны көтеріп байығанынан көпшілік зардап шегеді. Тарифтердің әлсін-әлсін қымбаттауына байланысты электр қуаты, су, жолақысы, байланыс, коммуналдық төлемдер сияқты мәселе бойынша сала басшыларымен кездесу өткізіп, талқылаймыз. Жақында, қазан айының соңында жанар-жағар майдың, қуат көздерінің қымбаттауына қатысты сала монополистерімен де кездесу өткіздік. Олардың да айтар өз уәждері жетерлік. Мысалы, қуат көздерін тасымалдаушылар сонау 2008-жылдан бағаны көтермегенін, бұлай кете берсе сала ешқандай пайда көрмей жабылатынын айтты. Енді олар өз қызмет құнын 36 пайызға көтеруді сұрап отыр. Бұл тым көп, тауар бағасын бірден көтеріп жібереді. Осы мәселе жайында біз өз ұсынысымызды тиісті үкіметтік органдарға ресми түрде жолдадық. Оны өзге де қоғамдық ұйымдар мен партиялар да айтып, мәселе көтеріп жатқаны белгілі. Бұл мәселе біздің де күнтәртібізде тұрақты бақылауда болады.
- Жер бетінде неше түрлі жағдайлар орын алып жатады. Өткендегі Қордайдағы оқиға да соның бірі. Қоғамда осы қақтығысқа қатысты ҚХА неге үнсіз қалды деген пікірлер айтылып қалды. Бұған байланысты не дер едіңіз?
- Оны мен де байқадым. Біріншіден, біз үнсіз қалған жоқпыз. Ассамблеяның секретариаты арқылы осы мәселеге қатысты Қордайдағы оқиғаны реттеу үшін онадғы ұлт өкілдерімен кездесулер өткізейік деген ұсынысымызды тиісті құзырлы органдарға білдірдік. Жағдайдың ушығуына байланысты
күштік құрылымдар кіргізілген соң ешқандай қоғамдық ұйымдарға, соның қатарында ешқандай партияларға да ондай мүмкіндік берілмеді. Бақылауды үкіметтік ұйымдар мен жергілікті билік тікелей өз қолдарына алып реттеді. Бірақ одан кейін зардап шеккендерге көмек көрсетуге белсене қатыстық. Қордайға 6 «фур» көлігімен азық-түлік және тұрмысқа қажет заттарды апардық. Бір «фур» көлікке бірнеше «Камаздың» жүгі сиып кетеді. Ал оқиғаның орын алу себебін құзырлы орындар анықтағаны белгілі.
- Тіл болмаса ешқандай мәдениет те, тіпті ұлт та болмас еді. Біздің қоғамда қазір мемлекеттік тіл мәселесі өткір тұр. Тәуелсіздігімізге отыз жыл болса да оның қолданыс аясы әлі де ойдағыдай емес.
- Мемлекеттік тілді меңгеру міндет. Ол бүкіл әлем бойынша қалыптасқан заңдылық. Ашығын айтайын, елімізде тұрып жатқан орыстардың біреуі де оған қарсы емес, керісінше оны үйренуге тырысуда. Қазір көптеген мекемелер маңдайшасындағы жазулар тек қана қазақша жазылып жүр. Соны түсіне алмай адасып жүрген адамды көрдіңіз бе? Жоқ. Оны орысша жазыңдар деген талап болды ма? Жоқ. Қай ұлт өкілі болса да қазақша сөлей алмаса да оны түсінеді. Мәдени орталықтарда, оның ішінде бізде де орыс тілі ғана емес, мемлекеттік тілді үйрету жұмыстары жүргізіледі. Үйренемін деген адамға жол ашық, мүмкіндіктер мол.
Рас, кезінде, кеңестік кезеңде қазақ тілін міндетті түрде білудің қажеті болмады. Соған орай қазақ тілінің қолданыс аясы да тарыла берді. Мысалы менің әкем, оның әкелері қазақшаны жақсы білген. Өкінішке орай, өзім бәрін түсінгенмен еркін сөйлей алмаймын. Осындайда академик Сұлтан Оздоевтің әңгімесі еске түседі. Ингуштарды жер аударып Қазақстанға әкелгенде ол жас бала болған. Қазақтардың жақсылығын көп көргендігін жиі айтады. Екі бөлмелі қоржын тамда жиырма шақты адамы бар екі отбасы тұрған екен. Бір үзім нанды бөліп жеп, аштықтан аман қалған. Үй иесі кешкісін домбырамен ән айтқанда құлақ түріп, содан-ақ қазақшаны үйреніп кеткенін еске алады. Ал қазіргідей мүмкіндігі мол заманда тілді үйрену ққиындық тудырмаса керек. Бүгінгі күн талабы басқаша, сондықтан қай ұлт болмасын, өзін қазақ елінің азаматымын дейтіндер мемлекеттік тілді білуге міндетті деп есептеймін.
Сұқбаттасқан Зейнолла ҚАБИОЛЛАҰЛЫ,
Қазақ үні