"Жанармай жыры" жұртты жалықтырды
2021 ж. 19 қазан
1813
4
БҰЛ МӘСЕЛЕ ҚАШАН ШЕШІМІН ТАБАДЫ?
Жоқ жерден сылтау тауып, кенеттен жанармай бағасын көтере салатын еліміздегі тойымсыздық пен жыл сайын көктемгі егіс пен күзгі орақ науқаны қарсаңында жанармайдың әсіресе дизель отынының тұрақты түрде сатылымнан жоғалып кететіні жұртты шаршатты. Жоғалып қана кетпейді, іле-шала оның бағасы да қымбаттап шыға келеді. Бұл «жанармай жыры» ашығын айтсақ бүкіл табысы, күнкөрісі осы егіске қарап қалған мыңдаған диқандарды ашындырып болды. Өйткені барлық жұмыс техникамен атқарылатындықтан жанармайсыз ештеңе бітіре алмайды, нәтижесінде өскен өнімді уақытында жинай алмай жыл бойғы еңбегі еш кетеді.
Жұрт айта-айта, журналистер жаза-жаза шаршаған бұл қолдан жасалған жанармай тапшылығы мен оның бағасының әлсін-әлсін қымбаттауы тұрғындарды титықтатып, күні бүгінге дейін тұрмысына тікелей кері әсерін тигізіп жатыр. Қоғамдағы болып жатқан жағдайды жіті қадағалап, оған дер кезінде үн қосып, кемшіліктерді жоюға шақыратын «Ақ жол» партиясы фракциясының депутаттары бұл жолы да қарап қалмады. Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев ақжолдықтар атынан ҚР Энергетика министрі М.Мырзағалиевке депутаттық сауал жолдап, жанармай құнының өсуіне, сондай-ақ дизель отынының тапшылығына байланысты мәселені көтерді. Өте орынды қойылған сауалда соңғы күндері еліміздің бірнеше өңірінде жанармай құнының өсуіне, сондай-ақ дизель отынының тапшылығына байланысты кәсіпкерлердің, жүк тасушылар мен жүргізушілердің наразылық акциялары орын алып жатқаны ашық айтылды. Бұлай кете берсе, бара-бара наразылық митингілері бүкіл аймақтарды қамтитыны ескертілді.
Мұнай өнімдерінің бағасына экономикамыздың барлық салалары басымен байланған, соған тікелей тәуелді екені белгілі. Жанармайдың бағасы қарапайым тұтыну тауарларынан бастап, стратегиялық маңызы бар шикізаттың құнына да тікелей әсер етеді. Яғни, дизель бағасының көтерілуі тұрғындарымыз үшін аса маңызды ауыл шаруашылығына зиянын тигізіп, азық-түліктің қымбаттауына әкеліп соғады. Оған қоса біздің қатардағы кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін төмендететіні айтпаса да түсінікті. Сөйтіп еліміздегі онсыз да дамыта алмай жатқан экономиканы тығырыққа тірейді. «Мұнай өнімінің маусымды тапшылығы, жыл сайын қайталанатын көрініс болып кетті. Дәл, көктемгі егін егу немесе күзгі астық жинау кезеңдерінде біздің мұнай өңдеу зауыттарының жөндеу жүргізуге тоқтайтыны бір дәстүрге айналған сияқты» делінген депутаттық сауалда. Өте дұрыс айтылған, жылдағы көретініміз осы, оны ешкім жоққа шығара алмайды.
Жанармай тапшылығы пайда болғанда билік тарапынан алдымен мұнай өңдеу зауыттарымыздың жөндеу жұмыстарына тұрғаны жайлы желеу бірінші кезекте айтылады. Бұл адам түсініп болмайтын сылтау, сонда зауыттарды жөндеу ауыл шаруашылығындағы науқандық жұмыстармен тығыз байланысты болғаны ма? Жылдың басқа мезгілдерінде, айталық алты ай бойғы қыста сол шараларды атқаруға болмай ма? Әлде бұл ел экономикасына, оның азық-түліктік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, аса маңызды науқандық жұмыстарға қарсы арнайы жасалып отырған қастандық па? Сол арқылы олар мемлекетімізге өлшеусіз шығын әкеліп жатыр. Олай болса оны қастандық, отанын сату деп бағалау керек. Өйткені осы қимылдары арқылы халықты аштыққа итермелеп, азық-түлікті шетелден сатып алатын импортқа тәуелді ету деген сөз. Жанармай тапшылығын қолдан жасағандарды шетелдің мүддесіне жұмыс істеп жатыр деп түсінуге толық негіз бар. Сондықтан оларды халық жауы ретінде қылмыстық жауапкершілікке тартуға әбден болады. Өйткені олар келтірген шығын миллиардтап есептеледі. Ал, ол үшін жауап беріп жатқан ешкім жоқ. Жауапкершілік пен қатаң талап болмаған жерде бұл жағдай шексіз қайталана береді.
Елімізде халық саны өсіп, бүгінгі заман талаптарына сай көлік пен техника атулының жыл өткен сайын көбейіп келе жатқаны бәрімізге аян. Бұл бүкіл әлем бойынша қалыптасқан жағдай, одан біз де қашып құтыла алмаймыз. Осыған байланысты жұмыс істеп тұрған Атырау, Шымкент, Павлодар мұнай өңдеу зауыттарының қуаты жеткіліксіз екендігі байқала бастаған кезден-ақ, төртінші өндірістік зауыт салу мәселесі өткен жылдарда қызу талқыланғаны естеріңізде болар. Тіпті ол Парламентте де сөз болды. Бірақ төртінші мұнай өңдеу зауытын салу ұсынысы қабылданбай қалды. Өйткені жоғарыдағы министрсымақ басшылар қолданыстағы зауыттарға жаңғырту жұмыстарын жүргізсек еліміз жыл он екі ай жанармайға қарық болады деп сендірді. Сала басшылары мен үкімет қарамағында қомақты айлық алып отырған жүздеген «білікті экономистердің» нені, қалай есептегенін бір Құдай біледі. Олардың есептерінің есекке де жүк болмай қалғанын бүгін анық байқап отырмыз. Өздері айтқандай жаңғырту жұмыстарын жүргізгеннің өзінде, өндіріс қуаты жеткіліксіз екенін уақыт көрсетіп берді. Сонда олар несін есептеген, қандай көрсеткіштерді негізге алған? Елімізде жылына қанша жанармай өндірілетінін, оған деген сұраныстың қаншалықты екенін сала басшыларының жобалап болса да білмегені ме? Салаға қатысты мәліметтерді меңгермесе олар министрліктерде не істеп отыр? Өзіне тиісті жұмысын дұрыс атқара алмаса оларды не үшін ұстайды? Ондай қарапайым арифметикалық есепті керек десеңіз қазіргі заманда бесінші сыныптың оқушысы шығарып бере алады. Сонда біздің министрліктерде отырған мамандардың бесінші сыныптағы оқушы құрлы миы болмағаны ғой. Бұлай деп айтуымызға сала басшылары ренжімей-ақ қойсын, өйткені мұндай іске деген қырсыздық пен шолақ ойлауды басқаша түсіндіру мүмкін емес.
Бұл мұнай өнімдерінің тапшылығына қатысты мәселенің бір жағы ғана. Екіншіден, осының бәрі тойымсыздыққа тікелей қатысты болып отыр. Жанармай өндірушілер мен оны тасымалдап таратушылар (еншілес компаниялары) көктемгі егіс пен күзгі орақ науқанында жанармайға деген сұраныстың күрт артатынын жақсы біледі. Соны пайдаланып қосымша пайда тауып қалу деген пиғылдарын ашық көрсетіп отыр. Нарық заңы мен үкімет тарапынан жасалынатын бақылауға түкіргендігін білдіреді. Оларға диқандардың ала жаз бойы төккен тері мен халық ырыздығының аяқасты болуы маса шаққан құрлы әсер етпейді, өз қалталарын қалыңдатса болғаны. Бағаның қымбаттауы тек қана диқандарды ғана қинамайды, барлық салаға кері әсер ететінін де жақсы білсе де құлқынның құлына айналған. «Бағаны нарық белгілейді» деген жалпылама қағидаларын алға тартып шыға келетіндер қолдан жасап отырған қымбатшылықты, оның ішінде дизель отынының бағасы 189 теңгеден бірден 240-285 теңгеге көтерілгенін көрмей отыр ма? Бұл да нарық заңы ма? Елімізді жайлап алған, мықтылардың меншігіндегі монополияға қарсы жұмыс істеуге тиісті органдар таратылып жіберілген бе, әлде жемқорлардың жетегінде кеткен бе?
Біздің билік кейде өздері не айтып, не қойғанын білмейтін сияқты әсер қалдырады. Айталық, жанармай тапшылығына олар біздің өнімдердің көлеңкелі жолдармен, оның ішінде шетелдерге де кетіп жатқанын алға тартатыны бар. Бұл не сандырақ? Сонда біздің шекаралар ашық-шашық жатыр ма, елдің, жердің иесі жоқ па? Етек-жеңін жиып, іргесін қымтаған, шекарасы бекіген тәуелсіз ел болғанымызға отыз жыл болғанын олар білмей ме? Білмесе онысы барып тұрған саяси сауатсыздық. Ресми деректерге сүйенсек, біздің шекарамыздан жанармай толы көлік түгіл, тірі тышқан өте алмайды. Шекара қызметін қамтамасыз ету үшін, еліміздің саяси және экономикалық қауіпсіздігін сақтау мақсатында мемлекет бюджеттен өте көп, қомақты қаржы жұмсайды. Мамандарды арнайы оқытып, жан-жақты дайындайды. Басшылардың «тауарларымыз контрабандалық жолмен сыртқа кетіп жатыр» деген мына сөзіне қарасақ, шекарамыз шегеленген дегеніміз бекер болып шығады. Біз әлі мемлекетті қалыптастыра алмай отырған сорлы ұлт болып көрінеміз. Әлде шын мәнінде де солай ма? Бұл экономикалық қана емес, саяси астары да бар сұраққа сыныққа сылтау айтатын сол басшылар жауап беруге тиісті.
Ең өкініштісі жері қазба байлыққа толы, оның ішінде мұнай қоры жеткілікті елде жанармайдың тапшы болуы немесе бағасының қымбат болуы ешқандай санаға сыйымсыз құбылыс. Адамдарымызды ашындыратыны да дәп осы, ол туралы кез келген тұрғындарымыздан сұрасаңыз ашық айтып береді. Биылғы жылдың басында Үкімет отырысында сол кездегі Энергетика министрлігін басқарған Нұрлан Ноғаев Премьер-министр А. Маминге бұрынғыдай емес, пандемияға байланысты 90 млн. тоннаның орнына 2020 жылы 85,7 млн. тонна мұнай өндірілгенін жөнінде есеп берген болатын. Бұл дегеніңіз жанармай өндіру үшін қыруар мұнай ғой. Мұнайы жоқ мемлекеттер био-дизель өндіруде. Ал біз, мұнай экспорттаушы мемлекет бола тұрып, жанармайларды сырттан сатып алуға мәжбүрміз. Бір қызығы, министрлік отандық дизель отынымен ішкі нарық сұранысын қажетті деңгейде қамтамасыз ете алмайтындығын мойындап отыр. Мойындағаннан не пайда? Жылда тұрақты түрде қайталанатын кемшілікті отыз жылдан бері түзетуге шамалары келмегені бе? Мұнай жеткілікті, мемлекетте қаржы бар! Сонда төртінші мұнай өңдеу зауытын салып, елді толықтай қолжетімді жанармаймен қамтамасыз етуге, артылғанын экспорттауға не кедергі? Әрине, соған деген ниет жоқ. Жанармай тапшылығы осы саланы түгелдей өз қолына алған монополистер үшін пайдалы. «Не жоқ болса ¬– сол зәру, не зәру болса – сол дәру» демекші, жанармайды уақытша жоқ қылып, сосын бағасын көтеріп ала қояды. Шулаған жұрт «жоқтан бар жақсы» деп қымбат та болса жанармайдың келгеніне риза болып қала береді. Бұл тәсіл жыл сайын қайталанып келеді. Оған қой дейтін, нақты шара қолданған үкіметті көрмедік. Халық шулап бас көтере бастағанда жиналыс ашып, қол астындағыларға тапсырма берген болады. Онысы тойымсыз монополистерге ешқандай әсер етпейді. Соған қарағанда жоғарыда отырған лауазымдылардың сол халықты тонаушы «кәсіпкерлермен» ым-жымы бір ме деп қаласыз, осы салада олардың да өз үлестері бар сияқты. Әйтпесе қолында толып жатқан күштік, құқық қорғау құрылымдары бар үкімет баяғыда тәртіп орнатар еді ғой. Өкінішке орай, билік тарапынан ондай нақты істі көре алмай отырмыз. Бұл мәселені түпкілікті шешеді дегенге сенім аз.
Құдай қазаққа мол мүмкіндік берген. Елімізде 250-ден астам мұнай және газ өндіретін кеніштер бар, онда жүзден астам кәсіпорындар істейді. Жылына олар 90 млн. тонна мұнай және газ өндіреді екен. 2018 жылы мұнай өңдеу зауыттарында жаңарту жұмыстары жүргізілген соң ресми деректер бойынша бензин шығару 84%, дизель 36%, авиакеросин өндіру үш есе өсіпті. «ҚазМұнайГаз» өкілдері біздің зауыттар ел тұтынатын қажеттіліктен жанармайды 24 пайызға артығымен шығара алады, енді оған деген тапшылық 2032 жылға дейін мүлдем болмайды деп мәлімдеген болатын. Қайда сол уәделері? Бұл да әдеттегідей мәліметтерді бұрмалап, халықты алдағаны ғой.
Үкіметтің бағаны көтеруге қатысты айтатын тағы бір сылтауы бар. Бізде бензин тым арзан, басқа елдердің бәрінде қымбат, сондықтан шетелдіктер тасып жатыр-мыс. Сонда жанармай далада ашық жатыр ма? Рас, бізде жанармай арзан, бұл жөнінен әлемде 92 елдің ішінде 9 орын аламыз. Бірақ бұл бензин бағасын қалай болса солай көтеруге себеп болмауы керек. Әр елдің тұрғындарының сатып алу мүмкіндігі әртүрлі екенін естен шығармаған жөн. Біз өзімізді Америкамен салыстыра алмаймыз. Оларда еңбекшілердің алатын айлығы бізден ондаған есе жоғары.
Қорыта айтқанда біз қолда бар мүмкіндікті дұрыс пайдаланып отырған жоқпыз. Қазақстандағы мұнай өңдеу технологиясы әбден ескірген, біз 1 тонна мұнайдан 300-350 келі жанармай алсақ, Ресейдің зауыттары 1 тоннадан 600-700 келі жанармай шығарады. Еуропа мен АҚШ-та бұл көрсеткіш 800-870 келі деңгейінде. Мұндай техникалық әлеуетімізбен сырттан келетін өнімге әлі де тәуелді боламыз. Қазір дамыған әлем елдері моторлы отындарға қатысты «Еуро-5» стандартына көшіп алған. Біз болсақ «Еуро-2» стандартын енді ғана игердік. Оған қоса қазір әлем елдерінің басым бөлігінде мұнайдан кір жуғыш, әртүрлі пластикалық заттар, кеңсе, үй жиһаздарына дейін алынады. Мұнай химиясын жетік меңгерген елдер шикі мұнайды терең деңгейде ұқсатып отыр. Ал біз болсақ оны шикізат күйінде арзан бағаға экспорттағанымызға мәзбіз.
Қалай десек те, мұнай өңдеу бойынша қосымша қуаттарды құру, оны терең өңдеу мәселесі күн тәртібінде өткір тұр. Бұл бүгінгі күннің шындығы мен талабы. Жалған мәліметтерді тықпалап, ауызбен орақ ормай осы аталған жұмыстарды нақты қолға алсақ қана жанармай тапшылығынан құтылып, экономикамыз ілгері басатын болады. Ондай мүмкініктер бізде толығымен бар. Оған тікелей жауапты орган – біздің үкіметіміз. Демек, ендігі сөз кезегі мен нақты іс үкіметтен болмақ. Сол үкіметтің нәтижелі жұмыс істегенін қашан көреді екенбіз?..
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz