Қазақты құрғақшылықтан құтқарар жерасты суы мен су қоймасы ғана
2021 ж. 12 қазан
5952
13
Қазірде ғаламдық су тапшылығы бүкіләлемдік күрделі экологиялық мәселеге айналып бара жатқаны бәрімізге аян.Тіптен, 2050 жылдарға қарай, 1 тамшы судың бағасы 1 грамм алтыннан қымбат болуы мүмкін деп топшылайды. Ғалымдардың болжауынша, үстіміздегі ғасырдағы мемлекеттер арасындағы қақтығыстар су тапшылығынан болуы ықтимал екенін айтып дабыл қағуда. Бұл болжамның қазірдің өзінде дөп келіп жатқанын әлемдегі су тапшылығы, шекаралас мемлекеттер арасындағы трансшекаралық өзендерді пайдалануда туындап жататын проблемаларды айтсақ та жеткілікті.
Жалпы, су тапшылығының пайда болуына бірнеше себептері бар екені белгілі. Су тапшылығына басты себепкер, әрине, ғаламдық жылыну екені айдан анық. Ғаламдық жылудың әсері күшейіп, жыл өткен сайын құрғақшылық жылдардың қатары жиілеп келе жатқанын үстіміздегі жылдағы еліміздің бірқатар өңірлерінде болған құрғақшылықтан –ақ аңғарсақ болар. Су көздерінің тапшылығы, жауын-шашынның мөлшерден тыс аз түсуі, малдың ескі дәстүрмен бағылуы, ауыл халқын тығырыққа тіреуде. Қысқы азықты қоялық, жазғы жайылымға бүйірі шығып тоймаған мал қылышын сүйреп келер қаһарлы қыстан аман шыға ала ма? Төрт түлікті талғажау етіп отырған қыр қазағы қорадағы малын қынадай қырып қойып отыра бере ме? Құрғақшылық жалғаса берсе қайтпекпіз? Бұдан шығудың амалы бар ма? Осы сұрақтарға жауап іздеу мақсатында ауыл шаруашылық саласында аз қаражатты қажет етпейтін ,бірақ болашақта еселеп кіріс кіргізер екі ұсынысымды жария етсем деген едім.
Төрт ай суға таласып, сегіз ай өзен суы қажетсіз боп жататын ауыл тірлігі
Қазақстанда ірілі-ұсақты жалпы саны 85000-нан астам өзен бар. Оның ішінде . ұзындығы 1000 км-ден асатын өзендер: Сырдария өзені, Шу өзені, Іле өзені, Ертіс өзені, Жайық өзені, Есіл өзені, Тобыл өзендері кіреді. Қаншама ірілі-ұсақты өзендердің шекаралас мемлекеттерге өтетінін және ескеріңіз. Әр тамшы су қат болып тұрған заманда, өзендерімізді қажетті деңгейде пайдалана алып отырмыз ба? Сол өзендер орналасқан аймақтарда мыңдаған гектар тусырап, игерусіз жатқан алқаптар бар. Бұл жерлердің игерілмеуіне бірақ себеп. Ол әрине, судың тапшылығы. Егер уақыт оздырмастан еліміздегі өзен бойындағы жерлердің ерекшеліктерін ескере отырып, бөгеулер салуды қолға алар болса, ауыл шаруашылығы саласындағы тың серпіліс болар еді. Мен ірілі-ұсақты су қоймаларын салуды ұсынғанда қандай да бір жаңалық аштым деуден аулақпын. Себебі, алысқа бармай ақ қоялық, іргеміздегі Қытай көршімізді айтсақ та жеткілікті. Аспанасты елінде 2000 –шы жылы "Батысты игеру" атты бағдарлама құрып, елдің батысында орналасқан Шыңжаң өлкесіндегі мыңдаған жыл игерілмеген жерлерді өзендерге бөгеу тұрғызу арқылы игеріп, шөл даланы гүлдендіріп жатқаны бәрімізге мәлім. Елімізде азаттық алынғаннан бері ірлі-ұсақты бөгеулер салынды. Бірақ бұл аздық етеді. Бұл іс мемлекеттік деңгейдегі үлкен қолдауды қажет етері хақ.
Су қоймаларын салу мәселесінде өткен күнге көз жүгіртер болсақ, кеңестік дәуірде су тапшылығын жою мақсатында елімізде де бөгеулер салу ісі қолға алынған еді. Қаншама су қоймасын салу жобалары тоқырауға байланысты орта жолдан тоқтап қалды. Оған мысал ретінде еліміздің шығысында орналасқан Марқакөл өңіріндегі «Былғары –Табыты» атты туған ауылымдағы бөгеу жағдайын айтсам да жеткілікті болар. Ауыл іргесінде ағып жататын шағын екі бұлақ бар еді. Көктем, күз мезгілдерінде мерзімдік тасыған жылдарда малдың өзін ағызып әкетер ағыны қатты өзенге айналып, шекара бойына жайыла Қытай асып жататын еді. Бұлақ бойында егінге қолайлы мидай жазық дала. Жусан басқан даланы егіндіке пайлануға су тапшылығы тұсау. Осы жайтты ескере келе, тоқсаныншы жылдардың басында ауыл шаруашылық мамандары екі бұлақ суын
біріктіре, тоспа жасап, су қоймасын салуды жобаға алған еді. Тіптен малға азық шөп дайындау мақсатында, болашақ екпе шөп егетін егін алқабын суғару жоспарымен жаңбырлатқыш машинаға дейін жеткізіп қойған. Өкінішке орай, тоқсаныншы жылдардағы дағдарыс себебінен, су қоймасы орта жолдан тоқтап қалды. Соңғы жылдарғы жайды баяндар болсам, сол баяғы өндімеген тірлік. Суды егіндікке пайдаланар мамыр мен тамыз айы арасында дихандарда суға талас болады. Қалған сегіз ай бойы бұлақ суы қажетсіз далаға сіңіп жатады. Ал су қоймасы салынған жағдайда, қыркүйектен бастап мамырдың басына жейін күзгі су, қысқы су , көктем кезіндегі сай -саладан жиылар қарғын су, жауын суы жинақталып, жаз бойында бүкіл алқапты сумен қамтамасыз етер еді. Одан ары, тиісінше, жүздеген гектар алқапты суғару жететін еді. Ақыры, су тапшылығын тартқан халық бар жерді игере алмай, басым бөлігі қалаға қоныс аударуға мəжбүр болды. Өз туған ауылымдағы су тапшылығы жайын бүге-шігесіне дейін баяндауыма себеп, мен куә болған сияқты жағдай елімізде жүздеп артылады деп ойлаймын. Және де бір ескерер жайт, бұл тек шағын бұлақтан су қоймасын салу оқиғасы. Ал ірілі-ұсақты өзендерге бөгеу салудың шаруалар үшін қаншалдақты толағай табыс әкелерін патшакөңілді оқырман, өздеріңіз пайымдарсыздар.
Жоғарыда атап өткен көктемгі қарғын судың жайылуын жəне елімізде болып жататын селдің себебінен тасқын суды зардап шегер апат ретінде емес, керісінше, су қоймасына сақтар пайдалы су ресурсы ретінде пайдалану ісі жүйелі түрде қолға алынса деген ойдамын.
Артезиан суын пайдалану арқылы мәселе шешу мүмкін бе?
Қазақстандағы су тапшылығын жоюдың екінші жолы-жер асты суын тиімді пайдалану. Бұл жерде жер асты суы жайлы сөз қозғағанда, 50 метрден арғы тереңдіктегі артезиан алаптары жайлы айтып отырмын. Жер асты суын пайдалану жайлы ойымды жазбас бұрын алдымен «тұщы су тапшылығын артезиан суы арқылы шешкен мемлекеттер бар ма?» деген сауалға жауап іздсек. Санаулы жылда құм басқан меңіреу даланы жасыл алқапты оазиске айналдырған мемтекеттің бірі Ливия. Жер көлемінің 90 пайыздан астамын шөл дала алып жатқан Африкадағы бұл елде 20-ғасыр ортасында мұнай қорын барлап жүріп, 1953 жылы кездейсоқ мыңдаған куб километр мөлшеріндегі жерасты мол су қорын тауып алғады. Бұл жер асты суын қомақты қаржы құя отырып игеріп, нәтижесінде, халқын қара суға жарытпай отырған мемлекет санаулы жылда ауыз су проблемасын шешіп қана қоймай, ауыл щаруашылығын көтеріп, импорт тәуелділігнен арылып, елдегі азық-түлік проблемаларын шеше бастағаны мәлім. Сол кездегі Ливия басшысы Муамар Каддафидің өз заманында «Қолдан жасалған ұлы өзен» аталған ғаламат жобасы 2008 жылы гиннестар кітабына әлемдегі ең үлкен ирригациалық жоба ретінде тіркелген еді. Мамандардың бұл жоба одан ары іске асқан жағдайда, тек Ливия ғана емес, бүкіл солтүстік Африка елдері толықтай тұщы сумен қамтылу керек болғанын, оған елдегі төңкеріс кедергі болғанын айтады.
Енді Африкадан өз «ауылымызға» ауыссақ. Мамандардың зерттеуінше Қазақстандағы жер асты су қорының мөлшері Балқаштай 70 көлдің көлеміне тең деген болжам айтуда. Бұл жер асты суларының тереңдігі 50 метрден 10-23 км-ге дейін деген мәліметтер бар. Мысал ретінд айтар болсақ, Каспий маңы ойпатында мол су қоры бар екені, Мойынқұм жерінде жерасты су қоры 50 мың шаршы км жерді алып жатқан тұтас жер асты теңізінің бар екені анықталған екен. Мамандар оның суы ішуге де, тиісінше, егін суаруға да жарамды деп отыр. Ал Қызылқұм өңірінде 80-300 м тереңдікте жатқан орасан зор жер асты су алабы бар екенін айтады.
Жалпы ресми мәліметке сүйенер болсақ, Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитеті жерастындағы тұщы су қоры 58 км.куб екені жайлы айтылады. Ескере кетер жайт, жоғарыда көрсетілген кен орындарының бір мөлшері ғана пайдалануда. Және де, барлау жұмыстары толық жүргізілмеген , зерттелмеген су қоры қаншама. Қазіргі таңдағы және болашақтағы су тапшылығын ескере отырып, жер асты суларын барлау жұмыстарын жандандыру қажет деген ойдамын. Сонымен қатар, облыстарымыздағы жер асты су қорының мөлшерінің әрқилылылығын ескерсек, алдағы уақытта мол су қорын игерген жағдайда, су тапшылығын тартып отырған өңірлерді құбыр арқылы қамтамасыз ету мәселесін міндетті түрде қолға алу қажет деген ойдамын. Егер елімізде мемлекет тарапынан қолдау болып, жерасты су қорлары тиімді түрде игерілетін болса,тек мал шаруашылығына ғана орасан пайдаға кенелер еді. Мысалға ірі қожалықтардадағы мал бордақылауды есепке алмағанда, Маңғыстау сияқты шөлейтті аймақтарда бұрынғы ескі салтпен, жаз кезінде, кенезесі кепкен далаға малды жібермей, суғармалы шөптесін өсімдіктермен асырауға мүмкіндік болар еді.
Су қоймалары мен жер асты суларын пайдаланудың нәтижелері
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін тарқатар болсақ, еліміздегі ірілі-ұсақты өзендерге экологиялық зардаптары болмауын ескере отырып, су қоймаларын салу және жер асты суларын игеру арқылы төмендегідей нәтиже болар еді:
1. Ауыз су мәселесі толықтай шешіледі;
2. Ішкі нарықтағы ет өнімдерімен сұранысы толықтай қанағаттандырылады.Тиісінше баға қолжетімді болады. Тұрақты орындарда мал бордақылауда табиғи екпе шөппен мал семіртілу ісін дамыту арқылы гендік модификацияланған ағзасыз шетелге ет экспорттау мөлшерін ұлғайтуға болады;
3. Еліміздің ішкі нарығында біздің климатта өсірілетін жеміс-жидек, көкөніс өнімдерінің сұранысы қолжетімді бағада толықтай қанағаттандырылып, көршілес елдерге экспорттауға мүмкіндік болады;
4. Ауылдан қалаға көшу процесі сəл де болсын тежеу болады;
5. Ауылдағы жұмыссыздар саны азаяды;
6. Шаруа қожалықтары түсім көбейіп, тиісінше мемлекет қазынасына құйылар қаржы молаяды;
Мен бұл мақаламдағы көтерген мәселе ауқымды болғандықтан, суды үнемдеу жолдары жайлы сөз қозғамадым. Бұл мәселеде үлкен реформаны қажет етеді деген ойдамын.Сөз соңында айтарым, БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымының (FAO) бағалауынша, Қазақстан агрөндірістік потецилалы (мүмкіндігі) бар әлемдегі ең алғашқы 5 мемлекеттің бірі деп бағалаған екен. Бұл өте оптимистік болжам. Алтайдан Атырауға дейінгі жазира даланы алып жатқан Қазақ Елі алдағы уақытта азық-түлікпен тек ішкі нарықты ғана емес, шет мемлекеттерді де табиғи өніммен қамтамасыз етер бәсекеге қабілетті көшбасындағы ел ретінде танылар күн алыс емес деген ойдамын.
Азамат Құмарбекұлы,
Қазақ үні