ҰСТАЗДАР КҮНІ НАҚТЫ БЕЛГІЛЕНУІ КЕРЕК!
2021 ж. 02 қазан
1820
0
Осы биыл, кеше ғана зу етіп өте шыққан жазда депутаттық сапармен ел аралағанда бірнеше өңірде ұстаздардың айтқан аманаты -Ұстаздар күнін нақты бір күнге белгілеу болды!
Иә, біз ордалы Оңтүстікте, киелі Түркістан өңірі, шағылды да, шағалалы Шардараның Қызыр аралаған Қызылқұмында мұғалім болып жүрген кезімізде мұғалімдер күні белгілі бір күнде - 5 қазанда мереке ретінде аталып өтетін. Қазір кәсіби мерекелердің бәрін айдың басындағы не ортасы, не соңындағы жексенбіге қойып қойған. Ол жексенбіңіз бір күнге байланып тұрмайды, ораза секілді жыл жайын жылжи береді. Журналистер болғасын қайта-қайта жазып жүріп, Журналистер күнін әйтеуір нақты бір күнге -28 маусымға белгілеп алдық. Ал журналистеріңізді оқытқан Мұғалімдер, Ұстаздар күні тұрақсыз.
Бұл сөзімді еліміздің бірінші мұғалімі -Білім және ғылым министрі Askhat Aimagambetovке де арнайы жеткіздім бүгін.
Ел аманаты ретінде Үкіметке де жазамыз.
Бүгін мен 1984 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты көркемсурет-графика факультетін бітіріп, Қызылқұм Орта Мектебіне мұғалім болып барғанда, 5-ші класынан алып, 1990 жылы мектеп бітіртіп жіберген оқушыларымның атынан өзі де қазір университет ұстазы Айман Тлегенова құттықтағанда ерекше қуандым. Жалықпай Ұстаздық еткен күндерім еске түсті… “Қандай биік қызметте жүрсеңіз де, біз үшін " Класс жетекшіміз", "Ағай" орныңыз бөлек. Ұстазымыз ретінде сізге, зор денсаулық, еңбегіңізге табыс тілейміз! Еліңіз үшін жаныңызды салып қозғап жүрген әрбір іс- әрекетіңіз бен үлкен бастамаларыңыз орындала берсін!”-дейді үздік шәкіртім. Әумин, рахмет Айман қыз!
Өзімнің де мұғалімім еске түсіп, Шардарадағы шабыты шалқыған шайыр, ұлағатты ұстаз Нұрғали Ибрайым ағайыма телефон соғып құттықтадым!
Ақынға да, батырға да, ғалымға да, дарынға да қолына қалам ұстатқан, жолына қадам бастатқан ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДАР КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
Ұлттың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: “Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы”-дегендей, мұғалімдеріміз мықты бола берсін!
Алаштың ақиық ақыны, “Педагогика” кітабының авторы Мағжан Жұмабай айтқандай: “Алты Алаштың басы қосылса, төрдегі орын – ұстаздікі” болуы жолындағы еңбектеріңіз жемісті де, жеңісті бола берсін!
Шәкірттеріңіз өздеріңізден оза берсін!
Әрдайым Ағартушыларға Ақ жол тілеймін!
Құрметпен, бұрынғы мұғалім Қазыбек ИСА
01 қазан 2021 жыл.
Құттықтау сөзімнің соңында ұстазым, ақын Нұрғали Ибрайымның мерекеге арналған жырын ұсынамын.
ҰСТАЗБЫН
Ұстазбын- мақтанбайын, несіне, мен,
Маған жат ертеңі үшін есінеген!
Балапан армандарға дем беретін,
Бақытты жан бар ма екен осы менен?!
Алшысынан түскендей жиі асығым,
Шаттанатын шағым көп, иә, шыным!
Озып жүлде алғандай шалқыдым мен,
Әр шәкірт тауып жатса қия-шыңын!
Ұстазбын-ақылдың кең арнасымын,
Жасыратын ұрпақтан бар ма сырым?!
Үйретуден балаға жалықпадым,
Мағжандардың мәңгілік жалғасымын!
Өмір деген төр тиіп сахнадан,
Жүрегімнің жаяды жапырағы ән!
Бала деген-әр үйдің періштесі,
Періштеге менмін ең жақын адам!
Ұлтымның ұлағаты сақтағаным,
Адамның ала жібін аттамадым.
Жүрегімнің жылувн балаға арнап,
Мен ұстаз болғаныма мақтанамын!
Нұрғали Ибрайым, педагог-ақын.
Қазақстан Республикасы Білім ісінің үздігі.