Жамбыл облысындағы жарылыстан қаза тапқандардың кредиті кешірілді
2021 ж. 30 қыркүйек
1091
0
Еліміздің Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Жамбыл облысының әкімдігімен, банктермен және өзге де қаржылық ұйымдармен бірлесіп, Байзақ ауданындағы жарылыстан қаза тапқан азаматтардың отбасыларының борыштық жүктемесін азайту жөнінде шаралар қабылдады, деп хабарлайды "Қазақ үні" облыс әкімдігіне сілтеме жасап.
Бұл туралы ӨКҚ баспасөз алаңында аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев айтты. Оның сөзіне қарағанда, жергілікті билік бұдан өзге де көмек көрсету шараларын қолға алған.
Банктермен, микроқаржы ұйымдарымен және коллекторлық агенттіктермен жүргізілген жұмыстарымыз нәтижесіз аяқталған жоқ. Төтенше оқиға салдарынан қайтыс болған қарыз алушылар мен олардың артында қалған жесірлерінің берешектерін толық көлемде есептен шығару жөнінде бірыңғай шешім шықты. Бүгінгі таңда 47 несие бойынша берешек толығымен өтелді, - деп атап өтті Бердібек Машбекұлы.
Байзақ ауданында орналасқан 28349 әскери бөлімі аумағында 26 тамыз күні болған өрт пен жарылыс кезінде 17 азамат көз жұмған болатын. 1 адам хабар-ошарсыз кеткен. Қаза болғандардың арасында төтенше жағдайлар департаментінің, прокуратураның қызметкерлері мен әскери қызметшілер бар.