Министр бюджет кірісін қалай көбейтпекші?
2021 ж. 28 қыркүйек
1944
4
ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкімет үйінде өткен брифингте бюджеттің кірісін қалай арттыруға болатынын айтып жұртты елең еткізді.
Оның айтуынша Қаржы министрлігінің қоржынында 5 пилоттық жоба жатыр. Олар тауардың ілеспе жүкқұжаттарын енгізуге, акциздік тауарларды маркілеуге, электронды шот-фактураларды қолдана отырып, қосымша құн салығын әкімшілендіруге, ірі кәсіпорындар үшін көлбеу мониторинг енгізуге және «Tax Free» жобасына қатысты екен. «Пилоттық жобалар жалпы кәсіпкерлермен кері байланыс орнату үшін қолға алынып отыр», - деген ведомство басшысы аталмыш жобалар заңнамалық нормаларды енгізу кезінде кәсіпкерлердің қандай қиындықтарға тап болып жатқанын білу үшін керек екенін атады.
Бұның бәрі жаңалық емес, бұрыннан бар тәсілдер. Министрге кәсіпкерлермен кері байланыс керек болса «Ақ жол» партиясының өзінің атына жолдаған депутаттық сауалын мұқият оқып шықсын. Сауалда тауарлардың ілеспе жүкқұжаты тудырған проблемалар айтылған. Ол электронды нұсқасын қайталау екендігі, сол арқылы қосымша шығын шығатыны анық айтылған. Акциздік тауарларды маркілеу, қосымша құн салығын әкімшілендіру де тауарлардың бағасын көтереді. Мұндай кіріс көлемін өсірудің соңы қайда апарып соғады? Әрине, біріншіден кәсіпкерлердің қалтасын қағады, екіншіден халықтың сатып алу қабілетін төмендетеді. Тұрғындардың тұрмысын тұрақтандыру мақсатында тағы да мемлекеттің жалақыны, зейнетақыны көтеру үшін қосымша қаржы жұмсауына тура келеді. Сонда министрдің бұл «жаңалығынан» не пайда? Одан да сол мол кірістің қайда, қалай жұмсалып жатқанын қатаң бақылауға алған ұтымды. Қыруар қаржының жемқорлардың жемсауында кетіп жатқаны жасырын емес. Бір ғана сауда-саттық ел экономикасын көтере алмайды. Ол үшін отандық өндірісті дұрыс жолға қою керек. Өндіріс саласын салықпен тұншықтырмай қолдау көрсету қажет. Қаржы министрлігінде отырған мамандар мұны жақсы білуге міндетті.
Зейнолла Қабиоллаұлы
qazaquni.kz