Қытай Коммунистік партиясының ресми сайты қазақша шыға бастады
2021 ж. 07 қыркүйек
1361
0
Қытай Коммунистік партиясының ресми газеті – "Жэньминь жибао" (Халық газеті) сайты қазақ тілінде кириллица қарпімен шыға бастады., - деп хабарлайды malim.kz.
"Онлайн «Халық Газетінің» қазақ(кириллица), итальян, суахили тілдеріндегі нұсқасы тиісті өңірлердегі халыққа Қытайдың саясаты, экономикасы, қоғамы, мәдениеті, ғылымы мен білімі секілді көптеген салаларынан ақпарат таратады. Сөйтіп, қытайлықтар мен сол өңірдегі интернет тұтынушыларының өзара түсінісіп, барыс-келіс жасауының жаңа мүмкіндігіне айналуды мақсат етіп отыр. Бұл жоба онлайн «Халық Газетінің» көп тілді, көп терминалды, жаһанданған,қамту аясы кемелді алдыңғы қатарлы халықаралық жаңа медиа құру қадамын оңтайландыра түседі", - делінген Онлайн "Халық газетінің" сайтында.
"Халық Газеті «әр тарапты өңір, басқа мемлекет, өзге жұртшылықты жақын тартып, дәлме-дәл ақпарат тарату тәсілін қолдану арқылы, Қытай арманы мен Қытай үнін жаһандандырып, өңірлендіріп, бұқараландырып бейнелеу» сынды халықаралық ақпарат тарату қызмет талабына сәйкесіп, Қытай хикаясын, Қытай үнін дәйекті жеткізіп, Қытай елін шынайы, жан-жақты көрсетуді орындап келеді", - делінген сайтта.
«Халық Газетінің» бүгінде қазақ тілінен бөлек, ағылшын, жапон, француз, испан, орыс, араб, корей, неміс, португал, итальян, суахили сынды 12 шет тіліндегі нұсқасы бар.
"Халық Газетінің" кириллица қарпімен берілген қазақ тіліндегі сайтын шолып шықтық. "Коронавирустың таралу тегін зерттеу қызметі жауапкершілікті басқаның мойнына артудың құралы болмауы керек" деген бас мақала АҚШ барлау қызметінің коронавирустың шығу тегі бойынша ұсынған ақпаратты жоққа шығарады. Мемлекеттік денсаулық сақтау комиссиясы меңгерушісінің орынбасары Цзэн Ысинге сілтеме жасаған басылым оның «Коронавирустың тегі туралы мәліметтің кәсіби медициналық мекеме емес, керісінше АҚШ-тың барлау мекемесі тарапынан жариялануының өзі күлкілі, вирустың таралу тегін кімнің саясиландырғысы келетіні бесенеден белгілі болып тұр" деген сөзін келтіреді.
Сондай-ақ сайтта Қазақстанға қатысты ақпараттар да қамтылған. Мысалы, Жамбыл облысындағы әскери бөлім қоймасынан өрт шығып, жарылыс болғаны жайлы Қазақпараттың материалы берілген.